Таң

Күн

Бесін

Екінті

Шам

Құптан

Қуат ҚАБДОЛДА: Уақыптың уақыты келді!

05.09.2014 2360 0 пікір

Тәуелсіздіктің алғашқы кезеңдері медреседе сауат ашып, еліміздің шығысында діни қызмет бастаған кезеңдер – өмірімнің ең ардақтары сәттері болды. Жетпіс жыл діннен қол үзген қауымыма барып, қайта дінімізді насихаттау жеңіл аманат болмағаны белгілі. Халықпен бірігіп жаңа мешіт салған уақыттың өзі бір ұмытылмас белес еді. Сол кезде болашақта мешітті қалай ұстаймыз деген мәселе туындады. Шариғатты қарасақ «бәйтул малдан», яғни өкіметтен десек, мемлекет діннен бөлек. Ал, халықтың көмегі жұма, оразадағы пітір садақасы, зекет немесе діни рәсімдерден ғана құралып, оның өзі де шамасы белгілі еді. Себебі, ауыл халқы көп жерде жағдай бір басқа, ал халқы аз жерде одан да қиын болып, көптеген мешіттерге қара құлып салынғанына өзіміз куә болдық. Көптеген жерлерде мешіттеріміздің жағдайы әлі күнге дейін осылай екені баршаға мәлім.

Көпшілікпен кеңесе отырып «мешіт ақысы» деген бастаманы да қозғап, ол да айтарлықтай жемісін берді. Бір сөзбен айтқанда ауыл халқы садақасын сауында беріп, бір жылға мешітті ұстағанға бір реттік келісіп, белгіленген садақасын беру үрдісі насихатталды. Зекет, пітір өз орнына таратылып, халықтың дінге деген көзқарасы жақсара түсті.

Мешіт салынып болған соң, мешіт жанынан мешіт шаруашылығын құрайық деген бастама көтерілді. Сол кезде әлі білімім, тәжірибем аз болған соң бұл бастаманың дұрыс, бұрыстығына алаңдап осы мәселені оқып үйренуге бет бұрып, оқуға аттанып кеттім.

2001 жылы «Нұр - Мүбарак» университетіне оқуға түсіп, оқу орнын бітірерде осы тақырыпты зерттеп, диплом жазып шықтым. Ол еңбегім 2006 жылы «Ежелгі және қазіргі Қазақстандағы уақыптар» деген атпен кітапша болып шықты. Содан бері уақып ісі – өмірімнің мақсатына айналды деп айтсам артық айтқаным болмас. Теориядан гөрі практикаға асырайық деп, тоқырау кезінде Алматыға көшкен жерлестермен бірлесе отырып «Тарбағатай» имандылық – қайырымдылық қорын ашып, біраз игі істерге де себепші болдық.

Шариғатта уақып дегеніміз – белгілі бір мал-мүлікті көп мәрте қайырымдылық жолында пайдалану үшін ұзақ мерзім жұмсамай ұстап тұру. Демек, ол – үзілмейтін садақа болып саналады. Қазіргі әлемде ислам уақып мал-мүліктері көптеген мұсылман мемлекеттерінде қоғамдық байлыққа айналып отыр. Ислам уақып идеясы үкіметтік емес секторды дамыту бағытында пайдалы принцип болып табылады. Яғни, осы тақырыпты зерттеудегі жетекшім профессор, доктор Ата Сынбати: «Исламды ислам банктері емес, ислам уақыптары көтереді», – дегендей өте өзекті мәселе екені айдан анық. Себебі рухани жағдайымызды жөндеумен бірге, материалдық жағымызды да ұмытпауымыз қажет.

Әлбетте уақып ісі ардақты пайғамбарымыздың сүннеті. Мәдина Мунаууарадағы Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбарымыздың мешітінен басталып, сахаба Мухайриқтың (р.а) Ухуд шайқасында Алланың елшісіне тастап кеткен бау-бақшалары, Осман ибн Аффанның (р.а) мұсылмандар суын ішсін деп уақып еткен Рума құдығы. Кейін Омар ибн Хаттабтың (р.а) Хайбардағы жерін уақыпқа қойып, оның жемісін қайырымдылық істеріне арнауы, уақыптың түрлерінің көп екендігіне дәлел.

Қазақ жерінде де арғысы Ақсақ Темір «Уақыпнамасын» жазып қалдырған Қожа Ахмет Яссауи кесенесі мен бергісі мешіт-медреселеріміз болды. Құнанбай қажы бабамыздың Меккеде уақып етіп салған тәкиясы (қонақ үйі), барлығы да бұлтартпас дәлел бола алады. Кешегі алаш қайраткері Міржақып Дулатұлы да:

«Жарар еді ортада мешіт салсақ,
Қаза қылмай намазға барып тұрсақ.
Бір ғалымды фазыл заттан имам сайлап,
Байларымыз жиналып келіп уақып қылсақ», – деп жырлап өткен еді.

Қазірде ҚМДБ жанынан ашылған «Зекет» қоры көптеген игі бастамаларға мұрындық болуда. Керек десеңіз уақыптың да жұмысын жүргізуде. Дегенмен уақып пен зекеттің айырмашылығы бар екені белгілі. Өйткені зекет жылына бір рет жиналып, белгілі жерлерге таратылған соң, қызметі тоқтайды. Ал, уақып ол үздіксіз сауап пен жақсылықтың көзі. Яғни, экономикадағы Алланың секторы. Осы жұмысты алдыға қойсақ, пайғамбарымыздың сүннеті тіріліп, жоғымыз табылып, кемтігіміз толысар еді. Шариғатта: «Уақып берушінің шарты – шариғаттың үкіміне тең», – деген қағида бар.

Сондықтан, уақып етіп, мал-мүлкін беруші қаражатының қандай мақсатқа берілуін белгілесе, орындалуы міндет болады. Мысалы: «Қаражатым – Құран жаттау медресесіне ғана жұмсалсын», – десе, сол жерге ғана жұмсалу қажет. Осыған ұқсас шариғаттағы уақыптың орнын, шарттарын оқып үйренуіміз өте қажетті мәселелердің бірі. Еліміздегі діни жоғарғы университетімізден бастап, барлық медреселеріміз де осы уақып негізінде жұмыс атқаруда.

Сондай-ақ Түркия мемлекетінен келіп, пансионат етіп, ашып қойған оқу орындары да осы уақып негізінде ашылған. Әлбетте олардан үйренетін көп нәрсе бар.

Бір мұсылман ғалымнан: «Ислам дінінің дамуы үшін не жетіспейді?», – деп сұраса, ғалым: «Екі нәрсе: Көпшілік мойындайтын харизматикалық тұлға мен идея жетіспейді», – деп жауап беріпті. Сондықтан, дініміз әлі күнге дейін мешіттен шыға алмай, яғни ғибадаттағы үлкен емес мәселелер бойынша талас-тартысқа түсіп, дініміз өмір сүру салтымызға айнала алмай тұрғаны баршаға аян. Мұсылмандар ғибадатпен айналысып жүргенде муғамалат (қарым-қатынас, кәсіп ету, сауда-саттық, неке, мирас т.б.) істерінің көпшілігі ақсауда.

Қазақстан мұсылмандары діни басқарманың биылғы жылды «Дін және дәстүр» жылы деп жариялаған бастамалары дәл уақытында көтерілген мәселе. Алла ұзағынан сүйіндірсін.

Осы орайда уақып ісі де осы бастама аясында – үлкен идея болып, мұсылман қауымын қайырымды да сауапты іске жетелеп, дүниеден өткеннен кейін үзілмейтін садақа мәнін түсінуге, әлеуметтік жағынан көптеген жұмыс орындарының ашылып, халықтың мешіт жанына қалыптасуына, ауылға тұрақтануына, рухани да, материалдық да жақтарының көркеюіне себеп болар еді. Алла Тағала Өз құлдарын: «Негізінен иман етіп ізгі іс жасағандар...»(Бақара сүресі, 277-аят), – деп сипаттауы, екеуінің бірі болмаса, бірі болмайтындығын білдіреді. Осының бәрі орындалса, төрт құбыласы тең болған, ескірген мешіті, еңбексіз молдасы, жылаған жетімі, қаралмаған қариясы, бұзылған көпірі, бітелген бұлағы болмаған елге айналары сөзсіз. Алла Тағала сондай ел болуды бағымызға нәсіп еткей! 

Қуат Қабдолда 
Нұр-Мүбәрак Египет ислам мәдениеті университетінің ұстазы,
магистрант

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру


Соңғылар

Мұрағат