Таң

Күн

Бесін

Екінті

Шам

Құптан

Ерсін ӘМІРЕ: Исламға қатысты дәстүрлі емес діни ағымдардың идеологиялық астары

03.09.2014 2849 0 пікір

Ерсін ӘМІРЕ, теолог,
"Иманғали" орталық мешітінің наиб имамы

Ел тәуелсіздігінің ақ таңы атқанына 20 жылдан астам уақыт өтті. Осы қысқа мерзім ішінде елімізде исламның немесе басқа діндердің атын жамылған дәстүрлі емес діни ағымдар тамырын жіберіп, қатарын көбейтіп үлгерді. Аллаға шүкір дейміз, барлығына болмаса да, кейбір теріс пиғылды діни ағымдар мен ұйымдардың қызметіне сот шешімімен тыйым салынып, таралуына шектеу қойылды. Әрине бұған Хизбут тахрир, әл-Ихуан әл-Муслимун және ағымдағы жылғы ақпан айында Астана қаласы, Сарыарқа ауданы сотының шешімімен тыйым салынған «Таблиғ жамағаты» халықаралық миссионерлік ұйымын мысалға келтіруге болады.

Бірақ қазірге дейін елімізде тыйым салынған діни ағымдар тізімінен тиісті орнын алмай, қылмыстық немесе лаңкестік әректтерге барған кейбір ерушілеріне ғана шара қолданылып жатқан секта бар. Бұл уахабилік-сәләфилік ағым. Қазіргі таңда елімізді, әсіресе Батыс өңірін алаңдатып, тәуелсіз еліміздің мешіттерінен берекені қашырып жатқан да аталмыш діни ағымның идеологиясына уланған қазақтың қаракөздері.

Осы мақаламда соңы агрессиялық немесе лаңкестік әрекеттерге апарып соғатын бұл діни ағымның идеологиялық астарын аша отырып, оның қасиетті Құран Кәрім аяттарына, дәстүрлі исламның негіздеріне қайшы келетін тұстарына, негізгі принциптеріне тоқталып кетуді жөн көріп отырмын.

Біріншіден, Сәләфизм сөзінің түптөркіні араб тіліндегі «сәләф» яғни бұрынғы өткен, бұрынғылар деген сөзден келіп шыққан. Ислам тарихындағы алғашқы үш буын – Мұхаммед пайғамбардың, сахабалардың және олардың шәкірттері табиғиндердің кезеңдеріне «сәләф» деп айтылады. Сонымен қатар бұл үш буынның ұстанған жолы нағыз ақиқат әрі дұрыс болып саналады. Қазіргі таңдағы сәләфилер өздерін біз алғашқы үш буынның жолын ұстанушылармыз, сондықтан біз сәләфилерміз деп жариялауда. Бұл топ өзін қаншалықты алғашқылардың жолын ұстанушы – «сәләфилер» деп атағанымен уахабилік қозғалысының жалғасы екенін жасыра алмайды. Себебі, шын мәнінде, аталмыш топтың ілімі мен көзқарастары ХІІ-ХІІІ ғасырларда Дамаск қаласында өмір сүрген Ибн Таймия, оның шәкірті Ибн әль-Қайим, ХVIII ғасырда Сауд Аравияның солтүстік өлкесінен шыққан Мухаммад ибн Абдульуаххабтың, біздің ғасырда Ибн Баз, Ибн әл-Усеймин, Альбани, Фаузан секілді кісілердің дінге қатысты пікірлеріне негізделеді. Демек, еліміздің әрбір азаматы үшін бұл топтың ұстанымы мен ілімі шынайы Исламның туын көтерген алғашқы үш буынның исламды түсінуі мен ұстануына ешқандай қатысы жоқ екендігі тайға таңба басқандай анық болуы тиіс.

Екіншіден, уахабилік ағым иедологиясының адасқан тұстарының бірі, олардың ғалымдары шариғаттағы «Алла разылығы үшін жек көріп, оның разылығы үшін жақсы көру» яғни «әль-уәлә уаль баро» мәселесін бұрмалап түсіндіреді.

Негізінде дәстүрлі ислам ғұламалары бейбіт әрі достық қарым-қатынаста болған басқа дін өкілдеріне құрметпен қарау шариғаттың әмірі деп айтады. Шын мәнінде бұл ұстанымның негізі Құран Кәрімнің Мумтахина сүресіндегі «Алла тағала діндерің үшін сендерге қарсы соғыспаған, отандарыңнан шығармағандарға жақсылық жасауға және әділдік етуге тыйым салмайды...» деген аятқа сүйенеді. Ал уахабилік ағымның шейхтері өзге дін өкілдерін жаппай жек көруге, дұшпан деп санауға шақырады.

Бұл ағымның бетке тұтар шейхтерінің бірі Мухаммад ибн Солих әль-Усеймин «Ізгілердің бақшасы» кітабына берген түсіндірме еңбегінде былай дейді: «Мұсылманның міндеті, кәпірлер оған қанша достық ниетін білдірсе де, сүйіспеншілік танытса да, оларды жек көру болу болып табылады. Себебі олардың сені жақын тұтулары өздеріне пайда, саған зиян келтіру үшін ғана болады. Әрбір кәпір Аллаға дұшпан. Демек, әрбір кәпір бізге дұшпан. Әрбір кәпір бізге жамандық пен дұшпандық қана ойлайды. Сол үшін сен барлық кәпір атаулыны оның ұлтына, алыс-жақындығына қарамай, бүкіл жан-тәніңмен жек көруге міндеттісің. Әрбір кәпірдің саған дұшпан екендігін біл». Аталмыш шейхтің пікірі бойынша, себебіне қарамай әрбір намаз оқымаған адам діннен шыққан, кәпір болып саналады. Демек, мұндай ұстанымдағы адам жобалай айтқанда еліміздегі 1000 адамның бірін ғана өзіне дос тұтады деген сөз.

Қазіргі кезде бұл сөздерді Медина қаласындағы «Ислам университетін» бітіріп келген өз еліміздің азаматтары ел арасында арнайы уағыздарында қасиетті пікір ретінде таратып жүр. Мұны олардың халық арасында және ғаламтор желісінде таратылып жүрген аудио-видео уағыздары мен дәрістерінен көруге болады. Ең қызығы әрі сорақысы бұл сөздердің иелері – елімізде кейбір сарапшылар «байсалды яғни умеренный сәләфизм» - деп қарастырып жүрген бағытты уағыздаушы азаматтар. Егер де сол сарапшылар осындай радикалды мазмұндағы пікірлерді байсалды деп санайтын болса, олардың пікірінше радикалды немесе төзімсіз иедология қандай болады екен деген сұрақ бізді мазалайды.

Үшіншіден, бұл ағымның идеологиясы бойынша, «Алланы бір деп тану – таухид мәселесін рубубия, улухия, асма уас-сифат» деп үшке бөледі, Алла тағала шектеулі, оның екі қолы және екі көзі бар, отырады, жүгіреді, Құранда ауыспалы мағынада сөздер жоқ деп есептейді, шариғат мәтіндері – Құран аяттары мен Пайғамбар хадистерін, атап айтқанда Алла тағаланың заты мен сипаттарына қатыстысын тікелей мағынада ғана қабылдайды т.б. Олар аталмыш мәселелерді Пайғамбар (с.а.с.) мен оның сахабаларына қаншалық телігенмен, шариғатта  негізі жоқ екендігі әрбір зерттеуші маманға айқын жағдай.

Нәтижесінде олар өздерінің шариғатта негізі жоқ осындай ұстанымдарына қайшы келген исламдағы дәстүрлі құқықтық (ханафи, мәлики... мазхабтары) және сенім мектептерінің (ашғари, мәтруди мектептері) ілімдерін де жоққа шығарып, адасқан деп санайды. Сонымен қатар Ислам ғұламаларының шарттары толық сақталған «ижтихадпен» іске асқан еңбектерін жоққа шығарумен өз ерушілерін төзімсіздікке тәрбиелеуде.

Төртіншіден, уахабилік ағымның шейхтері мен уағызшылары біздің қоғамда күнделікті іске асатын діни немесе ұлттық рәсімдер – өмірден озған аруақтарға Құран оқып бағыштауды, келіннің беташар рәсімін, дұғадан кейін бет сипауды бидғат, дінге енген жаңашылдық деп әрдайым қайталап уағыздаумен болады. Сонымен қатар, қазақтың даналарын ғасырлар бойы тәрбиелеп келе жатқан сопылық мектептің тәлімін толығымен дерлік жоққа шығарып, адасушылықпен айыптайды. Біз мұны Медина қаласындағы Ислам университетінде және Пайғамбар мешітінде дәріс берген сәләфилік топтың ғалымдарының бірі Али бин Мухаммед бин Синанның «Әл-мажмуғ әл-муфид мин ақидатут-таухид» (Таухид ақидасынан алынған пайдалы жинақ) кітабындағы мына жолдардан көре аламыз: «Уа мұсылмандар, сопылық тариқаттарына қарсы жаппай соғыс жариялап, оларды толығымен жоймағанша, сендердің исламдарыңның пайдасы жоқ. Оларға қарсы яхудилер мен отқа табынушыларға қарсы күресуден бұрын соғысыңдар». Әрине бұдан автордың сопылық мектепке қатысты көзқарасының қаншалықты агрессиялық сипатта екені көрінеді. Бұл тек сопылыққа ғана қатысты емес. Олар Орта Азиядағы дәстүрлі сенім мектебі – мәтрудияны да жоққа шығарып, адасушылықпен қаралайды.

Осындай бұрмаланған әрі бұзық тәлімді бойына сіңіріп алған жастардың жүзінен суықтық, көздерінен қатыгездікті анық байқайсыз. Жұма намаздарында жүрегіме күмән кіріп, адасып кетпейін деген үреймен мешіттерде ҚМДБ имамдарының айтатын уағыздарын тыңдамау үшін құлақтарына тыңдағышты тағып алып, өз көсемдерінің уағызын тыңдап отыратын жастарды көптеп көруге болады. Бұл жағдайды уахабизмді елімізде насихаттап жатқан жігіттердің пәтуалары отқа май құйғандай ушықтыруда.

Осының мысалы ретінде, Сарыағаш қаласының тумасы Медина қаласында отырып, интернет арқылы елдегі ерушілеріне пәтуа беретін ұлты өзбек жігіттің мын пәтуасын айтуға болады. Ол өзіне қойылған «Бидғатшыларға қатысты ұстанымымыз және қарым-қатынасымыз қалай болу керек? Олармен сауда секілді дүниелік істерде араласуға рұқсат бар ма?» - деген сұрақтарға, «Бидғатшылармен араласуға қарағанда, иегова куәгерлерімен араласу абзал. Себебі Иегова куәгерінің басқа дінді уағыздап жатқанын білесің. Ал бидғатшы болса саған аят, хадис айтып адастырады» - деп жауап берген. Оның «бидғатшы» сөзіндегі мақсаты ҚМДБ және соған қарасты мешіттер мен мешіт жамағаттары болып табылады. Мұндай агрессиялық ұстаным елдін шырқын бұзып, діни алауыздыққа алып барары айдан анық.

Міне осы аталған діни идеологиялық ұстанымдардың негізінде еліміздегі мұсылмандар арасындағы діни алауыздық іштегі көзқарас ретінде ғана қалып қоймай, бейбіт тұрғындардың қанын төгуге бағытталған лаңкестік әрекеттерге ұласуда.

Сонымен қатар сәләфилерді «умеренный және радикальный» деген санаттарға бөлуде өте сақ болу қажет деп ойлаймыз. Себебі жоғарыда айтып өткен діни мәселелер бұл екі топқа ортақ ұстанымдар болып табылады. Бұлардың арасындағы айырмашылық тек кейбір саяси ұстанымдарда.

Діни негіздегі ұстанымдар мен сенімдердің өзгеріске ұшырауы әдетте мүмкін емес. Бірақ, саяси көзқарастар мен ұстанымдардың мүдде мен ахуал талабына сәйкес құбылып тұратыны белгілі. Сондықтан сәләфизмді қарулы іс-әрекетке бару немесе бармау тұрғысынан байсалды және радикалды деп бөлуге шартты түрде келіссек те, идея тұрғысынан мұндай екі топқа бөлу мүлде қателік болып есептеледі. Тек қателік қана емес, бұлай ету мемлекет пен қоғамды сәләфизмге қатысты шешімдер мен шараларды қабылдау мәселесінде есептен жаңылдырады.

Демек, қазіргі таңда саяси көзқарастары байсалды болып көрінген сәләфизмнің мадхалиттер, александриялық сәләфиттер, ұлт жанашырлары болып көрініп жүрген, шынайы бет-келбетін жасыратын, тақияшыл сәләфиттер тобы мүдде талабына сәйкес болашақта жоғарыда айтылған негізгі мақсатты жүзеге асырмауына ешкім кепіл бола алмайды. Осылайша бүгінгінің байсалды сәләфилері ертеңгінің радикалы болуы болашақтың еншісінен әбден күтілетін жайт. Сондықтан тек елімізді ғана емес, бүкіл ислам әлемін алаңдатып отырған, жастардың санасын улап жатқан бұл идеологияға қарсы ғылыми, ақпараттық және құқықтық тұрғыдағы тиімді шараларды қабылдау ертеңге кешіктірілетін шаруа емес ойлаймын. 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру


Соңғылар

Мұрағат