Таң

Күн

Бесін

Екінті

Шам

Құптан

Асылбек ӘУЕЗХАНҰЛЫ: Бесіктің пайдалары

03.09.2014 2131 0 пікір
Асылбек ӘУЕЗХАНҰЛЫ

Өмірге келген сәбидің алғашқы отауы – бесік десек артық айтқандық емес. Бесіктің пайдасы бүгінге дейін талай кітаптарға арқау болған. Әйгілі жазушы, білгір этнограф Мұхтар Әуезов: «Ел болам десең, бесігіңді түзе» деп бесік тәрбиесін бүкіл елдік деңгейге бір-ақ көтергені мәлім. Ел болу деген ұғымның аясы мен ауқымы өте кең. Біздіңше, бұған дініміз де, тіліміз де, бірлік-ынтымақ бауырмашылдығымыз да, өзге жұрттың соңында қалмай, тереземіздің теңелуі де, қысқасы ешкімнен ұялмай, екі дүниеде бақытты ғұмыр кешудің бәрі де түгел сыйып кетеді. Міне, осының бәрі бесіктен басталатынын заңғар жазушы меңзеп отыр.

Бірақ соңғы кездерде баланы бесікке салу мұсылмандыққа жата ма? Құран мен хадисте бұл жайлы деректер кездесе ме деген сауалдарды да есітіп қаламыз. Сондай-ақ бесікті ескіліктің қалдығы деп санайтын жаңа заманның жас ата-аналары да жоқ емес. Сондықтан бүгін ғасырлар бойы халқымызбен бірге жасасып келе жатқан осынау ұлттық бұйымның мән-маңызы мен оның мұсылмандыққа қатысы жайлы біршама ой өрбітпекпіз.

Ең алдымен айтарымыз, бесік – қасиетті құранда аты аталған бұйым. Алла Тағала әкесіз туылған Иса Пайғамбар туралы мынадай аят түсірген: «Ол бесігінде де, ержеткенде де адамдарға сөйлейді. Әрі ізгілерден болады. («Әли-Имран» сүресі, 46-аят). Осы аяттағы «мәһд» деген сөзді көп тәпсіршілер «бесік» деп түсіндірген. Араб тілінен аударғанда, бұл сөздің түбірі «төсеу», «түзету» деген мағыналарды білдіреді.

Түсіндірмелі сөздіктерде бұл сөз «баланың тыныш ұйықтауы үшін әзірленетін арнайы орын» деп түсінідірілген. Ибн Ашур деген ғалым өз тәпсірінде аталмыш аятты түсіндіру барысында «мәһд» сөзіне мынадай анықтама береді: «Сандыққа ұқсайтын ағаштан жасалған, қақпағы жоқ бұйым. Ол - сәбидің сүт еметін шағында жататын орны. Құлап қалмауы үшін бала соған салынып қойылады», - дейді. Міне, бұл анықтама қазақтың мыңдаған жылдардан бері қолданып келе жатқан бесігіне өте ұқсас анықтама. 
Ендеше, баланы бесікке салу мұсылмандыққа жат деп қорытынды шығару асығыстық.

«Баланы Пайғамбар үлгісі бойынша тәрбиелеудің жолы» атты бірнеше томдық академиялық жинақта «Балаға бесік дайындау» деген арнайы тақырып бөлінген.

Сонда бесікке қатысты аят-хадистер талданып келіп, мынадай маңызды тұжырымдар жасалады:
1. Емізулі баланың өз анасынан бөлек жатуы үшін арнайы жасалған орны болады;
2. Бесік – ананың омырауындағы баласымен бірге ұйықтауына мүмкіндік бермейді. Сонымен қатар, емізіп жатып көзі ілініп кетсе, байқаусызда сәбиін басып қалмауына, ұйқылы-ояу күйде нәрестеге қолы тиіп кетуіне немесе басқа да зиян келмеуіне жағдай жасайды;
3. Бесік баяу тербетілгенде, баланың бүкіл ағзасы дем алады, рахаттанады;
4. Бесік анаға баланы ұйықтатуы үшін көмек болады;
5. Тербетілгенде бала жерге құлап қалмай, қауіпсіз жатуы үшін бесіктің қоршауы болады. 
Мұсылман ғалымдары бесіктің осындай пайдаларын санап шыққан. Сондықтан кезінде Мәриям анамыз Иса Пайғамбарды босанғанда, көп кешіктірмей оны бесікке бөлеген деген ойдамыз. Өйткені елі оны күнәлі, азғын іс жасадың деп айыптап жатқанда, ол бір ауыз тіл қатпай, бесіктегі баланы нұсқады деген мағынадағы аятты Құраннан кездестіруге болады. Қашаған ақынның «Пайғамбарлар туғанда, Бесік болған бұл ағаш» деп жырлауы да тегін болмаса керек.

Осының бәрін жақсы білген, дұрыс зерделеген ата-бабаларымыз сәбиді бесікке салуды ерекше дәстүрімізге айналдырған. Сонау ерте замандардан бері ауыздан ауызға тарап келе жатқан «Қобыланды батыр» жырында: «Алтыннан бесік ойдырып, Ақ торғынға бөлеген» деген тармақтар бар. Бұл сөздер біздің жұрттың сол кездегі биік эстетикалық талғамынан хабар берсе керек.

Құдайға шүкір, бүгінге дейін туған қыздың артынан бесік апару салты, бесік тойы үзілген жоқ. Бұдан кейін де жалғасын таба береді деген үміттеміз. Ал енді бесіктің пайдаларына ат тізгінін тағы бұрайық: 
Біріншіден, бесік - тазалық, гигиенаның таптырмас құралы. Оның шүмегі, түбегі, жөргегі мен жаялығы – бәрі де баланың асты құрғақ һәм таза болуын қамтамасыз етеді. Бүгінгі «памперс», «хаггиес» деген секілді химиялық заттармен салыстырғанда, бесіктің бұл бөлшектері әлдеқайда пайдалы, әрі таза. Қасиетті Құранның «Өздеріңді өздерің қауіп-қатерге итермелемеңдер!», «Алла Тағала тазаланғандар мен тәубе еткендерді жақсы көреді» деген аяттары мен «Тазалық - иманнан» деген хадис тұрғысынан келгенде, бесіктің тазалыққа тигізер пайдасы орасан.

Екіншіден, бесік жаңа туылып, өсіп, қалыптасып келе жатқан баланың физиологиясына өте пайдалы. Бесіктің төсек салынатын, түбек орналасатын тақтайлары баланың омыртқасы түзу болуына әсер етпей қоймайды. Ал омыртқаның бүкіл денеге қаншалықты әсер ететіні бүгінгі ғылымға белгілі. Бүгінде омыртқаның қисайғанынан неше түрлі дерттерге шалдығып жүргендерді де көріп жүрміз. Ғаламтордың беті омыртқаға арналған жаттығуларға толы. Міне, сондай мың бір бәлеге душар болмау үшін ата-әжелеріміз жастайынан баланың белі мен омыртқасын түзу қалыптастыруға тырысқан.

Үшіншіден, бесіктің тербетілуі, бесік жырының айтылуы баланың психологиясы ерекше әсер етеді. Сұлтанмахмұттың: «Бесігімде жатқанда-ақ берген білім» деп ана тіліміз туралы айтатыны бар. Бесік жырында айтылатын сөздердің бәрі тұнып тұрған дұға тілек. Ешбір бесік жырында ұры бол, залым бол, жаман бол деген сөз кездеспейді. Керісінше, адам бол, жақсы бол, денің сау болсын деген сөздер айтылады. Мысалы, мына бір үзіндіні қарап көрейік: 
...Қолымыздан іс алып,
Мойынына күш алып,
Бізді бағар ма екенсің?
Құрығыңды майырып,
Түнде жылқы қайырып,
Жаудан жылқы айырып,
Жігіт болар ма екенсің?
Айыр қалпақ киісіп,
Ақырып жауға тиісіп,
Батыр болар ма екенсің?
Бармақтарың майысып,
Түрлі ою ойысып,
Ұста болар ма екенсің?
Таңдайларың тақылдап,
Сөйлегенде сөз бермей,
Шешен болар ма екенсің?..

Бұл жерде бесіктегі бала өскенде дүниеге әкелген ата-анасын бақса екен, елін қорғайтын батыр болса екен, өз қолымен еңбек ететін ұста болса екен, дұрыс сөз айтатын шешен болса екен деген тілектер ғана айтылып отыр. Мұның бәрі де шариғатымыздың құптайтын, шақыратын істері. Ал енді осы тілектер көп айтылған кешегі кездерде қазақтың даласында ата-анасын сыйлайтындар, білегі күшті батырлар, темірден түйін түйетін ұсталар мен екі ауыз сөзбен екі елдің дауын шешкен шешендер де өте көп еді.

Қысқарта айтқанда, бесіктің пайдасын саралап шықсақ, том-том кітаптарға да жүк болады. Бүгінде қазақтың бесігін Харви Карп секілді шетелдік дәрігерлердің зерттеп жүргені де бесікте ашылмаған сырлардың көп екенін білдіреді. Ал біздің айтпағымыз, ұлттық дәстүрлеріміз бекерден бекер қалыптаспаған. Ата-әжелеріміз ақылсыз, білімсіз, парасатсыз болмаған. Керісінше, әр нәрсені мың ойланып, жүз толғанып барып жасайтын пайым терең жандар болған. Сондықтан асыл дінімз бен ұлттық салт-санамызға ие болайық, ағайын!

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру


Соңғылар

Мұрағат