Таң

Күн

Бесін

Екінті

Шам

Құптан

Н.Исенов: Жақсылықтың сан қырлы сырлары бар

27.08.2014 2946 0 пікір

ИСЕНОВ НАРИМАН ЕРМЕКҰЛЫ 
 ҚМДБ-ның Павлодар облысы
бойынша өкіл имамы

Жақсылықтың сан қырлы сырлары бар

Әлемді жоқтан бар еткен Алла Тағалаға сансыз мақтаулар мен мадақтар болсын және адамдардың асылы, пайғамбарымыз Мұхаммедке (с.ғ.с.) салауаттар мен сәлемдер болсын!

Қасиетті Құран Кәрімдегі барлық сүренің «Бисмиллаһир-Рахманир-Рахим» деп басталуы бәрінен бұрын Алланың рақымды, мейірімді сипатынан хабар беріп қана қоймай  рақымдылық пен мейірімділіктің жалпы жаратылыстың түп негізі екендігін паш етеді. Мейірім мен жанашырлық болмаса болмаса бұл дүниедегі не нәрсе де мәнсіз, әрі суық сезіліп тұратыны шындық. Мұндайды қазақ атамыздың: «Жылуы жоқ жүрек – құр кеуде», «Мейірім барда – мұңдық жоқ» немесе «Жайылым болмаса, мал азады,  қайырымы болмаса, жан азады», – деген нақыл сөздерінен де көруге болады.

Жалпы ғаламдағы барлық нәрсе терең мейірім мен ыстық рақымның  негізінде бар болып, өсіп-өнетіні белгілі. Бір сөзбен айтқанда, «мейірімділік», «рақымдылық», «қайырымдылық» деген жуық мағыналы сөздердің түп төркіні біреу ғана.  Адамның айналасындағы адамдарға деген ықыласы мен көмегі оның адамгершілігі мен иманының өлшемі болмақ.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Адамдарға мейірімділік танытпағандарға Алла мейірімділік жасамайды», – дейді. Сонымен қатар, келесі бір хадисінде: «Мейірімді, жұмсақ жүректі болмайынша иман еткен болып саналмайсыңдар», – деген. (Ибн Аббас) Тағы бір хадисте: «Мейірім тек қана бақытсыздың (иманнан нәсіпсіз) ғана жүрегінен алынып тасталған», – делінген. Демек, қайырымдылық пен мейірімділік имандылықтың ең жоғарғы нышаны болмақ.  

Имандылықтың шарты – адал және әділ болуға, әлсізге, жоқ-жітікке, кемтар, панасыз, жетім,  жесір, мұқтаж жандарға  қайырымдылық ету. Ал шариғытта ұрлық, өтірік, өсек, ғайбат, қиянат сияқты кеселді қылықтарға жол бермеу болып саналады. Қазақ халқы Қазақ болып қалыптасқаннан бергі тарихымызға үңілсек қарттары мен жетім-жесірлерін далаға тастамай, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай ел қатарлы өмір сүріп кетуіне бір ауыздан атсалысықан берекелі елміз. Оған «Жетімін жылатпай, жесірін қаңғыртпай», «жерде бір жетім жыласа, аспанда тоқсан періште күңіренеді», «жесір ерден кетсе де елден кетпейді» немесе «ағайын-туыстың торқалы той, топырақты өлімдегі берекесі», – деген сөз тіркестері куә.

Ал «қайырымдылық» деп көмекті қажет етушілерге (адам және барлық жандыларға) білдірілетін сүйіспеншілік пен нақты көмекті айтамыз.  Қайырымдылық ұғымының екі қыры бар. Бірі – рухани-экономикалық жағы (басқаның басына түскен ауыртпалықты қабылдау), екіншісі – іс-тәжірибелік жағы (іс жүзінде нақты көмек беруге ұмтылу).

Қазақта «Жақсы кемітпейді де, кемсітпейді де», – деген сөз бар. Адамдар берген садақасы, жасаған қайырымдылықтарын міндетсінбей, мақтанбай, жұртқа көрсету үшін емес, тек шынайы түрде Алла ризалығы үшін болуы тиісті деп түсіну үшін аса көп білімді болудың қажеті жоқ. Адамдардың арасында жасаған жақсылығын міндетсінетін, мүсәпір мен мұқтажды ренжітетін адамдар жок емес, бар. Бұл күнде ондай жандар жетіп артылады. Қасиетті Құран Кәрімде: «Жақсылықтың сыйы тек жақсылық қана емес пе?» (Рахман сүресі 60-аят) немесе «Мал-мүлкін Алла жолына атағандар, соңынан оны міндетсінбегендер және (алушыны ренжітпегендер) Раббыларының алдында сауапқа ие болады, (қияметте) оларға қауіп-қатер, қам-қайғы болмайды», – деген. (Бақара сүресі, 262-аят)  

Пайғамбарымыз (с.а.с) хадис шәрифінде: «Оң қолыңмен бергеніңді, сол қолың көрмесін», – десе және бір хадисте: «Сараң адам тақуа болса да жәннатқа кіре алмайды», – деген.  

Құран Кәрімде: «Алланың жолында не жұмсасаңдар да, Алла тағала міндетті түрде оның орнын толтырады», – деген. (Сәбә сүресі, 39-аят)

Әбу Һүрайрадан (р.а.) Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Ақиқат байлық - мал-мүліктің көп болуы емес, ақиқат байлық - кеңпейілділік, қайырымдылық» , – деген. (Мүслім) Әрбір иманды жанның осы аят, хадистерден алатын ғибратты да, ізгілікке жол көрсететін өнегесі де мол. 

Рақымды, мейірімді, жан жылуы мол адамды қайырымды адам деп айтамыз. Әрбір адам өз ұрпағына қайырымдылықты жастайынан үйретіп, адамгершілік қасиеттерге баулуға ұмтылады. Біреуге жақсылық, жан-жануарларға, табиғатқа камқорлық жасау – қайырымдылықтың көрінісі.  Бұл жайында қазақ халқының салт-дәстүрінің сонау белестерінде де көптеп айтылған. «Қайырымдылық жасасаң, Қайырын өзің көресің», «Біреу, біреуге сүйеу», – демекші қандай қайырымды істер жасасаң да барлығы өзің үшін деп ата-бабамыз да мақал-мәтелдерде айтып кеткен. Қоғамда да күнделікті жиі қолданылып отыратын дана сөздерінің бірі: «Кең болсаң – кем болмайсың», – деудің мәніне үңілсеңіз адам бойындағы жомарттық, қайырымдылық қасиеттерді меңзеп отыр. Халық аузындағы: «Қайырымды жүрек қартаймайды», «Жайылымын тапса, мал семіреді, Жақсылық жасаса, жан семіреді», – деген сөздер осындайдан қалса керек. Қайырымдылық жасаған адамның жан-жүрегін, ішкі сезімін керемет қуаныш билеп, ерекше ләззат күй кешеді. Батыс елдерінде материалдық өмірмен етене байланысып, рухани тоқырауға ұшырағандарға психологтардың жаңа емнің түрі ретінде мұқтаж адамдарға көмек көрсетуді ұсынуы, кісі ойлантарлық. Хақ Тағала әр жақсылықтың есебін қолма-қол жүрекке рухани рахат құю арқылы сездіреді. Бұны ешбір материалдық рахаттан алу мүмкін емес.

 Қасиетті Құранда: «Ізгілік жүздеріңді шығысқа не батысқа қарату емес. Асыл ізгілік ол – кім Аллаға, ақырет күніне, періштелерге, кітаптарға, пайғамбарларға иман келтіреді. Жақындарына, жетімдерге, міскіндерге, жолда қалғандарға, қайыршыларға және құл азат етуге жақсы көре тұрып мал сарып қылады, намаз оқиды, зекет береді...», – делінген («Бақара» сүресі, 177 – аят). Соңғы аяттағы «жақсы көру» сөзінің мағынасы, тәпсір ғұламаларының айтуы бойынша, берген нәрсені тек Алла ризалығы үшін деп беруді білдіреді дейді. Мақтану немесе атақ шығару үшін берсе, ісінің сауабы шайылып, адам күнәға батады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бұл жайында: «Менің сендер жайында ең қорқатын нәрсем – кіші ширк (серік қосу)», – деген. Сахабалар: «Кіші ширк деген не, уа, Алланың елшісі?», – дегенде, ол (с.ғ.с.): «Жұртқа көрсету үшін амал жасау», – деп жауап берген.

 Мәселен, адам дүниесін жақсы көргеніне қарамастан, оны садақа қылады. Бір хадисте: «Берілген садақалардың ең абзалы – деніңнің сауында, өміріңнің алда екенінен, әлі ұзақ өмір сүретініңе үміттене тұра бергенің. Сен садақаны жаның алқымыңа келіп, ажал тақаған сәтке қалдырма. Өйткені, ондай кезде сен пәлен нәрсем пәленшеге, түген нәрсем түгеншеге дей бастайсың. Алайда, ол уақытта айтпасаң да, заттарың басқалардікі болып қойған», – деген. Ертеден аят-хадиспен сусындаған дана халқымыз да: «Садақаны – сауыңда», – дейді.  Мал – мүлік адамға сақтау үшін емес, жұмсау үшін берілген. Мұқтаждықтан артығы қайырымдылыққа жұмсалуы қажет. Хазреті Әбу Умама (р.а.) Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) былай риуаят етеді: «Әй, адам баласы, жаныңдағы артық болғанын жұмса. Бұл сен үшін қайырлы. Ол заттарды сақтап қоюың сен үшін зарарлы. Зәрулік заттар үшін айып жоқ. Бергенде жанұяңа жақын жандардан баста. Үстіңгі қол астыңғы қолдан, яғни берген қол алған қолдан қайырлы».

Құран кәрімде: «Кім Аллаға көркем қарыз берсе, сонда Алла ол үшін көп есе арттырып береді. Алла тарылтады және кеңейтеді. Әрі оған қайтарыласыңдар» («Бақара» сүресі, 245-аят), – деп, Алла ризалығы үшін берілетін садақаның Аллаға қарыз берумен теңестіреді. Оның себебі – қарызға алынған нәрсенің міндетті түрде қайтатыны сияқты, Алла жолына берілген нәрсенің де сый-сауабы, қарымы болатындығында. Иә, Алла Тағала «Ғаниы мутлақ» (нағыз байлық иесі). Шексіз жомарт. Ол үшін не берілсе еселейді, осы дүниеде, не болмаса о дүниеде шексіз рахметімен қайтарады. Осы себептен Алла үшін мұқтаждарға тарату немесе оның жолына жұмсау оған қарыз беруге ұқсатылған.

Келесі бір аятта: «Сондай қайыр істеушілер бергендеріне міндетсіну, ренжіту араластырмаса, оларға Раббыларының қасында сыйлық бар. Сондай – ақ, оларға қорқыныш жоқ әрі олар қайғырмайды» («Бақара» сүресі, 262-аят), – делінеді. Алла Тағала бұл аятта мұсылмандарға садақа берудің әдебін және оның негізгі қабыл болу шарттарын білдірген. Яғни, міндетсіну мен ренжіту арқылы жасалған қайырлы істің сауабы болмайтыны ескертілуде. Берген садақасын міндетсіну дегеніміз – кейін алған адамның бетіне басу, оны өзінен төмен санау, жасаған жақсылығын ескертіп жүру деген сөз. Ал қазақ халқы бұл жайында: «Жақсылық жасасаң – жасыр, Жақсылық көрсең – асыр», «Амалсыз істеген жақсылық алғысқа татымайды» деп  айтқан. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бұл жайында тағы бір хадисінде: «Кейбір жандар жәннатқа кіре алмайды. Олар жасаған жақсылығын бетке басушы, әке-шешесіне қарсы келіп ренжітуші, арақ-шарап ішуші», – деген.

Қасиетті Құранда: «Егер садақаны (зекет, сол сияқты қайырлы істер) жария берсеңдер, қандай жақсы. Егер оны пақырларға жасырып берсеңіздер, бұл сендер үшін одан да жақсы. Бұл себептен, Алла күнәларыңды жасырады. Сондай – ақ, Алла істегендеріңді толық білуші» («Бақара» сүресі, 271 – аят), – деген. Бұл аятта жария беру де, жасырын беру де мақталған.  Мақтану мақсатында көрсету басқа да, жария беру басқа. Әрбір жария істелген қайырлы іс рияға жата бермейді. Рия – өзін көрсету, қабілет-қасиетін жұртқа жаю немесе атақ-абырой, бедел жинау ниетімен жасалынған амал. Ал мақсаты тек қана шариғаттың бұйрығын орындау, сол арқылы Алланың ризалығын көздеу болып, жария садақа жасаса, бұл амалдың рияға кірмейтіні анық. Әрі бұл басқаларға үлгі, олардың  олардың қайырлы істер атқаруына түрткі болмақ. Бүгінгі күнмен салыстырып айтар болсақ, адамдар діни үкімдерден алыстап, зекет-садақа сияқты қайырлы істер орындалмай жатқан уақытта  олардың  игі іс жасауға  деген ниетін ояту, оларға үлгі болып жол бастау ниетімен бұндай амалдардың ашық істелуі жасырын істеуден де абзал болмақ.

Садақаны жасырын берген соң, оны қайтадан жұртқа айтудың қажеті жоқ. Хадисте айтылғандай, пенде бір амалды жасырын істегенде, ол жасырын амал боп жазылады. Оны біреуге айтса, амалы жасырын дәрежеден түсіп, ашық жасағандай болады. Әрбір барған жерінде айтып жүрсе, ашық жасағаннан шығып, рияға айналады. Бұрынғы ізгі құлдар (сахаба, табиғиндер) басқа жұрттың емес, тіптен алған адамның өзі садақаны кім бергенін білмеуін қалаған. Садақа еткен нәрсені босағасының алдына қалдырып, есіктерін қағып қана кете барған.

Ендеше, сәл ғана қайыр жасап, біреуге көмек қолын соза қалса, оны әлемге әйгілеп, жар салуға бейім бейғам бауырларымыздың құлақтарына алтын сырға! Алла Тағала баршамызға жар болсын! Бізге кәміл иман, шынайы зор ықылас нәсіп етсін!

Осы жалған өмірде қандай да бір игілікті, қайырымды істеріміздің сыйы Алла Тағаланың жәннаты екенін жадымыздан шығармай, соған амал етуге жазсын. Алла Тағала осындай сауапқа ұмтылуды баршамызға нәсіп етсін! Әмин!

 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру


Соңғылар

Мұрағат