Таң

Күн

Бесін

Екінті

Шам

Құптан

МЕДРЕСЕ – РУХАНИЯТ МӘЙЕГІ

Төлеби ОСПАН, ҚМДБ-ның Ақтөбе облысы бойынша өкіл имамы 01.07.2019 722 0 пікір

Медресе – діни ағартушылық ордасы. Ислам дінінің алғашқы төрт ғасырында медресе міндетін мешіт атқарды. Ардақты пайғамбар ﷺ Мадина қаласына көшіп келгенде, ең әуелі қолға алған жұмысы – мешіт құрылысы еді. Әлмисақтан бері мешіт қызметі тек құлшылық мекені ретінде шектелген емес. Бес уақыт намаз өтелетін киелі орын болуымен бірге, қоғамдық маңызға да ие болып, үлкен-кіші мәжіліс өткізілетін және делегацияларды қабылдайтын резиденция қызметін атқарды. Қажет кезінде өзекті қоғамдық мәселелерді талқыға салып, шешу үшін халайық мешітке жиналатын. Шариғат негізінде өмір сүрген пайғамбар дәуіріндегі қоғам үшін бұл – қалыпты жағдай еді. Сонымен бірге білім мен ғылымның пікірталас алаңы да мешіт болды. Мешіттің әр бұрышында Ислам ілімінің алқалары тұрақты жүргізілді.

Хатиб Бағдади «Фақиһ уа мутафаққиһ» кітабының мешіттерде білім беру артықшылығы туралы бөлімінде, ғалым Әбу Ахуастың: «Біз мешіттерде білім мәжілісін өткізетін ғалымдарды көзіміз көрді»,- деген дерегін келтіреді. Алжир зерттеушісі Абдулхадим бин Бадис: «Ислам келген күннен бері мешіт пен білім беру – егіз ұғым. Пайғамбар ﷺ қай елді мекенге қоныс тепсе, ең алдымен мешіт құрылысына көңіл бөлетін»,- дейді. Мешіт ежелден намаз оқылатын және сахабаларына білім беретін ошағы еді. Мешіт намаз оқылуға арналғаны сияқты, тәлім ордасы қызметін қатар атқарды. Намаз оқылмайтын мешітті елестету мүмкін емес болғанындай, білім және тәлім жүргізілмейтін мешіт ешуақытта болмаған. Міне, осылайша мешіттің ең маңызды әрі тұрақты қызметі: құлшылық һәм білім беру ошағы болды.

Бүгінгі таңда әлемде осы үрдісті сол қалпында сақтап қалған бірқатар мешіттер бар: бұлар – Мысырдағы 970 жылдан бастап қызмет етіп келе жатқан әл-Әзһар мешіті (университеті), Тунистегі Зайтунә мешіті (университеті), 859 жылы негізі қаланған Мароккодағы Қарауин мешіті (университеті). Мысыр еліндегі мәмлүктер дәуірінде мешіт пен медресе қатар салынатын. Сұлтан Заһир Бейбарыс салдырған мешіт пен медресе күні бүгінге дейін қаз-қалпында сақталған.

Уақыт өте келе, медресе өз еншісін алып, жеке отауын тікті. Десе де, медресе мешіт кешеніне енетін құрамдас бөлігі болып қала берді. Оның басты себебі, Хадистерге келіп негізделетін. Риуаяттарда:

وَمَنْ سَلَكَ طَرِيقاً يَلْتَمِـسُ فِيـهِ عِلْماً، سَهَّـلَ اللَّهُ لَهُ بِهِ طَرِيقاً إِلَى الْجَنَّةِ، وَمَا اجْتَمَعَ قَوْمٌ فِي بَيْتٍ مِنْ بُيُوتِ اللَّهِ يَتْلُونَ كِتَابَ اللَّهِ وَيَتَدَارَسُونَهُ بَيْنَهُمْ إِلا نَزَلَتْ عَلَيْهِمُ السَّكِينَةُ، وَغَشِيَتْهُمُ الرَّحْمَةُ، وَحَفَّتْهُمُ الْمَلائِكَةُ، وَذَكَرَهُمُ اللَّهُ فِي مَنْ عِنْدَهُ، وَمَنْ بَطَّأَ بِهِ عَمَلُهُ لَمْ يُسْرِعْ بِهِ نَسَبُهُ

«Білім алу мақсатында жолға шыққан адамға Алла Тағала жәннатқа баратын жолын жеңілдетеді. Алла Тағала үйлерінің бірінде адамдар бас қосып, Алланың кітабын оқыса, өзара үйренетін болса, оларға тыныштық түсіп, мейірімділік орап, періштелер қоршап алады...»,- деп айтылған.

Мешіттің өзіндік рухани ахуалы болғандықтан, біздің заманымызда да бастапқы діни білімді мешітте үйрету тұрақты жүргізіліп келеді.

ХІ ғасырдан бастап діни медреселер өздігінше дербес орталықтарға айнала бастады. Медресеге қарасты арнайы қызметкерлер ғимараты, медресені қамтамасыз етіп тұратын шағын кәсіпорын немесе сауда дүкендері болды. Ал, оқу тегін жүргізілді. Діни пәндермен қатар медреседе математика, грамматика, поэзия, тарих сынды пәндер де оқытылды.

Бұхарадан білім алып келген ахундар мен хазіреттер Қазақ даласының шығысы мен батысында, оңтүстігі мен солтүстігінде медреселер ашты. Соның ішінде хазірет Сұлтан, хазірет Мүсірәлі сопы, Науан хазірет, Нұрпейіс хазірет, хазірет Досжан (Досмұхаммед) ишан секілді діни қайраткерлер атымен тығыз байланысты медреселер бар. Сондай-ақ, Сайрам, Шаян және Кентау шаһарларының атымен негізін салған діни ағартушылық ордалары да болды.

Мәселен, Түркістан облысының Бәйдібек ауданындағы Шаян мешіт-медресесі. Аймақтағы өзенде шаян көптігінен елдімекен Шаян деп аталатын. Алғашында, шағын мешіт, елдімекенге көп халық қоныстана бастаған соң, кеңірек мешіт құрылысы басталған. Шеберлерді Бұхарадан шақыртты. Медресе ғимараты дәрісханамен бірге жобаланған. Мешіт медресе кешеніне қарап, Мауреннахр сәулет өнерінің нақыштарының ізін байқауға болады. Ортағасырлық Бұхара және Хиуада сәулетті мешіттердің үстінен медресе құрылысы едәуір кейін салынған. Мешіттің солтүстік-батысында – медресе, оңтүстігінде дәрісхана орналасқан.

Медреселердің басты міндеті – ағартушылық. Хәкім Абай:

«Баламды медресеге біл деп бердім,

Қызмет қылсын, шен алсын деп бермедім»,- деп айтқандай, бүгінгі таңдағы мектептің қызметін жүргізді. Кешегі қазақ зиялыларының барлығы дерлік медреседен тәлім алды. Сондықтан медресенің тұтас халықтық идеологияны қалыптастыруда өзіндік салмағы болды. Халықтың руханиятын қаз-қалпында ұстап тұратын темірқазық еді.

Патшалық ресей де Қазақ елінің руханиятын әлсіретуді мешіт-медреселерді жоюдан бастады. Кеңес одағы орнауымен бірге, сол сұрқай саясат жалғасын тапты. Бір ғана Кентау қаласының маңайында Қазан төңкерісіне дейін жиырмаға жуық медресе болған. Бұл жолы «дін – апиын» деген ұранмен мешіттермен қатар, медреселер де қиратылды. Арабша және шағатайша сауат ашқандарды «сауатсыз» деп таныды. Осылайша, солақай саясат Қазақ руханиятымен қатар, емілесін де, шағатай, араб және парсы тілдерінде жарық көрген кітаптарын да біржолата жоюға әрекет етті.

Тәуелсіздік күні туған кезеңнен бастап, Қазақстанның барлық аймақтарында медреселер қызметі қайта жанданды. Бастапқыда имам-молдалардың ауыл балаларына Құран жаттатуымен шектелген медреселер, келе-келе мемлекеттік үлгіде біліктілігін айқындайтын құжат беретін ресми діни арнайы орта оқу орындары мәртебесіне дейін көтерілді.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының облыстардағы өкілдіктерінің қарамағынан жаңа медреселер бой көтерді. Елордамыздағы «Астана», Алматы қаласындағы «Әбу Ханифа», Алматы облысындағы «Үш қоңыр», Ақтөбе облысындағы «Ақтөбе» медресесі, Батыс Қазақстан облысындағы «Орал» медресесі, Павлодар облысындағы «Әбу Бәкір Сыддық» медресесі, Түркістан облысындағы «Сарыағаш», Шымкент қаласындағы медреселер он бес жылдан астам уақыттан бері білікті дін мамандарын даярлаумен айналысып келеді. Осы жылдар ішінде әрбір өңірдің медресесі өзіндік ментатитетін қалыптастырып, өзіндік әдісін тапты. Бұл оқу орындарының оқыту бағдарламасы көне ханафи-матуриди медреселер жүйесіне негізделген. Сонымен қатар қазақтың танымал дін ғалымдары мен ойшылдарының да еңбектері арнайы пән ретінде оқытылады.

Қазіргі заманауи медреселер дін мен дәстүрдің өзара сабақтастығының жоғарғы үлгісіне айналып отыр. Медресе тек қана бастапқы сауаттандырумен ғана шектелмейді. Бұлардың басты қызметі Қазақ халқының діни сауатын ашып, қасиетті Құран құндылықтары мен сүннет сырларын үйретумен бірге, жас ұрпақтың ұлттық нақышты салт-дәстүрімізді де тереңірек танып-білуіне бағытталған.

Десе де, Қазақ даласындағы кешегі медреселер тарихын, ойшыл ұстаздар мен олардың құнды еңбектерін әлде де жіті зерттеп-тану – бүгінгі дін мамандарының басты міндеті. Бұл мәселені берісі ауыл-аймақ ақсақалдарының әңгімесінен бастап, арысы көршілес мемлекеттердің мұрағаттарына дейін зерттеулер ұйымдастырып, мемлекеттік деңгейде көтеру қажет деп ойлаймын. Өйткені, руханият мәйегі болып табылатын медреселер мен көне діни еңбектер – ежелгі заман халқының тұрмыс-тіршілігін, әлеуметтік-мәдени және саяси ахуалын жақынырақ танып-білуімізге үлкен септігін тигізетіні сөзсіз. 

 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру


Соңғылар

Мұрағат