Таң

Күн

Бесін

Екінті

Шам

Құптан

Аурухана салу сауапты іс

Сейтбеков Смайыл Сүйерқұлұлы, ҚМДБ-ның Маңғыстау облысы бойынша өкіл имамы 26.06.2019 431 0 пікір

Мұсылман адам әуелі өзін жоқтан бар еткен Аллаға сеніп, Оны жақсы көруі тиіс. Алланы жақсы көру, Оған иман ету мен тануға байланысты болмақ. Біз Алла Тағаланы Құранда айтылған сипаттарымен ғана тани аламыз. Оны шектеулі санамызбен танымдауымыз мүмкін емес. Ол әлемдердің Раббысы. Барлық мақлұқатты жаратушы әрі өмір беруші, Одан басқа жаратушы жоқ. Барлық нәрсені көруші, білуші, аспан мен жерде Оған құпия ештеңе жоқ. Барлық нәрсені естуші, тіпті жүректегі сезім мен санадағы жасырын ойды да білуші. Аса мейірімді, ерекше қамқор. Барлық жаратылысқа деген шексіз мейірім Иесі. Жаратқан пендесі иман етпесе де, ол адамға ризық беруші. Адам баласы Жаратушы берген сол ризықтан өзгелерге беруді сауапты амал деп есептейді.

Алла ризалығы үшін жасалған әрбір іс пен берілген затқа – садақа дейміз. Берілетін садақаның үлкен-кішісі болмайды. Не берілседе ықыласпен Алла разылығы үшін берілуі қажет. «Оң қолың бергенді сол қолың көрмесін» хадисіне сәйкес берілген садақа мен жасалған жақсылықты жасырын жасау ең абзал амалдың бірі.

Құран Кәрімде 200 жерде Алла жолында садақа беру, мал сарп ету жайында баяндалады. Яғни Алла берген нығметті Алла жолында жұмсау сауапты амал екені айтылады. Шексіз нығмет Иесі болған Алла мақлұқаттың табиғатында өзгеге жәрдем ету, барын бөліп беру сезімін жаратқан.

Ислам өзгеге жәрдем беруді бұйыратын дін. Адамзат тарихына үңілгенімізде, Исламға дейін бірде-бір елде жарлы мен байдың, әлсіз бен күштінің, әйел мен ердің арасындағы құқық пен теңдік болмаған. Ал ислам діні адамдар арасындағы теңдікті орнатып, бай мен жарлыны жақындатып, бір-біріне көмек қолын созуды, қарайласуды мұсылманға міндет әрі сауапты амал екенін сүйіншіледі.

Әлемдегі барлық жаратылыс адамзаттың игілігіне берілгенімен, бүкіл жаратылыстың шын мәніндегі иесі Алла. Алла қалаған құлына дәулет беріп, қаламағанына бермейтінін мына аятта баян етеді:

«Сен айт: «Патшалықтың иесі болған ей, Алла! Қалаған адамыңа патшалық бересің, қаласаң одан тартып аласың, ықыласың түскенге үйіп-төгіп байлық бересің де қырыңа алғаныңды қор етіп қоясың. Игіліктің бәрі өз қолыңда. Сенің құдіретің бәріне толық жетеді», ("Али Имран" сүресі, 26-аят).

Алла берген дәулетті қайда, қалай жұмсайтынымыз жайында мына аят баян етеді:

«Сенен адамдар мал-мүліктерін қалай жұмсауы керектігі жөнінде сұрайды. Сен айт: «Оны қалай жұмсасаңдар да еріктерің. Ата-аналарыңа ма, туысқандарыңа ма, жетімдерге ме, пақырларға ма, әлде мүсәпір жолаушыға ма, бәрібір әйтеуір жасаған қайырларыңды бір Алла білмей қоймайды», ("Бақара" сүресі, 215-аят).

Алла пендесін мал-мүлікпен де сынайды. Ал шайтан болса, бізге сараң болуды үгіттеп, садақа беруден тосатын болады.

Бірде Пайғамбарымыз (с.а.у.) бен сахабаларының арасында мынандай әңгіме болады. Пайғамбарымыз (с.а.у.):

- Әрбір мұсылман садақа беруі тиіс, - деді. Сахабалардан бірі:

- Ей, Алланың Елшісі (с.а.у.), таппаған адам не істейді? Пайғамбарымыз (с.а.у.):

- Жұмыс істеп, табыс тауып садақа берер, - деді. Сахабалар:

- Істейтін жұмыс таппаса не болады? – деді. Пайғамбарымыз (с.а.у.):

- Мұқтаж болған жанға қандайда бір көмегін береді, - деді. Сахабалар:

- Жәрдем ететін адам да таппаса ше? – деп тағы сұрады. Пайғамбарымыз (с.а.у.):

- Қандай да бір іс жасаса (біреуге жол көрсету, жолдағы зиян тигізетін затты алып тастау, ілім алу, үйрету т.б.), ол үшін бір садақа, - деді. (Бухари, Муслим риуаяты)

Мұсылман баласы өзгеге пайдасы тиетін қандай да бір іс болса, соны жасау арқылы Алла разылығын алуға тырысқан. Қоғамда орын алаған қиындықтарға қол ұшын беруге, елдің пайдасына жарар іс болса, соны жасауға атсалысқан. Әсіресе ардақты Пайғамбарымыздың (с.а.у.) мына бір хадисіне сәйкес амал етуге тырысқан дәулетті мұсылмандар тарихта көптеп кездеседі. Жәй садақаны кез-келген мұсылман жасай алады, ал ел игілігі үшін сауабы мол ауқымды істі дәулетті жандар жасаған.

Әбу Һурайра (р.а.) жеткізген хадисте Алла Елшісі (с.а.у.): «Адам баласы дүниеден озғанда үш түрлі ісінен өзге барлық істері тоқтап (кітабы жабылып) қалады. Тоқтамайтын істер: үзілмейтін садақа (яғни, мешіт, медресе, аурухана және көпір сияқты халықтың игілігіне жарайтын нысандарды салып, үздіксіз сауапқа бөлейтін игі істер), адамзатқа пайдалы ілім және артынан дұға жасайтын ізгі ұрпақ» – деп айтқан (Муслим, уасийя 14).

Адам мәңгі немесе ұзақ ғұмыр кешетін жаратылыс иесі емес. Өлшеулі ғұмыр, бес күндік қонақтық мына жалғанда маңдайына жазылған уақыт мөлшерінде ғана өмір сүреді. Дүниеден озған соң сауапті іс жасау мүмкін емес. Ал қаншама уақыт, жылдар бәлкім ғасырлар бойы артынан сауабы барып тұратын садақаны кім болса да қалайтыны анық. Осынау сауабы үзілмейтін садақаға хадисте «садақа-и жария» (үзілмейтін садақа) деп атаған. Ол дегеніміз елдің игілігі үшін мешіт, медресе, жол, құдық, аурухана, көпір секілді нысандарды бір Алланың разылығы үшін салу. Сол салынған нысан қанша уақыт тұрса, қанша адам пайдаланса, сонша сауап марқұмның артынан барып тұрады.

Қоғам үшін ең маңызды нысанның бірі – аурухана. Әрине аурухана салу оңай шаруа емес. Дегенмен тарихқа үңілсек, мұсылман әлемінде мұндай сауапты істен дәулетті жандар қалыс қалмаған. Өйткені сауабы мен қатар, бір адамның жанын аман алып қалу жер бетіндегі адамзаттың баршасының жанын аман алып қалумен бірдей деген Құран аятына сай ұлық іс.

Ислам діні денсаулыққа қарауды міндеттейді. Емделуге қатысты арадақты Пайғамбарымыздың (с.а.у.) көптеген өсиеттері бар. Науқастанған мұсылманға сол кезеңнің емделу жолымен ем қабылдауына рұқсат еткен. Емделудің өзін Пайғамбар сүннеті деп қабылдаған мұсылмандар уақыт өте емделуге қатысты Пайғамбарымыз (с.а.у.) айтқан өсиеттерді жинақтап «Пайғамбар медицинасы» (Тиббун-Нәуәуи) атымен кітаптар жинақтаған. Сол хадистердің бірінде Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Ей, Алланың құлдары, емделіңдер. Өйткені, Алла әрбір жаратқан ауруы үшін міндетті түрде шипасын қоса жаратқан» (Тирмизи, Тиб, 2) деп, ауырған жағдайда емделу керектігін бұйырады. Ажалдан өзге әр дерттің емі бар. Бірде бәдәуилер: «Ей, Алланың Елшісі (с.а.у.)! Науқастанған кезімізде емделу жолына жүгінбесек, бұл күнә бола ма?» - деп сұрайды. Сонда Алла Елшісі (с.а.у.) оларға: «Ей, Алланың құлдары! Емделу жолын іздеңдер. Себебі Алла жаратқан әрбір дертке шипа да жаратқан. Тек қарттық қана бұдан тыс (оның емі жоқ)», - деп жауап береді. (Әбу Дәуд, Тирмизи риуаяты),

Ардақты Пайғамбарымыздың (с.а.у.) кезеңіндегі алғашқы дәрігер тайфтік Харис б. Кәләдә еді. Харис дәрігерлік тәлімді Иран патшасы ІІ. Шапур тарапынан 350 жылы ашылған «Жундишапур медицина мектебінде» оқыған еді.

Әділетті халифалар дәуірінен (632-661 ж.) бастап ислам діні қанат жайып, Әмәуи халифаты кезеңінде ұлан ғайыр аймаққа иелік еткен мұсылмандар әр елдің медцинасымен танысып, медицинаны дамыта түседі. Ислам тарихында алғашқы медицина мектебін аштырған халифаның бірі Омар б. Абдулазиз (717-720 ж.) еді. Ол Харранда медицина мектебін аштырады.

Ислам медицинасына Ибн Синадан (980-1037 ж.) кейін үлкен серпін берген дәрігердің бірі Зәкәрия әр-Рази (865-925 ж.) Тегеранда ашылған аурухананың бас дәрігері, артынан Бағдаттағы ауруханада қызмет еткен.

Ислам бойынша адамның өмірі аса маңызды. Сондықтан емделуді талап етеді. Емделу әрине аурухана арқылы жүзеге асатыны белгілі. 931 жылы халифат астанасы Бағдат қаласында бір науқас ота жасалу сәтінде қайтыс болады. Жағдайға қатысты сол кездегі халифаға шағым түсіреді. Сол жылы Бағдат шаһарында 5 аурухана болған екен. Халифаның жарлығына сәйкес бас дәрігер Синан б. Сабит арнайы комиссия құрып, адам емдейтін дәрігерлерден сынақ алып, талапқа сай болғанға сертификат береді. Ал сертификаты жоқ дәрігердің адам емдеуіне тыйым салынады. Сол кезде тек Бағдат қаласының өзінде 860 дәрігерге сертификат берілген екен.

Ислам тарихында ең алғашқы аурухана жаралыларды емдейтін емдеу орталығы ретінде 627 жылы Ор соғысы кезінде пайда болды. Сол шайқас кезінде Әсләм руынан шыққан Руфайда әл-Ансари есімді сахаба әйел шатырда Сағд б. Муаздан бастан соғыста жараланған сахабаларды алғаш рет емдеумен айналысады. Осылайша жылжымалы аурухана іске қосылады. Ал арнайы аурухана ретінде ашылған ғимарат әмәуи халифасы Уәлид б. Абдулмаликтің жарлығымен 707 жылы ашылады. Ол ауруханада алапеске шалдыққан жандар емделеді. Аталмыш аураханада қызмет еткен дәрігерлер мемлекет тарапынан жалақы алып, аурухананың барлық шығыны үкімет қазынасынан төленеді.

Аббасид халифаты тұсында (750-1256 ж.) аурухана елдің әр аймағында ашылады. Мәселен, 931 жылы ауылдарға дейін жылжымалы ауруханалар барып қызмет көрсетеді. Қала берсе, абақтыда да арнайы аурухана жұмыс жасаған. Ауруханада ешкімнің ұлтына, нәсіліне, дініне қарамай, науқасқа бірдей қараған.

Орта Азияда алғаш рет ашылған аурухана 1065 жылы Қарахан қағаны Тамғаш Буғра хан тарапынан ашылып, қор ретінде беріледі.

Жалпы мұсылман баласы сауабы үзілмейтін амалды жасауды мақсат тұтады. Аурхана салу да сондай амалдың бірі. Әрине үлкен талапқа сай аурухана салу оңай шаруа емес. Дегенмен елді мекендерге арнап шағын болса да аурухана салуға мүмкіндігі бар азаматтар мұндай сауапты істен қалыс қалмас деп ойлаймыз.

Бір адамның өмір сақтап қалу, барша адамзаттың өмірін сақтап қалғандай сауапты іс екенін де ескерген жөн.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру


Соңғылар

Мұрағат