Таң

Күн

Бесін

Екінті

Шам

Құптан

Шошқа майынсыз шұжық бола ма?

Елжанов Әнуарбек www.muftyat.kz 23.05.2019 2478 0 пікір

Халықтың санасында шұжыққа міндетті түрде шошқаның майы немесе еті қосылады деген ой қалыптасқан. Әрине оның өзіндік себептері бар. Шұжық жасау барысында әртүрлі қоспалардың қолданылуы тұтынушылардың күмәнін одан сайын үдете түседі. Осының салдарынан шұжық, яғни «колбаса» халал болуы мүмкін бе деген сұрақ туындап жатады. 

Бүгінгі таңда шұжық өндіруші кәсіпкерлер шошқа майынсыз да шұжық өндіруге болатындығын дәлелдеді. Сол себепті шұжықтың халалы да бар харамы да бар. Шұжықты жаппай харам деу дұрыс емес. Себебі, бір нәрсеге халал, не харам деп үкім беру үшін қолымызда нақты дәлел болу керек. Алла Тағала Құран Кәрімде «(Алладан және пайғамбардан келген қандай да бір дәлелге сүйенбестен) тілдеріңнің өтірік сипаттауымен: «Мынау адал, мынау арам», – деп айтпаңдар! Олай айтатын болсаңдар, (адал немесе арам, деп, үкім беру бір Аллаға ғана тән болғандықтан) Алланың атынан өтірік айтқан боласыңдар. Аллаға өтірік сөзді теліп, Оның атынан өтірік айтатындар, әсте, мақсат-мұраттарына жетпейді (оңбайды)»,-дейді.

Қазіргі таңда шұжық өнімдері доңыз майынсыз жасалуы мүмкін емес деген алып-қашпа сөздерді кездестіріп жатамыз. Алайда шошқа майынсыз да, басқа халал шикізаттарды қолдана отырып шұжық жасауға толық мүмкіндік бар. Алдымен неліктен харам шұжықтарда басқа төрт түлік малдың емес, доңыз майы қолданылатындығына жауап бере кетсек. Оның басты себебі қой, сиыр сынды малдардың майы төменгі температураға өте сезімтал келеді, яғни май лезде қатып шұжықтың біртұтастығын, консистенциясын ұстап тұруға мүмкіншілік бермейді. Сонымен қатар, дәмдік үйлесім жағынан да қой мен сиыр майларын үйлестіру қиынға соғады. Ал жылқы майы, температура сәл көтерілсе тез еріп, ағып кетеді. Сол себепті көбіне халал емес шұжық өнімдеріне шошқа майын қосады.

Ал, халал шұжық өнімдерінде шұжықтың тұтастығын, майлылығын сақтау үшін және дәмін үйлестіру үшін басқа қоспаларды - тауықтың терісін, өздігінен майлы болып келетін етін қолдану арқылы қол жеткізеді.

Ескере кететін жайт, шұжыққа малдың еті, майы, тауықтың терісінен бөлек көптеген соя, крахмал, ароматизатор, дәм күшейткіш, бояғыш т.б. сынды қоспалар қосылады.

Шұжық халал болу үшін ет пен май сынды негізгі шикізаттардың ғана халал болуы жеткіліксіз, сонымен қатар жоғарыда аталған барлық тағамдық қоспалардың да шариғат талаптарына сай болуы шарт. Сыртқы қаптамасының табиғи, әрі жасанды болып бөлінетінін ескерсек, табиғи шұжық қаптамасының бисмилләмен сойылған халал малдың ішегінен болуы да маңызды. Түптеп келгенде малдың етін бөлшектейтін, ұсақтайтын құрылғылардың да харам болған доңыз етін өңдемеуі, тіпті жанаспауы қажет.

Бұл шарттардың барлығы сақталғаннан соң дайын шұжық өнімдері доңыз ДНҚ-сына зертханалық тексеріске жіберіліп, доңыз ДНҚ-сы анықталмаған жағдайда ғана «Халал шұжық» деген атауға ие болады.

Мінеки, «Халал Даму» ұйымы шұжық өнімдеріне халал сертификатын жіті зертханалық тексерістен кейін, доңыз майы тұрмақ, құрамында доңыздың ешқандай ДНҚ-сы табылмаған жағдайда ғана береді. Ол сертификаттың өзі бір жылға ғана жарамды. Әрі сертификат берілген өндіріс жыл бойы бақылауда болады.

Бұл бағытта ҚМДБ-ға қарасты «Халал Даму» ұйымы өз жұмысын қарқынды жүргізіп келеді. Сондықтан қазіргі таңда халал сертификат алған шұжықтар да көбейе түсуде. 

Толық тексерістен өткен халал шұжық іздесеңіздер мына сілтемеге өтіп, «Халал Даму» ұйымының сертификатын алған кәсіпорындармен таныса аласыздар:

ХАЛАЛ ШҰЖЫҚ ӨНДІРЕТІН КӘСІПОРЫНДАР ТІЗІМІ

Әрқашан астарыңыз адал болсын!

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру


Соңғылар

Мұрағат