Таң

Күн

Бесін

Екінті

Шам

Құптан

720 сағат қана уақытың бар..

Жалғас Асхатұлы, дінтанушы kazislam.kz 06.05.2019 795 0 пікір

Сахаба Ибн Масъуд былай дейді: «Мен әр күні күн батып ажалым жақындағанын сеземін. Егер мен сол күнді ешбір игі амалсыз өткізетін болсам онда мен үшін орны толмас өкініш сол болады» 

Расында айлардың сұлтаны болған қасиетті Рамазан айында ораза ұстау әрбір иісі мұсылман үшін ерекше құлшылық әрі өлшеусіз сауапқа кенелетін берекелі ай болып саналады. Бұл айда оразалы адамның әрбір игі істері үшін берілетін сауаптың көптігі сонша ол тек Алла Тағаланың құзырында ғана белгілі болады.

Рамазан айы - бұл момын мұсылманның үйіне ұзақ сағындырып келетін қонақ секілді. Жыл он екі айға созылған мезгілде бір айда шоқ жұлдыздай нұрын шашып келіп оның отыз күні көп күттіргенімен кетуі тез жолаушы іспетті.

Осылайша Рамазан пенденің он бір айда жасаған жақсы амалы үшін сыйақы беріп ал, жаман амалын жасыратын игі ай. Сондықтан кез келген мұсылман бұл айда өтіп жатқан әрбір сағаттың қадірін біліп мол сауапқа кенелудің жолын қарастыру керек.

Мен осы мақаламда отыз күн оразада Алланың рахымына бөленетін жақсы амалдарды тізіп бір күндік жүйелік кесте ретінде көрсетсем деймін. Себебі, адам баласы пенде болғаннан кейін күнделікті жүйемен жүруді әдетке айналдырмаса оның бойында жалқаулық пен ұмытшақтық қасиеттері басым болуы әбден мүмкін.

Рамазанның әрбір күнін жақсы амалмен өткізуді әдетке айналдыруымыз қажет. Өйткені, бұл уақыт біздер үшін Аллаға жақын болудың ең тиімді сәті. Сондықтан бір күндік төмендегідей кесте түзіп сол бойынша амал етуге тырысайық ағайын.

 

Таңғы сәрі

 

Кей мұсылман бауырлар сәрісіні тәрк етіп тек ауыз ашуға ғана көңіл бөледі. Мұның екі ғана себебі бар. Біріншісі, түнде ұйқыдан тұруға қиналады немесе екіншісі, сәрісінің негізгі мақсатын білмейді.

Шын мәнінде таңғы сәріні ішу ол оразалы адамның сол күндегі басты қадамы. Өйткені, мұнда береке мен сауап әрі дінде оның өзіндік орны бар. Бұл жайында пайғамбар (с.ғ.с) былай деп кеткен: «Сәрі ішіңдер, расында онда береке бар». Сондықтан әрбір сәріні ішуге тырысу керек.

 

Таң намазы

 

Мұсылман өзін таң намазға ерте тұру үшін алдын ала ерте жатып дайындалу керек. Таң намазға тұрған кісі жақсылап дәретін алып азан айтылмас бұрын қосымша (нәпіл) намаздар оқыса өте жақсы болады.

Намаз уақыты кіргеннен кейін алғашқы екі бас сүннетін үйде оқып алған дұрыс. Себебі, Мұхаммед ﷺ пайғамбар өз сөзінде былай деген: «Таң намазының екі бас ракағаты дүниенің барлық жақсылығынан артық» (Муслим риуаятынан). Ал, осы екі бас ракағатта пайғамбар ﷺ  «Кафирун», «Ықылас» сүрелерін оқыған.

Сонымен қатар таң намазының екі бас парызын мүмкін болғанша мешітке барып жамағатпен оқыған абзал. Бұл жайында Алла Елшісі ﷺ былай деген: «Егер де түнгі мен таңғы (намазды) құлшылықты жамағатпен оқудың жақсылығын білген болсаңдар еді сендер оған (мешітке жамағатпен оқуға) еңбектеп болса да барар едіңдер» (Тирмизи риуаятынан).

Намаздан кейін мүмкіндігінше күн шыққанға дейін мешітте қалып Аллаһты зікір етуді жалғастыру керек. Бұл жайында пайғамбар ﷺ былай деген: «Кімде кім таң намазын жамағтпен оқып содан кейін күн шыққанша Алланы зікір етумен болып кейін (күн шыққаннан кейін) екі бас намаз оқыса ол адам үшін қажылып пен умра амалдарын толық өтеген сауаптары жазылады» (Тирмизи риуаятынан).

 

Жұмысқа немесе сабаққа бару

 

Жұмысқа немесе сабаққа барудың алдында біршама ұйықтап алуға да болады. Өйткені, оразалы адамның намазға тұруы қандай сауапты іс болса оның белгілі себеппен ұйықтауы да сондай сауапты болады.

Бұл жайында Муаз ибн Жабал былай деген: «Мен ұйықымнан тұрғаным үшін сауап алсам ұйықтағаным үшінде сауап аламын». Бұл жердегі ұйқы мәселесі тек оразалы адамға қатысты.

Егер де кез-келген мұсылман түнгі (тахаджуд) намазына тұру үшін немесе басқа да бір игі амалын жасау үшін алдын ала күндіз ұйықтап тынығатын болса ол сол үшін сауап алады.

Ал, ешбір себепсіз оразамын деп ұйықтай беру ол мұсылмандыққа жат дүние және жалқаулықтың кесірі.

Рамазан айы келуімен ешбір адам жұмысын не сабағын тоқтатуға болмайды. Қандай құлшылық амалы болмасын дүние тіршілігі қашанда өз орнымен жалғасын табуы қажет.

Оразалы адам Рамазан айын себеп қылып қызметінен не оқуынан бас тартуға болмайды. Алла Елшісі еңбек ету жайында былай деген: «Жұмыс істеп еңбекпен тапқан асты жеу ол өте қайырлы. Өйткені, Дәуіт пайғамбар өзі еңбек етіп ас ішетін» (Тирмизи риуаятынан).

Сондай-ақ, білім ізденуге байланысты да пайғамбар ﷺ былай деген: «Кімде кім білім жолына түссе Аллаһ оның жәннәтқа кірер жолын жеңілдетіп қояды» (Муслим риуаятынан).

 

Құран оқу

 

Рамазан айында мүмкіндігінше Құран Кәрімді жиі оқуды әдетке айналдырған жөн. Себебі, мұндай сауапқа толы науқан айда Құранның әрбір әріпіне сауап еселеніп жазылады әрі қиямет күні сол оқылған Құран өзін оқушыға шапағатшы болады. Бұл жайында пайғамбар ﷺ былай деген: «Құран оқыңдар расында ол қиямет күні өзін оқушыға шапағатшы болады», «Кімде кім Алланың кітабынан бір әріп оқитын болса соған сауап жазылады. Сондай-ақ, ол сауап он есеге көбейтіледі» (Муслим риуаятынан).

 

Бесін намазын оқу

 

Жалпы, Рамазанда әрбір намазды өз уақытымен және бекітілген сүннет намаздарымен қоса оқыған жақсырақ. Бұған байланысты пайғамбар ﷺ былай деген: «Алланың алдында ең жақсы амал ол уақытылы орындалған намаз», «Кімде кім бір күнде он екі ракағат (сүннет) намаз оқыса ол үшін жәннәтта зәулім үй салынады» (Муслим риуаятынан).

 

Діни білім алуға ұмтылу

 

Оразалы адам өзінің күнделікті құлшылығы, тіршілігімен қатар діни білім алуға да талпыныс жасауы керек. Себебі, Исламда білім ізденудің орны қашанда ерекше әрі жәннәтқа жетелейтін амалдардан екенін жоғарыда ескеріп кеттім.

Сондықтан бұл айда аз да болса діни білім алуға ынталану керек. Бұл жайында Аллаһ Елшісі ﷺ былай деген: «Кімде кім мешітке беттеп ол жақтан бір жақсылық үйреніп қайтуды немесе үйретуді көздесе ол адам үшін қажылық амалын толық орындаған сауабы жазылады» (Табарани риуаятынан).

 

Аср намазы

 

Бұл намазды да мүмкіндігінше мешітте жамағатпен орындауға тырысу керек. Себебі, пайғамбар ﷺ бұл жайында былай деген: «Жалғыз оқыған намаздан жамағатпен оқыған намаз жиырма жеті есе қайырлы» (Бухари риуаятынан).

Сонымен қатар күнделікті орындалған бес уақыт намаз бұл кез-келген жамандықтың бетін қайтарушы болып табылады. Бұл жайында «Худ» сүресінің 114-ші аятында былай делінеді: «(Мұхаммед) күндіздің екі жағында (таң және екінті намазы), түннің күндізге таяу кезінде (ақшам, түнгі) намазын толық орында. Шынында жақсы амалдар, жаман амалдарды жояды. Бұл түсінгендер үшін бір насихат».

 

Ауызашар және үй шаруасы

 

Ақшам намазын орындап ауыз ашарда айналадағы оразалы адамдарға мүмкіндігінше ауызашар беріп немесе соларға қызмет көрсету керек. Себебі, әрбір оразалы адамның ауызын аштыру, оларға қызмет ету сансыз сауапқа жетелейді.

Сонымен қатар ауызашар алдында міндетті түрде қосымша дұға ету керек. Себебі, ол уақытта айтылған дұға қайтарылмайды. Сонан соң отбасы шаруысына да көңіл бөлген жөн немесе оқу тапсырмаларын орындау керек. Өйткені ораза басқа шаруаларды тәрк етуге себеп бола алмайды.

 

Құран оқу

 

Отыз күн Рамазанда араб тілін жүгіртіп оқи алатын кісі Құранды толық оқып шыққаны абзал. Құран оқуды күнде әдетке айналдырып кем дегенде бір күнде бір пара оқып отырған жақсы. Осылайша отыз күнде толық Құранды оқып шығуға мүмкіндік болады.

 

Құптан және тараух намазы

 

Рамазан айының өзге айлардан ерекшелігінің бірі ораза ұстау болса құлшылықта оның ерекшелігінің бірі ол тараух намазы. «Тарауих» сөзінің өзі араб тілінді «демалу, рахаттану» деген мағынаны білдіреді.

Сондықтан бұл намазды оқуды ниеттенген кез-келген мұсылман ешбір қиыншылықсыз өзін рахат сезіну арқылы шынайы ықыласпен, ниетпен орындау керек болады.

Алла Елшісі ﷺ мешітке барып намаз оқу жайлы былай дейді: «Кімде кім тазаланып Алланың үйіне парыз амалын (намазды) орындауға баратын болса оның әр басқан қадамы арқылы жамандықтары кешіріліп екінші басқан қадамы арқылы Алланың алдында дәрежесі жоғарылайды» (Муслим риуаятынан).

Сондай-ақ, тараух намазын толық оқуға байланысты пайғамбар ﷺ былай деген: «Кімде кім имаммен бірге намазға тұрып бірге аяқтаса ол адам үшін түні бойы оқылған намаздың сауабы жазылады» (Тиризи риуаятынан).

Бұдан бөлек бұл қасиетті айда сауап ізденушіге басқа да жақсылық амалдары бар. Мәселен, отбасы, туған-туыстармен жақсы қарым қатынаста болып олардың үйлерін зиярат ету, жетім-жесірдің басынан сипау, мұқтаж жандарға қол ұшын беру, жақсылыққа шақырып жамандықтан тыйатын қадамдар жасау секілді игі амалдардың барлығы дерлік қисапсыз сауап кепілі. Ал, мұндай сауаптар өз кезегінде жаман амалдарды жойып отырады «Шынында жақсы амалдар, жаман амалдарды жояды» (Худ, 114).

Сондықтан осындай сауапқа толы науқан айда әрбір сағатты қадірлеп оны жақсы амалмен толтырып жақсылықта қашанда бәсекелесу керек. Себебі, Алла Тағала өзінің мұндай құлдарын «Муминун» сүресінің 61-ші аятында: «Міне олар жақсылықтарда жарысады және олар оның озаттары», деп сипаттаған.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру


Соңғылар

Мұрағат