Таң

Күн

Бесін

Екінті

Шам

Құптан

«Шағбан айын берекелі ете көр!»

Наурызбай қажы Тағанұлы ҚМДБ төрағасының бірінші орынбасары, наиб мүфти 08.04.2019 1881 0 пікір

Шағбан айы – қасиетті Ережеп пен Рамазан айларының ортасында келетін берекесі мол ай. Пайғамбарымыз ﷺ бұл айда  көп ораза ұстайтын болған. Бұл туралы Айша анамыз: «Алла елшісі ﷺ ораза ұстаса: «аузын ашпайды екен», аузын ашса: «ораза ұстамайды екен» деп қалатынбыз. Мен Алла елшісінің ﷺ Рамазан айынан тыс басқа айларда бір ай толық ораза ұстағанын көрмедім, сол сияқты Шағбан айы тәрізді басқа айларда көп ораза ұстағанын көрмедім»,[1] – деген.

Осы мағынаны қуаттай түсетін екінші хадисте Усама ибн Зәйд Пайғамбарымыздан ﷺ:

– Уа, Алла елшісі! Неліктен Шағбан айында ораза ұстағаныңыз сынды өзге айларда ораза ұстамайсыз? – деп сұрағанда, Пайғамбар ﷺ:
– Себебі, Ережеп пен Рамазанның ортасында адамдар бұл айдың артықшылығын ескере бермейді. Бұл айда адамдардың амалдары әлемдердің Раббысына көтеріледі. Амалдарым көтерілгенде, ораза болуды қалаймын»,[2] – деп жауап берген.

Жоғарыдағы екі хадис бұл айдың маңызды ай екенін көрсетеді. Барша мұсылман үмметі бұл айдан ғапыл қалмауға тырысқан. Ескіде, адамдар Шағбан айы кірісімен Құран кітаптарын қолдарына алып хатым ететін, жылдық зекеттерін осы айда шығаратын, дүниелік істерді мүмкіндігінше ысырып қойып, намазға, зікірге, Құран оқуға, ораза ұстауға бет бұратын. Себебі, бұл ай Рамазан айына дайындық іспеттес. Ал, Құран оқуға бет бұрушылардың молдығы сонша, Құран оқылатын немесе Құран оқушылар айы деп те аталып кеткен.

Міне, біздің аяқ басқан айымыз – осындай ерекше ай, берекесі мол ай. Бұл ай жақсылықты молайтып, жаман әдеттерден тыйылып, Рамазанға дайындалатын ай, өткен жылдардан қалған қазаларды өтейтін ай.

Шағбан сөзінің тілдік мағынасы «көптеген жақсылықтардың бастауы» дегенді білдіреді. Сансыз сауапқа толы қасиетті Рамазан жақындағанын сүйіншілейтін бұл мүбәрак айды ардақты Мұхаммед пайғамбарымыз ﷺ ерекше ықыласпен қарсы алып, құлшылыққа толы өткізетін болған. Алдағы Рамазан айына дайындық жасап, айналасындағы сахабаларын соған үндеген. Әбу Әмәмә әл-Бәһилиден жеткен хадисте: «Шағбан айы кіргенде, өздеріңізді тазалаңыздар және ниеттеріңізді дұрыстаңыздар»,[3] – деп өсиет еткені айтылады.

Пайғамбарымыздың ﷺ сүннетіне сай қасиетті Шағбан айына белгілі бір дайындық жасаудың мәні зор. Жан-тәнімізді түрлі жаманшылықтан тазартып, ниет-ықыласымызды дұрыстап, айлардың сұлтаны Рамазанды кіршіксіз пәк жүрекпен қарсы алуға талпынуымыз қажет. Қызғаныш, көреалмаушылық, қастандық, жеккөрушілік, ашушаңдықтан жүрегімізді тазалап, ғайбат, өсек, сөз тасу, жамандау, кемсіту, көпшіліктің алдында біреудің айыбын көзге басып ұялту секілді жағымсыз істерден тілімізді қорғауды дағды айналдырып, дайындық жасауымыз тиіс.

Алланың Сүйікті Елшісі ﷺ Шағбан айындағыдай айлардың ешбірінде жиі ораза ұстамайтын және былай деп өсиет қалдырған: «Шама-шарқыңызға қарай амал жасаңыз. Өйткені, сіз жалықпайынша Алла да сізге жалығатын амалды жүктемейді. Алланың құзырында қабыл болатын амал – аз да болса игі істің тұрақты жалғасып тұрғаны»,[4] – дейді.

Ендеше, берекеге толы Шағбан айын бекерге өткізіп алмай, күндіз ораза ұстап, түнде құлшылық жасаған дұрыс. Бұған қоса, сүйікті Пайғамбарымызға ﷺ салауаттар арнаған жөн.

Ардақты Мұхаммед пайғамбарымыз ﷺ Шағбан айы келгенде, «Алла Тағалам! Ережеп пен Шағбан айларын берекелі қыла гөр. Бізді Рамазанға аман-есен жеткіз»[5] деген дұғасын жиі айтатын болған. Бізге де бұл мүбәрак айды берекелі етіп, құлшылықпен өткізуді нәсіп етсін!

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру


Соңғылар

Мұрағат