Таң

Күн

Бесін

Екінті

Шам

Құптан

ҚАЖЕТ НАМАЗЫНЫҢ ҚАЖЕТТІЛІГІ ЖАЙЛЫ

Айгерім Есқожаева www.muftyat.kz 02.04.2019 2085 0 пікір

Намаз – құлдың барлық ісі мен қажеттілігін ысырып қойып Жаратушысына құлшылық ету. Дұға болса, Құдіреті күшті Жаратушының шетсіз-шексіз қазынасынан өзіне керегін сұрау болып табылады. Ал қажет намазы адам баласының қажеттілігі мен дұғасы құлшылық болып құйылып, көрініс тапқанын айтамыз.

Адам баласы бір белестен асып, арғы белесті бағындыру жолында үнемі қарбаласта жүреді. Көлденең шыққан сынақпен күресе жүріп ең жақсысына қол жеткізуге ұмтылады. Жақсы білім алу, табысы жақсы өзі қызығатын қызметте істеу, дұрыс отбасы болу, т.б.

Алайда ортан жолда кездескен кедергілер адам баласының әлсіздігі мен Жаратушының шексіз Ұлылығын мойындатқан кезде намазға бет бұрады. Осы кезде әлсіз пенде Даналық пен Құдірет Иесінен жәрдем сұрап, өзінің болмашы күші мен көлеңкелі санасын ұлықтай беруді тоқтатады.

Қажет намазы адам баласының өз әлсіздігі мен шектеулі жаратылыс екенін мойындап, шетсіз әрі шексіз Құдірет Иесі болған әрі сұраушының қолын бос қайтармайтын Раббысынан кешірім сұрап, тәу етуі.

Бірде Әнас ибн Мәлікке бір бағбан келіп құрғақшылық жалғаса берсе, тұтастай бақтың күйіп кететінін айтады. Бұл хабар Алла елшісіне ﷺ жеткен кезде:

«Кімде кімнің әлденеге қажеттілігі туса, екі бас намаз оқып, қажетін сұрасын»,- дейді.

Әнас ардақты Елшінің ﷺ берген кеңесі бойынша намазы оқып, дұға етеді де бағбанға:

«Аспанда өзгеріс бар ма?»,- дейді.

Көктен бір шөкім бұлт көрмеген бағбан басын шайқайды. Сонда Әнас екі мәрте намаз оқып, тағы сұрайды. Сонда бағбан құстың қанатындай бұлт көрінгенін айтады. Мұны естіген сахаба құлшылығын жалғастыра береді. Біршама уақыт өткен соң бағбан жаңбыр жауып жатқанын айтады.

Сонда Әнас атын ерттеуді бұйырып, жаңбырдың қай аймаққа жауғанын білуді мақсат етеді. Айналаны қарап шыққан олар жауынның бақтың маңына ғана жауғанын көреді. (Ибн Сад, Әт-табақатул- Кубра, 7-том)

Құдіретті Алла Тағала Бақара сүресінің 153- аятында:

«Уа, иман келтіргендер! (Бастарыңа қандай да бір қайғы-қасірет немесе ауыртпалық түскенде) сабыр ету әрі намаз оқу арқылы (Алладан) жәрдем сұраңдар. Шүбәсіз, Алла сабырлылармен бірге»,- деп Құдайдан қажетін сұрайтын құл үшін намаздың қажеттілігін ескертеді.

Қажет намазының құны, өтімділігі мен құдіреттілігіне қармастан, бұл намаз жайлы көпшілігіміз біле бермейміз, көбіміз оқымаймыз. Жаратушыдан қалағанымызды сұрап, қол жеткізе алатын мүмкіндік тұрғанда өзіміздің шектеулі мүмкіншілігімізге сену қаншалықты дұрыс?

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру


Соңғылар

Мұрағат