Таң

Күн

Бесін

Екінті

Шам

Құптан

Қайта жалғанған 47 тағдыр

Наурызбай қажы Тағанұлы ҚМДБ төрағасының бірінші орынбасары, наиб мүфти, Астана қаласының Бас имамы www.muslim.kz 15.01.2019 261 0 пікір

Елбасымыздың тікелей тапсырмасымен Сирия жерінде от басып, опық жеген 47 отандасымыздың Қазақстанға қайтарылғанын естігенде, елдігіміз еске түсіп, бір тебіреніп қалдық. «Іштен шыққан шұбар жылан» демекші, жат ағымның шырмауына еріп, жат жерден «жәннат іздеген» олардың от пен оқтың арасынан аман-есен елге қайтарылуы – еліміздің бала болашағына жасалған игі қадамы, елдігіміздің нышаны. От пен оқтың ортасында ойраны шыға жаздаған 30 баланың тағдыры Отанына оралмағанда не боларын ойлаудың өзі қорқынышты.

Осы орайда, қазақ жұртын қиын-қыстау күндерден шашау шығармай, шығынға ұрындырмай алып келе жатқан Елбасымыздың көрегендігіне көңіл тойып, жүрек түкпірінен жалындаған елдік намыс оянып кеткенін де байқамай қалады екенсің. «Адасқанның айыбы жоқ, қайта үйірін тапқан соң» деп ата-бабамыз айтып кеткендей, жолдан жаңылған қандастарымыздың қайтып келуі – игіліктің нышаны. 

Дегенмен, осы бір қуанышты хабарды «Қасқырды қанша бақсаң да, орманға қарап ұлиды» деп сан-саққа сөз жүгірткендерді де құлағымыз шалып қалып жатыр. Сонда санасын соқыр сенім тұмшалап, жаңылыс қадам басқандардың барлығына бауырымыз жылып, басымыз ауырмауы керек пе?! Бұл неткен қатыгездік?! Алла Тағала қасиетті Құран кәрімде: «Кім бір адамды өлімнен құтқарса, бүкіл адамзатты тірілткенмен тең», – демей ме?! Жетімін жылатпай, жесірін қаңғытпаған, небір нәубет кездерде өзгенің баласын бауырына баса білген текті атаның бүгінгі ұрпағы неге адасып үйірін тапқан өз бауырына баса алмауы керек?! Сондықтан да жат жерде жылап жатқан ана мен баланың тағдыры әрбір қазақстандық үшін қымбат болуы тиіс.

Тілге тиек етерлік тағы бір қуанышты жаңалық соңғы екі жыл ішінде бірде-бір Қазақстан азаматы жалған жиһад ұранына алданып, шекара аспаған. Әрине, адасқан адамды айыптау оңай. Алайда, сол адамдардың санасын сауықтырып, райынан қайтару – расында ізгілікті іс. Мемлекетіміздің мақсатты саясатының арқасында былтырғы жылы радикалды ағымдарға қатысы бар 58 азаматымыз атамекенге қайта оралған екен. Ауызбен айтуға оңай болғанымен, бұл сандардың артында қаншама өмір, қаншама отбасының тағдыры тұр десеңізші!

Алла Тағала елімізді ежелден қанымызға сіңген қамқоршы-қайырымдылығымыздан, бөлініп кетсе де бауырға басқан мейірбандығымыздан айырмасын!

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру


Соңғылар

Мұрағат