Таң

Күн

Бесін

Екінті

Шам

Құптан

Елбасының Тәуелсіздік туралы ойлары

www.muftyat.kz 14.12.2018 396 0 пікір
Биыл - Ел Тәуелсіздігінің 27 жылдығы. Бұл мереке қазақ халқы үшін қашан да құнды. Атаулы мерекеге орай Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Тәуелсіздік туралы тағылымды ойларын ұсынамыз.
Қазақтар талай рет тұтасымен қырылып кетуге шақ қалды. Бірақ өмірге деген құштарлық, азаттық аңсары еңсесі түскен елді қайыра түлетіп, қайтадан тәуекел тұғырына қондырып отырды.
Бүгiнгi өз келешегiне бет алған тәуелсiз Қазақстан – бұл бiздiң ортақ жетiстiгiмiз, бұл бiздiң ортақ мақтанышымыз! Өз сөзiмдi аяқтай келе, мен бүкiл көпұлтты Қазақстан халқына отансүйгiштiгi мен ел игiлiгi және елiмiздiң Тәуелсiздiгi жолындағы жасампаздық еңбегi үшiн алғысымды айтқым келедi.
Қазақ халқы сан ғасырлар бойы өзінің егемендігі мен тәуелсіздігі үшін күресіп келді. Өзінің ең жақсы қасиеттерінің: қатер төнген сәтте бірігіп, ұйымдаса білуінің, сондай-ақ басқа халықтармен бейбітшілік, келісім мен тату көршілік жағдайында тұруға деген ынты-ықыласының арқасында ол тарих тасқынының астында қалып қоймай, өзінің мемлекеттігін қалпына келтіре алды.
Қазақстанның егемен, тәуелсiз мемлекет ретiнде орныққаны айқын болып отыр. Бiз әлемдiк қауымдастыққа абыройлы кiрiгiп, өз айналамызда қолайлы халықаралық ахуал қалыптастыра алдық, әлемнiң жетекшi елдерiмен саяси, экономикалық және мәдени салаларда ынтымақтастықты жолға қоя бiлдiк.
Біз туған мемлекетіміздің тәуелсіздігін баянды етуге, қуатын арттыруға, оның игілігіне, халықаралық қауымдастықтағы беделінің өсуіне қызмет етуге парыздармыз.
Біз тәуелсіздікті ақылмен, ата-баба жолымен алдық деп ойлаймын.
Біз тәуелсіздікке аңсап, зарығып жеттік. Енді сол тәуелсіздіктің қасиетті белгілерін де ерекше қадірлеуіміз, қастерлеуіміз керек. Әрбір азамат Қазақстанның туын, елтаңбасын, әнұранын тұмардай қасиет тұтуы қажет.Елдігіміздің сыналатын бір тұсы осы.
Тәуелсiздiгiмiздi көздiң қарашығындай сақтап, мемлекетiмiздi нығайта беру үшiн бiзге ең әуелi бiрлiк қажет.
Тәуелсіздіктің біздің бәрімізге артар міндеті мол. Енді еңселі ел болудың жолына шыңдап түсуіміз керек. Әулетіміздің асуы да, дәулетіміздің тасуы да өз қолымызда. Кең байтақ жеріміздің байлығы осы даланың түпкілікті халқына да, тағдыр қосып бірге өмір сүріп жатқан басқа ұлт өкілдеріне де молынан жетеді. Не істесек те ақылмен істейік, арзан ұранға ермейік, ұшпа сезімге ерік бермейік дегім келеді. Әсіресе, жастар, салқынқандылықтан, үлкенді сыйлаудан, сөзге тоқтаудан айнымаса, қашан да достыққа адал болса, бауырмал, кеңпейіл болса, халықтың атына сөз келтіретін ұстамсыздық атаулыдан аулақ жүрсе деп тілейік.
Тәуелсіздік- тарихтың мәңгіге берген еншісі емес, халықтардың мамыражай өмір сүруіне берілген кепілдік те емес: аңғал болмағанымыз абзал.


Қазақстанның тәуелсіздігі бейбіт жол­мен келді. Бұл — азаттық үшін алысқан мың-мыңдаған азаматтардың қасиетті қанының өтеуі. Бұл — бүкіл тарихында өзгелерге қиянат жасау дегенді білмеген халықтың пейілінің қайтарымы.


 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру


Соңғылар

Мұрағат