Таң

Күн

Бесін

Екінті

Шам

Құптан

Періштелердің өзі салауат айтқанда, біз неге сараңдық жасаймыз?!

Наурызбай қажы Тағанұлы ҚМДБ төрағасының бірінші орынбасары, наиб мүфти 27.11.2018 801 0 пікір

Мұсылман үмметінің қуана қарсы алар мерекесі – Мәуліт айы мейрамына Алла нәсіп етіп биыл тағы қауыштық.

Бұл мереке, яғни Пайғамбарымыздың ﷺ дүниеге келуі – мұсылмандар үшін ұланасыр мейрам, қуанышты оқиға. Ия, өте үлкен мереке. Басқаша болуы да мүмкін емес. Себебі дәл осы Мәуліт айында Алла Тағала адамзатқа ең ұлы нығметін ﷺ жіберді. Бұл нығметті адамзат үшін мейірім етті. Алла Тағала Құранда:

وَمَا أَرْسَلْنَاكَ إِلاّ رَحْمَةً لِّلْعَالَمِينَ

«Біз сені бүкіл әлемге рахмет етіп қана жібердік»[1], – деп баяндады бұл нығметін.

Сонымен қатар, Пайғамбар ﷺ ізінен ерген үмметі өзге үмметтердің алдында үлкен абыройға бөленіп, қайырлы үммет атанды. Алла Тағала бұл нығметті Құранда:

كُنْتُمْ خَيْرَ أمّة أُخْرِجَتْ للنْاسِ

«Сендер адам баласы үшін қайырлы бір үммет болып таңдалдыңдар»,[2] – деп көрсеткен.

Үммет бұл абыройға Пайғамбарсыз ﷺ әсте қол жеткізе алмас-ты. Бұл ақиқатты Алла Тағала Құранда:

لَقَدْ مَنَّ اللهُ عَلىْ المُؤْمِنيْنَ إذْ بَعَثَ فِيِهِمْ رَسُولاً مِنْهُمْ يَتْلوُ عَلَيْهِمْ آيْاتِهِ وَيُزَكّيهِمْ

«Расында, Алла мүміндерге қамқорлық етіп, олардың ішіне өздерінен, оларға Алла аятын оқитын, оларды тазартатын Елші жіберді»[3], – деп баяндаған.

Сонымен қатар, Пайғамбардың ﷺ бар болуы – үмметінің азапқа ұшырамауына кепіл. Алла Тағала бұл туралы Құранда:

وَمَا كَانَ اللَّهُ لِيُعَذِّبَهُمْ وَأَنْتَ فِيهِمْ

«Негізінде, Алла Сен олардың ішінде болғанда, оларды азаптамайды»[4], – дейді.

Міне, осылайша Пайғамбардың ﷺ өмірге келуімен жер мен көктің арасы нұрға бөленіп, пайғамбарлықтың келуімен төрткүл дүние тура жолдың нұрына шомды.

Оның ﷺ дүниеге келуі Кисраның тағын шайқап, мәжусилердің мың жыл өшпеген оттарын сөндірді.

Пайғамбардың ﷺ өмірге келуіне қуанбау мүмкін бе?! Ол ﷺ – адамзаттың мырзасы. Оның ﷺ сүннетіне еру – Аллаға деген махаббаттың көрінісі. Алла Тағала бұл туралы былай сүйіншілейді:

قُلْ إنْ كُنْتُمْ تُحِبّوُنَ اللهَ فاتبعوني يُحْبِبْكُمْ اللهُ وَيَغْفِرْ لَكُمْ

«Оларға: «Егер Алланы сүйсеңдер, онда маған ілесіңдер. Алла сендерді жақсы көріп, күнәларыңды жарылқайды», – де».[5]

Мұхаммад ﷺ – ұлы пайғамбар. Оған бағыну – Аллаға бағыну. Алла Тағала айтады:

مَنْ يُطِعِ الرَسُوُلَ فَقَدْ أَطاعَ اَللهْ

«Кім пайғамбарға бағынса, расында Аллаға бағынған болады»[6].

Пайғамбарды ﷺ жақсы көрмеген адамның иманы кәміл бола алмайды. Бұған қатысты сахих хадисте Пайғамбарымыз ﷺ:

لا يُؤْمِنُ أحَدُكُمْ حَتّىّ أكوُنَ أحَبُّ إليْهِ مِنْ وَلَدِهِ وَوَالِدهِ وَالناسِ أَجْمَعيْن

«Кімде-кім мені баласынан, әкесінен және жалпы адамдардың бәрінен артық жақсы көрмейінше, толық иман еткен болмайды»[7], – дейді.

Міне, бұл – Мұхаммед ﷺ! Оның ﷺ өмірге келуі бүкіл әлемді нұрға бөлеген. Оның дүниеге келуі – үммет үшін үлкен қуаныш. Алла Тағала Пайғамбарымыздың ﷺ орнын Құранда мына аятпен көрсетеді:

إنَّ اللهَ وَمَلائِكتَهُ يُصَلّوُنَ عَلىْ النَبِيّ

«Расында, Алла Пайғамбарға рахмет етеді. Және періштелер салауат айтады»[8].

Ендеше, пайғамбарымыздың ﷺ құрметіне біз де салауат айтайық, себебі Алла Тағала бізге:

يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا صَلُّوا عَلَيْهِ وَسَلِّمُوا تَسْلِيمًا

«Әй, мүміндер! Оған салауат және ықыласпен сәлем келтіріңдер»[9], – деп бұйырған.

Сондай-ақ, Алла Елшісі ﷺ өзінің бір хадисінде:

البخيل من ذكرت عنده فلم يصل عليَّ

«Сараң адам – менің атым атылғанда, маған салауат айтпаған адам»,[10] – деген екен.

Ендеше, күллі ғалам рақым нұрына шомылып, періштелердің өзі салауат жолдап жатқанда, мерейлі Мәуліт айтында біз де сүйікті Пайғамбарымызға ﷺ салауат айтып, «сараңдардың» қатарынан болудан сақтанайық!

Аллаһумма салли уа саллим ъала сайидина Мухаммадин уа ъала алиһи уа асхабихи уа мән табиъаһум би ихсанин илә яумид-дин.

Уа, Алла! Мырзамыз Мұхаммедке, оның отбасына, сахабаларына және қияметке дейінгі соңынан ергендерге сәлемің мен игілігіңді жаудырғайсың!

 


[1] «Әнбия» сүресі, 107-аят.
[2] «Әли Имран» сүресі, 110-аят.
[3] «Әли Имран» сүресі, 164-аят.
[4] «Әнфәл» сүресі, 33-аят.
[5] «Әли Имран» сүресі, 31-аят.
[6] «Ниса» сүресі, 80-аят.
[7] Бухари, Муслим
[8] «Ахзаб» сүресі, 56-аят.
[9] «Ахзаб» сүресі, 56-аят.
[10] Тирмизи

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру


Соңғылар

Мұрағат