Таң

Күн

Бесін

Екінті

Шам

Құптан

Александриядағы кітапхананы кім өртеді?

www.muftyat.kz 12.11.2018 1370 0 пікір

Батыс әлемі көне заманнан бері Ислам дінін надандықта, артта қалушылықта және мәдениеті дамымаған деп қаралауға дайын жүреді. Осы сөзді европалық ұрпақтың қаншама буыны құлағына сіңіріп өсті. «Біз және олар», «қалғандар», «үшінші әлемнің елдері», «жоғарғы тап» деген түсінік европалық ұрпақтың әр буынына таныс сөздер. Алайда дәл сол Батысты зұлматтан, инквизиция отынан және шайтандармен күрестен (охота на ведьм) дәл осы Ренессанс араб-мұсылман ғылымының арқасында жүзеге асты.

Нақтырақ болу үшін Аристотельдің Еуропаға танылуына себепкер болған Ибн Рушдты (Аверосса), медицина саласында жазған трактатын жүздеген жылдар бойы еуропа халқы қолынан тастамаған Ибн Синаны (Авиценна) айта аламыз.  

500 мыңнан астам кітап сақталған Александриядағы кітапхананың өртелуіне бүгінде мұсылмандарды айыптау тарихи факт ретінде ұсынылып жүр. Алайда сол айыпты дәлелдей алмауда. Бұл теорияны дәлелдегісі келген шіркеу қызметкері Бар Эбрей еді. Оның нұсқасына сәйкес, Александрия құлаған соң Иоанн Филопон атты философ Амр ибн Астан Александриядағы кітапханаға иелік етуді сұраған екен. Осыдан соң Амр ибн Ас сол кездегі халифа Омарға болған жағдайды жеткізеді, ал Омар: «Егер бұл кітаптарда Алланың кітабына сәйкес келетін бір нәрсе болса, онда бізге Құран жеткілікті, ал егер Алланың кәләмына қайшы келетін дүниелер бар болса, онда оның бізге керегі жоқ, оны жоқ қылып жібер» депті-мыс.

Айта кету керек, бұл нұсқа Табари, Ибн әл-Асир, Ибн Халдун секілді мұсылман тарихшыларының тарапынан қолдауға ие болмаған. Әрі Александрия алынған кезде Иоанн Филопонның өмірден озғанына кем дегенде 30 жыл болғандығы анықталған.

Кітапхананың өзіне келер болсақ, оның тарихы сонау ежелгі Мысырдан бастау алады. Кітапхананың негізін мысырлық патша екінші Птоломей қалаған. Біздің дәуірімізге дейін кітапхананың белгілі бөлігі Александрия қорғанында орын алған өрт нәтижесінде жанып кеткен. Теңіз портын өртке ораған Римдіктер тілсіз жаудың кітапханаға дейін жетуіне тырысып баққан. Әзірбайжандық дінтанушы Әли Заденің зерттеуіне сәйкес, кітапхананың өрттен аман қалған бөлігі Ортағасырдағы ғылымға жауласқан христиандық фанаттардың қолымен жоқ етілген көрінеді.

Профессор Исмаил Рафат Бек болса, ол заманда мүлде қалмаған деп жазады. Оның айтуынша кітапхананың жартысы Александрия қамалында болған өрт нәтижесінде жоғалса, қалған бөлігі Готье атты епископтың бұйрығымен құрыған. Бұған логикалық дәлел, сол кездері антикалық философия өзге ғылымдар секілді дінбұзарлық ілім әрі көпшілік мойындаған христиандық әдеттен қалған қалдық деп табылды. Онымен айналысқан адам қызметінен айырылып, кейбірі тірідей өртеліп жатты. Бұған өзінің идеясы үшін құрбан болған Джордано Бруно айғақ бола алады.

Александрия кітапханасына оралар болсақ, американдық философ Джудит Батлер жоғарыда айтылған Бар Эбрейдің нұсқасын жоққа шығарады әрі Мысырды арабтардың жаулап алуы мен аталмыш нұсқаның арасынан ешбір байланыс таппайды.

«Бар Эбрейдің әңгімесінің қисынсыз екенін, оның тарихы оқиғаларға қайшы келетінін ашық айту керек», -дейді Джудит Батлер.

Ағылшын тарихшысы Эдуард Гиббон:

«Бұл нұсқа Исламның әдебіне қайшы келеді. Оларда олжада табылған яһудейлердің және христиандардың кітаптарын өртеуге тиым салынады деп айтылады. Философиялық, поэзиялық, өзге де саланың еңбектеріне келер болсам, олар тіпті пайдалы болып саналады»,- деп жазады.

Гиббонның ғылыми дәлелінсіз- ақ әлемдегі кітапханаларды өртеп жатқан мұсылмандарды елестету қиын. Бұл логикаға сыймайтын дүние әрі мұсылманның әлемді мойындатқан адамгершілік, ізгілік секілді қасиетіне жат жала.

Олай болмағанда, көптеген жылдар бойы халифалық құрып тұрған Шам өлкесінде бірде-бір яһудейлік не болмаса христиандық діни құрылыстың орны қалмаған болар еді.  

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру


Соңғылар

Мұрағат