Таң

Күн

Бесін

Екінті

Шам

Құптан

ЖАҢА ЗАҢНАМА ДІНИ ТҰТАСТЫҒЫМЫЗДЫ ҚАЛЫПТАСТЫРУҒА ҚЫЗМЕТ ЕТПЕК  

Талғат ОМАРОВ 26.10.2017 1177 0 пікір

 

Талғат ОМАРОВ, ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілі имамы  

ЖАҢА ЗАҢНАМА ДІНИ ТҰТАСТЫҒЫМЫЗДЫ ҚАЛЫПТАСТЫРУҒА ҚЫЗМЕТ ЕТПЕК  

Жаңадан құрылған ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі қолданыстағы кейбір заңнамалық актілеріне діни қызмет және діни бірлестіктер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізуді ұсынғаны белгілі.

Қолданыстағы Кодекстер мен заңнамалық актілерге өзгерістер енгізу мәселесі осы жылдың тамыз айынан бастап қоғамдық талқылауға ұсынылып, облыс орталықтарында, еліміздің маңызды қалаларында арнайы басқосулар өтуде. Аталған жиынға жергілікті әкімшіліктің лауазымды қызметкерлері, Дін істері басқармасының өкілдері, сарапшылар, ғалымдар, зиялы қауым мен дін қызметкерлері  қатысып, жаңа заңнамаға қатысты өздерінің ұсыныстары мен пікірлерін білдіруде.

Осындай алқалы жиындарда талқылынған негізгі мәселелер – дін атын жамылып, ел ішінде бүлік тудырып жүрген кейбір азаматтардың әрекеті, халықты діни сауаттандыру, отбасы құндылығын арттыру, дәстүрлі һәм ресми діни оқу орындарынан, ұйымдарынан тыс жерлерде діни ілімді үйретпеу, діни мазмұндағы материалдардың заңсыз таратылуын тоқтату, кәмелетке толмаған балаларға инфекциялық және паразиттік ауруларға қарсы профилактикалық шараларды қолдану, т.б.

Атап өтер жағдай, қазір мемлекеттік деңгейде еліміздегі діни ахуалды жақсартып, тұрақтылықты қамтамасыз ету бағытында арнайы шешімдер қабылданып, игі іс-шаралар жүзеге асуда. Оның ішінде деструктивті ағымдардың ықпалында жүрген азаматтарға түсіндіру жұмыстары қарқын алды. Бұл бағытта Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының дін қызметкерлері де белсенді жұмыс атқаруда. Нақты айтқанда, дін саласындағы 30 білікті маманнан құралған 6 топ өткен жылы барлық өңірде кездесу өткізіп, 125 817 адамды қамтыған уағыз жұмыстарын жүргізді. Бас мүфтиіміз Ержан қажы Малғажыұлы жыл соңында ҚМДБ-ның Төралқа мәжілісінде 2016 жылы 802 азаматтың жат ағымнан бас тартып, дәстүрлі дінімізге қайтып оралғанын мәлімдеді. Халықтың діни сауатын арттыру жолында мұндай шараларды көбірек ұйымдастырылып келеді.

Діни қызмет және діни бірлестіктер мәселелері туралы заң жобасы еліміздегі діни тұтастықты қалыптастыруда үлкен маңызға ие болмақ. Өйткені, түрлі діндер мен ұлттарды бір шаңырақ астына топтастырып отырған біздің қоғамға ең әуелі тыныштық пен тұрақтылық ауадай қажет. Бірлігі кеткен елден береке кететіні бесенеден белгілі. Алла Тағала қасиетті Құранның «Ағраф» сүресінде барша адамзат баласына: «Жер бетінде тыныштық орнағаннан кейін бүлік жасамаңдар», – деп ескерткен.

Кез-келген дәстүрлі дін бүлікке шақырмайды, керісінше бірлікке үндейді. Өйткені, діннің мақсаты – ізгілік, бірлік, мейірімділік, т.б. Дінде экстремизм жоқ. Ал экстремист діндар бола алмайды. Ал пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде мұсылманның шынайы бейнесін былайша баяндаған: «Мұсылман басқа бір мұсылманға тілімен де, қолымен де зиян келтірмейді».

Жаңа заңнама діни қауіпсіздігімізді қамтамасыз етуге серпін береді деп сенеміз. Бізге ұлтаралық бірлік, дін тұтастығы өте маңызды. Діннің өзі тыныш заманда, тұрақты қоғамда өркендейді. Елдің экономикасы да бейбіт кезеңде дамиды. Дана бабаларымыздың: «Бірлік болмай, тірлік болмайды», – деген нақыл сөзінде үлкен мән жатыр.

Алла Тағала бірлігіміз бен берекемізді арттырып, тәуелсіздігімізді баянды еткей! Әмин!  

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру


Соңғылар

Мұрағат