Таң

Күн

Бесін

Екінті

Шам

Құптан

Неліктен салауатта Ибраһим пайғамбардың (ғ.с.) есімі аталады?

www.muftyat.kz 26.10.2017 3591 0 пікір

Қасиетті Құранда «Инналлаха уа маләикатиху йусаллунә 'Алан-Нәби...» (Расында Алла, Пайғамбарға рахмет етеді. Және періштелер салауат айтады...) (33:56) деген аят бар.

Осы аят түскенде Әбу Бәкір Сыддық (оған Алла разы болсын):

- "Уа, Алла Елшісі! Алла Тағала саған берген әрбір берекеден бізге де үлес берген. Осы берекенің қаншасы бізге тиесілі?", деп сұрайды. 

Мәртебелі Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) біраз уақыт жауап бермей, үнсіз тұрып қалады. Сонда Жәбірейіл (оған Алланың сәлемі болсын) келіп, мына бір аятты жеткізеді «Ол сондай Алла, сендерді қараңғылықтан жарыққа шығару үшін өзі рахмет қылып, періштелері дұға қылады. Сондай-ақ мүміндерге ерекше мейірімді» (33:43).

Содан кейін осыған ұқсас тағы бір аят түскен: «Алла, өткен әрі келешектегі күнәңды жарылқаушы, саған деген нығметін тамамдаушы және саған тура жол көрсетуші» (48:2). Бұл жерде айтылып отырған күнәлар, сіз бен біздер жасайтын күнәлар емес. Пайғамбарлар күнә жасай алмайды. Алла оларды күнә жасаудан сақтаған. Бұл жерде «заллә» деп аталатын оларға тән қателіктер ғана айтылып отыр. Бірақ бұл біз білетін қателіктер емес. Жоғарыда айтылған аят түсірілгенде, сахабалар: «Бұл қуанышты хабар саған қайырлы болсын» дейді.

Сол кезде «Зумәр» сүресінің елу үшінші аяты түседі. Алла Тағала Өзінің Елшісіне: «(Мұхаммед Ғ.С.): “Әй өздеріне зиян қылған құлдарым! Алланың рахметінен күдер үзбеңдер. Алла біртұтас күнәларды жарылқайды. Өйткені Ол тым жарылқаушы, ерекше мейірімді” де», (39:53) деп бұйырады.

Ал Мұхаммедтің үмбетін қуандыру үшін «Муминун» сүресінің бірінші сүресі түскен. Алла Тағала бұл аятта: «Шынында иман келтіргендер құтылды», дейді (23:1).

«Инширах» сүресінің бірінші аяты түсірілгенде: «(Мұхаммед Ғ.С.) көңіліңді ашпадық па?», сахабалар тағы да: «Бұл қуанышты хабар саған қайырлы болсын» дейді.

Сонда «Зумәр» сүресінің 22-аяты түседі. Бұл аятта Алла Тағала: «Алла (Т.) әлде кімнің көкірегін Ислам үшін ашса, сонда ол, Раббы тарапынан нұр үстінде емес пе? Жүректері Алланы еске алудан қатайғандар құрысын! Міне олар, ашық адасуда» (39:22) дейді.

Егер Алла Өзінің Елшісіне салауат жіберетін болса, онда Өз құлдарын да құр алақан қалдырмайды. Егер Алла және Оның періштелері Алла Елшісіне салауат айтар болса, онда Қиямет күні бізді де жәрдемсіз қалдырмас деп үміттенеміз әрі адамзат баласының ардақтысы болған Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) құрметіне бізді рақымсыз қалдырмайды деп сенеміз. 

Алла Елшісіне (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) салауат айтуға бұйыратын аят түскенде сахабалар (оларға Алла разы болсын) оны қалай айту керектігін білгілері келеді. 

Сонда, Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) екі даналығы бар салауатты үйреткен екен.

Бірінші даналық: Салауат айтуды бізге Алла бұйырып жатыр. Сол үшін де біз салауат айтарда оны Алла Тағаланың Өзіне арнаймыз. Мысалы: «Аллахумма салли әлә Мухаммад», дейміз. Яғни, «Уа, менің Аллам, Мұхаммедке салауат жібер, өйткені біздің салауатымыз Сенің Сүйіктіңе лайықты дәрежеде құнды емес. Өзіңнің құдіретіңмен әрі ұлылығыңмен, оған лайық болар салауат жібер».

Бұл салауатта шексіз рақым мен сауап бар. Біздің салауатымыз баянсыз болғандықтан, оған лайық емес. Сондықтан да біз шексіз салауат пен мейірім болсын деп Алла Тағалаға сиынамыз. Мұны Алла Тағаланы дәріптеумен салыстыруға болады, өйткені біздің дәріптеулеріміз де Аллаға лайық емес, Қасиетті Құранда Алла Тағала Өзін қалай дәріптеудің көркем үлгісін: «Әлхамдулилләһи раббил аләмин», - деп көрсеткен болатын.

Екінші даналық: Пайғамбарлардың ішінде Ибраһим пайғамбар (оған Алланың сәлемі болсын) ерекше аталған, ол туралы: «Кәма салләйта 'алә Ибраһим» деп келеді. Ерекше атаудың себебі, Ибраһим Халилулла Мұхаммед үмбетінің оны жақсы түрде еске алуын сұрап Аллаға дұға еткен екен. Оның дұғасы қабыл болып, Алла бұл үмбетке осындай үлгіде салауат айтуды бұйырған.

«Зухруррияд» пен «Тажул музаккиринде» Алла Тағала мәртебелі Ибраһимге Қағбаны салуды бұйырғаны айтылады. Сол салынған Қағба осы үмбеттің қыбласына айналған. Соған сауап ретінде, Алла Өз құлдары мен періштелеріне оған салауат айтып, жақсы түрде еске алуды бұйырған.

«Тажул музаккиринде» имам Әбу Бәкір әр-Рази (оған Алланың рақымы болсын) салауатта Ибраһимнің аталуының себебін былай түсіндіреді:

Ибраһим пайғамбар (оған Алланың сәлемі болсын) Қасиетті Қағбаны салып болғанда Мұхаммедтің үмбетіне:

«Иә, Раббым! Мұхаммедтің үмбетінен осы Үйге қажылық еткен әрбір қажыға менің сәлемімді жеткізші!» деп дұға етеді. 

Сонда, оның ұлдары мен әйелдері де (оларға Алланың сәлемі болсын) осы дұғаны қайталаған екен.

Алла Тағала Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

«Уа, Менің Сүйіктім (Мұхаммед)! Ибраһим (оған Алланың сәлемі болсын) және оның ұрпақтары сенің үмбетіңді өз дұғаларынан тастамаған. Сен де өз үмбетіңе намаздарында олар үшін дұға етсін деп өсиет ет» деп бұйырған.

Егер Алла Тағала Ибраһимнің біздің үмбетке жасаған сол бір дұғасын қабыл етпегенде мұндай құрметті жазбас па еді?! 

Дегенмен, ханафи ғұламасы Бәдруд-дин әл-Ғайнидің бұл туралы көзқарасы өзгеше. Неліктен басқа пайғамбарларға салауат айтылмай, ал Ибраһим пайғамбарға (ғ.с.) айтылатындығын ол басқаша түсіндіреді.
"Миғраж түні Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) барша пайғамбарлар мен Алла елшілеріне сәлем береді. Сонда Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сәлеміне жауап берген пайғамбарлар мен елшілердің ішінен тек Ибраһим пайғамбар ғана Пайғамбарымызбен (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бірге Оның үмбетіне де қоса сәлем береді. Міне, Ибраһим пайғамбардың бізге жолдаған осы бір сәлемінің құрметіне Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бізге Қияметке дейін әрбір намазымыздың соңында Ибраһим пайғамбарға салауат айтуды бұйырған".

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру


Соңғылар

Мұрағат