Таң

Күн

Бесін

Екінті

Шам

Құптан

5 қағиданы сақтау арқылы тіліңізге ие бола аласыз

www.muftyat.kz 19.10.2017 3350 0 пікір

Адам баласының басына туатын ең ауыр сынақтардың бірі — өз тіліне ие болу. Тілмен де күнәлар жасалады, олар — ғайбат, өсек, өтірік, ренжітетін сөздер… Ашу мен ыза қысқанда ойымызға не келсе соны айтып саламыз, бірақ соңынан қатты өкінеміз. Бұл әркімге де таныс жайт. Бұдан қашып құтылудың жолы бар ма? Өз тіліңнің құрбаны болмау үшін не істеу керек? Бұдан өзімізді қалай сақтауға болады? 
1. Ой жүгірту
Бір нәрсе айтар алдында сәл де болса ойланғаныңыз жөн, әсіресе, ашу-ыза кернеп тұрған кезде. Өз аузыңыздан шыққан сөздердің сізге опық жегізбеуін қаласаңыз — бір нәрсе айтар алдында, алдымен, ойланып алыңыз. Бүгінде сөздің қадірінің кеткендігі соншалық ойланбай, аузымыздан шығып жатқан сөздерге мән бермей, оларды оңды-солды сілтей беруді әдетке айналдырдық. 

«Тау мен тасты жел бұзады, дос пен досты сөз бұзады» демекші ойланбай айтылған әрбір сөз үшін жауапқа тартылатынымызды ұмытпайық. Біреуді мазақ етіп, ғайбаттап немесе келемеждеп айтқан әрбір сөзіміздің сол біреудің жанын қалай ауыртатынын білсек еді, біреуге сөз айтпас бұрын ойланатын едік. 

2. Кешірім сұрау
Кейде біреудің жанына тиетін сөз айтып қойып, ол кісіден кешірім сұрауға арланып жатамыз. Қандай ауыр болса да тіл тигізген адамнан кешірім сұрауға міндеттіміз. Тіпті сол адамның өзі біздің жанымызды ауыртатын сөз айтқан болса да немесе айтылған сөзге сол адам лайық болса да, біз зұлымдыққа зұлымдықпен жауап беретін адам санатына қосылмауымыз керек. Даналарымыз "Таспен ұрғанды аспен ұр" дейді. Асыл дініміз де бізді қандай жағдайда болмасын ұстамдылық танытып, сабырлы болуға үндейді. 

Бір күні әкесі күнәлардың зардабын ұлының көзіне көрсету үшін былай деп ұсыныс айтады:

– Балам, бір жамандық жасап қойсаң, бақшадағы ағашқа бір шеге қақ. Ал егер бір жақсылық жасасаң, әлгі шегені суырып ал. Сөйтіп жасаған жамандық пен жақсылықтарыңды салыстырып көр.

Баласы әкесінің айтқанын екі етпей, сол күннен бастап бақшадағы ағашқа кейде шеге қағып, кейде оны суырып алып жатады. Бірақ бала жақсылық жасап, әлгі шегені суырып алса да, орны тесік болып қала беретінін байқайды. Сонда әкесі:

– Көрдің бе, балам. Күнә жүрекке қадалған шеге секілді. Оны қанша жуып-шайсаң да орны дақ болып қала береді. Ақырында жүрегіңді жаралайды. Сондықтан күнәдан аулақ бол, – деген екен.

3. Жақсы адамдармен дос болу

Егер айналаңыздағы адамдардың салдарынан сіз өсекке, ғайбатқа жақын болатыныңызды байқасаңыз, бұл ортаны өзгертіңіз. Басқа адамдардан тек жақсылықты ғана көретін және соған сізді үйрететін игі адамдармен ғана араласыңыз. Жақсы дос тек игі қасиеттерді ғана үйретіп, жаман әдеттерден құтылуға көмектеседі.

Хәкім Абай отыз сегізінші қара сөзінде былай дейді:

«Кімге достығың болса, достық шақырады. Ең аяғы ешкімге қас сағынбастық һәм өзіне өзгешелік беремін деп, өзін тілмен я қылықпен артық көрсетпек мақсатынан аулақ болмақ. Бұл өзін-өзі артық көрсетпек екі түрлі!

Әуелгісі – әрбір жаманшылықтың жағасында тұрып адамның адамдығын бұзатын жаманшылықтан бойын жимақтық, бұл адамға нұр болады.

Екіншісі – өзін-өзі өзгешелікпен артық көрсетпек адамдықтың нұрын, гүлін бұзады.

Үшіншісі – қастық қылмақ, қор тұтпақ, кемітпек. Олар дұшпандық шақырады. Һәм өзі өзгеше тұтатын демектің түбі – мақтан. Әрбір мақтан біреуден асамын деген күншілдік бітіреді де, күншілдік күншілдікті қозғайды. Бұл үш түрлі істің жоқтығы адамның көңіліне тыныштық береді. Әрбір көңіл тыныштығы көңілге талап салады. Күллі адам баласын қор қылатын үш нәрсе бар. Сонан қашпақ керек: әуелі – надандық, екіншісі – еріншектік, үшінші – залымдық деп білесің. Надандық – білім-ғылымның жоқтығы, дүниеде ешбір нәрсені оларсыз біліп болмайды. Білімсіздік хайуандық болады...»

4. Өз-өзіне есеп беру

Өсек, өтірік — мұның бәрі ислам тыйым салған тілмен жасалатын күнәлар болып табылады. Бұл жөнінде Қасиетті Құранда әрі Алла Елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистерінде көп келтірілген. 

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): 

«Мүмин әрқашан (кісі бойынан) үзір (мәселенің шығар жолын іздеп, мұсылман бауырына кешіріммен қарайды), ал, мұнафық болса әрқашан айып іздейді» дейді.

Мінеки, кісі бойынан айып іздеудің өзі қандай ауыр?! Ал, мұнафықтарға тозақта кәпірлерден де ауыр жаза берілетінін жақсы білеміз. Сол үшін тілмен жасалатын күнәларға берілетін жазаларды есіңізге алып, өз-өзіңізге есеп беріп отырыңыз. Әрбір секунд сайын әрбір амалыңыз бен сөзіңізді жазып отыратын періштелерді естен шығармаңыз…

Алла Тағала Құранда: 

«Хақ Тағаладан қорыққандар әрқашан  тақуалық қорғанында ғұмыр кешеді. Оларды шайтан азғыра қалса, дереу Алланы еске алып, естерін жияды» («Ағраф» сүресі, 201-аят) дейді.
5. Сабырдың сыйы

Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «Кімде-кім Аллаға және ақырет күніне иман етсе, жақсы сөз сөйлесін немесе үндемесін» деген хадисін негізге алып, әр кез жаман сөз айтудан өзіңізді ұстап немесе үндемей қалғаныңыз үшін берілетін сыйды еске алыңыз.

Құранда сабыр етушілерді сүйіншілейтін мынандай аяттар бар: 

«Сабыр етушілерге берілетін сыйлық есепсіз» («Зүмәр» сүресі, 10-аят).

«Кімде-кім (өзіне жасалған зәбір-жапаға) сабыр сақтаса, кешірімшіл болса, бұл келелі іс («Шура» сүресі, 43-аят)

Мінеки, бәрін тиісінше жасағаныңыз үшін осы бір аяттарда келген сабырлық сыйынан үміт етіңіз. 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру


Соңғылар

Мұрағат