Таң

Күн

Бесін

Екінті

Шам

Құптан

Әрбір мұсылман күнделікті жасауы тиіс 5 амал

www.muftyat.kz 19.10.2017 2205 0 пікір

Күнделікті тіршілігіміз көптеген әрекеттер мен амалдардан тұрады. Солардың ішіндегі ең асылы игі амалдар екені сөзсіз. Ата дініміз Ислам бізді үнемі игі, адал, пайдалы амалдар жасауға шақырады. Өзге жандарға көмек көрсетуді үндейді. Сондықтан да, жәрдем ету, дұрыс бағытты нұсқау т.б. сынды игі амалдар жасау дінімізде һәм дәстүрімізде, адами болмысымызда аса маңызды орын алады. Осы ретте, осындай көмекке мұқтаж ең бірінші жан — өзіміз екенімізді ойландық па?! 

Күнделікті күйбең тірлікпен жүріп көбіне өзімізді ұмытып, ақыретті естен шығарып жатамыз. Осы ретте, барымызды бағалап, жоғымызды түгендеп, имани құндылықтар аясында өмір сүруімізге не жетпейді? Бала-шаға, материалдық қажеттіліктер деп өмір өтіп жатыр. Намаз оқысақ та, асығып оқимыз, Құран оқысақ та, оның мағынасына терең мән бермейміз. 

Осындай асығыс өмірдің салдарынан иман әлсіреп, рухани байлығымыз кеміп жатыр. Иә, толыққанды өмір сүрмей жүргенімізді түсінсек те, өмір өзеннің ағысын өз ыңғайымызға икемдей алмай келеміз. Ең бастысы, жалған дүниенің жыртығын жамаймыз деп жүргенде жан тыныштығын таба алмай ақыретке аяңдап келеміз...

Әрбір мәселенің шешімі сол мәселені жіті түсінуден басталады. Алламен байланысыңыз әлсіреп, бір рухани демеу жетіспейтіндей көрінсе, онда бір сәт үзіліс алып, өзіңізге көңіл бөлудің кезі келді.
  • Дұға жасау немесе Құранды оқу барысында ақырғы рет қашан көзімізге жас алдық?
  • Намаз оқудан ақырғы рет қашан рахат алдық?
  • Өз жақындарымыз бен дас-жаран, ағайын-туысқа шынайы ықыласпен ақырғы рет қашан дұға жасадық?
Адамдардың қызық үшін жасаған телефонын сағаттап шұқылаймыз, алайда, Жаратушымыздың бізге нұсқаулық ретінде жіберген Құранын оқуға, ондағы аяттар туралы ойлануға уақытымыз жоқ. 

Қасиетті Құранда: «Елді игілікке бұйырып, өздеріңді ұмытасыңдар ма? Кітапты оқисыңдар, ойламайсыңдар ма?» (2:44) делінеді.

Осы ретте, пәни өмірдің әлегі ақыретіміздегі игіліктерден айырмас үшін, күйбең тіршілік барысында жан тыныштығын сезініп екі дүние бақытына ие болу мақсатында өзімізді тәрбиелеудің тетігі болатын төмендегі амалдарға күнделікті  ден қоятын кез келді: 

1. Ниетті жаңартып тұру.

«Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ болмайды» дегендей кемшіліксіз пенде жоқ. Шынайы мұсылман сол кемшілігін жою үшін әрекет етеді, шайтанның салған қара ниетімен ұдайы күресуде болады. Өзгеден жасырғаныңмен Алладан жасыра алмайсың. Сол бір бойымыздағы олқылықтарды түзетуде жаратып жан берген, өмір берген Алла Тағаладан басқа ешкім де бізге шынайы көмек көрсетіп, жанымызды толыққанды түсіне алмайды. Сол үшін тәрбие-тәртіптегі кетікті, мінездегі мінді, ниеттегі кемшілікті түзеу үшін Алладан арланбай жәрдем тілеп, осы істе күнделікті ыждахаттылық танытуымыз ләзім. 

2. Білімді шыңдау.

Алла тағала Құранда: «Ақыл жүгірпейсіңдер ме?», «Пікір өрбітпейсіңдер ме?» деген секілді аяттары арқылы біздерге ой тастап, ғылым-білімге ұмтылуды бұйырады.

Хәкім Абай атамыз он сегізінші қара сөзінде: «Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озады. Онан басқа нәрселермен оздым демектің бәрі де - ақымақшылдық...», - дейді.

Бүгінде, Хәкім Абайдың «ғылымсыз күнің жоқ» деген тәмсілін әр жерден көріп те біліп те жүрміз. Бұл ретте, «ғылымын» өлтіріп, бағытын жоғалтып алған, осылайша көп жылдан бері көштен қалған мұсылман әлемі сөзімізге дәлел болмақ.  

Осы ретте, Махмұд Қашқари бабамыздың «Білімдінің сөзін тыңда, айтқанын үйрен, іске асыр» деген ұлағатты сөзіне амал етіп, күнделікті әдетімізге айналдырсақ алар асуымыз да, шығар шыңымыз да көп болмақ.

Әйтсе де, бағытымыз баянды, мақсатымыз мәнді болу үшін кеменің ескегін тең есуді, яғни дүние һәм ақырет ілімін тең ұстауды ұмытпауымыз тиіс. Дүние ілімін үйреніп, дін ілімін тәрк еткендердің немесе дін үйреніп дүние ілімін менсінбегендердің кемшілігінен туындап жатқан мәселелер аз емес.

Сол үшін, дініңіз бен дүниеңізге қажет болар танымдық дүниелерді алып оқыңыз, тыңдаңыз, көріңіз. Осылайша күнделікті біліміңізді толықтырып отырыңыз, сонда Жұмаққа жолыңыздан жаңылмай жетеріңіз анық. 

3. Намазға бекем болу.

Намаз – құлшылықтың төресі, діннің діңгегі, иманның нұры, мүміндердің миғражы болып табылатын ерекше ғибадат. Раббымыздың: «(Ей, Мұхаммед!) Саған уахи етілген кітапты оқып, намазды орында. Күдіксіз намаз арсыздық пен жамандықтан тыяды»(«Анкабут» сүресі, 45-аят) дегеніндей намазына бекем әрі ықыласты пенде күнәлі әрекеттен барынша сақтанып, әрбір құлшылық амалына сақтықпен қарайтын болады.

Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Намаз – діннің тірегі. Кім оны орындаса, дінді тұрғызғаны. Кім оны орындамаса, дінді құлатқаны», - дейді. Сол үшін намазға деген көзқарасыңызды өзгертіңіз. Намазға жәй бір қимылдар мен әрекеттер ретінде қарамаңыз. Намаз — сіздің күллі әлемнен оңашаланатын ерекше уақытыңыз болсын! Әрбір намазыңызды соңғы намаз оқығандай оқыңыз!

4. Құранға уақыт бөлу.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «Ішінде Құраннан ештеңе болмаған адам құлаған үй тәріздес» (Сунан ат-Тирмизи 2837) дейді.

Хәкім Абай: «Махаббатпен жаратқан адамзатты сен де сүй Ол Алланы жаннан тәтті» демекші Аллаға деген сүйіспеншілігімізді Оған деген құлшылық-ғибадатымыз арқылы, оның Кәләміна ден қою арқылы білдіреміз. Құран оқу арқылы мұсылман баласы Аллаға жақындай түседі әрі Алладан қуат алады. Өйткені Алланың сөзіне деген махаббат оны Алланың Өзіне деген махаббатқа жетелейді.

Сол үшін, күнделікті Құран оқуға тым болмаса 15 минут уақытыңызды бөліңіз. Құран аяттарын оқуды әдетіңізге айналдырыңыз. Құранды оқыңыз да ойланыңыз. Құран Қиямет күні сізге шапағатшы болады. Ол жайлы Ардақты пайғмабарымыз (с.ғ.с.) былай деген болатын:

«Құран оқыңдар, өйткені ол Қиямет күні өзін оқығандарға шапағатшы болып келеді».
5. Тәһәжуд намазын оқуды әдетке айналдыру.

Тәһәжүд  намазы деп түнде оқылатын қосымша намазды айтамыз.  аталады. Алла Тағала Құран Кәрімде:  «Түнде оянып онымен (Құранмен) нәпіл оқы. Раббың сені мақтаулы орынға жеткізуі мүмкін»(«Исра» сүресі, 79-аят),–дейді. 

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Түнгі намазды оқыңдар. Ол – салихалы жандардың әдеті, Раббыларыңмен жақын байланыс, жамандықтарыңды өшіруші әрі күнә істерден тыюшы», дейді. 

Демек, мұсылман адам өзін үнемі шыңдап, жетілдіріп отыруы тиіс. Аталған амалдарды әдетке айналдырып, күнделікті жүзеге асырған әрбір жан иманның ләззатын, жанның тыныштығын, өмірдің берекетін сезінері сөзсіз. Олай болса, бүгіннен бастап осы 5 қарапайым амалды күнделікті дағдыңызға айналдырыңыз! Алла тағала жәрдемшіңіз болсын! 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру


Соңғылар

Мұрағат