Таң

Күн

Бесін

Екінті

Шам

Құптан

Зейнеп Ахметовадай келін болам десең…

05.05.2015 11532 0 пікір

«Medianet» халықаралық журналистика орталығында әр жолы бір белгілі адамнан сұхбат алатын дәстүр бар. Бұл жолы оқушылар өздерінің қалауымен салт-дәстүрді насихаттаушы, Бауыржан Момышұлының келіні Зейнеп Ахметованы ашық әңгімеге шақырған еді. Ене мен келін арасындағы сыйластық, тойдағы кейбір салт-дәстүрлер мен олардың дұрыс-бұрыстығы жөніндегі апайдың әңгімесі қыздарға ерекше әсер етті. Біз осы әңгімені қаз-қалпында жариялағанды жөн көрдік.

Жас келіннің жеке отауы болатынын ұмытпайық

Сұрақ: Қазақта ене мен келіннің қарым-қатынасы деген ешқашан мазақ, күлкі болған емес. Ол бір кәдімгі институт сияқты болды. Қазір, өкінішке қарай, ене мен келіннің қарым-қатынасы дегенді үнемі мазаққа айналдыру, күлкі ету белең алғанын байқаймыз. Жазушы Тынымбай Нұрмағамбетовтің «Келін» әңгімесінде енесінің келінге деген керемет бір пейілі әдемі суреттелген. Келіні «менің енем өмірдегі ең қатігез адам екен ғой» деп ойлайды, ал күн айналмай жатып, «менің апам ең мейірімді екен деп ғой» деген ойға бекиді. Бүгінде ене мен келін арасынан осындай бір жылылық байқалмай жатады. Одан кейін өзіңіздің келінді отау үйде ұстау туралы бір пікіріңіз еске түсіп отыр. Қазір келіндер ата-енесімен бірге бір бөлмелі үйде де тұра береді. Оны кейбіреулер «баяғыда қазақтар киіз үйде тұрған ғой» деп түсіндірмек болады, жас жұбайлардың бөлек отау болғанын ескере бермейді. Жалпы, ене мен келіннің қарым-қатынасын  неге сондай жеккөрінішті етіп алдық? Тынымбай Нұрмағамбетовтің  әңгімесіндегі ене мен келіннің қарым-қатынасын неге  сол деңгейде сақтап қала алмадық?

Зейнеп Ахметова: Жақында Әзірет Сұлтан мешіті шақырып, сонда барып келдім. Сексенге жуық әйел болды, өңкей орамалдың үстіне орамал салатындар. Мен олардың неліктен қоғамнан бұлайша оқшауланып жүретінін түсінбеймін. Өздерін  адамдардан бөлек ұстайды. Дегенмен, сол қыз-келіншектер салт-дәстүрге байланысты көп сұрақ қойды. Ене мен келіннің қарым-қатынасы туралы да сұрады. Әсілі, келін кім? Бүгінгі келін ертең ене болады. Мен ылғи айтам, тағы қайталайын, ененің мектебінен өтпеген келін өзі ене болып жарытпайды. Өкінішке қарай, қазір көп жағдайда келіндер де, енелер де бөлек тұрғысы келеді. Заман, қоғам, тұрмыс – бәрі осыған итермелеп алып келді. Бұрындары кедейдің кедейі үйінің оң жағына кішкентай жаппадан болса да отау тіккен. Бұл – «келіннің үйі» деген сөз. Оның «оңаша үй» деген екінші атауы болған. Қазақтың тектілігі сонша, отау үйге арнайы шақырмаса бөтен адам кірмеген. Тіпті, енесінің өзі есіктің алдында тұрып, «келін-ау» деп шақыратын болған. Келін ертеңгілікте ерте тұрып келеді, үлкен үйдің түндігін ашып, отын жағып, тірлігін жасап, қонағын күтіп, есесіне, кешке жақын өз отау үйінде емін-еркін жүретін болған. Отау үйде жарына еркелей ме, сырласа ма, құшақтаса ма, өздері біледі. Кеңес өкіметі орнағаннан кейін қаладағы қазақтар пәтерлерге тығылды. Осы кезде қазақ әйелдері көп нәрседен ұтылды деуге болады. Неге десең, «ойбай, үйдегілер естіп қалмасын», «ешкім көріп қоймасын» деп күйеуіне емін-еркін еркелей алмай, сөйлей алмай, қозғала алмай, тіпті, әрі-беріден соң күйеуімен емін-еркін жақындаса да алмайтын жағдайға жетті. Сөйтіп жүріп, қазақ әйелдері бұйығы болып қалды. Содан кейін күйеулері басқа жақтан «көзайым» іздей бастады. Осының өзі екеуінің ортасына кәдімгідей жүк түсіреді. Қанша дегенмен, бір үйде жатып-тұрғанда ертеңгілік келіннің ербиіп тұрғанын енесі көрмегені, енесінің сексиіп тұрғанын келіні көрмегені дұрыс. Менің Ержан деген бір тал балам бар. Сол баламыз үйленген кезде жағдайымыз болып, кішкене отау жасадық. Көп адамдар түсінбеді. «Ойбуй, Зәке, жалғыз келінді қолға ұстамай мұныңыз не?» деген әңгіме болды. «Өзі жалғыз баланың келіні. Бұлар менен асып қайда барады?» – дедім сонда. Ең бастысы, мен кәдімгі қазақтың салтын жасадым. Ертеңгілік халатымның алды ашылып не түнгі көйлегіммен шығып келе жатқанымды көрмей-ақ қойсын. Бірақ, келініме 4 ай бойы жанында жүріп, бәрін үйреттім.  «Балам, мен бұл үйде уақытша отырмын. Менен кейін түпкілікті осы үй – сенің үйің. Мұны сен өз келініңе табыстайсың. Бұл – иісі қазаққа ортақ, алты Алаштың ардақтысы болған адамның қарашаңырағы. Бұл үйдің өзге үйлерден ерекшелігі бар. Осы үйге таныған да, танымаған да келеді. «Кто ты такой?» деген сөзді естімейтін болайын. «Момышұлының үйі осы ма?» деп келсе, «апа, келіңіз» деп, үйге кірген адамды төрге шығар, бал-бауыр бермесең де, бір шыны шайыңды бер. Мен үйде болайын, болмайын, балам, осыған үйрен. Содан кейін әлгі «моё, твоё» деп бөлінеді ғой, ондай нәрсені естімейтін болайын. Осының бәрі – сенікі. Мынау –  сенің үлкен үйің, кейін сен ие болатын шаңырақ. Ал, кішкентай ұяңда осы үлкен үйден үйренгеніңді істейсің. Кішкентай ұяңда не кисең де өзің біл, мен сені ештеңеден қыспаймын. Үлкен адамның келіні болғаннан кейін ашық-шашық жүрмейтініңді білемін. Бірақ, үлкен үйде басыңнан орамал, аяғыңнан шұлық тастама. Әр киімнің өзінің орны бар. Мен саған шалбар киме деп айтпаймын. Шалбардың да киетін орны бар. Мәселен, мешітке, өлімге, тойға барғанда шалбарды кие алмайсың. Ал базарға барғанда ол ыңғайлы болуы мүмкін. Асүйге кіргенде әр заттың орнын біл», –  деп үйреттім. «Басында бұлағы бар өзен ұзақ ағады» дейді қазақ. Құдайға шүкір, келінімнің ата-анасы текті жандар, екеуі де педагог. Әйтпесе, орысша оқыған қыз. Бірақ, тәрбие дұрыс берілгендіктен шығар, үйреткеннің бәрін үйренді. «Анарға бекер үйреткен екенмін, үйде ештеңе тыға алмай қалдым», –  деп әзілдеп қоямын кейде.

pOV6GaG0-_YБәкең қайтыс болған кезде кеудемді көтере алмай жатып қалдым. Сонда әр бейсенбі сайын бейсенбілік береміз, кем  дегенде 20-30 адам келеді. Көмектесетін адамдар бар, бірақ, негізгісін келінім өзі жасайды. Сонда «тәрбием далаға кетпепті ғой» деп Аллаға шүкіршілік еттім.

Қазір мен сәлем жасайтын адамдардың  қатары сиреді. Бірақ, алдымда аз болса да сәлем жасайтын адамдардың бар екеніне шүкіршілік етемін. Келініме сәлем жаса деген жоқпын. Ол менің сәлем жасағанымды көргеннен кейін Бәкеңнің жолдастарына, абысындарыма, алыстан келетін туған-туыстарға, барлығына сәлем жасайтын болды.

Көп енелердің қателігі«келін келді, енді бәрін сол істеуі керек» деп ойлайды. Олай болмайды! Алдымен оған үйрету керек. Мысалы, ағаш екеш ағаштың өзі бір жерден екінші жерге көшірерде жері құнарлы, сулы болса, тамыр тартып, өсіп, жапырағын жаяды. Сол секілді «сен ананы істе» деп, құр қарап отырсаң, ештеңе өнбейді. Әрбір үйдің өзінің дәстүрі, әдептері бар. Тіпті, заттың орналасуына дейін бөлек. Кез келген әйелдің қолынан ене болу келеді, ана болуға тырысу керек. Әрине, өзінің туған анасындай болмайсың. Бірақ, сен солай болуға тырыс. Өйткені, ол енді сенің әулетіңді көбейтеді, ары қарай сенің ісіңді жалғастырады, сенің отыңды жағады, сенің қазаныңды ұстайды. Олай болса, бұл жерде келіннің рөлі деген өте үлкен. Ертеректе келін от жаққан. Мұның өзінде үлкен мән бар. Неге отты келінге тапсырды? Ол жай ғана қарапайым жұмыс емес. «От бар жерде  –  өмір бар» дейді.  Енесін жамандайтын келіндерге айтарым: «Енелерің аяғы жерге, басы елге сыймайтын сұмырай болса да, оның бір артықшылығы бар. Ол – сен басыңды жастыққа бірге қойған, сен жақсы көрген жігітті өмірге әкелген адам». Сен енеңді сол үшін сыйлауың керек. Әрине, үлкен адамдар психологиялық жағынан жасына сай келмеуі мүмкін. Үлкендерге ұнаған нәрсе  жастарға ұнамауы мүмкін, соған түсіністікпен қарауға болады ғой. Біз келін түсірген күннен бастап, Бәкең «балам, еркелеп жүр» деді. Содан болар, ойын ашық айтады, ештеңені жасырмайды, қандай мәселе болса да, бірге талқылап шешуге тырысады. Бірақ, өздерінің ішкі жағдайын, өзара мәселелерін екеуі шешеді, біз оған араласпаймыз. Шындап келгенде, қазақ халқының әрбір тыйымы, салт-дәстүрінде үлкен мән-мағына, тәрбие жатыр. Амал қанша, біз көп нәрседен айырылып отырмыз. Шүкір, қазіргі таңда салт-дәстүрді білгісі келетін жастар көбейіп жатыр. Өкінішке қарай, соны білетін жері жоқ.

Немеремді Миразованың мектебіне емес, жай мектепке бердім

– «Балабақшадан бастап халық педагогикасы берілуі керек»  деп айтып келе жатқаныма қанша жыл болды?! Біз қазақ балабақшасы көп, қазақ мектептері көбейді деп мақтанамыз. Шындығында, ұлттық тәрбие беретін балабақша мен мектеп жоқ. Балабақшадан бастап, мектепте, инсититутта  ұлттық құндылықтарды қамтитын, дәріптейтін сабақ жүруі керек. Қазір, жасыратын не бар, институтта адам емес, маман тәрбиелеп жатыр. Бірақ, тәрбиесінде шаруасы жоқ, кім не істеп жүр, оларға бәрібір. Біз университетте оқып жүрген кезімізде кәдімгідей комитеттер болатын, тәрбие жұмыстары жүргізілетін. Қазір ондай ешнәрсе жоқ. Мектептерде ата-аналар комитеті, қыздар ұйымы  болғанмен, олардың бәрі қазір ақша жинаумен айналысады. Біздің кезімізде ақша жинау атымен жоқ болатын. Осының бәрі біздің  сыртты үлгі тұтуымыздан болып отыр. Екі күннің бірінде бағдарламасы өзгере беретін мектептің бағдарламасын көрсеңіздер, төбе шаштарың тік тұрады. Ана бейшара мұғалімдердің шақшадай басы шарадай болып жүр. Менің екі немерем мектепте оқиды. Осыдан екі жыл бұрын 4-сыныпта оқитын кіші немерем 2-сыныпта оқып жүргенінде «Пәленше Момышұлының (Бауыржан – ред.) шығармасының тәрбиелік мәні» деген тақырып беріпті. Мен оған «мынау кандидаттық диссертацияның тақырыбы ғой» деп шошып кеттім. Немерем «апай «екілік»  қояды, жазып беріңізші»  деп жылап отыр. Содан балама «бірдеңе жазып бер» деп айттым. Ержан әдемілеп, компьютерге теріп жазып берді. Ал немерем астына өзінің қиқы-жиқы жазуымен: «Апай, мұны мен жазбадым, папам жазды. Мен үлкен атамның дәу кітаптарын оқи алмаймын, кішкентаймын», –  деп жазып, қол қойды. Әлгіні көріп, қанша дегенмен қаны бар ғой деп, риза болдым. Мұны көріп, мұғалімдері ұялатын шығар дегенмін. Қайдам, екінші күні мұғалімі хабарласып, «апай, енді мынаны рефератқа айналдыру керек» дейді. Жата кеп ұрыстым. «Сендер менің немеремді өтірік айтуға, арамтамақ болуға үйретіп жатырсыңдар. Ол өзі де «мен жазбадым, папам жазды»  деп тұр ғой.  Ертең тағы да солай етеді. Сен де оның өзі жазбайтынын біліп отырсың», – дедім. Сөйтсем: «Апай, қайтеміз енді, бұл бізге келген бағдарлама», –  дейді.

1365059261Сұрақ: Көп жыл ұстаздық еткен Күлән апай Ерешова: «Бала деген аппақ парақ сияқты. Міне, мен сендерге аппақ парақты әкеліп отырмын. Енді осы парақты сендер болып, біз болып, бәріміз былғаймыз», – деп айтады екен. Баланың тәрбиесі осындайдан бұзылады емес пе?

Зейнеп Ахметова: Иә… Немереме үйлерінің қасынан мектеп іздедім. Көшеден көп өтпейтін, жақын жерден жаяу баратын мектепке апарайық деп ойлағанбыз. Шағын ғана әйбат мектеп бар екен. Алдында сол мектепке келінім барған. Сөйтсе, «сіздер бұл ауданға жатпайсыздар, болмайды» депті. Кім екеніңді айттың ба десем, «жоқ, айтқан жоқпын» дейді. Біздің үйдегілер айтпайды, балам да сол, келінім де сол. Сосын «жарайды, мен барайын» дедім. Барсам, директорынан бастап: «Апай, неғып жүрсіз мұнда?» – деп шошып кетті. «Немеремді бірінші сыныпқа берейін деп келдім», –  дедім. «Ойбай, сонда сіз Дарынға немесе Аягүл Миразованың мектебіне апармайсыз ба?» – дейді. Содан мен: «Әй, шырағым, оларға  «жаңа қазақтар»  барады, мен ескі қазақпын. Осы жерде оқиды менің балам. Қатал мұғалімге беріңдер», –  дедім. Кейін бөлінген мұғалімімен сөйлестім. «Шырағым, мұның фамилиясына қарама. Атаның шөбересі деуші болма. Бұл бала атасымен, менімен талай жерге барып, бір жерден ат мініп, бір жерден машина мініп жаман үйренген бала. Содан кейін «біз, Момышұлы» деп сөйлеп қалатын әдеті бар. Өзге балаларға қарағанда бұған екі есе қатал қара», – дедім.

«Сендер жоқ болсаңдар, мен де қымбат киім-кешек киетін едім»

Сұрақ: «Шыққан қыз шиден тысқары» дейтін сіздердің аналарыңыз, тіпті, үйлеріңізге шақырусыз келмейтін болған. Қазір, керісінше, «Ішіме сыйған бала сыртыма да сияды» деген түсінік қалыптасып кетті. «Сол үйге бардың ба, сол үйдің адамысың. Бұл үйден кеткен адамсың. Тек қана бұл үйге қыдырып кел» деп айтатын шешелер азайды.  Бұл да біздің тәрбиеміздің ақсаған  тұсы шығар. Тағы бір жайт, бүгінде мұғалім оқушыдан  қорқатындай  дәрежеге жетті. Бұрын мұғалімнің үстінен арыз айтсақ, ата-анамыз өзімізге ұрсатын. Ал қазір мұғалімнің өзіне жетіп баратын болған. Неге осы біздің тәрбиеміз мүлде басқа арнаға түсіп кетті? 

Зейнеп Ахметова: Әсілі, балаға «міне, баланың тәрбиесі» деп тақ еткізіп айта қоятындай нәрсе жоқ. Әр ата-ананың бір-біріне деген қарым-қатынасы, олардың өмірге көзқарасы, айналасына қарым-қатынасы, тіпті, тамақ ішкеніне дейін балаға тәрбие. Жақында ғана «Көктем» санаторийінде ем алып, демалып келдім. Өрімдей қазақтың әдемі қыздары сонда жүр. Санаторийдің аумағын тілмен жалағандай етіп тазалайтын солар. Сондай әдемі, бірақ көздері әйнек сияқты. Неге десеңіз, кітап, газет-журнал  оқымайды. Ал осыдан кейін олардан  қалай рухани әңгіме сұрайсың?

Соңғы уақытта  бай мен кедейдің арасы қатты алшақтады. Анау дарынды балаларға арналған  мектептерге, Аягүл Миразаова басқаратын мектепке таңертеңгісін барып көріңізші, неше түрлі қымбат шетелдік көлікті көресің. Кішкентай баланы үлкен машинамен алып келеді. Бұл жерде ата-ана баланың ертеңгі күнін ойлап  отырған жоқ. Құдайға шүкір, бізде де көлік бар. Бірақ, біз оларды мектепке көлікпен апармаймыз. Қыстыгүні аузы-басын орап алып, дедекдетіп тұрып жаяу апарамыз. Қазір өздері барып, өздері келеді. Үлкен немерем өз күшімен Назарбаев мектебіне түсіп кетті. Екі немерем де қазақша оқиды. Қазақша оқымаса,  Алматыда немерелерімнен айырылып қалар едім. Алматыда тұратын есі дұрыс қазақ баласын қазақ мектебіне беруі керек.

Қарап тұрсаң, кедейдің балалары шынайы қуана алады. Неге? Өйткені,  тұрмысы қоңырқай адамдар тиынын жинап жүріп, баласына әдемі киім әперсе, отбасы болып  қуанады. Ал байлар қуана алмайды. Себебі, оларда бәрі бар, қуанатын ештеңе қалған жоқ… Байдың ессіз баласын көрген кедейдің баласы өзін салыстыра бастайды.  Менің есімнен мына оқиға әлі күнге дейін кетпейді. Жыл сайын Президент шыршасы болады. Сонда келген балаларға жаңа киім-кешектер беретін.«Бөбек» қорында жұмыс істеп жүрген кезімде Талдықорғаннан бір жігіт көзіне жас толып, мынадай оқиға айтқан еді. Президент шыршасын көріп отырған баласы әкесіне: «Сендер жоқ болсаңдар, мен де ана шыршаға барып, қымбат киім-кешек киетін едім», –  депті. Содан әлгі жерде әкесі шыдай алмай, далаға шығып кетіпті. Өйткені, жігіт жұмыссыз отырған, әйелі бір жерде еден жуушы екен.

Бүгінгі қыз – ертеңгі келін, болашақ ана

R9Xr2CLdj5U– Бірді айтып бірге кетіп жатырмыз. Ертеңгі күні баланың тағдыры қалай болады, қандай болады, осыны ойламай, өздерінің аз күнгі қызығы үшін әрекет жасайтындар көп. Бәрі сыйластықтан басталуы керек. Мәселен, біздің кезімізде «әкең келе жатыр» деген кезде тікемізден тік тұратынбыз. Әкеміз соншалық қатал болған жоқ, бірақ әкеміздің бір қарағаны-ақ жеткілікті болатын. Мысалы, шешеміз өзі шеше салатын мәселе болса да, «әкелеріңмен ақылдасайын», «әкеңнен сұрайық»  дейтін. Бұл – азаматтың басын ардақтау. Анаң сөйтіп әкеңді ардақтап тұрғанда, сен де оны сыйлайсың, кейін өз отбасыңда қолданасың.

Бірде  Бақытжан ағаларыңды төркініме жамандап барамын деп, шешемнен таяқ жегенмін. Өзім бір топ ұлдың ішінде жалғыз қыз едім. Үйімде жүргенде алшаң басып, ерке болдық. Бірақ, шешем «жалғыз болсаң өзің жалғызсың, қылығың жалғыз емес» деп ұрсатын. Мен 8-9 жасымда нанды дөп-дөңгелек қылып жаятынмын, 5-6 жасымда кесте тігетінмін, соның бәрін шешем үйретті. Ал енді қазір солай үйретіп жүрген шеше бар ма? Жалғыз өзім үйіме жетіп барсам: «Тұрмысқа шыққан қыз тек қана күйеуімен бірге келуі керек. Жалғыз келуші болма. Әкенің үйі тұрмысқа шығып кеткен қыз үшін қайтып үй болмайды. Ол тек қана сағынып, аңсап келіп, аунап-қунап, бір еркінсіп кететұғын құтты мекен ғана болып қалады», – дейтін  шешем.

Келін тек қана күйеуге ие болмайды. Ол қайын ата, қайын ене, қайны, қайынсіңлі, қайнаға мен абысын, тағы да басқа толып жатқан туыстарына, бүкіл әулетіне ие болуға барады. Ал, «бір-бірін жақсы көрсе болды» деген жай сөз. Одан бір шикілік шықпай қоймайды. «Қайтып келген қыз жаман» демекші, қайтып келген қыз ата-анасының бетіне де, ауыл-аймағына да көлеңке. Мысалы, «Қызға қырық үйден тыю, қала берді қара күңнен тыю» деген бар. Бұл қырық үйден үлгі-өнеге көру, қала берсе қара күңнен де бір жақсылықты үйрену деген сөз.

Қазір, ең жаманы, ажыраса салуды сөкет көрмейді. Сондай-ақ, тұрмысқа шықпай, некеге тұрмай жатып бірге тұратындар көбейді. Бұл біздің мұсылмандығымызға да, қазақшылығымызға да жат нәрсе. Айналып келгенде, «қызы тәрбиесіз елдің іргесінен ырыс кетеді», тұнығы лайланады. Өйткені, бүгінгі қыз – ертеңгі келін, болашақ ана, болашақ ене. Олай болатын болса, қыздардың мойнындағы міндет, парыз ұшан-теңіз.

Ұзату тойын қалай өткіземіз? Ал үлкен тойда не істейміз?..

–  Қазақтың  ғұрпында күйеубаланың енеге қарсы келуі, сөз қайтаруы деген болмаған. Ондайды ауылдың өзі оңдырмайды. Мысалы, қызды ұзатқан кезде қыздың көшіне шешесі ілеседі. Шешесінен басқа, бауыры, жеңгесі ереді. Бірақ, көшті шешесі бастайды. Келін түсіріп, той болғаннан соң өзгелер қайтады да, құда-құдағилары қыздың шешесін  «кішкене үйренгенше келініміздің қасына болыңыз»  деген ниетпен өтініп алып қалады. Шынында да, шешесі қасында қалып, келіндік өмірге үйретеді екен. Мұнан соң құдағиды шығарып салу міндеті өзгеге емес, күйеубалаға жүктеледі. Ол кезде атпен жүретін заман. Бір қонып бара ма, екі күн қонып бара ма, бірақ тек қана күйеубала серік болады.  Сонда жол-жөнекей бір-біріне сыр айтып, енесі қызын табыстайды, сенім артады. Сөйтіп, енесінің ақылын тыңдап, күйеубала да енесіне жақын бола бастайды. Ауылға келгеннен соң күйеубалаға арнап мал сойылады. Күйеубала аттанарда міндетті түрде ат жетектетіп немесе алдына бұзаулы сиыр салып береді, құр жібермейді.  Содан кейін күйеубала атасының үйіне тәжім жасап кіреді, «Пайғамбар да күйеуін сыйлаған» деп жатамыз,  шаңырақ салар кезде де алыстан кәрі күйеуді шақыртқан. Ал ене мен келіннің, ене мен күйеу баланың бір-біріне қайшы келуі сырттан келді. Әйтпесе, біз бір-бірін сыйлаған халықпыз. Сырттан келгенде, тең құқық деп жүріп, біз көп нәрседен айырылып қалдық.

Сұрақ: Апа, жаңа сіз күйеубала қайынжұртына кіргенде тәжім жасайды деп қалдыңыз. Бүгінгі таңда солтүстік жақта, Астана маңында тойда келіннің бетін ашқан кезде екі жағында жеңгелері емес, үйленіп жатқан жігіттің өзі бірге тұрып, келіншегімен бірге сәлем ете береді екен. Бұл нәрсе дұрыс па?

Зейнеп Ахметова: Бұл – біреудің жамбасына бұрып шығарған «салты». Бұрын қайынатаның үйін күйеужігіт қызды алып кетер кезде бір-ақ көрген ғой. Тіпті, ұрын келгенде де қайынатаның үйін көрмеген. Сонда арнайы мал сойылып, отқа май құяды. Сол кезде күйеужігіт тәжім жасайды, қолын жүрегінің тұсына қойып басын иеді. Мұны «тәжім жасау» дейді. Ол қызды алып кетер кезде үлкен аталарға жасалатын бұрыннан келе жатқан салт. Ал тойда келіннің жанына екі жеңге не үшін тұрады? Мұның үлкен мәні бар. Екі жеңге –  жас келіннен бұрын сол әулетке келін боп түскен келіндер. Ендігі жерде жаңа түскен келінге әулеттің салт-дәстүрін, тәртібін, кімнің жақын-алыс туыс екенін үйрететін жолкөрсетушілер болып есептеледі. Ал, бізде  екі жеңгені әйтеуір әкеп қоя салады. Олар кейде жалаңбас тұрады, шалбармен тұруы мүмкін, әйтеуір, тұру керек болғасын тұрғыза салады. Негізінде  жас келінді талайға дейін үйрететін сол абысындары болған. Бізде дәстүрдің сыртқы көрінісін ғана қабылдайды, түпкі мағынасына мән бермейді. Өткенде екі келінді бір күнде түсірген ғой. Сөйтсе, бір келінді есіктен, біреуін терезеден түсіріпті. Ол не масқара? Терезеден түсетіндей ол келін ұры ма еді? Мұның бәрі қазіргілердің  шығарып алғаны. Әйтпесе, қазақта бұл нәрсе  болмаған. Келін табалдырықты аттап кіруі керек. Табалдырықты аттаған кезде үш қайтара сәлем жасайды. Ұзатуда қызды жігітімен бірге төрге отырғызып қояды. Ол, шындап келгенде, ыңғайсыз нәрсе. Мұны бұзу керек. Мысал үшін мен бұл салтты бұздым. Қайнымның қолымда оқыған қызының ұзатуының сценарийін өзім жасадым. Ең бірінші, ұзатылар қызға әдемі, күлгін көйлек, шекесіне тақия кигіздім. Қазақтың қыздары тойында қызыл көйлек киген, ал ұзатыларда ақ көйлегін киген. Ал киетін көйлектерін өздері әдемі оюлармен кестелеген. Қызыл көйлек – қыз дәуренімен қоштасу белгісі, кейін  сіңлісіне қалады. Бәрінде мән-мағына бар. Қазір  қызды шығарып салар кезде бір топ қыз қалыңдықтың артына тұрады. Сөйтіп тұрудың өзі қазақтың қыздарына өте ыңғайсыз. Байсырап бара жатқандай, үлкен-кіші, әке-шешеңнің  көзінше гүлге таласу ерсі көрінеді. Күйеуге тиетініңді елдің бәрі біледі ғой, бірақ олай жария ғып керегі жоқ. Ана гүлді лақтырған сәтте бәрі улап-шулап, осы қазір күйеуге шығып кетердей айғайлайды.  Бірақ, қазақтың салтында ұзатылар қыз гүл емес, тақиясындағы үкісін кейінгі жақын сіңлілеріне бөліп беріп кетеді. Неге осыны тойда жасамасқа? Мен жасаған сценарийде алдыменен қыз жолдас-жорасымен, жеңгелерімен кірді. Өйткені ол – қыздың тойы. Содан кейін қызға күйеу жолдасымен, жігіттерімен күйеу келді. Сол кезде күйеубалаға шашу шаштық. Жас жұбайларды төрге емес, жолдастарымен бірге отырғыздық. Қайта-қайта тілек айтқан сайын тұрғыза бермедік, үлкен кісілір бата берген кезде ғана тұрғыздық. Емін-еркін отырды. Өздерің ойлаңдаршы, өмірінде бір-ақ рет тойы болады, онда да тұрып шаршайды. Соңғы жағында сөз тыңдамайды, әйтеуір ілбіп «тезірек бітсе екен» деп тұрады. Сондықтан отырып тыңдау керек, отырып тыңдағанда жайбарақат, көңілі орнында болады. Шошайтып апарып төрге неге отырғызады? Сосын өзім өткізген тойға «Жар-жар» жазғыздым. Негізінде жар-жар қыздың үйінде айтылуы керек. Көп жерде жар-жар беташармен айтылып жатады. Бұл адам күлетін нәрсе, біріне бірі қабыспайды. Беташар келін түскен жерде айтылса, жар-жар ұзатылар қыздың тойында айтылады. «Жар-жар» дегеннің өзі «енді сен біреуге жар болдың» деген сипатта құлаққа сіңеді. Содан мен 4-5 шумақ жар-жар жазғыздым. Бізге жеткен жар-жарлар бүкіл адамға ортақ үлгі емес, ол белгілі бір адамдарға арналған. Өйткені, әр қыздың жар-жары әртүрлі болады. Кейбір адамдар «қыздың тойында тойбастар айтпайды» дейді. Ол жаңсақ пікір. Осы «жаңа қазақтардың»  шығармайтындары жоқ. Тойда ұрлық қылғандай қасыңа «Тойбастар» деген жазуы бар пакет әкеліп қоятын болыпты. Тойбастар деген сыйлық емес, ырым. Ол барлығына жақсылық шашырасын, жұғысты болсын деген ырыммен жасалады. Әркімнің қасына пакет әкеп қою дұрыс емес, тойбастар деген қуанышын шашырату ғой. Тағы бір сорақы нәрсе  – келін түскен жерде келіннің сәлемін сатып аламыз.  Қазақта «келіннің бетін кім ашса, сол ыстық» деп, келіннің бетін ашқан адамға жолы беріледі. Бірақ, ол елдің есебінен емес, той жасап отырған әулет оны қалай риза қылатынын өзі біледі. Бұл жерде көрімдік пен беташар қосылып кетеді. Көрімдікті «мә, жеңгеңнің көрімдігі»  деп қайынсіңлісіне,  не «келіннің көрімдігі» деп енесіне беруі мүмкін. Ол әр адамның өзінің еркі. Ал беташарда сені бермеске қоймай, атап шақырады. Бір тойда атаны айтты, ата жоқ, атаның орнына барып салдым. Сонымен біткен шығар десем, Бәкеңді айтты, Бақытжан ағаларың үшін барып ақша салдым. Енді келіп, мақтап-мақтап келіндердің символы деп өзімді айтты. Үшінші рет барып салдым да, біткен шығар десем, ауылда өтіп жатқан тойда Алматыда жатқан Ержанымды айтты. Оған да барып ақша салдым. Бұдан өткен не дарақылық бар? Сосын онда кімнің қанша салғанын қарап тұрады. Бұл өте ұят нәрсе. Содан кейін келін күйеуінен үлкенге ғана сәлем салады. Ал бізде кішкене балаға дейін сәлем салғызады. Негізінде, соны әулет иелері беташар айтатын адамға «айналайын, жолыңды беремін, табағыңды қойма» деп ескертуі керек. Келінге 7 сәлем жетеді, бұл өзі киелі сан. Әйтпесе, онсыз да кешігіп басталатын тойда беташар айтылып біткенше, шаршап қаласың. Сосын асабалардың да жөнсіз кететіні бар, анекдот айтып, көп мылжыңдап кетеді. Жаттап алғандарын айтып, сарнайтындары да бар. Бұл шеберлік емес. Не көрсек, соны жасайтын жаман әдеміз бар. Мысалы, тойда келін жарты денесі ашық көйлекпен тұрады. Бетінде бір жапырақ фата, оған неменеге беташар жасайды? Онсыз да оның жарты денесі ашық қой. Бетін ашқаннан кейін қарасаң, қайынатасы келіннің жалаңаш денесін ұстап билеп жүреді. Намыс қайда?!

Тойдағы сүйкімсіз нәрсенің бірі –  шамның өшуі. Бұл ырымға жаман нәрсе. «Шырағың сөнбесін» дейді қазақта. Тойдың үстінде шамды өшіру деген біздің қазақы ұғымымызға өте қайшы келеді. Сөйтіп, шамды өшіріп, «нені күтіп тұрмыз?»  десең, торт келе жатыр екен. Қабат-қабат торттың өзі қымбат, мақтаншақ қазақтар соған пәленбай мыңды шаша салады.  120 мыңның тортын көріп, жағамды ұстағанмын. Тамаққа тойып алған ел тойдың соңында берілетін тортқа қарамайды ғой. Енді қарасаң, күйеу мен келін шығады, оның ата-анасы шығады. Әуелі шамын өшіреді. Сосын отау тігіп жатқан азаматтың қолына пышақ беріп, торт кестіреміз.  Содан кейін  екі жас оны қасықпен ата-енесінің аузына апарады. Келін келмей жатып, атасының аузына қасық тығып тұрса, ертеңгі күні көзін шұқып алады ғой. Осыны басқаша істеуге болады. Мысалы, қазақта келін шәйі деген бар. Той өткеннен кейін ауылдың кемпір-шалдары келіннің тәтті шәйін ішеміз деп мәз боп келеді. Келіннің шәй құйғаны, шай ұсынғаны, жүріс-тұрысы барлығы сарапқа салынады. Алғашқы келіндік сыннан өтеді. Содан кейін әжелер шәй ішіп болғаннан кейін кесеге сақинасын салады, аталар батасын береді. «Мә, мынаны итаяғыңа сал» деп біреуі білезігін, сақинасын береді. Неге? Тұңғышын қырқынан шығарған кезде күмісті суға салады. Болмаса, «мен келін шәйін берген кезімде пәленше әжем беріп еді» деп сақтап қойып, келініне береді. Дәстүр жалғастығы деген осы.

«Күн мен түнді есепте де, әйеліңе 4,5 айда бала туғызып ал»

– Қазақта «Алтын сәндікке, күміс емдікке» деп айтады. Қазақ күмісті көп пайдаланған. Өйткені, күмістің қасиеті көп. Баланы қырқынан шығарар кезде күміс салатын себебі, біріншіден, судың күшін күшейтеді, екіншіден, залалсыздандырады. Ұлдарға да, қыздарға да күміс сала береді. Ал, суға ақша салуға болмайды. Ақша өте былғанышты нәрсе, оны қанша жуғанмен, бойында энергия қалып қояды. Сондай-ақ, баланы қырқынан шығару кезінде жаман әдет пайда болыпты. Оңтүстік жақта баланы 20 күн толғанда шығарады екен. Бұл не сұмдық десем, біз күн мен түнді есептейміз дейді.  «Жарайды, онда күн мен түнді есепте де, әйеліңе 4,5 айда бала туғызып ал» дедім. Расында ғой. Қырқынан шығарды деген жырларда да, ертегілерде де кездеседі. Ал 20 күнде қырқынан шығарды деген жоқ. Қазақ деген сұмдық данышпан халық болған. Қырық күннің қасиетін қазақ атам ерте  заманнан білді. Ал, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы 42 күнді айтады. Бұл бала үшін де, ана үшін де қауіпті. Қазақ осыны қайдан білді? Неге келінді 40 күн суық суға қолын салғызбай, шаруаға салмай күтті? Келінді тұңғышынан соң қатты күтеді. Ал, бала 40 күнге дейін әлі жердің баласы емес. 40 күннің ішінде баланы сүйгізбейді, қолға алып жүргізбейді.  40 күндік баланың көзі көрінбейді, ал қырқынан қалай шығады, көзі жылтырап қалады. Не үшін қырқынан шығарады? 40 күннен соң ет пен сүйек бірігеді, ал оған  дейін ұстап көрсең баланың буын еті былқылдап жатады. Адам қайтыс болғанда қырқын береді. Онда ет пен сүйек ажырайды. Біз соның құрметіне береміз. Мысалы, арабтарда жетісін беру, қырқын беру, жылын беру деген жоқ. Бұл тек түркі халықтарында бар. Қайтқан адамның рухы жеті күнге дейін үйінің айналасында жүреді екен. Жетісін бергесін барып, көңілі толып кетеді екен. Ал, қырық күнде ет пен сүйек ажырайды. Жылында сүйек тазарады, біз құдайыны соған береміз.

Біздің кез келген ырым-тыйым, салт-дәстүрімізде үлкен мән-мағына жатыр. Біз осыдан айырылып қалдық. «Олай етпе» десе, «неге?» дейді. «Жаман боладыдан» ары қарай ештеңе айтпайды.  Мысалы, бүйір таянуға болмайды. Жақын адамы қайтыс болған кезде іші өртеніп, солқылдап жылайды. Сол кезде ішкі құрылысқа, мәселен, бауырға зақым келуі мүмкін. Сондай сәтте белін буып тастайды, бармақты екі бүйірге салып жіберіп, таянып жылайды. «Бүйіріңді таянба, өлім тілеп отырсың» деген сол. «Табалдырықты баспа» дейді. Неге? Ұл баланың жолдасын табалдырыққа «шаңырағына берік болсын, табалдырығын мықты ұстасын» деген ырыммен  көмеді. Ал, қыз баланың жолдасын отқа көмеді. Себебі, қыз бала ертеңгі күні тұрмыс құрады, оттың иесі, отбасының берекесі болуы керек. Сол себепті отқа түкірмейді, оттың басын аяқпен баспайды. Ұл баланың кіндігін алты қырды асырып көміп тастайды немесе сақтайды. Бала тумаған әйелдер ырым етіп алады.

Тұсауды қайшымен кеспейді…

Сұрақ:  Апай, сіз өзіңіздің бір сұхбатыңызда тұсаукесер жайлы «тұсауды қайшымен кеспейді, ала жіппен кеседі, тұсауды үлкен әжелер кеспейді» деп айтып кетіпсіз. Осы салтты  өзіңіз қаншалықты ұстанасыз?

Зейнеп Ахметова: Бірде тұсаукесер тойында болып, жағамды ұстадым. Бір баланың тұсауын 3 адамға кескізді. Қыздың тойындай қылып 200-дей адам шақырған. Үш адам біреуі ала жіппен, біреуі тоқ ішекпен, біреуі шөппен кесті. Жаңағылардың барлығына гауһар тасты  сақина берді. Содан кейін балаға нағашылары келінге қоржын апарғандай, тоғыз-тоғыздан қоржын әкелді. Ол қоржындағы киімді бала киіп болғанша өсіп кетеді. Бұл – дарақылық!  Тұсауды ала жіппен кесуді ешкімнің ала жібін аттамасын деген ниетпен түсіндіреміз. Ол ғана емес. Ала жіп –  өмір-тіршіліктің нышаны. Өйткені, Жаратушы ием жалғыз, қалғанының бәрі екіден, қараңғы мен жарық, суық пен жылы, осылай кете береді. Сол үшін ақ жіп пен қара жіпті араластырып еседі. Содан кейін соны баланың аяғына байлайды. Көбі атты тұсаулағандай шалт байлайды, олай істеуге болмайды. Жіптің бір ұшын бір аяғына, екінші ұшын екінші аяғына байлау керек. Базардан сала құлаш  ала жіпті алудың қажеті жоқ. Себебі, күнде сол жіпке қанша көз, қанша мың адам қарайды, қанша адамның назары түседі. Ол деген жаман нәрсе. Ала жіпті алақанның жылуыменен немесе үлкен кісілерге ырым қылып естіртуге болады ғой. Маған  «есіп беріңізші, апа»  деп ырым  қып келетіндер көп, есіп беремін. «Жақсылықтар болғанда асып-тасып кетпесін, қиындықтар болғанда басылып қалмасын, екеуінен тең өтсін»  деп пышақпен кеседі. Ал қайшымен кессе, баланың өмірі қайшыланып қалады.  Ол –  бір. Екінші, тұрмысқа шықпаған қызға тұсау кестірмейді. Өйткені, олардың жолы әлі ашылмаған. Ер баланың тұсауын ер азаматтарға кестіреді. Қыз баланың тұсауын әрбір жұмысын тындырып істейтін, қол-аяғы балғадай әйел адамға кестіреді. Қартайған кемпірге, жүрісі сылбыр, ауру адамға тұсау кескізбеген. Жасы үлкен болғанымен жүрістен қалмаған, іс-қимылы ширақ, белгілі адамдарды ырым етіп кестіруге болады.  Мен тұсау кестіртуге шақырғанда көп келісе бермеймін. Бірақ, әнші Сәкен Майғазиев көнбей қойды. Оның алдында Қалдыбек Құрманәлі кішкентай Мақпалдың тұсауын кестірерде,  мен келіспей қойғанмын. Сонда Қалдыбек: «Ой, жеңеше, қойыңызшы, өкшесі бір қарыс  шпилька киесіз, бармайтын жеріңіз жоқ. Сіз кеспегенде кім кеседі?» – деп еді.  Мысалы, мен тұмауратып не ауырып жүрген кезімде ешқашан тұсау кеспеймін. Қазір тіпті кеспейтін болдым. «Әкел, ала жібіңді байлап берейін, бірақ тұсауын кеспеймін», –  деп бірден айтамын. Ал, Қалдыбек пен Сәкеннің өтініштерін қатты сұранғандықтан орындадым.

Сұрақ: Былтыр Шымкентке барғаныңызда салт-дәстүр туралы сабақтарымды интернет арқылы таратам дегендей айтып едіңіз. Сол ойыңыз іске асып жатыр ма?

Зейнеп Ахметова: Мен телевидениеден қанша рет уақыт сұрадым. Біреулер сөйлеген сөзі үшін ақша сұрайды екен, мен тегін айтайын дедім. Ешкім келіспеді, керісінше, сөйлегенім үшін өзімнен ақша сұрады. Мен тек өздеріңдей қаракөздерге білгенімді үйреткім келді. 35000 зейнетақы аламын, оған қайдан беремін? Солай айтсам,  маған таңқалады. Мен олардан ақша сұрамадым, тек сөйлеп берейін дедім. Сонда да керек болмады. Бірнеше арнаға өтініш айттым. Қай арнаны қарасаң да, өңкей айқай-шу, жыртың-жыртың. Соған кішкене дәстүрге насихат болсын деген едім. Сөйтсем, Ержан: «Мама, қойыңызшы, ешкімге жалынбаңыз, интернетке саламыз. Сол жерден бәрі көреді», –  деді. Менің сайт ашқым келмейді. Өйткені, онда ерігіп отырған адам аузына келген былапыт сөздерін жазады. Жасы келген адаммын, ондай сөздерді көтере алмаймын. Ержан Youtubе-қа саламыз деді. Содан жаздай Ержан құрал-жабдықтарын түгендеді. Түсіріп жүрген кезінде Айгүл Болатханқызы деген қызым «беріңізші» деп екі видеоны сұрап алған. Соны жариялаған кезінде көп адам риза болыпты.

Сұрақ: Келініңізден екінші Зейнеп Ахметова шыға ма?

Зейнеп Ахметова: Қалай айтсам екен, әрбір адамның жаратылысы әртүрлі. Бірақ, менің көп әдетімді істейді. Дегенмен, ол орысша оқыған қыз. Ал мен таза қазақы ортада өскен адаммын. Анам өле-өлгенше қазақтың салт-дәстүрін, үкісін қисайтпай ұстанған адам. Келінім әзілқой, тірлігі қоңырқай, күйеуін қатты күтеді, бастысы, кімнің келіні екенін біледі. Үнемі әзілдеп жүреді, ойын ашық айтады. Бірде бір үлкен әже қайтыс болған кезде бардық. Содан келіндері әженің сандығын ашты. Енді үлкен кісінің жинағаны ғой. Сандығынан тәбәрік қылып елге беріп жатыр, елдер алып жатыр. Содан үйге келе жатқанда Анарға: «Балам, көрдің бе, амандық болсын, бірақ мен ертеңгі күні ана жаққа кеткенде сен де сөйтіп сандық ашасың», –  дедім. «Олай болса, мені ұятқа қалдырмай жақсы, таза нәрселерден салыңыз», –  дейді. Ішегім қатып күлдім. Біздің үйде бәрі әзілкеш. Біріне-бірі әдемі әзілдейді. Тағы бірде Бәкеңнің дәу суреті бар болатын. Соны Анар «үйге алып кетемін»  деді. Мен біртүрлі болып, үндемей қалдым. «Не болды, мама? Әркім өз атасына ие болсын», – дейді. Әлгі жерде күліп жібердім.

Егер мен басқаға келін болсам, мен де соншалық атақты болмас едім. Мені

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру


Соңғылар

Мұрағат