Таң

Күн

Бесін

Екінті

Шам

Құптан

БАРЫМЫЗДЫ БАҒАЛАЙЫҚ!

18.10.2016 1789 0 пікір

Елімізде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы хазреттің бастамасымен көптеген игі жұмыстар кеңінен қолға алынып келеді.

Солардың қатарында асыл дінімізді кеңінен дәріптеумен бірге 2013 жылдан бері жыл сайын дерлік «Дін мен дәстүр» жылдары жарияланып, ұлттық салт-дәстүрлеріміздің дінмен астасқан озық тұстары жан-жақты насихатталып жатыр. Бұл жөнінде дінбасы Ержан қажы Малғажыұлы хазреттің  бастамасымен «Дін мен дәстүр» атты кітап та жарық көрді. Аталмыш еңбектің елдігімізді екшеудегі, дінімізді насихаттаудағы орнының жоғары екендігі сөзсіз.

Ал биылғы жыл мүфти хазреттің бастамасымен діни қызметкерлер үшін «Дін және тарих тағылымы жылы»  болып жарияланды. Бұл өз кезегінде дәстүрлі дін өкілдерінің тарапынан қазіргі кең-байтақ Қазақстанымыздың арғы-бергі тарихын түгендеуде маңызды рөл атқаратындығы сөзсіз. Себебі, осынау бастаманың аясында түрлі зерттеулерге толы материалдардың көптеп шығарылып, ел, дін тарихын таразылауда өзіндік өлшемге ие болатындығы сөзсіз.

Осынау игі идеяның арқасында еліміздегі діни орта мен зайырлы қауым бір мүддеге біріккен үлкен қуатқа ие ерекше күшке айналды деуге болады. Солардың нәтижесінде еліміздегі діни мерекелерді ұлттық нақышпен үйлестіріп, ерекше атап өтудің мәдениеті қалыптаса түсті.

Бүгінде дін қызметкерлері тек діннің ғана емес, дәстүрдің де негізгі насихатшысына айналды десек артық айтқандық емес. Мешіттердегі жұма намаздары барысында, күнделікті уағыздарда дерлік ақын-жырауларымыздың тағылымды тұжырымдары мен өнегелі өлеңдері, ғибратты әңгімелері қоса айтылуда. Бұл өз кезегінде имамның аузынан шығатын сөздерге ерекше реңк беруде десек қателеспейміз.

Еліміздегі ағартушылық саласындағы жұмыстар көңіл қуантады. Қазіргі кездері республикамызда діни бағытта 1 жоғары оқу орны  мен 9 медресе жұмыс істейді. Дін мамандарын даярлайтын бұл оқу орындарының екеуі оңтүстік өңірінде орналасқан (Шымкент және Сарыағаш медреселері). Бұлардан бөлек, әрбір мешіттердің жандарынан қысқа мерзімдік діни сауат ашу курстары жұмыс істейді. Түрлі кереғар діни ағымдардың алдын алуда, дәстүрлі дінімізді қалың бұқараға лайықты жеткізуде мұндай жұмыстардың жүргізілгені тиімді екені айтпаса да түсінікті.

Былтырғы жылы Астана қаласында имамдардың республикалық форумы өтіп, онда дін саласына қатысты аса маңызды 4 құжаттың қабылданғаны белгілі. Бұл құжаттардың қай-қайсының болмасын, дін жұмысына үлкен серпін берері сөзсіз. Енді олардың өз дәрежесінде орындалуына баса назар аудару қажет.

Ұлысымыздың ұйытқысына айналып отырған оңтүстік өңірінде де дәстүрлі дін саласында көптеген ілгерілеушіліктің бар екендігін көріп, біліп жүрміз. Басқасын айтпағанда, мешіттерге келетін жамағаттың негізгі бөлігін ел ертеңі – жастар құрайды. Бұл елімізде қазіргі кезде ертеңгі күнгі иманды ұрпақтың бой түзеп келе жатқанын көрсететін құбылыс. Оларға қарап отырып, тәубе етесің, іштей риза боласың.

Биылғы жылы оңтүстік өңірінде Діни басқарманың Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша өкілдігінің ұйымдастыруымен «Оңтүстік имамдарының форумы» өтті. Елдікті екшеп, асыл дінімізді насихаттауға бағытталған бұл іс-шараға облыстағы 800-ге жуық мешіттің имам-молдалары қатысты. Іс-шараға қатысқан дін қызметкерлері үшін бұл форумның маңызының жоғары болғандығы сөзсіз.

Аллаға шүкір, жыл өткен сайын мешіттеріміздің қарасы көбейіп келеді. Елді ізгілікке шақыратын, жастарымызды имандылыққа тәрбиелейтін рухани орындардың көбеюі өте құптарлық мәселе.

Өңіріміздегі жастарымызға тағылымды тура жол нұсқап келе жатқан  ұйымдардың бірі – облыстық ардагерлер кеңесі. Бүгінде кеңес тарапынан көптеген жұмыстар жүзеге асырылып келеді. Солардың қатарында облыстық ардагерлер кеңесі мен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша өкілдігі арасында жасалған меморандум. Қазіргі кездері меморандумға сәйкес жұмыстар тиісті дәрежеде жүзеге асырылып жатыр.

Жалпы, еліміздегі дәстүрлі дін саласында атқарылып отырған жұмыстардың ауқымы үлкен. Олардың қай-қайсысын алсаңыз да дінбасымыз Ержан қажы Малғажыұлының қолтаңбасын көретіндігіміз анық. Халқымыз «жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дейді ғой. Барын бағалай білмеушіліктің салдары өте қиын, сондықтан дінбасының күрделі де күрмеуі қиын жұмыстарына сәттілік тілей отырып, жалпы жұртшылыққа барымызды бағалай білейік, дінбасымызды қолдайық дегім келеді.



Оңтүстік Қазақстан облыстық

ардагерлер кеңесінің төрағасы

Жеңісбек Мәуленқұлов

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру


Соңғылар

Мұрағат