Таң

Күн

Бесін

Екінті

Шам

Құптан

Қыздарымыз ибалы болса, ұрпағымыз иманды болады

17.10.2016 3237 0 пікір

(халық даналығының ізімен)

Қазақ қоғамындағы басты байлық адам болса, ақылды да иманды, парасатты да тәрбиелі қыздар – ортаймайтын ең құнды қазына. «Қоғамды тәрбиелеймін десең, қызыңды тәрбиеле» деген қағиданың мәні қаншалықты терең болса, мазмұны соншалықты салмақты.

«Қыз, әйел, ана» – қасиетті ұғымдар, өйткені өмірдің бастау-бұлағы анадан адамзат тарап, ұрпақ өсіп, ұлт қатары көбейеді. Ұлттың бойындағы бар жақсы қасиеттерді – тілі мен дінін, әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрін ұрпақтан-ұрпаққа жеткізетін де әйел-ана. Сондықтан ертеңгі ана, бүгінгі қыздарымызды тәрбиелеу ата-ананың ғана емес, бүкіл қоғамның міндеті.

Қазақ халқы «қыз» деген сөзді әдеміліктің, әдептіліктің, жинақылықтың үлгісі ретінде танығандықтан, «қыздың жиған жүгіндей», «мінезі қыздай», «қыз қылықты» деп жақсы нәрсені қызбен байланыстырған.

Ата-бабаларымыз «қыз – қонақ» деп төрінен орын беріп, барынша аялап, оның ізетті де сыпайы, мейірімді де қылықты болып бойжеткенін қалаған. Мұқтаждық көрмей, бұла болып өсуі үшін барлық жағдайын жасаған, өйткені «қызға бергенді қызыр өтейді» деп санаған.

«Қыз – өріс, ұл-қоныс» деп білген қазақ өрісін кеңейтетін қыз балаға айрықша көңіл бөлген. «Қызың мінезді болсын, ұлың өнерлі болсын» дейтін халық «Қызды күте алмаған күң етеді, жібекті түте алмаған жүн етеді» деп қызды  үй шаруасына үйреткенмен, оны күңше қажытпаған. Еркіндік деген есерлік емес, адамның тұлға болып қалыптасуына қажетті мүмкіндіктің бірі екенін білетін дана халқымыз қызды еркелетіп, еркін ұстаған, бірақ бетімен жібермеген.

«Қызды қымтап ұстаған ұятқа қалмайды» деп оларды қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай өсірген қазақ «қызға қырық үйден тыю, қала берсе қара күңнен тыю» дегенде қыз бала тәрбиесіне тек ата-анасы емес, бүкіл ел жауапты екенін аңғартады. «Қыз баққаннан қысырақ баққан оңайлығын» жадынан шығармай, құтты орнына қонғанша, қыздарын ерекше сақтықпен қадірлеген ата-бабаларымыз бір жағынан «қыз бен жылқы жаудікі» деп қыз тәрбиесіне мейлінше абай болған.

«Шешесін көріп қызын ал, аяғын көріп асын іш» дейтін қазақ қыздың жақсы болмағы анадан екеніне баса мән бергендіктен,  «Шешесі отырып, қызы сөйлегеннен без» деп қыздың әдептісін іздейді. «Ақылды қыз білімге жүгінер, ақылсыз қыз сөзге ілігер» деп білетін қазақ «Қызы үйде болғанмен, қылығы түзде» екенін де назардан тыс қалдырмаған.

«Қыз бой жетсе, ұзатуға асық...» деген халық қызының барған жеріне тастай батып, судай сіңуін тілейді. Қорқатыны – «қайта шапқан жау жаман, қайтып келген қыз жаман». «Күйеу жаман болса қызыңнан» деп, өзінің отбасында жақсы тәрбие көріп өскен қыз бала мінезді де қылықты, парасатты да пайымды болса, «Жақсы әйел жаман еркекті хан қылатынына...» сенеді.

Қазақтың ардақты ұлы Бауыржан Момышұлының келіні Зейнеп Ахметова «Қыз баланың мына өмірдегі міндет-парызының жүгі ауыр, әрі ардақты. Ол – адамзат ұрпағын өмірге әкелетін болашақ ана, үй ұстап, жар күтетін адал жар, ата-ене сыйлап, иілетін қамқор келін. Ол осыны қаласын-қаламасын, бұл – өмір заңы» дейді.

Қыздың тәрбиесінде жеңгенің орны бөлек, бұл – өз алдына бір мектеп. Қыздың балғын болмыс-бітімі мен тәрбиесінің басы-қасында аяулы жеңгелер жүреді. Көргенді жеңге қайынсіңілісін болашақ өмірге дайындап, білгенін үйретіп тәрбиелеген. Қыз оң жақта отырып қалса, жеңгелеріне сын болған. Қызға сөз салып жүрген жігітпен екі арадағы әдепті қарым-қатынастың өрбуіне де жеңгелер септескен.

Қазақ халқы қыздың өз жұртымен бірге қайын жұртының да тәрбиеге жауапты екенін «Жақсы елге түскен келін – келін, жаман елге түскен келін – келсап» деп тұжырымдаған. Шынында, көргенді елден шыққан қыз көсегелі елге тап болса, бағының ашылып, бақытының жанғаны.

«Ағайын тату болса ат көп, абысын тату болса, ас көп» дейтін халқымыз әулеттегі келіндердің ынтымақшыл болғанын қалайды, өйткені  жақсы әйелдің ағайын арасын жақындата түсетіні анық.

Қыз, әйел, абысын-ажын туралы мақал-мәтелдерді саралағанда, халық даналығының тереңдігіне қайран қаласың. Халқымыз әрі қысқа, әрі нұсқа нақылдармен тәрбие-тағылымның тамаша үлгісін жасап, аз сөздің аясына пәлсапалық мәні зор салмақты ойды сыйғызған.

Тарихымыздың рухани беттерін парақтасақ, қыздар мен әйелдер, жалпы аналар туралы толғанбаған тұлғалар жоқтың қасы. Бұған қоса жүрек тербеп, сезім шалқытар халық әндеріне, терең мағыналы мақал-мәтелдерге көңіл аударсақ, нәзік жандыларға арналған тәрбиелік толғамдар да жетерлік.

Ата-бабаларымыз сан ғасырлар аңсаған тәуелсіздігімізді алып, әлемдік қауымдастыққа қазақ деген халықтың қандай екенін танытатын мүмкіндік туған кезеңде өзгенің қаңсығын таңсық көрмей, ұлтымызға тән, өзгелер қызыға қарайтын құндылықтарды жаңғыртсақ нұр үстіне нұр болар еді. Ал қазір, өкінішке орай, асылы мен жасығы араласып, сел болып жатқан ақпараттар ағыны ұрпақты баурап,  «тәрбиелейтін» құралға айналғаны анық.

Қазір кейбір қазақ қыздарының жүріс-тұрысы мен киім киісін, өзін-өзі ұстауы мен үлкен-кішіге қарым-қатынасын көргенде көңілің құлазиды, арақ ішіп, шылым шегіп, түнгі клубтардың есігін баққанын естігенде, жаның түршігеді. Оспадарсыз қылықтарының салдарынан қыздар жүкті болып қалады да, жасанды түсік жасатып немесе өмірге келген бейкүнә шарананы кез келген жерде қалдырып, аналық құқығынан айырылып жатады. Батысқа еліктеуден туындаған сондай сұмдықтар біздің салт-санамызға кері әсерін тигізіп отырғаны мәлім. Міне, қоғамды тәрбиелейтін кейбір қыздарымыздың бүгінгі келбеті осындай екені – ащы да болса ақиқат.

Жаңа ғасырдағы жаңалықты қабылдағанның жөні осы деп, шетелдік немесе ғаламтордан көрген керексіз дүниелерді қабылдағаннан ұтпаймыз. Көргеннің көзін сүріндіретін ашық-шашық киінуден аулақ болып, заман ағымынан қалмай, жарасымды киініп, өз тілінде сөйлеп, дәстүрді сыйлап, ибалығын сақтағаннан адамның бағасы арта түспесе кемімейді. Өзінің ана тілін білмейтін, оны қадірлемейтін қыздар ұлтжанды ұрпақты өмірге әкеле алмайды. Себебі, ана тілін білмеген адам, ұлтының салтынан да, дәстүрінен де хабарсыз болары айқын. Ал, балаға ондай қасиеттер анасының ішінде жатқаннан бастап берілетінін ғалымдар дәлелдеген.

Сондықтан, тәрбиені тал бесіктен емес, құрсақтан бастау керек. Қазақта «жатыры оңбай, бала оңбайды» деген сөз бар, ұрпағының текті болғанын қалаған бабаларымыз текті жердің қызын алуға ұмтылған. Қыз баланың тәрбиесін ұлттың тәрбиесі деп қарамасақ, келешегіміздің кемел, болашағымыздың жарқын болатыны екіұдай...

Бүгінгі бойжеткен – ертеңгі жар, ұрпағымыздың анасы, тәрбиенің бастау бұлағы, ұлағаттың қайнар көзі. Сондықтан, қыздар түзелмей, қоғам түзелмейді. Ол үшін әрбір ер азамат қызға өз қарындасындай қарап, әр әйелді анасындай қадірлеу керек.  Сезімін тежей алмайтын қатынқұмар еркектер мен жеңілжүрісті қалаған әйелдердің жезөкшелігі өзі аз ғана қазақты азғындатып жібере ме деп қорқам...

Отбасы қоғамның бір бөлшегі болса,  әйел – отбасының алтын қазығы. Ұлттық құндылықтарды ардақтайтын қазақтың қыздары қарапайымдылығымен, сыпайылығымен, инабаттылығымен танылып, халқымыздың үлкенді сыйлау, кішіге ізет көрсету, ер-азаматты қадірлеу секілді дәстүрін ұстанады. Сондай ибалы қыздардан иманды ұрпақ өрбиді.

Қазіргі отбасылардың басым көпшілігі 1-2 бала тәрбиелеп отыр. «Бір баласы бардың шығар-шықпас жаны бар» болғандықтан, ата-ана сол жалғыздың асты-үстіне түсіп, қалағанын әперіп, дегенін орындап отыратыны – ақиқат. Кейбір ата-аналар баланы материалдық тұрғыдан «тойындырып», тоғышар ұрпақ тәрбиелеп жатқанына мәз...

«Алып анадан екенін» ұмытпайық, ұрпағымыз сапалы болу үшін қыздарымыз саналы болу керек. Жаһанданудың алып тегершігінде ұсақталып кетпеу үшін дәстүрімізбен астарлас асыл дініміз бен ұлттық ерекшеліктерімізді ардақтап, ұятты ұл, қылықты  қыз тәрбиелеуге елдің келешегін ойлайтын әрбір адамның атсалысуы – азаматтық парыз. Бүгінгі бүлдіршін қыз, ертеңгі бойжеткен, келешек ана қоғамнан өз орнын тауып, отбасының құт-берекесін кіргізетін аяулы жар болуы үшін имандылыққа баулып, дәстүрлі тәрбие беру – ата-ананың парызы, қоғамның міндеті.

Дәстүрдің біразы ұмытылып, оны қадірлейтіндер мен түсіндіретіндер азайып бара жатқан қазіргі кезеңде педагогика және медицина ғылымдарының докторы, профессор С.Ғаббасовтың «Ұрпақ тәрбиесінің жаңа ілімі» атты кітабының (Алматы, 2012 ж.) маңызы ұшан-теңіз. Онда тәні қалыптасып, жан кірген балаға рухани тәрбие беруді құрсақтан бастау керек деген өте құнды ой айтылған. Жас ұрпақты ұлттық рухта тәрбиелеудің ұтымды мүмкіндігін жіберіп алмай, төрт айдан былай қарай (жан кіргеннен бастап) жүрек тәрбиесі мен ақыл тәрбиесін бастау қажеттігі туралы ойларын ғалым халықтық педагогикамен байланыстыра, ғылыми тұрғыдан дәйектеп, тәжірибемен ұштастыра дәлелдеген. Ұрпақтың бойына ұлттық құндылықтарды дарытып, аталар салған сара жолдың қасиетін санасына сіңіру қай кездегіден де зәру, өткір, кезек күттірмейтін міндет болып тұрған қазіргі сәтте осы құнды еңбекті кәдеге асырсақ,  ұтарымыз көп.

Жарықтық аналарымыз құрсақтағы баланың тәрбиесін ойлағандықтан, «Аяғы ауыр әйел жаман нәрсені көрмегені жөн, жаман ой ойламау керек. Аяғы ауыр әйелдің бір аяғы жерде, бір аяғы көрде болады, сондықтан ешкімнің наласына қалмай, алғыс алып жүр», – дейтін. Кейін өмірге немерелері келген соң: «Баланы емізіп отырғанда әйелдің алпыс екі тамыры ииді, сол кезде Алладан оның абзал адам болуын сұра. Бар мейіріміңді төгіп отырып,  балаңның қандай адам болғанын қалайсың, соның бәрін емізіп отырғанда санасына құя бер. Көңіліңде басқаларға өкпе-ренішің болса, олардың бәрін ұмыт, емізіп отырғанда тек балаңның тілеуін тіле», – дейтін. «Баланы қасыңа алып жат, иісіңді сіңір, мейірбан болады. Ерте бастан бөлек жатқызып, жан тыныштығын ойламаңдар. Қазір жассың, бір ұйықтап тұрсаң сергіп қаласың. Әлден алыстатсаң, қартайғанда жақындата алмайсың» – деген сөздері жас кезімде тағылымды сабақ болды.

Өзіміз алпысты алқымдаған қазіргі шақта балаларымның жаныма жақындығы, ойымдағыны қалт жібермей тани білетіні анамның сол ақылдарының шарапаты шығар деп ойлаймын. Ешқандай жоғары білімі жоқ, төрт сыныптық қана сауаты бар аналарымыз осының бәрін қалай біледі деп қайран қалатын едім, есейген соң оның сыры дәстүрді ұстанып, дінмен рухтануда екенін түсіндік қой. Құстың қос қанатындай дәстүр мен дінді қадірлегендіктен, аналарымыз бізге ешбір теорияға сүйенбей-ақ мықты тәрбие берді. «Оқыған-тоқыған өзіміз балаларымызға сол оқымаған аналарымыздай тағылым бере алдық па?..» – деген ой мазалайды кейде...

«Ешкімге қиянат қылма, қолыңнан келгенінше жақсылық жасап, бата алып жүріңдер. Батада киелі қасиет болады. Жақсылық көргің келсе, тек жақсылық жаса. Жақсылық та, жамандық та өзіңе қайтады, соны ұмытпаңдар» деп отыратын анамыз бойымызға ізгілік дәнін егіп, батаның мәнін санамызға сіңірді. Жаны жәннәтта болғыр анамыздың бала тәрбиесіне соншалық сарабдалдықпен қараған парасаттылығы мен тақуалығын айтудағы мақсатым – қазір бата алғаннан гөрі жасаған жақсылығының қайтарымын дәметіп тұратындардың «құлағына алтын сырға ілу».

 

 

Cалиха  Дуанаева, ф.ғ.к.,

ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі

Дін істері комитеті

Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу

 және талдау орталығының ғылыми хатшысы

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру


Соңғылар

Мұрағат