Таң

Күн

Бесін

Екінті

Шам

Құптан

Файзулла Наурызбаев: Өмірімде арақ ұрттап көрмеппін!

13.10.2016 1709 0 пікір

Файзулла ақсақалдың есімін алғаш рет Бас редакторымыз Оңғар Өмірбек ағаның аузынан естіген едім. Екеуі қажылықта бірге болған. Аққөңілдігін, баладай аңғалдығын, адамгершілігін аузынан тастамайтын. Қасиетті Мекке мен Мәдинада парызын өтеп жүрген бір күні: «Кеңес үкіметінің арқасында қожадан жар сүюге қолымыз жетті ғой. Болмаса олар қараға қыз бере ме?», - дегенін Оңғар аға аса бір ықыласпен, күліп отырып айтқанда: «Аузын ашсаң жүрегі көрінетін» нағыз қазақ осы емес пе?», - деген ой келген-ді.

Файзулла ата еліміз тәуелсіздігін алғаннан кейін қарақалпақ елінен атамакенге қоныс аударып, Алматыға тұрақтады. Ұзақ жылдар Қарақалпақстанның бір кеңшарында директор болып қызмет атқарған. 9 перзентінен 34 немере сүйіп, мәуелі бәйтеректей тамырын тереңге жіберген 88 жастағы ақсақалмен арадағы әңгіме имандылық, ұрпақ тәбиесі мен отбасылық мәселелер жайында өрбіді.


«Арақ ішпейтін адаммен қалай амандасамын?»

 

– Файзулла ата, жасыңыз 90-ға таяп қалса да жүрісіңіз ширақ, сөзіңіз орнықты. Қолыңызға таяқ ұста-ғаныңызбен, оның көмегіне аса жүгіне қоймайтының-ызды байқадым. Мұның сыры неде?

– Айналайын қарағым, мұның ешқандай құпиясы жоқ. Жастайымнан еңбекке ерте араластым. Әкем ұжымшарда түйеші болғандықтан, бала кезімнен ойсыл-қараны да бақтым. Ол кісі бес уақыт намазын қаза етпеген иманды жан еді. Ержетіп, жоғары оқу орнын бітіріп келгеннен кейін ауыл шаруашылығы саласында аянбай тер төктім. Қара жұмыстан тартынып қалған кезім болған емес. Кейінірек Алланың қалауымен елдегі бір мақта кеңшарына директор болып 17 жыл қызмет еткенімде күнұзақ кеңседе отырмай, мақта алқабын аралап жүретінмін. Таң атпай егін басына келіп, мақтаның уақтылы суарылып не суарылмағанын, арамшөптің дер кезінде оталғанын тексеретінмін. Сондай-ақ басқа жайттерден хабардар болып, жиналыс басталмай жатып-ақ, кемшіліктерді тізбелеп, қолданар шараны ойластырып қоятынмын. Бүгінде ширақ жүруімнің бір себебі осындай адал еңбектің арқасы болар. 

Кеңес үкіметінің тұсында жұрт ащы суға жақындау жүргенде мен өмірімде оны ұрттап да көрген емеспін. Бірде мақта шаруашылығына қатысты жиында облыстық партия комитетінің хатшысы менің ішкіліктен аулақ екенімді меңзеп: «Арақ ішпейтін адаммен қалай қол беріп амандасамын. Мүмкін ол молда шығар», - дегені есімнен еш шықпайды.

Әрине, осылай ширақ жүруімнің ең басты себебі намазға жығылғанымда. Кеңес одағы күйремей жатып-ақ құлшылыққа ден қоя бастадым. Ол кезде зейнетке шығатын уақытым да тақап қалған-ды. Құрмет демалысына кетпей тұрып, бір молдадан ғибадатты қалай атқару керектігін тәптіштеп жазып алып, Сарығаш шипажайында демалып жатып Құранның қысқа сүрелері мен намаздағы дұғаларды жаттадым. Осылайша 1990 жылы зейнетке шығу жөнінде құжаттарымды өткіздім де, маңдайымды сәждеге тигіздім. Ең қызығы, бұл шаруаны түске дейін тындырып, ал кешкісін намаз оқуға кірістім.


Діни рәсімдерді имамдар атқаруы тиіс!

 

– Қазіргі кезде шеттен қоныс аударған кейбір ағайындарымыз жақын-жуығы қайтыс болса, жаназасын өзімен бірге келген туысына, не өз танысына шығартып жататынын естиміз. Сіз жергілікті имамға бағыну керектігін айтып, үнемі бірлік пен ынтымаққа шақырады екенсіз.

– Ағайынның арасына сына қағу ойымда жоқ. Дегенмен, діни рәсімдердің барлығын мүмкіндігінше жергілікті имамның атқарғаны жөн. Бірде Алматының іргесіндегі Қарғалы ауылында біздің елден келген бір кісі дүние салып, жаназасын жақын бір туысы шығарды. Жаназа намазын әп-сәтте бітіріп тастағанына күдіктенген ауыл имамы әлгі кісіге жақындап барып: «Сіз жаназадағы оқыған дұғаңызды менің құлағыма қайталап айтып беріңізші», - деп өтінгенде әлгі кісі ештеңе де оқымағанын айтыпты. Міне, осындай адамдарға қалай бір мұсылманның ең жауапты соңғы сапарын сеніп тапсыруға болады? Өткенде бір жерлесім: «Сіз ақсақал басыңызбен елді бүлдіріп отырсыз. Бағзы заманнан бері діни рәсімдерімізді арамыздан шыққан ишандар, мақсұмдар мен пірлер атқарып келген еді», - деп тиіскені бар. Мен де шарт кетіп: «Шариғат бойынша мұсылманның жаназасын ел басшысы, ол болмаса мүфти, қазы немесе молда шығарған. Кәне, қайсыңның діни білімің бар?», - дегенімде ешкім тіс жарып ештеңе дей алмады.

Бүгінде діни басқармаға қарасты мешіттердің имамдары діни сауатты, өз міндеттерін біледі.

– Өзіңіз Алматының «Шаңырақ» ықшам ауданындағы «Бекет-ата» мешітінің намазханы, батагөй ақсақалы екенсіз. Сондағы имамдардың қызметіне, жалпы діндардардың жұмысына көңіліңіз тола ма?

– Мешітіміздің бас имамы Орынбасар Дәуренбековті дін қызметі үшін жаралған азамат дер едім (Алла тіл-көзден сақтасын!). Бар-жоғы екі жарым жылда атқарған шаруасын айтып тауыса алмаймын. Келе сала жастар мен мектеп оқушыларының денін діни сауаттандырып, 70-80 ақсақал бір айдың ішінде еркін Құран оқитын жағдайға жетті. Бұрын мешітте бір адамның Құран ұстап отырғанын көрмейтінмін. Бір ай Рамазанда имамымыз үйіне де бармайды екен. Білімі мен тақуалығына қоса ұйымдастырушылық қабілеті де өте жоғары. Құлшылық үйінің іші-сыртын айнадай етіп қайта жөндеуден өткізді. Жамағат пен тұрғындардың әлеуметтік жағдайын ескере отырып, тегін дәрігерлік қызмет іске қосылған. Сондай-ақ, отбасылық түрлі мәселелермен келгендерді де жылы қабылдап, жарастырып жібергеніне де талай куә болдым.


Келіндерімен сүйісіп амандасатын шалдардан не күтуге болады?

 

– Файзулла ата, отбасылық кикілжің демекші, сіздің заманыңызда ата дініміз бүгінгідей салтанат құрмағанына қарамастан, ажырасулар ілуде бір кездесетін. Өкінішке қарай, бүгінде бұл шешімі қиын, аса күрделі мәселеге айналып барады...

– Қарағым-ау, біз көзін көрген ақсақалдар бұрынғы қазақи салт-дәстүрді берік ұстанған нағыз тақуа жандар еді ғой. Олар өзінің ата-әжесінен, әке-шешесінен көріп-білгендерін бізге үйретіп кетті емес пе? Сондықтан, сондай асылдардың тәрбиесін алған біздің жаман болуға хақымыз да жоқ еді. Екінші бір себеп, жалпы біздің ел өзге жұрттың отарлауына кейінірек түсті ғой. Отарлаушы ұлттың тілін, дәстүрі мен ұстанымы мен өмір сүру дағдысын қабылдай қойған жоқ. Оған бір мысал келтірейін. Өзім қарақалпақ елінде бір қой совхозының мал дәрігері болып жүргенімде Қазақстанның шопандарымен көрші отырдық. Қызылқұмның іші болғандықтан, олардың 2-3 шопаны мен біздің бірнеше малшы бір құдықтан қой суаратынбыз. Ол кезде қойшыларға көмектесуге студент жастарды жіберетін. Солар құдықтың басына малдарын айдап келіп суарып тұрып, біздің бала-шағамыздан, үйдегі үлкендерден еш қысылмай бір-бірімен қолтықтасып, аймаласа бастағанда үй-ішімізбен ұялғаннан кірерге тесік таппай, басымызды төмен салбырататынбыз. Әрине, қаладан жүздеген шақырым шалғайда басқа ұлттың өкілін қанша іздесең де таппайсың. Бірақ, солардан көрген қазаққа жат әдепсіздікті қабылдап, бойларына тез сіңіріп алған бүгінгі ұрпақ ұят-аяттан жұрдайлықтан ажырасуға бейімдеу келе ме деп қаламын.

– Сондай не істеуіміз керек?

– Оның емі тек мұсылмандықта. Жастайынан бойына имандылықты сіңіріп өссе, Жаратушысын таныса, ондай жан бірінші кезекте отбасының ынтымағы мен абыройын ойлайды.

Шариғат талабы бойынша әйел заты үсті-басын қымтап, басына орамал салып жүруі тиіс. Күні кешеге дейін біздің елде қыз балалар басына қызыл орамал тағып жүрді. Бұл бүкіл еркек атаулыға: «Менен аулақ жүріңіз, әрі бейәдеп сөз де айтпаңыз» деген ескертуі емес пе? Тіпті, қыз-келіншекке жақын жүретіндердің өзі олардан аяқтарын тартатын. Ал, келін болып ақ босаға аттаған соң басына ақ орамал салатын. Әйел заты шашын жасырса бәле-жаладан, сұқ көзден, жын-шайтанның азғыруынан аман болады.

Тағы бір байқағаным, бүгінгінің келіндері ата-енесімен бірге тұрудан қашқақтайды. Ау, қыздарым-ау, ата-ене сүрінгенде сүйенішің, жығылғанда таянышың емес пе? Күйеуің оғаштау мінез көрсеткенде «жынын» қағып алып, бірінші болып тезге салатын солар ғой. Екінші дүниеге есігін ашып жатқан перзенттеріңнің де қамқор күтіп, бағушысы сол қадірлі қарттарың емес пе? Сен әулеттің ұрпағын  дүниеге әкел де қызметіңді істеп, күйеуіңмен қолтықтасып жүре бер.

– Имандылық демекші, мектепте діндер негіздері тек қосымша пән ретінде ғана оқытылады. Осыған не дейсіз?

– Әлемдегі барлық діндерді оқытуды құптамаймын. Ата-бабаларымыз христиан, иудей немесе т.б. діндерді білмей-ақ, иманды ұрпақ тәрбиеледі емес пе? Ең алдымен, ата-дініміз Исламды, иман негіздерін жас жеткіншектеріміздің бойына сіңіре алмасақ, бұл пәннің қажеті де шамалы. Осы мәселеге байланысты мектепте тарих пәнінің мұғалімі болып істейтін
бір көршім дінді оқытып жүргенін айтады. Бірақ мен онымен келісе алмаймын. Өзімізді-өзіміз алдауды қою керек. Дінтанушылар қайда? Бұл тікелей солардың ісі емес пе?

– Бүгінде бәтуәлы сөз айта алатын, орамды ойы бар, көпшілікті аузына қарататын ақсақалдар азайып кетті деп жиі айтылады. Мұның себебі неде деп білесіз?

– Біреуге сөзің өту үшін өзіңмен қоса отбасы мүшелерің де жөн-жосықты білетін, тәрбиелі де иманды болуы шарт. «Өзің диуанасың, кімге пір боласың» деп атам қазақ мұны бір ауыз сөзбен түйіндеген. Осыны бүгін ұмытқандаймыз.

Бүгінгінің шалдары келіндерімен кездескенде сүйісіп амандасып, табақтас, стакандас болып жатқаннан кейін оның сөзін кім тыңдасын? Бұл шариғатқа да, қазақшылыққа да келмейді, ұлтымыз үшін мүлде жат. Өткенде жасы 50-ді еңсеріп қалған жігіт ағасы қолына сәбиді ұстап алып, емханада ашық-шашық киінген жас келіншекпен бірге жүр екен. Екінші әйелі ғой деп ойласам, ұлының зайыбы екен. Әлгі жас әйел де: «Атамыз жас көрінеді» деп ыржаңдап қояды. О заман да бұ заман келін мен қайыната оңаша бірге жүретін бе еді? Болашақ ақсақалымыздың сиқы осы. Міне, осы сияқты таным-түйсігімізге симайтын жаман әдеттерден арылып, салт-дәстүрімізді сақтаса игі дер едім.

– ҚМДБ-ның төл басылымы «Иман» журналының тұрақты оқырманы екенсіз. Басылым туралы ойыңызды ортаға салыңызшы. Журнал сізге ұнай ма?

– Ұнағанда қандай, қолымнан түспейді. Отбасым да солай. Мен негізінен тек Исламға қатысты сараптаудан өткен кітаптар мен басылымды ғана оқимын. Өйткені оларда мына дүние мен ақиреттің жағдайы, имандылық туралы жан-жақты баяндалады. Бәріміз қызыға оқитын «Иман» журналының мен үшін орны ерекше. Ата дінімізді әр қырынан жан-жақты талдаған ғалымдардың сараптамалық материалдары оқырмандарын сүйсіндіріп, баурап, өзіне тартады. Тілі жеңіл, берері мол ғибраттық материалдар көптің көңілінен шығуда.

– Ашық-жарқын, салиқалы әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан  Кеулімжай ҚҰТТЫ.

«Иман» журналы.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру


Соңғылар

Мұрағат