Таң

Күн

Бесін

Екінті

Шам

Құптан

ТӘРБИЕ – ТАЛ БЕСІКТЕН

12.10.2016 4707 0 пікір

 

 

Ержан қажы МАЛҒАЖЫҰЛЫ

Қазақстан мұсылмандары

діни басқармасының төрағасы,

Бас мүфти

 

 

اَلْحَمْدُ لِلَّهِ رَبِّ الْعَالَمِينَ وَبِهِ نَسْتَعِينُ، وَالصَّلاَةُ وَالسَّلاَمُ عَلَى رَسُولِنَا الْكَرِيمِ وَعَلَى آلِهِ وَصْحْبِهِ أَجْمَعِينَ

اَلسَّلاَمُ عَلَيْكُمْ وَرَحْمَةُ اللهِ وَبَركَاتُه

Қадірлі жамағат! Бүгінгі уағызымыз Ислам дініндегі бала тәбиесі туралы. Асыл дініміздің ұстындарында ұрпақ тәрбиесіне ерекше мән беріледі. Қазақта «Тәрбие – тал бесіктен» деген сөз бар. Мұның өзі ұрпақ тәрбиесіне ерте кезден ден қоюды білдіреді. Дегенмен, қасиетті аяттар мен хадис шәрифтерде ұрпақ тәрбиесінің тым әріден – үйленбестен бұрын болашақ балаларына жақсы ана, өзіне жақсы жар болатын әйел затын таңдаудан басталатындығы айтылады.

Омардың (р.а.) халифалығы кезінде бір адам оған ұлын ерте келіп: «Ей, мұсылмандардың әміршісі. Мынау – менің ұлым. Өзіме қарсы шығып, жапа шектірді», – деп шағымданады. Сонда Омар (р.а.) балаға қарап: «Құдайдан қорықпайсың ба? Баланың ата-анасына қарсы шыққанын қайдан көрдің? Ата-ананың ақысын білмеуші ме едің бе?» – деп зекиді. Бала еш қаймықпай: «Әміршім, айтып тұрғаныңыз әке-шешенің ақысы. Ал баланың ақысы жоқ па?» – деп сұрайды. Омар (р.а.): «Иә, ата-анада баланың да ақысы бар. Ең әуелі үйленерде баласына ана болатын жақсы жар таңдауы тиіс. Тәрбиесіз қызға үйленсе, болашақта туылатын балаға қиянат жасаған болады. Ал баласы туылғанда оған жақсы ат қоюы керек. Сосын ес білгенде оған Алланың кітабы – Құранды үйретуі керек», – деп санап береді.

Мұны естіген бала: «Уа, мұсылмандардың әміршісі! Әкем жоғарыдағы айтқандарыңыздың ешбірін орындаған жоқ. Біріншіден, менің анамды құл базарынан сатып алған. Оның өткен өмірі белгісіз. Екіншіден, маған қара қоңыз деген мағына білдіретін «Жуал» деген нақұрыс ат қойған. Үшіншіден, Құраннан бір әріп те үйретпеді», – деп зарлап қоя бергенде Омар (р.а.) баланың әкесіне бұрылып: «Балаңның қиянат жасағанын айтып шағымданасың. Негізінде, сен оған қиянат жасағансың. Бұл қателік алдымен өзіңнен кеткен. Енді амал жоқ. Бар, жолыңды тап», – деп шығарып салады. Сондықтан да ізгі ұрпақ болуын қалаған жан ең әуелі балаға жақсы ана таңдауы, сосын жақсы есім қоюы, жақсы тәрбие беруі керек.

 

Ең басты тәрбие – имани тәрбие


Алла Тағала Құран Кәрімде былай дейді:

قَالَ اللهُ تَعَالَى: ﴿يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا قُوا أَنْفُسَكُمْ وَأَهْلِيكُمْ نَارًا وَقُودُهَا النَّاسُ وَالْحِجَارَةُ﴾ 

«Уа, иман келтіргендер! Өздеріңді және отбасыларыңды отыны адамдар мен тастар болған оттан (тозақ отынан) құтқарыңдар» (Тахрим, 6). Осы аяттың тәпсірінде мынадай риуаяттар келтіріледі. Бір кісі Әли ибн Әбу Талибтен (р.а.) мұндағы «өздерін және отбасыларын оттан құтқару» туралы сұрағанда ол: «Оларды жақсы тәрбиелеу әрі білім үйрету», – деп түсіндірген. Ал Хасан Басри: «Аллаға мойынсұнуға бұйырып, ізгілікті үйретіңдер», – деген.

Сәби ештеңе жазылмаған таза ақ парақ сияқты. Оны ата-анасы тәрбиелеп, не салихалы мұсылман етеді, не тәрбиесі кемшіндеу адам етіп шығарады. Әбу Насыр әл-Фараби айтқандай: «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие керек. Тәрбиесіз берген білім – адамзаттың қас жауы, ал келешекте оның өміріне қауіп әкеледі».

عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللهُ عَنْهُ، أَنَّهُ كَانَ يَقُولُ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: «مَا مِنْ مَوْلُودٍ إِلَّا يُولَدُ عَلَى الْفِطْرَةِ ، فَأَبَوَاهُ يُهَوِّدَانِهِ ، وَيُنَصِّرَانِهِ ، وَيُمَجِّسَانِهِ».

Әбу Һурайрадан (р.а.) Пайғамбар (ﷺ) былай деген: «Әрбір туылған сәби фитрада («әуелгі таза болмыста» – яғни, ешнәрседен бейхабар пәк болып) туылады. Сосын оны әке-шешесі не яһуди, не насара, не отқа табынушы мәжуси етіп шығарады». (Бұхари риуаяты).

Құран Кәрімде пайғамбарлардың басты тілектерінің бірі – тура жолдан таймау, құлшылықтан ажырамау болатын. Сонымен қатар, ұрпақтарының да иманды да, салихалы болып жетілуін, бұл өмірден иманды болып өтуін тілеп Жаратқанға жалбарынған. Мысалы, Ибраһим пайғамбар былай дұға еткен:

قَالَ اللهُ تَعَالَى: ﴿رَبِّ اجْعَلْنِي مُقِيمَ الصَّلاةِ وَمِنْ ذُرِّيَّتِي رَبَّنَا وَتَقَبَّلْ دُعَاءِ﴾ 

«Раббым! Мені және менің ұрпақтарымнан намаз оқитындардың қатарынан қыл! Раббымыз! Менің дұғамды қабыл ала көр!» (Ибраһим, 40).

قَالَ اللهُ تَعَالَى: ﴿وَالَّذِينَ يَقُولُونَ رَبَّنَا هَبْ لَنَا مِنْ أَزْوَاجِنَا وَذُرِّيَّاتِنَا قُرَّةَ أَعْيُنٍ وَاجْعَلْنَا لِلْمُتَّقِينَ إِمَامًا﴾

«Олар (Рахманның тақуа құлдары): «Раббымыз! Бізге жұбайларымыздан, ұрпақтарымыздан көзайымдарын бер! Әрі бізді тақуалардың алды қыла гөр!» – деп айтады» (Фұрқан, 74).

قَالَ اللهُ تَعَالَى: ﴿وَوَصَّى بِهَا إِبْرَاهِيمُ بَنِيهِ وَيَعْقُوبُ يَا بَنِيَّ إِنَّ اللَّهَ اصْطَفَى لَكُمُ الدِّينَ فَلا تَمُوتُنَّ إِلا وَأَنْتُمْ مُسْلِمُونَ﴾

«Ибраһим мен Жақып та осыны балаларына өсиет етіп: «Уа, балаларым! Алла сендер үшін дінді таңдады. Сондықтан да дүниеден мұсылман болмай өтпеңдер», – деді» (Бақара, 132).

Мұсылмандық тәрбие кәлима шәһәдаттан басталып, Хақ Тағаламен қарым-қатынас, басқа адамдармен қарым-қатынастарды, дүниелік һәм ахиреттік мүдделерді қамтиды. Ең алдымен иман шарттарын, сосын мұсылмандық әдептерді, дұрыс амандасуды, ата-ананы сыйлауды, ағайынмен, достармен, басқа жандармен жақсы мәміледе болуды үйретеді. Обал-сауапты, адал мен арамның ара-жігін көрсетіп, оңы мен солын танытады. Ал балиғат жасына жеткенде намаз оқуға бұйырады.

عَنْ أَبِي سَعِيدٍ وَابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللهُ عَنْهُمْ، قَالَا: قَالَ رَسُولُ اللهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ: «مَنْ وُلِدَ لَهُ وَلَدٌ، فَلْيُحْسِنِ اسْمَهُ وَأَدَبَهُ، فَإِذَا بَلَغَ فَلْيُزَوِّجْهُ، فَإِنْ بَلَغَ وَلَمْ يُزَوِّجْهُ فَأَصَابَ إِثْمًا، فَإِنَّمَا إِثْمُهُ عَلَى أَبِيهِ». رَوَاهُ الْبَيْهَقِيُّ.

Бәйһақидың Әбу Сағид пен Ибн Аббастан (р.а.) жеткізген риуаятында Алланың елшісі (ﷺ): «Кімнің баласы туылса, оның есімін жақсылап қойсын, әдебін жақсартсын. Балиғатқа жеткен кезінде оны үйлендірсін. Егер балиғатқа жеткенде үйлендірмей, ол күнәға батса (яғни, зинақорлыққа барса) оның күнәсі әкесіне», – деген.

عَنْ عَمْرٍو بْنِ شُعَيْبٍ عَنْ أَبِيهِ عَنْ جَدِّهِ أنَّ رَسُولَ اللهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ قَالَ: «مُرُواْ أَوْلاَدَكُمْ بِالصَّلاَةِ وَهُمْ أَبْنَاءُ سَبْعِ سِنِينَ، وَاضْرِبُوهُمْ عَلَيْهَا وَهُمْ أَبْنَاءُ عَشْرٍ، وَفَرِّقُواْ بَيْنَهُمْ فِي الْمَضَاجِع ِ». رواه أبو داود وأحمد.

Имам Ахметтің Мүснәд және Әбу Дәуіттің Сүнән кітаптарында Амр ибн Шұғайыптың әкесінен, әкесі атасынан (р.а.) риуаят еткен хадисінде Алланың елшісі (ﷺ): «Балаларыңа жеті жаста намаз оқуға бұйырыңдар, ал он жаста ұрып оқытыңдар да төсектерін бөлектеңдер», – деген.

Омар ибн Хаттаб (р.а.) Шам еліне жазған хатында: «Балаларыңа жүзуді, садақ атуды және ат өнерін үйретіңдер», – деген».

Пайғамбардың (ﷺ) сахабасы Сағыд ибн Әбу Уаққас (р.а.): «Біз балаларымызға құдды Құран Кәрімнің бір сүресін үйреткеніміздей Алланың елшісінің (ﷺ) ғазауаттарын да (яғни, Сираны) үйрететінбіз», – деген.

Ислам шейхы Имам әл-Ғазали Ихия Улумуд-Дин атты кітабында балаларға Құран Кәрім мен хадистерді, ізгі пенделердің әңгімелерін, діни хикаяларды үйретуді өсиет еткен.

 

Балаға деген мейірім


Балаларды сүйіспеншілікпен тәрбиелеп, махаббат нұрын жаудыру әр ата-ананың міндеті. Бір хадисінде Пайғамбарымыз (ﷺ) былай дейді: «Кімде-кімнің қыз баласы болып, оған жақсы тәрбие берсе, жетерліктей ішіп-жегізсе, Алла Тағаланың берген нығметінен молынан берсе, ол қыз оған береке кіргізеді, әрі тозақтан құтқарып, жәннатқа кіруге себепкер болады» (Табарани риуаяты).

Қазақ мақалында былай делінген: «Алтыға дейін бала деп қара, алтыдан кейін құлыңдай көр, он алтыда досыңдай көр».

Сәбиге туған кезден бастап жақсы тәрбие беру керек. Оны тыныш, мамыражай жағдайда ұстау қажет. Оған қатты дауыс көрсетіп ұрсуға, зекуге, қорқытуға болмайды. Сондай-ақ айқай-шу, кикілжің, ұрыс-керіс сияқты жағымсыз қылықтар көрсетуге болмайды. Мұндай әрекеттер баланың жүйкесіне кері әсер етіп, оның ақыл-есінің кемуіне әкеп соғуы ықтимал.

Сахих хадистер жинақтарында Әбу Қатада жеткізілген риуаятта Алланың елшісі (ﷺ) қызы Зейнептің қызы Умәмәны көтеріп тұрып намаз оқыған. Сәждеге барғанда жерге қойып, тұрғанда қайтадан иығына салған.

Сахих хадистер жинақтарында Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткізілген риуаятта Алланың елшісі (ﷺ) немересі Хасан ибн Әлиді (р.а.) сүйеді. Сол жерде әл-Ақра ибн Хабис әт-Тәмими (р.а.) деген кісі отырады. Ол: «Менің он балам бар. Мен олардың ешқайсысын сүйген емеспін», – дейді. Сонда Алланың елшісі (ﷺ) оған қарап:

«مَنْ لاَ يَرْحَمُ لاَ يُرْحَمُ»

«Рахымды болмағанға рахым етілмейді», – деген.

 

Ата-ананың жауапкершілігі


وَقَدْ رَوَى البُخَارِيُّ فِي صَحِيحِهِ مِنْ حَدِيثِ نَافِعٍ عَنِ ابْنِ عُمَرَ قَالَ قَالَ رَسُولُ اللهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: «كُلُّكُمْ رَاعٍ وَكُلُّكُمْ مَسْؤُولٌ عَنْ رَعِيَّتِهِ، فَالْأَمِيرُ رَاعٍ عَلَى النَّاسِ وَهُوَ مَسْؤُولٌ عَنْ رَعِيَّتِهِ، وَالرَّجُلُ رَاعٍ عَلَى أَهْلِ بَيْتِهِ، وَامْرَأَةُ الرَّجُلِ رَاعِيَةٌ عَلَى بَيْتِ بَعْلِهَا وَوَلَدِهِ وَهِيَ مَسْؤُولَةٌ عَنْهُمْ، وَعَبْدُ الرَّجُلِ رَاعٍ عَلَى مَالِ سَيِّدِهِ وَهُوَ مَسْؤُولٌ عَنْهُ، أَلَا فَكُلُّكُمْ رَاعٍ وَكُلُّكُمْ مَسْؤُولٌ عَنْ رَعِيَّتِهِ». 

Имам Бұхаридың Сахихында Ибн Омардан (р.а.) жеткен риуаятта Алланың елшісінің (ﷺ) былай дегені баяндалған: «Сендердің бәрің де бақташысыңдар, бәрің де өз отарларыңа жауапкерсіңдер. Әмірші адамдарға бақташы, ол сол отарынан жауапкер, ер кісі өз отбасына бақташы, сол отарына жауапкер, ал әйел күйеуінің үйіне және баласына бақташы әрі соларға жауапкер, кісінің құлы (қызметкері) қожайынының малына бақташы әрі соған жауапкер. Әлбетте, бәрің де бақташысыңдар әрі бәрің де өзінің отарына жауапкерсіңдер». 

Шариғат бойынша отбасының, балалардың нәпақасы өзінің заңды әкесіне міндет. Адал кәсіппен мал тауып, отбасын асырау қажет. 

قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: «كَفي بِالمرْءِ إِثْماً أَنْ يُضَيِّعَ مَنْ يَقُوتُ». رواه أبو داود وأحمد.

Пайғамбар (ﷺ) бір хадисінде: «Кісінің күнәсіне өзінің қамқорлығындағы жандарды жоғалтуының өзі жеткілікті», – деген (Әбу Дәуіт, Ахмет риуаяты). Яғни отбасын асырамауы, оларға нәпақаларын тауып бермеуінің өзі зор күнәға жатады екен.

Ізгі ұрпақ пенденің артында қалдыратын ең жақсы нәрселерінің бірі. Ұрпағы ол дүниеден өткенде игілікті істерін жалғастырады, атын өшірмейді әрі артынан үздіксіз дұға тілеп тұрады.

عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللهُ عَنْهُ  أَنَّ رَسُولُ اللهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ قَالَ: «إِذَا مَاتَ الإِنْسَانُ انْقَطَعَ عَمَلُهُ إِلَّا مِنْ ثَلَاثٍ: صَدَقَةٌ جَارِيَةٌ أَوْ عِلْمٌ يُنْتَفَعُ بِهِ أَوْ وَلَدٌ صَالِحٌ يَدْعُو لَهُ». رَوَاهُ مُسْلِمٌ.

Әбу Һурайрадан (р.а.) риуаят етілген хадисте Алланың елшісі (ﷺ): «Адам өлгенде оның үш нәрсесінен – тоқтаусыз садақасы (мысалы, құдық, көпір, медресе) немесе пайда келтіретін білімі (таратқан білімі) немесе артынан дұға қылатын игі жақсы баласынан басқа барлық амалы тоқтайды», – деген. (Мүслім риуаят еткен).

وفي مسند الإمام أحمد عَن أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: «إِنَّ اللَّهَ عَزَّ وَجَلَّ لَيَرْفَعُ الدَّرَجَةَ لِلْعَبْدِ الصَّالِحِ فِي الْجَنَّةِ فَيَقُولُ: يَا رَبِّ أَنَّى لِي هَذِهِ فَيَقُولُ: بِاسْتِغْفَارِ وَلَدِكَ لَكَ».

Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен риуаятта Пайғамбар (ﷺ) былай деген: «Бір (қайтыс болған) пенденің дәрежесі көтеріледі. Сонда ол: «Уа, Раббым! Бұл маған қайдан келді?» – дейді. Сонда (Раббысы): «Бұл сенің артыңдағы балаңның саған истиғфар (кешірім) тілеуінен», – дейді». (Имам Ахмет риуаяты).

Алла Тағала бізді және ұрпақтарымызды салихалы мүмін-мұсылман етсін. Еліміз тыныш, жұртымыз аман болсын! Әмин!

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру


Соңғылар

Мұрағат