Таң

Күн

Бесін

Екінті

Шам

Құптан

ИМАМ ҒАЗАЛИДІҢ АШУРА ЖАЙЛЫ КЕҢЕСТЕРІ

11.10.2016 2766 0 пікір

Ибн Аббас былай дейді: «Пайғамбарымыз (ﷺ) Мәдинаға келген кезінде яһудилердің Ашура күні ораза ұстағандарын көрді. Мұның себебін сұрағанда олар: «Бұл күні ұлы Аллаһ хз.Мұса (а.с.) мен Исраил ұлдарына Перғауынның қауымына қарсы жеңіс сыйлады, құтқарды. Біз де хз.Мұсаға деген құрметіміздің себебінен бір күн ораза тұтамыз», – деп жауап берді. Сонда Пайғамбарымыз (ﷺ) оларға: «Біздің хз.Мұсаға (а.с.) деген құрметіміз сендерден де жоғары», – деп үмбетіне Ашура күні ораза ұстауды әмір етті.

Ашура күнінің мәртебесіне қатысты бізге көптеген мәліметтер жетті. Атап айтсақ, бұл күні хз.Адамның (а.с.) тәубәсі қабыл болды, сондай-ақ осы күні жаратылып, осы күні Жәннатқа кірді.

Аршы, Күрсі, көктер мен жер жүзі, күн, ай, жұлдыздар және Жәннат осы күні жаратылды. Алланың досы Хз.Ибраһим (а.с.) осы күні туып, осы күні отқа күйместен құтқарылды. Сондай-ақ, хз.Мұса (а.с.) мен жанындағы мүминдер теңіз жарылып, Перғауыннан осы күні құтылса, сәйкесінше Перғауын мен оның адамдары осы күні суға батырылды.

Хз.Иса (а.с.) да осы күні туып, осы күні көкке көтерілді. Ыдырыс (а.с.) та осы күні жоғарғы мәртебеге көтерілді. Нұх (а.с.) пайғамбардың кемесі осы күні Жуди тауына тоқтады. Хз. Сүлейманға (а.с.) ғажайып билік пен мүлік осы күні берілді.

Хз.Юнус (а.с.) балықтың қарнынан осы күні құтылды. Хз.Яғқұбтың (а.с.) соқырлықтан көздері осы күні ашылса, Хз.Юсуфтың (а.с.) құтықтан шығарылуы да осы күнге дөп келген. Хз.Аюб (а.с.) душар болған ауруынан осы күні құтылды. Жер жүзіне алғаш жаңбыр осы күні жауды.            

Басқа үмбеттерде осы күні бір күн ораза тұту кең тараған еді. Тіпті, Рамазаннан бұрын бұл күні ораза ұстау парыз болып, кейін бұл әмірдің күші жойылғандығы айтылады.

Һижретке дейін бұл күнді оразамен өткізіп келген Пайғамбарымыз (ﷺ) Мәдинаға келгенінде бұл сүннетін өзгертті. Себебі, Пайғамбарымыз (ﷺ) фәни өмірінің соңғы жылында «Егер келесі жылға дейін өмір сүрсем, Ашура күнінің 9-10-ы күндері ораза ұстаймын» деген. Бірақ сол жылы Аллаға қауышқанына байланысты оныншы күнге қосып бір күн ораза ұстамаса да, ұстауға ниет қылғандығы жеткен.

Пайғамбарымыздың тоғызыншы және он бірінші күндері ораза ұстауға шақырғандығын «Сендер Ашура күнінен бір күн алдын және бір күн тағы ұстап, яһудилердің дәстүрінен ерекшеленіңдер» деген хадисімен байланыстырамыз. Өйткені, яһудилер тек Ашура күнінде ғана ораза ұстайтын еді.

Бәйхакиден жеткен хадисте Пайғамбарымыз (ﷺ): «Ашура күні кім отбасына және жақындарына жомарттық танытса, Алла да оны жыл бойы молшылыққа қауыштырады», – деген.

Табарани жеткізген және риуаят тізбегінде белгісіздік табылған бір хадисте Пайғамбарымыз(ﷺ): «Ашура күні берліген бір дирхамдық садақаға жеті жүз мың дирхамдық садақаның сауабы беріледі», – деген.

Ал, Ашура күні көзіне сүрме жаққанның ол жылы көз ауруына шалдықпайтыны және бұл күні жуынғанның ауру болмайтындығы жайлы хадистер ойдан құралған. Әл-Хаким болса, ол күні сүрме жағу – бидғат деген. Ибн Қаййум: «Ашура күні көзге сүрме жағу, түрлі дәнді-дақылдардан тамақтар әзірлеу, хош иістер мен майлар жағыну дегендер өтірікшілердің ойдан құрастырып алғандары», – дейді.

Мынаны біл, хз.Хусайнның (р.а.) Ашура күні опасыздыққа ұшырауы дәрежесінің артқанына және Алла құзырында жоғарғы мәртебеге жеткеніне, сондай-ақ әһли-бәйт сапынан орын алғанына дәлел.

Осы күні хз.Хусайнның ұшыраған опасыздығын еске алғысы келген адам Алланың әмірлеріне сай еске алсын және Ұлы Алланың: «Оларға Алладан сый-сияпат пен рахмет бар. Міне осылар тура жолға ергендер» деген аяттағы мәртебеге жетуін тілеп, «Баршамыз Аллаға тиесіліміз және Аллаға қайтамыз» (Иннә лилләһи уа иннә иләйһи ражиъуун) деген аятты жиі зікір етсін.  

Бірақ ешуақытта рафидиттердің жоқтап жылау, қайғыра сарнау секілді бидғаттарына қосылма, аулақ бол. Өйткені, бұл мүминнің мінезіне жат нәрсе. Егер бұлай істеу дұрыс болғанда, атасы Пайғамбарымыздың (ﷺ) дүниеден озған күні қара жамылып, жоқтауымыз орынды болар еді.

Бізге Ұлы Алла жеткілікті, ол қандай керемет уәкіл.

Имам Ғазали, «Мукәшәфәтул-қулуб»

Тәржімалаған Салтан САЙРАНҰЛЫ 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру


Соңғылар

Мұрағат