Таң

Күн

Бесін

Екінті

Шам

Құптан

Мұсылманның сипаты: Аллаға деген шынайы махаббат

14.09.2016 6033 0 пікір

Мұсылман адам әуелі өзін жоқтан бар еткен Аллаға сеніп, Оны жақсы көруі тиіс. Әрине Алланы жақсы көру, Оған деген шынайы махаббат деген кезде ананың перзентіне, екі жастың бір-біріне деген махаббат пен сезімін елестуге болмайды. Алланы жақсы көру, Оған иман ету мен тануға байланысты болмақ. Өйткені адам білгенін әрі танығанын ғана жақсы көре алады. Хасан Басри (р.а.) бір сөзінде: «Раббысын білген Оны жақсы көреді», - деген екен.

Біз Алла Тағаланы Құранда айтылған сипаттарымен ғана тани аламыз. Оны шектеулі санамызбен танымдауымыз мүмкін емес. Ол әлемдердің Раббысы. Барлық мақлұқатты жаратушы әрі өмір беруші, Одан басқа жаратушы жоқ. Барлық нәрсені көруші, білуші, аспан мен жерде Оған құпия ештеңе жоқ. Барлық нәрсені естуші, тіпті жүректегі сезім мен санадағы жасырын ойды да білуші. Аса мейірімді, ерекше қамқор. Барлық жаратылысқа деген шексіз мейірім Иесі. Жаратқан пендесі иман етпесе де, ол адамға ризық беруші. Барлық нәрсеге құдіреті жететін, ай мен күнді, күндіз бен түнді, аспан мен жерді адамның игілігіне ұсынушы. Адамға берілген кәміл қабілетті беруші деп білеміз.

Осы аталған сипаттар Алладан басқа ешкімде болуы мүмкін емес. Сол үшін адамбаласы тек қана Аллаға ғана құлшылық етіп, Оны жақсы көруі тиіс. Біз үшін Алланы жақсы көру мәселесінде ардақты Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) үлгі болмақ. Оның өміріне көз жүгіртсек, Алланы қалай жақсы көргенін әрі қалай Жаратушысына тәуекел еткенін білетін боламыз.

Аллаға деген махаббат адамды Аллаға жақындатады және Оның ризалығын алу үшін шынайы түрде амал етуге жетелейді. Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) бір хадисінде Даут (а.с.) пайғамбардың былай дұға еткенін айтады:

اللَّهُمَّ إِنِّى أَسْأَلُكَ حُبَّكَ وَحُبَّ مَنْ يُحِبُّكَ وَالْعَمَلَ الَّذِى يُبَلِّغُنِى حُبَّكَ

اللَّهُمَّ اجْعَلْ حُبَّكَ أَحَبَّ إِلَىَّ مِنْ نَفْسِى وَأَهْلِى وَمِنَ الْمَاءِ الْبَارِدِ

«Ей, Аллаһым! Сенен Сенің сүйіспеншілігіңді, Сені жақсы көретіндерді жақсы көруді және Сенің сүйіспеншілігіңе мені жақындататын амалдарды сұраймын. Ей, Аллаһым! Сенің сүйспеншілігіңді, жанымнан, бала-шағамнан және суық судан да артық ет» (Тирмизи, Дауд 73).

Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) Алланы сондай қатты жақсы  көретін әрі Оған құлшылық етуден ләззат алатын. Түнімен намаз оқып, құлшылық еткенде аяқтары ісіп кететін кездері аз болмаған. Осыншалық құлшылық етуін сұрағандарға: «Аллаға шүкір ететін құл болайын», - деп жауап беретін. Әрине Пайғамбарымыздың (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) мұншалықты көп құлшылық жасауы Алладан қорыққандықтан емес, Аллаға деген шынайы сүйіспеншілігінен деп білеміз.

Абдуллаһ ибн Аббас Пайғамбарымыздың (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) түнде тұрып құлшылық еткен кезде былай деп дұға еткенін жеткізеді: «Ей, Аллаһым! Хамд Саған ғана тән. Сен аспан мен жердің Раббысысың, хамд Саған ғана тән. Аспан мен жер және аспан мен жердің ішіндегілер Сенің әміріңмен тұр. Хамд Саған тән. Сен аспан мен жердің Нұрысың. Сенің сөзің хақ. Уәдең хақ. Саған қауышу хақ. Жәннәтің хақ, тозағың хақ. Қиямет күнің хақ.

Ей, Аллаһым! Мен Саған мойынсұндым, Саған иман еттім. Саған тәуекел еттім. Саған сыйынамын. Саған сеніп қайрат көрсетемін. Сенің үкіміңе жүгіндім. Менің өткен күнәм мен келешек күнәларымды, жасырын ашық жасаған күнәмді кешір. Менің тәңірім Сенсің. Сенен басқа ешқандай құдай жоқ» (Бухари, Таухид 7; Муслим, Китабу салаил-мусафирин уә әһуалиһим 26).

Иә, көріп отырғанымыздай ардақты Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) түнгі құлшылығын жасап болып, осылай дұға етуі оның Аллаға деген махаббатының айтып жеткізе алмас шынайылығын аңғартады.

Алланың құзырында қабыл болатын құлшылық пен дұға Оған деген шынайы сенім мен жақсы көруге байланысты болмақ. Хазіреті Омар былай дейді: «Бірде Пайғамбарымыздың (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) құзырына хауазин тайпасынан қолға түскен тұтқындар әкелінді. Тұтқындар арасында емізулі бір әйел бар еді. Ол әйел баласын жоғалтып алған екен. Әйел омырауына толған сүтін тұтқындар арасындағы емізулі балаларға беріп жатады. Кенет әйел тұтқындар арасынан өз баласын тауып алғанда, баласын бауырына қысып, құшақтап, аймалап, емізе бастайды. Әйелдің баласына деген махаббатын көрген Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) бізге: «Анау әйел баласын отқа тастайды деп ойлайсыңдар ма?» - деп сұрады. Біз: «Жоқ, оңайлықпен баласын отқа тастамайды», - деп жауап бергенімізде Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын): «Алла Тағала да құлдарына мына әйелдің баласына деген махаббат пен мейірімінен де артық мейірімді әрі жұмсақ», - деп жауап қатты» (Бухари, Әдәб 18).

Сахабалардың бірі мына бір оқиғаны баян етеді. Бірде бір қуыста құстың бірнеше балапанын көріп, оларды ихрамымның ішіне қойдым. Біраз уақыт өткенде балапандарын іздеген торғай келді де, ихрамымның үстінде безгектеп ұшып жүрді. Мен ихрамымды ашар-ашпас торғай балапандарының қасына барды. Осы оқиғаны Пайғамбарымызға (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) айтқан кезімде ол: «Ананың мейіріміне таң қалып тұрсың ба? Мені жіберген Аллаға ант етемін! Алла құлдарын ананың сәбиін жақсы көргенінен де артық жақсы көреді», - деді. (Шибили. Ислам тарихи асры саадет. Истанбул, 1928. 2 т. 857-б.)

 

Алланы кім жақсы көреді?

Әрине мұндай сұрақтың жауабы да қиын емес. Әлбетте Алланы таныған, Оған иман еткен мүмин ғана жақсы көреді. Бұл жайында Құранда былай дейді:

وَمِنَ النَّاسِ مَن يَتَّخِذُ مِن دُونِ اللّهِ أَندَاداً يُحِبُّونَهُمْ كَحُبِّ اللّهِ وَالَّذِينَ آمَنُواْ أَشَدُّ حُبّاً لِّلّهِ.....

«Адамдар арасында әлде бір хикметтерді Алладан кем көрмей сыйынатындар да табылады. Алланы сүйгендей оларды да сүйеді. Ал мүминдер Алланы ғана сүйеді...» (2.Бақара-165).

Өкінішке орай, кейбіреулер ризық беруші, өмір сыйлаушы Алланы ұмытып, өзгеге сыйынып, соларға рахметін айтып жатады. Әрине «Адамға рахмет айта алмаған Аллаға да, рахметін айта алмайды» деген хадиске сәйкес Аллаға шүкір етіп, өзіне жәрдем еткен адамға алғысын айтып, амал етілсе, сөкеттігі жоқ. Алайда біздер Алланы ұмытуымызға болмайды. Әуелі Алланы жақсы көретін мұсылман болуға тырысуымыз қажет. Әнәс ибн Маликтен риуаят бойынша Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) бір хадисінде былай дейді:

عَنْ أَنَسِ بْنِ مَالِكٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ عَنْ النَّبِيِّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ قَالَ ثَلَاثٌ مَنْ كُنَّ فِيهِ ، وَجَدَ حَلَاوَةَ الْإِيمَانِ ؛ أَنْ يَكُونَ اللَّهُ وَرَسُولُهُ ، أَحَبَّ إِلَيْهِ مِمَّا سِوَاهُمَا ، وَأَنْ يُحِبَّ الْمَرْءَ لَا يُحِبُّهُ إِلَّا لِلَّهِ ، وَأَنْ يَكْرَهَ أَنْ يَعُودَ فِي الْكُفْرِ كَمَا يَكْرَهُ أَنْ يُقْذَفَ فِي النَّارِ .

«Кімде үш қасиет болса, ол иманның ләззатын алады: Алла мен Пайғамбарды (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) өзгелерден жақсы көру; адамды тек Алла үшін жақсы көру; Алла өзін күпірліктен құтқарғаннан кейін күпірлікке қайтуды отқа тасталғандай жек көру» (Бухари, Иман 9; Муслим, Илм 15).

Көптеген хадистер иманның ләззатын татуға себеп болатын махаббаттың маңыздылығын көрсетеді. Алланы жақсы көрмеу – жақсылықта болмау деген сөз. Жаратушыны сүймеу – құтылудан үміттің жоқтығы деген сөз. Ал Жаратушыны барынша жақсы көрген сайын өміріміз ізгілікке толы болады.

Абай атамыз: «Махаббатпен жаратқан адамзатты, Сен де сүй, ол Алланы жаннан тәтті...» деп жырлағанын білеміз.

Алланы жақсы көрген момын пенде Оны әрдайым зікір ететін болады. Бұл жайында Құранда былай дейді:

الَّذِينَ يَذْكُرُونَ اللّهَ قِيَاماً وَقُعُوداً  وَعَلَىَ جُنُوبِهِمْ وَيَتَفَكَّرُونَ فِي خَلْقِ السَّمَاوَاتِ وَالأَرْضِ رَبَّنَا مَا خَلَقْتَ هَذا بَاطِلاً سُبْحَانَكَ فَقِنَا عَذَابَ النَّارِ

«Зерделі жандар тұрса да, отырса да Алланы ұмытпайды, аспан мен жердің жаратылысына ой жібереді. Сонан кейін: Ей, Алла! Бұларды бекер жаратқан жоқсың. Сен пәксің, бізді тозақтың тауқыметінен сақта, - дейді» (Али Имран-191). Нәтижеде ондай пенде Аллаға ғашық болып, Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) айтқандай Алла ондай жанның еститін құлағы, көретін көзі болады. Ондай жанды біз «әулие» (Алланың досы) деп айтамыз. Құран аяттарынан «Әулияуллаһ» (Алланың достары) деген сөзді көптеп кездестіруге болады. Себебі Алла Тағала Өзіне шынайы құлшылығымен мойынұсынушылықтың биік үлгісін көрсетіп, тақуалықпен өмір сүрген құлдарын өзге құлдарынан артық санап, ондай пенделерді Өзіне жақын дос ретінде келтіреді:

أَلا إِنَّ أَوْلِيَاء اللّهِ لاَ خَوْفٌ عَلَيْهِمْ وَلاَ هُمْ يَحْزَنُونَ {62} الَّذِينَ آمَنُواْ وَكَانُواْ يَتَّقُونَ {63} لَهُمُ الْبُشْرَى فِي الْحَياةِ الدُّنْيَا وَفِي الآخِرَةِ لاَ تَبْدِيلَ لِكَلِمَاتِ اللّهِ ذَلِكَ هُوَ الْفَوْزُ الْعَظِيمُ

«Біліңдер! Расында Алланың достарына қауіп-қатер жоқ әрі олар қайғырмайды. Сондай иман келтіріп, тақуа болғандар. Оларға дүние тіршілігінде де, ақиретте де қуаныш бар. Алланың сөздерінде өзгеріс жоқ. Міне, ірі қол жетушілік осы» (10. «Юнус» сүресі, 62-64-аят).

Әбу Һурайрадан жеткен хадисте: «Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) былай деген: «Алла Тағала: «Кімде-кім менің әулие құлыма жауласса мен де оған соғыс жариялаймын. Пендемді маған жақындататын нәрселердің арасында маған ең ұнамдысы парыз еткен нәрселерді орындауы. Пендем маған нәпіл құлшылық жасау арқылы жақындай түседі де, нәтижесінде сүйіспеншілігіме бөленеді. Оны мен жақсы көрсем, еститін құлағы, көретін көзі, ұстайтын қолы, жүретін аяғы боламын. Менен қандайда бір нәрсе сұраса, сұрағанын беремін, Менен пана тілесе, пана болып, қорғаймын...» (Бұхари, Риқақ 38).

Хазіреті Айша анамыздан риуаят бойынша бірде Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) бір сахабасын қолбасшы етіп жорыққа жібереді. Ол сахаба әскерлерге имам болған кезде тек Ықылас сүресін ғана оқиды. Жасақ Мадинаға оралған соң, әскерлер Пайғамбарымызға келіп, әлгі қолбасшылық жасаған сахабаның намаздарда тек Ықылас сүресін ғана оқып, ұзын сүрелер оқымағаны жайында шағымданады. Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) оларға: «Неге бұлай жасағаны жайында өзінен сұраңдар», - дейді. Әлгі қолбасшыдан сұрағанда ол: «Ықылас сүресі Алланың сипаттарын қамтитындықтан сол сүрені оқығанды жақсы көремін. Сол үшін намазда осы сүрені оқимын», - деп айтқанын жеткізгенде Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын): «Сендерде оны сүйіншілеңдер. Алла оны жақсы көреді, - деді». (Бухари, Таухид 2).

Мұсылманның жасайтын барлық құлшылықтары Алланы зікір етуден тұрады. Ғибадаттың ұлығы да Алланы зікір ету. Ардақты Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) бір хадисінде былай дейді:

أَلَا أُنَبِّئُكُمْ بِخَيْرِ أَعْمَالِكُمْ وَأَزْكَاهَا عِنْدَ مَلِيكِكُمْ وَأَرْفَعِهَا فِي دَرَجَاتِكُمْ وَخَيْرٌ لَكُمْ مِنْ إِنْفَاقِ الذَّهَبِ وَالْوَرِقِ وَخَيْرٌ لَكُمْ مِنْ أَنْ تَلْقَوْا عَدُوَّكُمْ فَتَضْرِبُوا أَعْنَاقَهُمْ وَيَضْرِبُوا أَعْنَاقَكُمْ؟ قَالُوا: بَلَى، قَالَ: ذِكْرُ اللَّهِ تَعَالَى،

«Сендерге амалдардың ең жақсысын, Алланың құзырында ең қабыл болатынын, дәреже тұрғысынан ең жоғарғысын, алтын мен күміс таратудан да жақсырағын, соғыс майданында дұшпандарыңмен бетпе-бет келіп оларды өлтіруден де жақсы амал жайында айтайын ба?» – деп сұрады. Сахабалар да: «Иә, ей, Алланың Елшісі, айтыңыз», - деді. Сонда Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын): «Алланы зікір ету», - деп жауап қатты» (Тирмизи, Китабуд-дуа 6).

Біз Алланы қаншалықты зікір етсек, Алла да бізді зікір ететінін Құранда баян етеді:

فَاذْكُرُونِي أَذْكُرْكُمْ وَاشْكُرُواْ لِي وَلاَ تَكْفُرُونِ

«Мені зікір етіңдер, Мен де сендерді зікір етейін. Маған шүкір етіңдер, күпірлік етпеңдер» (2.Бақара-152).

Пенде Жаратушысын жақсы көрсе, Алла да оны жақсы көретін болады. Әбу Һурайра жеткізген қудси хадисте былай дейді:

عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ، قَالَ قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صلى الله عليه وسلم: يَقُولُ اللَّهُ عَزَّ وَجَلَّ أَنَا عِنْدَ ظَنِّ عَبْدِي بِي وَأَنَا مَعَهُ حِينَ يَذْكُرُنِي إِنْ ذَكَرَنِي فِي نَفْسِهِ ذَكَرْتُهُ فِي نَفْسِي وَإِنْ ذَكَرَنِي فِي مَلإٍ ذَكَرْتُهُ فِي مَلإٍ هُمْ خَيْرٌ مِنْهُمْ وَإِنْ تَقَرَّبَ مِنِّي شِبْرًا تَقَرَّبْتُ إِلَيْهِ ذِرَاعًا وَإِنْ تَقَرَّبَ إِلَىَّ ذِرَاعًا تَقَرَّبْتُ مِنْهُ بَاعًا وَإِنْ أَتَانِي يَمْشِي أَتَيْتُهُ هَرْوَلَةً ‏‏.‏

«Алла Тағала былай дейді: Құлым Мені қалай ойласа, солаймын. Құлым Мені зікір етсе, Мен онымен біргемін. Егер ол Мені іштей зікір етсе, Мен де оны солай зікір етемін. Егер ол Мені бір қауым ішінде зікір етсе, Мен де оны зікір еткен қауымынан да, жақсы қауымда еске аламын. Құлым Маған бір қарыс жақындаса, Мен оған бір құлаш жақындаймын. Құлым Маған жүріп келсе, Мен оған жүгіріп барам» (Муслим, Зикр 2).

Қожа Ахмет Ясауи хикметтерінің бір шумағында былай деп жырлайды:

«Хақ жаратқан – бір Алланың жанабына ұш,

Лағин шайтан жолдарынан қайтың, достар,

Ықыласпен махаббаттың шарабын іш

Жан-жүрекпен Хай зікірін айтың, достар».

 

Аллаға деген мұсылманның жүрегіндегі махаббатының кәмілдігі өздігінен қалыптаспайды. Ол үшін ардақты Пайғамбарымызды (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) жақсы көрумен жүзеге асатынын естен шығармаған жөн. Пайғамбарымызды (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) жақсы көрген жан Алланы да, жақсы көретін болады. Өйткені Алланы жақсы көрудің тамаша үлгісін ардақты Пайғамбарымыздан үйренеміз. Алла мен Пайғамбарын жақсы көрген мұсылман ақыреті жәннат болмақ. Бұған қатысты Әнәс ибн Малик былай дейді: Бірде Пайғамбарымызбен (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) бірге мешіттен шығып бара жатқанда мешіт есігінің алдында тұрған адам:

Ей, Алланың Елшісі! Қиямет қашан болады? – деп сұрады. Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын):

Сен қиямет үшін не дайындадың? – деді. Әлі адам:

Ей, Алланың Елшісі! Мен қиямет үшін көп намаз, ораза мен садақа әзірлемедім. Бірақ Алла мен Пайғамбарын жақсы көремін, - деп жауап берді. Сонда Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын):

Олай болса, сен жақсы көргендеріңмен бірге боласың, - деді. (Муслим, Китабул-бирр уәс-силә, 50).

Алланы жақсы көрген мұсылман өзгені Алла үшін жақсы көруі тиіс. Алла үшін жақсы көрген жандар ақыретте ешқандай көлеңке болмаған сәтте Аршының көлеңкесінде болатын 7 топ адамның бірі болады. Сахаба Муаз Пайғамбарымыздың (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) былай деп айтқанын естіген: «Алла Тағала: Менің разылығым үшін бір-бірлерін жақсы көргендер үшін пайғамбарлар мен шахиттер қызыға қарайтын нұрдан мінберлер бар, деген» (Тирмизи, Зуһд 31).

 

Алланы жақсы көрудің белгісі қандай болмақ?

Біріншіден Алланы жақсы көрген жан Алланың барлық әмірлері мен тыйымдарына мойынсұнып, орындауы тиіс. Сонда Алла да оны жақсы көретін болады. Әбу Һурайрадан жеткен риуаят бойынша, Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) былай деген: «Егер Алла бір құлын жақсы көрсе, Жәбірейіл періштеге былай дейді: «Расында, Алла пәлен құлды жақсы көрді. Сен де оны жақсы көр». Сонда ол құлды Жәбірейіл періште де жақсы көреді де, сосын аспан әһліне (періштелерге) былай деп жар салады: «Алла пәлен құлды жақсы көрді. Сендер де сол адамды жақсы көріңдер». Сөйтіп аспан әһлі сол пендені жақсы көреді. Содан кейін жербетінде оған деген сүйіспеншілік жүректерде орнығатын болады» (Бухари, Китабу бәдиул-халқ, 6; Муслим, Китабул-бирр уәс-сила, 48).

Екіншіден Алланы жақсы көрудің, Оған деген шынайы махаббаттың көрінісі Оның жіберген соңғы елшісі Мұхаммед (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) пайғамбарға сену мен оның айтқанын орындаудан басталады. Пайғамбарға (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) мойынсұнбаған, оны үлгі етпеген, оның сүннетін орындамаған жан Алланы жақсы көре алмайды. Ондай жанның Аллаға деген махаббаты мәнсіз болмақ. Бұған қатысты Құранда былай дейді:

 

قُلْ إِن كُنتُمْ تُحِبُّونَ اللّهَ فَاتَّبِعُونِي يُحْبِبْكُمُ اللّهُ وَيَغْفِرْ لَكُمْ ذُنُوبَكُمْ وَاللّهُ غَفُورٌ رَّحِيمٌ

 

«Егер Алланы сүйсеңдер маған еріңдер. Сонда сендерді ол сүйіп, күнәларыңды кешіреді. Алла аса кешірімді де қайырымды, деп айт» (Али Имран-31).

Үшіншіден Алланы жақсы көрген жан ешбір қайғымен уайымға алданбай, ғибадатын жасап, Аллаға тәуекел ететін болады. Мағруф Кәрһи есімді діндар, тақуа, әулие кісіге бір кісі келіп:

Ей, Мағруф! Сенің мұншалықты дәрежеде құлшылық етуіңе не себеп болды? – деп сұрағанда сұраққа жауап бермеді. Әлгі кісі сұрағын қайта сұрап:

Мүмкім өлімді қатты ойлайтын шығарсыз? – деді. Сонда Мағруф Кәрһи:

Өлім дегенің не? – деп жауап қатты. Әлгі кісі:

Онда қабір мен барзах әлемін ойлайтын боларсыз? – деп сұрағын жалғастырды. Мағруф Кәрһи:

Қабір дегенің не? – деп өзіне таңданыспен кері сұрақ қойды. Ана кісі:

Мүмкін тозақтан қорқып немесе жәннаттан үміт етіп жүрген шығарсыз? – деп сұрағанда, Мағруф Кәрһи:

Бұл айтып тұрғандарың ештеңе емес қой. Осы айтқан нәрселеріңнің барлығын жаратқан, өз әмірінде ұстаған Раб - бұл Ұлы Жаратушы. Аллға деген шынайы махаббат пен сүйіспеншілікке ие болсаң, осы айтқан нәрселеріңнің бәрін ұмытасың. Алла мен сенің араңда сондай бір сүйспеншілік орнаған соң, сенің айтқан барлық нәрсеңнен Алла сені құтқаратын болады, - деп жауап береді. (Бабанзаде Ахмет Наим. Ислам ахлакынын есаслары. Истанбул 1963. 66 б.) 

Қадірменді жамағат! Аллаға шынайы құл болу үшін, Оның разылығын алу үшін Алланы бәрінен де артық жақсы көру керек. Аллаға деген шынайы махаббат – мұсылманның ұлы сипаты. Алланы жақсы көретін құлдарынан болайық, ақырымыз жәннат болсын! Әмин! 

 

Сейтбеков Смайыл Сүйерқұлұлы

ҚМДБ-ның Маңғыстау облысы

бойынша өкіл имамы

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру


Соңғылар

Мұрағат