Таң

Күн

Бесін

Екінті

Шам

Құптан

ҚАДЫР КЕШІ – ҚҰРАН АЯТТАРЫ ТҮСЕ БАСТАҒАН КЕШ

01.07.2016 2788 0 пікір

Араб тіліндегі «қадр» сөзі «мән-маңыз», «өлшем» деген мағыналарды білдіреді. Сонымен қатар, «құдырет» мағынасын қамтиды. Жалпы, мұсылман әлемінде қасиетті кештер мен айтулы күндер жетерліктей бар. Соның ішіндегі ең маңыздысы әрі бірегейі - қасиетті Рамазан айындағы Қадыр кеші. Бұл түн – адамзаттың ақ пен қараны айыратын түні, және де барлық жақсылық атаулының бастау қайнары  көзі болып саналатын мүбарак Құран Кәрім аяттары түсе бастаған  түн.

Қадыр кеші жөнінде пайғамбарымыз Мұхаммед салаллаһу әлайһи уасаллам былай деген: «Басқа уақыттарда әрбір жақсылықтың сауабы он есе болса, Ережеп айында жүзден асады. Шағбанда үш жүзден асып, Рамазанда мың есеге артады, жұма түндері  мың еседен асып, Қадыр түнінде отыз мыңға дейін жетеді», және де «Кім қадыр түнін сенімімен, артының қайырлы болатынынан үміт артып өткізсе, оның бұрынғы барлық күнәсі кешіріледі»- деген.

Қадыр түні Рамазан айының соңғы онкүндігінің бірінде өтеді. Ислам ғұламаларының пәтуасы  бойынша Қадыр кеші рамазан айының 26 -нан 27 - не қараған түні деп белгіленген. Осы кеште барлық періштелер жер бетіне ізгі амалдар үшін жіберіледі.

Бұл кеш - жасаған әрбір ізгі амалдар мен құлшылықтардың, қайырымды істердің сауабы мың еселеп жазылатын түн. Және де мың айдың сауабын нәсіп етеді. Құранның қадыр сүресінде бұл айдың мың айдан қайырлы екендігі кеңінен айтылған. Мың ай, бұл 83 жыл, 4 айға тең. Бұл дегеніміз бір адамның өмір бойы Алла тағалаға құлшылық етуімен бара-бар мәселе.  

Қадыр түнінде мұсылмандар біргелікте топ-топ болып, жамағатпен жергілікті мешіттерде имамдардың уағыздарын тыңдап, көкейлерінде жүрген сұрақтарына жауап алып, көптеген ізгілікті амалдарды үйреніп, таң сәресіне дейін құлшылықпен өткізгені дұрыс. Қадыр кешін кейбір азаматтардың денсаулығына, т.б. жайттарға байланысты өз үйлерінде  қарсы алуларына да болады. Жалпы, бұл рухани кеш - адамзат баласын бірлікке, бауырмалдыққа, ата-ананы құрметтеуге, отбасы мүшелерімен жақсы қарым-қатынаста болуға шақыратын кеш.

Сондай-ақ, қасиетті Қадір кешінде мынадай орындайтын амалдар бар:

- Сол күні кешкі ауызашарда дұға-тілек ету;

- Құптан намазында 20 бас тарауих намазын оқу;

- Құран, Хадис кітаптарын оқу. Немесе пайғамбарымыздың өмір тарихын оқу;

- Қадір кешінде таң атқанға дейін төрт рәкәт нәпіл намазы оқылады. Бұл төрт рәкәт намазға былайша ниет етіледі: «Я Раббым! Ниет еттім Рамазан айы, Қадір кешінде нәпіл намазын оқу үшін». Бұл намаздың оқылу тәртібі: Бірінші  рәкәтта «Фатиха» сүресі, бұдан кейін үш рет «Қадыр» сүресін оқу. Екінші рәкәтта «Фатиха» сүресінен кейін үш рет «Ықылас» сүресін оқу, үшінші, төртінші ракаттарда жоғарыдағыдай етіп оқу керек. Немесе  өзі білетін өзге де сүрелерді оқи берсе болады. Осы намазды оқып болған соң Алла тағаладан өзімізге барша адамзатқа, отбасымызға амандық, ризық несібе тілеп, бұл дүниенің және ахыреттің  барша жамандығынан аман болуды тілеу қажет.

- Тәспі тарту;

- Қадір кешінде түнгі сағат  1 мен 3 аралығында «Таһажуд», «Қажет» намаздарын оқуға болады. Бұл намаздар 4  бас етіліп оқылады.

- Қадір кешін мүмкіндігі болғанша  ұйқысыз өткізу қажет. Алайда, бұл ұйықтап қалған жағдайда күнә саналмайды. 

- Қадір кешінде ұйықтамаса болды екен деп, уақытты құмар ойындарын ойнап немесе жағымсыз кинолар көріп, бос өткізу күнә болып саналады.

Осындай мүбарак кеште ата-ананы, алыс-жақын ағайын бауырларды, дос-жарандарды құттықтап, арнайы сый-сияпат беріп,  көңілдерін көтеру - ең жақсы амалдардың қатарына жатады.

Ербосын Бектұрсынұлы,

ҚМДБ-ның Іс басқарушысы

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру


Соңғылар

Мұрағат