Таң

Күн

Бесін

Екінті

Шам

Құптан

ЗАЙЫРЛЫ БІЛІМГЕ ШАРИҒАТ НЕ ДЕЙДІ?

29.06.2016 1930 0 пікір

Алла Тағаланың алғашқы бұйрығы «Оқы! Жаратқан Раббыңның атымен (оқы)! Ол адамды (жатырға жабысатын) жабысқақ жасушадан жаратты. Оқы! Сенің Раббың – асқан жомарт! (Ол – адам баласына) қаламмен жазуды үйретті. Адам баласына білмегенін үйретті» деп келгендігі мәлім. Осы аяттарға назар аударсақ, «оқы» деген бұйрықтың жал­пылама түрде келуі тек Құранның сөздерін оқумен ғана шектелмейтіндігі одан кейінгі келетін сөйлемдерден анық байқалады.

Осы қысқа бес аят ғылым-білімнің бастауы саналатын «оқу» мен «жазуға» екпін беру арқылы әрі иләһи аяттарды, әрі ғаламдағы заңдылықтарды оқып-білуге үндейді. Сол себепті, адам өзінің жаратылысының мәні, діннің бұйрықтарының хикметтерін толық түсіну үшін Құран кітабымен қатар Алланың «әлем» кітабын қатар оқуы қажет. Сонымен қатар, осы сүренің артынша көп уақыт өтпей «Қалам» сүресінің «Нун... Қаламға да, жазғандарына да серт!» деп келетін аяттарының түсуі де ерекше назар аударарлық. Бұл жердегі «нун» әрпінің мағынасына қатысты ғалымдар түрлі көзқарас білдірген. Бұл әріптің «балыққа» жорамалдануымен қатар сиясауыт мағынасына келетіндігін айтқандар да бар. Аяттың қалам мен оның жазғандарына сертпен аяқталуы да көптеген сырларды ұқтырады. Негізінен, Құранда маңызды нәрселерге серт беріледі. Пайғамбарымыздың «Алла Тағаланың ең алғаш жаратқан нәрсесі қалам. Оны жаратқаннан кейін болатын нәрселерді жазуын бұйырды. Ол (бұрықты орындап) жазды» (Тирмизи, Қадар:17, Тәфсир:2, Хайсами, 7/190) деген хадисі мұның қаншалықты маңызды екенін көрсеткен қорытынды іспетті.

Мұсылман ғалымдары жазудың маңыздылығына дәлел ретінде «жазуды үйрету» ісін Жаратқан Жаббар иенің өзіне тиесіл етуін көрсетеді. Өйткені, алғашқы түскен аяттарда «Оқы! «Қаламмен (жазу-сызуды) үйреткен». Адамға білмегенін білдірген Раббың тым Жомарт/Дархан» делінген.

Жалпы, Құранда ғылым-білімге шақыратын және оның артықшылығын білдіретін көптеген аяттар бар. Құранда білу деген мағынаға саятын «илм» түбірінен туындаған 780 сөз кездеседі. Ғылым деген сөзбен мағыналас хикма мен ғалым деген мағынаға келетін хаким сөздерін де айта кету керек. Хикма сөзі 20, хаким сөзі 97 жерде өтеді. Қосымша «білу» деген мағынаға келетін марифа сөзі жетпіске жуық жерде  бар. Сонымен қатар, ілімге қол жеткізу жолында қажет саналатын тәфәккур 18, «ақыл» мен «тааққул» сөздеріне қатысты 49 сөз өтеді. Ғылымға қатысты тәфаққуһ, тәдәббур, тәфәһһум, шуур секліді сөздер де көптеп кездеседі.

Расында да, бүтін ғаламның жаратылысынан бейхабар, тек бір күндігін ғана ойлап, көп нәрсеге өресі жете бермейтін адамға қарағанда, жаратылысқа ойлы жүзбен қарай білетін ойлы жанның деңгейі бір емес. Сондықтан да, Хақ Тағала: «Оларға: «Білетіндер мен білмейтіндер тең бе?» деп айт» деген («Зумәр» сүресі, 9), ал мына аятта пайғамбарына «Уа, Раббым! Білімімді арттыра гөр!» деп айт» (Таһа сүресі: 20/114) деу арқылы білімді арттыру үшін дұға ету қажет екенін білдіруде. Сондай-ақ: «Алла Тағала сендердің араларыңнан иман келтіргендердің, сондай-ақ, өздеріне ілім нәсіп болғандардың дәрежесін көтеріп, мерейін өсіреді» (Мужәдәлә сүресі: 58/11) деген аятта да иман келтіргеннен кейін ілім нәсіп етілгендердің мерейінің үстем етілгендігі айтылған. Иман етумен қатар ілімнің артықшылығы мына «Дәуіт пен Сүлейменге ілім бердік. Екеуі: «Бізді мүмин құлдардың көбінен үстем еткен Аллаһқа мадақ» деді» («Нәміл» сүресі, 15) деген аятта да анық көрініс тапқан.

Құранды бізге тәлім еткен ардақты пайғамбарымыз (ﷺ) да үмбетін «Ғылым үйрену – әр бір мұсылманға парыз» (Хәйсәми, Мәжмәуз-зәуәид уә мәнбәул-фәуаид, Бейрут, 1967, 1, 119, 120) деп, оқып-білуге шақырған. Әбу Дәрдадан (р.а.) жеткен хадисте Алла елшісі: «Кімде-кім білім жолына түссе, Алла Тағала оған жұмаққа барар жолды жеңілдетеді. Періштелер де білім алушының талабына дән риза болып, аяғының астына қанаттарын жайып, ізет көрсетеді. Сондай-ақ, жеті қабат аспан мен жердегі барлық жаратылыс атаулы, тіпті судағы балықтар да шынайы ғалым үшін Алладан жарылқау тілейді. Ғалымның білімсіз діндардан артықшылығы толған айдың өзге ұсақ жұлдыздардан артықшылығы секілді.

Расында, шынайы ғалымдар – пайғамбарлардың мұрагерлері. Шынтуайтында, пайғамбарлар мұра ретінде динар мен дирхам емес, тек қана ілім қалдырды. Кімде-кім сол ілімнен сусындаса, мол несібеге кенелгені – деп айтқанын естідім» деген (Тирмизи, ильм 19; Әбу Дәуіт, ильм 1). Осы хадисте «Ғалымның білімсіз діндардан артықшылығы толған айдың өзге ұсақ жұлдыздардан артықшылығы секілді» деп білімді мұсылманның білімсіз діндардан артық екендігіне де назар аударылған. Сонымен қатар, «Дінді терең білетін ғалым, шайтанға қарсы күресте мың құлшылық жасаушы кісіден артық» деп білімнің артықшылығын көрсетіп тұр.

Құран түскенге дейін араб халқы көбіне сауатсыз еді. Сол кездері тарихи мәліметтерде Меккеде оншақты және Мәдинада да бар болғаны сол шамалас оқу жазу білетін адамдардың болғандығы айтылады. Ал Құранның түсе бастауымен оқу-жазуға деген құлшыныс пайда болды. Өйткені, дінді үйрену үшін Құранды жазып, жаттау қажеттілігі туындады. Табақат кітаптарында пайғамбарымыздың жанында 40-қа жуық уахи жазушыларының болғандығы айтылады.

Пайғамбарымыз бәдір шайқасында қолға түскен тұтқындарды он мұсылманға оқу-жазу үйрету шартымен босатқандығы оның тәлім-тәрбиеге қаншалықты мән бергенін көрсетеді. Сонымен қатар, ол суффа сахабаларын мешітке жинап, тек қана іліммен шұғылдануға жұмылдырған. Алғашқы ілім ошағы әл-Мәсжидул Нәбәуимен басталған.

Пайғамбарымыз Зәйд ибн Сәбитке «Ибрани тілін үйрен» дегенде, ол 20 күнде оқу-жазуды түсінетіндей үйреніп алған.

Пайғамбарымыз (ﷺ), тіпті, әйелдер үшін арнайы бір күн бөліп, оларға дінді үйрену мүмкіндігін жасаған. Пайғамбарымыз кезеңінде Құранды жатаған 4 әйел болған екен. Олар: Айша, Хафса, Үмму Сәләмә (Пайғамбарымыздың жұбайлары) және Үмму Уарақа.

Міне, осыдан пайғамбарымыздың (ﷺ) сол кезде оқу-жазудың кең өрістеуі үшін қолынан келген мүмкіндіктердің бәрін толық қолданғанын байқаймыз. Ол білімді «мұсылмандікі», «кәпірдікі» деп бөлмеген. Неге десеңіз, бәдір шайқасында қолға түскен тұтқындар мүшірік болатын. Зәиб Ибн Сәбитке еврейлердің тілін үйренуін тапсырған-ды. «Ілім мұсылманның жоғалтып алған мүлкі оны қайдан тапса, сол жақтан алады» деу арқылы мұны шегелеп тұрып айтып кеткен.

Пайғамбарымыздың кезеңінде ілім-ғылымның қайнар бұлағы Құран мен хадисте болғандығы күмәнсіз. Осы Құран арқылы Алла Тағала арабтарды қараңғылықтан шуақты даңғылға шы­ғарды. Құранның аясының өзінде көптеген ғылымдар дымыды. Араб тілі тұрғысынан алып қарастырғанның өзінде ол салада өте үлкен төңкеріс орын алды. Қарапайым тұрмыста қолданылған араб тілі білім-ғылым, даналық пен пәлсапаның тіліне айналды.

Мұсылмандардың «алтын ғасырында» құқық, тәпсір, хадис және кәләммен қатар медицина, математика, т.б. жаратылыстану ілімдері де дамығаны көзіқарақты оқырманға белгілі. Осы кезеңдерде ғылымға сусаған еуропалықтар Испаниядағы мұсылмандардың ғылым мен мәдениет орталықтарына барып оқу үлкен арманға айналған-ды. Бұл жерлерде білім алып еліне оралғандар өз елдерінің ең білгір адамы саналып, құрметке бөленетін. Ғылым мәдениет орталығы болумен қатар, құпия ілімдердің де орталығы есептелген Андалуссияның Еуропаның бүкіл мекемелері мен қоғамдық саласында ықпалы күшті болды. Еуропа үшін қараңғылық кезеңдері саналған орта ғасырларда мұсылман мәдениеті өзінің алтын ғасыларын бастан кешті. Сол кездері ислам әлемі – философия мен ғылымның бесігіне айналған-ды.

Мисе Либеридің айтқанындай, «ХV ғасырға дейін арабтардың кітаптарынан пайдаланбаған және оларды аудармаған ешбір еуропалық ғалым болған емес. Олардың қатарында Р.Бэкон, Леонардо, А.Магнустар да бар».

Батыс-христиан әлемі мұсылман мәдениетімен танысқаннан кейін оның ықпалымен көптеген ғылым салаларының дамуы үшін алғашқы қадамдарын жасады. Батыс әлемі әрбір ғылым саласының дамуына мұсылман ғалымдарының жол сілтеушілігіне қарыздар. Орта ғасырда табиғатқа тек философиялық тұрғыдан батыс,ислам мәдениеті мен танысқаннан кейін табиғатты шексіз өзгеріс үстіндегі шындық ретінде қарастыра бастады. Осылайша, батыстың айналысқан философия ұғымы scienta ғылым сөзімен алмастыра бастады.

Қазіргі таңдағы ғылымның дамуына батыстың қосқан үлесін ешкім жоққа шығара алмайды. Алайда, батыстың осындай деңгейге көтеріліп, ғылым мен технология саласындағы көптеген жаңалықтарға қол жеткізуінде мұсылман ғалымдарының үлесі өте зор болғандығы анық. К.В. Бодлейдің сөзімен айтсақ, «Қазіргі батыс мәдениеті ренессансқа, ренессанс өз кезегінде исламға қарыздар».

Жалпы, ислам дінінің ерекшелігіне назар аударсақ, онда дін-дүние деп бөлмей, өмірді бір тұтас жүйе ретінде алып қарастырғанын көреміз. Мәселен мұсылман өмірін реттейтін құқықтық жүйе – фиқһ ілімін алып қарасақ, ондағы үкімдердің үштен бірі – бес парыз, құлшылыққа қатысты болса, қалған үштен – екісі адамдар арасындағы қарым-қатынастарға қатысты. Сондықтан, ислам дінінің келуімен бірге мұсылмандарда оқу-жазумен қатар көптеген ғылым салалары қатар дамыған. 

Жалпы, шынай ғылымның мақсаты – өзін, қоршаған ортаны тану арқылы Жаратқанды табу. «Мән арафа нәфсәһу фақад арафа раббаху», яғни «Өзін тани алған адам Жаратқан иесін тани алады» деген сөздің де терең мәні бар.

Әлемдік деңгейдегі ірі ойшылдар құрғақ білімнің адам баласына көп пайда әкелмейтінін, оның қадір-қасиетінің адамгершілікті тұлғалардың қолында болғанда ғана айқындалатындығын бір ауыздан құптайды. Осы тұрғыда Эйнштейн «Ғылым бізге айналадағы құбылыстардың бір-бірімен қалайша байланыста болғандығын көрсетеді Алайда қалай болуы қажеттігін үйретпейді» дейді. Сонымен қатар, «Адамның түпкі мақсатын тек қана дін белгілей алады. Бірақ оған қай жолмен жету қажеттігі мәселесінде ғылымның да айтар сөзі бар. Ғылым ақиқатты кемшіліксіз білгісі келген жандар тарапынан қалыптасып, белгілі бір қағидаларға негізделіп құрылады. Бірақ оның да негізінде көбіне дін шешуші рөл ойнайды. Мен терең иманы жоқ ғалымды елестете алмаймын... Негізінде, дінсіз ғылым – ақсақ, ғылымсыз дін – көр соқыр» деп тамаша айтып кеткен.

Ислам дінінде құлшылық пен қатар ғылымның да өзіндік орны орны бар. Шариғат тек қана соқыр сенімге негізделген, ешқандай ой-санасыз, құлшылықты не үшін жасайтынын да білмейтін діндарлықты құптамайды. Құлшылық жасау үшін алдымен Алланы танымақ керек. Ал, Алланы тану білімсіз жүзеге аспайды.

Жоғарыда айтылғандай, білімсіз жанның Алла Тағаланы тани алмай­тын­дығы, керісінше, ғылымға көзі ашық кісілердің Алланы тануы анағұрлым нәтижелі, пайымды болатындығын алға тартқан Зуннун Мысри бұл жайында: «Алла Тағала жайлы ең көп білетін кісі – Оған басқаларға қарағанда неғұрлым көбірек таңырқап, бас шайқайтын кісі» деп ұтымды айтқан.

Абдуллаһ ибн Масғуд (р.а.) «Ғылым жоқ болмай тұрып оқыңдар! Ғылымның жоғалуы ғалымдардың дүниеден өтуімен орын алады. Алланың атымен ант етемін, Алла разылығы үшін өлген шынайы шейіттер ғалымдарға берілген жоғары дәрежелерді көргенде, ғалым болу үшін дүниеге қайта келуді тілейді» – дейді. Абдуллаһ ибн Аббас (р.а.): «Мен үшін түннің азда болса бөлігін ғылым үйренумен өткізу түні бойы ғиба­дат (Алла тағалаға құлшылық) етуден жоғары» дейді.

Қорыта айтқанда, дін мен ғылым – бір ақиқаттың екі жүзі, адамның жаны мен тәні іспетті. Тек қана құрғақ ғылым үйренгенде айла мен күмән туындаса, бір жақты дінді ғана үйренген кезде фанатизм туады. Міне, сондықтан ғылым мен технологияның жетістіктерін адамның тәндік қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін ғана емес, негізгі жаратылу мақсатын танып-біліп, өмірін соған қарай өрбіту жолында қолдану қажет. Ғылым мен дін қол ұстасып, қатар жүргенде ғана адамзат іздеген бақытын табады. Алла Тағала бізге Құран кітабымен қатар «әлем» кітабын да оқуды бұйырған. Егер біз тек Құранды оқып, әлем кітабын оқымасақ осы дүниеде қор боламыз. Бұған қазіргі таңдағы мұсылман әлемінің жағдайы куә. Ал тек қана осы «әлем» кітабын ғана оқып, Құран ақиқаттарына мән бермесек ақыретте қор боламыз. Ислам діні бізге дүние мен ақыреттің шылбырын тең ұстауды бұйырады. Мұсылман ғалымдарды иман негіздері, харам мен халалдарды үйренуді айын парыз десе, осы әлем мен адамды тануға бағыталған жаратылыстану ілімдерін үйренуді парыз кифая деп бекіткен. Қазіргі ғасыр білім мен ғалым ғасыры болғандықтан мұсылман баласы дүниелік білімдерді де үйренуі қажет.

Алау ӘДІЛБАЕВ,

теология ғылымының докторы,

дінтанушы

E-Islam.kz

 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру


Соңғылар

Мұрағат