Таң

Күн

Бесін

Екінті

Шам

Құптан

Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ: ИГІЛІККЕ ШҮКІР ЕТУДІҢ МАҢЫЗЫ

12.05.2016 3588 0 пікір

Хақтан келген нығметті бағалау

Жаратушы Иеміз біздерге сансыз нығметтер мен жақсылықтарды нәсіп етті. Кез келген өзімізге берілген нығмет Хақ Тағаладан екені ақиқат. 

Қасиетті Құран Кәрімнің "Нахл" сүресінің 53-аятында: 

وَمَابِكُمْ مِنْ نِعْمَةٍ فَمِنَ اللَّهِ 

«Сендердегі әр бір нығмет Алладан»,- деп еске салады. 

Демек, адам баласы көзге көрінетін әрі көмескі көрінбейтін нығметтерге әруақыт бөлену үстінде.

"Нахл" сүресінің 18-аятында Алла Тағала:

وَإِنْ تَعُدُّوا نِعْمَةَ اللَّهِ لَاتُحْصُوهَا إِنَّ اللَّهَ لَغَفُورٌ رَحِيمٌ

«Алланың нығметін санасаңдар санына жете алмайсыңдар. Рас, Алла өте Жарылқаушы, ерекше Мейірімді», - деген.

Бұл игіліктердің ішіндегі ең ұлы нығметтің бір және бірегейі – бастың амандығы мен қоғамның тыныштығы.

Пайғамбарымыз  (ﷺ): 

مَنْ أَصْبَحَ مِنْكُمْ آمِنًا فِي سِرْبِهِ مُعَافًى فِي جَسَدِهِ عِنْدَهُ قُوتُ يَوْمِهِ فَكَأَنَّمَا حِيزَتْ لَهُ الدُّنْيَا بِحَذَافِيرِهَا

 «Кімде-кім өз үйінде (отбасының қасында) амандықпен ешкімнен қорықпай, дені сау және бір күндік тамағы болып таң аттырса, бүкіл дүние алдына жиналғандай болады»,-деген. (Хадисті Имам Бұхари, Тирмизи риуаят етті). Аталған жақсылықтар кез-келгенге беріле бермейтін ұлы нығмет болғандықтан, шариғат тұрғысынан біздің шүкір етуіміз парыз  болып табылады.

Жаратқан Иемізге сансыз шүкірлер болсын, сіз бен бізбір емес, әр күнімізді амандықпен ешқандай қауіп-қатерсіз аттырып жатырмыз.

Бүгінде осы отырған барша жамағат куә, елімізде қаншама мешіттер бой көтеріп келеді. Қай өңірге барсаңыз да зәулім-зәулім мешіттер көз тартып, менмұндалайды. Жұма күндері құбылаға бет бұрып, бір сапта тәсбінің тасындай тізілген жұрттың санында есеп жоқ. Мінекей, осы мешітте, намазда қалайша бір сапта бой түзеп, қатар тұрған болсақ, мына қоғамның тыныштығы мен бейбітшілігі, ауызбіршілігі мен ынтымағы үшін баршамыз тонның ішкі бауындай болуымыз керек.

Осы ретте бізге төмендегі Құран аяты өмірлік сабақ болары сөзсіз.

وَضَرَبَ اللَّهُ مَثَلاً قَرْيَةكَانَتْ آمِنَةً مُطْمَئِنَّةً يَأْتِيهَا رِزْقُهَا رَغَداً مِنْ كُلِّ مَكَانٍ فَكَفَرَتْ بِأَنْعُمِ اللَّهِ فَأَذَاقَهَا اللَّهُ لِبَاسَ الْجُوعِ وَالْخَوْفِ بِمَا كَانُوا يَصْنَعُونَ

«Алла (ғибрат аларсыңдар деп) мынадай ауылды мысалға келтірді: Ол ауыл бейбіт, мамыражай еді. Ризық-несібесі жан-жақтан ағыл-тегіл келіп жататын. Алайда, ол ауылдың халқы Алланың осынау нығметтерініңқадірін біле алмады. (яғни, тұрақтылық пен рызық нығметіне, Алланың нығметтеріне күпірлік етті). Сөйтіп Алла оларға қылықтарының салдарынан ашаршылық және қауіп-қатердің шекпенін кигізіп, ащы дәмін таттырды». («Нахл» сүресі, 112-аят)

Хасан әл-Басри (р.х.) бір сөзінде:

إِنَّ اللَّهَ لَيُمَتِّعُ بِالنِّعْمَةِ مَا شَاءَ ، فَإِذَا لَمْ يُشْكَرْ قَلَبَهَا عَلَيْهِمْ عَذَابًا

«Алла қалағанша бір нығметке бөлейді. Егер соған шүкір етпесе, оны азаппен алмастырып қояды»,-дейді.

Аятта айтылған жағдай халқымыздың асыл сөз мұрасында:

Көңіліңнің кетігі

Шүкірлік қылсаң бітелер,

Ал шүкірлік қылмасаң,

Жан азабын күте бер – деген өлеңмен суреттеледі. Байқасақ, әрбір істі Алладан деп білетін қазақ халқы пайғамбар өсиеттерін өмірлік ұстанымына айналдыра білген. Мұны сонау ықылым заманнан күні бүгінге дейінгі халық аузындағы аталы сөздерден, мақал-мәтел, салт-жоралғыларынан айқын аңғарамыз.

 

Алла Тағала "Сәбә" сүресінің 13-аятында:

وَ قَلِيلٌ مِنْ عِبَادِىَ الشَّكُورُ

«Құлдарымның ішінде шүкір етушілер өте аз»,-дейді.

Бірде Хазіреті Омар ибн әл-Хаттаб (р.ғ.) бір адамның «Уа, Алла! Мені сол аздардың қатарында ете гөр!» деп дұға жасағанын естиді де;

–  Бұл қандай дұға?-деп сұрайды. Дұға жасаушы:

– Алла Тағала:«Құлдарымның ішінде шүкір етушілер өте аз»,-демеді ме? Мен сол аз ғана шүкір етушілердің қатарында болғым келеді,-деп жауап береді. Сонда Хазіреті Омар:

–  Омардан басқасы білімді екен,-деп таңданысын жасыра алмапты.

Аят-хадистен ұғарымыз, бізге бұйырған осы ұлы нығмет – тыныштық пен тұрақтылықтың қадір-қасиетіне жетіп, шүкірлік ете білу. Бүгінде әлемдегі кейбір елдерде бірлігінен ажыраған, басшысына бағынбай, туған елінің тыныштығын бұзып, соғыстың сергелдеңіне түскен елдер қаншама?! Бұл елдердің тағдыры мұсылман халқы ретінде бізді де қатты қынжылтады. Сол себепті, осы нығметтерді сақтау, оған шүкір ету – бүгінгі мұсылманның борышына айналып отыр

 

Шайтанның басты мақсаты

 

Адамзаттың қас жауы болған шайтанның (лағнатулла) осы дүниедегі ең басты мақсаты адамдарды Алланың берген нығметтеріне  шүкір етуден тыю. Құран Кәрімде ібілістің Адам Атаға (ғ.с.) сәжде жасамағаны үшін лағнетке ұшырағанынан кейін Құдай Тағаладан қиямет күніне дейін уақыт беруін өтініп:

قَالَ أَنظِرْنِي إِلَىٰ يَوْمِ يُبْعَثُونَ قَالَ إِنَّكَ مِنَ الْمُنظَرِينَ

«(Ібіліс): «Қайта тірілетін күнге дейін мұрсат бер»,- деді. (Алла): «Шынында мұрсат берілгендерденсің»,- деді. ("Ағраф" сүресі, 14-15 аят).

Өзіне мұрсат берілгеннен соң шайтан одан әрі қасарысқан күйде:

قَالَ فَبِمَا أَغْوَيْتَنِي لَأَقْعُدَنَّ لَهُمْ صِرَاطَكَ الْمُسْتَقِيمَ

«(Ібіліс): «Ендеше, мені қаңғыртқаның себепті әлбетте мен де оларға қарсы Сенің тура жолыңда отырып аламын»,- деді».

Тәпсіршілер: «Аяттағы«тура жолыңда»дегенді ол –«шүкір жолы»деп түсіндірген.Бұған дәлел аяттың жалғасында шайтан:

ثُمَّ لَآتِيَنَّهُمْ مِنْ بَيْنِ أَيْدِيهِمْ وَمِنْ خَلْفِهِمْ وَعَنْ أَيْمَانِهِمْ وَعَنْ شَمَائِلِهِمْ وَلَا تَجِدُ أَكْثَرَهُمْ شَاكِرِينَ

«Содан соң оларға алды-артына, оң-солынан келемін де олардың көбін шүкір етушілерден таппайсың» деді»,-делінеді. ("Ағраф" сүресі 16-17 аят).

 

Шүкір етуші пендеге берілетін сый:

Мейрімді Раббымыз:

وَسَنَجْزِي الشَّاكِرِينَ

«Біз шүкір етушілердің  (берген игіліктерімізге алғыс білдірушілердің)қайтарым сыйын жақында береміз»,-деп сүйіншілейді. ("Әл-Имран" сүресі, 145 аят). Әлем әдебиетінде «Құтты білік» дастанымен есімі мәшһүр болған, Шығыс Түркістанда өмір сүрген ойшыл ғалым Жүсіп Баласағұн «Шүкіршілік қылғанға шыр бітер» деп осы аятпен астарлас сөз қалдырды артында.

Ардақты Алла елшісі (ﷺ):

مَنِ ابْتُلِيَ فَصَبَرَ، وَأُعْطِيَ فَشَكَرَ وَظُلِمَ فَغَفَرَ، وَظَلَمَ فَاسْتَغْفَرَ ثُمَّ سَكَتَ قَالُوا: مَا لَهُ يَا رَسُولَ اللَّهِ؟

«Кім сынаққа душар болған сәтте сабыр сақтаса, берілген(нығметке) шүкір етсе, зұлымдыққа ұшырағанда кешірім етсе, зұлымдық жасағанда жарылқау тілесе»,-деп ары қарай үнсіз отырып қалды. Сонда қасындағылар: «Уа, Алланың елшісі! Оған не болады?", -деп сұрағанда. Ол (ﷺ):

أُولَئِكَ لَهُمُ الْأَمْنُ وَهُمْ مُهْتَدُونَ

«Міне, соларға амандық бар әрі олар – тура жолдағылар»,-деген "Әнғам" сүресінің 82-аятымен жауап берді. Яғни, жоғарыдағы хадисте көрсетілген қасиеттер бойынан табылған пенде екі дүниеде де амандық пен тура жолда болатындығы баяндалған.

Құбыласынан жаңылмаған қазақ халқы жақсылықтың да, жамандықтың да жауабын момынға тән тұрғыда қайтарған. «Жақсылыққа жақсылық – әр адамның ісі, жамандыққа жақсылық – ер адамның ісі» деген нақыл осыдан қалса керек. Нағыз момын мұсылман тілімен де, ісімен де ешкімге залал бермейді. Сонымен қатар, басына қандай да бір қиыншылық, не бір кедергі туса, қуаныш пен қайғыда да сабыр сақтау – мұсылманның сипаты. Бұл турасында мына бір хадисте «Мұсылманның өмірі ғажап. Ол басына қиыншылық, қайғы түссе сабыр қылып, осы арқылы сауапқа ие болады. Ал қуанышқа жолықса, асып-тасымай, шүкір етіп және сауапқа кенеледі» деп баяндалады. Кеңшілік пен таршылықта да шүкір етушілер жайында төмендегі аят-хадистерде де кеңінен көрініс табады.

Пайғамбарымыздың (ﷺ)бір сөзінде:

«Қиямет күні көп мадақ айтушы пенделерді тұрғызу үшін жар салады. Сол сәтте бір топ тұрып, оларға арнайы белгі беріліп жәннатқа кіреді» дейді.Сонда адамдар:

يَا رَسُولَ اللهِ وَمَنِ الْحَمَّادُونَ

«Уа, Алланың елшісі! Көп мадақ айтушы кімдер?»деп сұрады. Ол (ﷺ): 

اَلَّذِينَ يَشْكُرُونَ اللهَ تَعَالَى عَلَى كُلِّ حَالٍ

«Алла Тағалаға әр түрлі жағдайда да шүкір етушілер», - десе, басқа риуаятта:

اَلَّذِينَ يَشْكُرُونَ اللهَ عَلَى السَّرَّاءِ وَالضَّرَّاءِ

«Кеңшілікте де таршылықта да Аллаға шүкір етушілер»,-деп айтты.

Ал Құран аятында:

مَا يَفْعَلُ اللَّهُ بِعَذَابِكُمْ إِنْ شَكَرْتُمْ وَآمَنْتُمْ وَكَانَ اللَّهُ شَاكِرًا عَلِيمًا

«Егер шүкір етсеңдер және иманға келсеңдер, Алла сендерді неге азаптасын? Өйткені, Алла шүкірлікті бағалаушы, бәрін Білуші»,-делінеді.

Иә, ниеті түзу, иманы бүтін жанды Алла әлбетте рақымына бөлеп, кеңшілігіне алады. Бабаларымыз діннің негізгі қағидасын түсінгендіктен болар,пейіл,ниет мағынасында ұлағатты өсиеттер қалдырды. «Шығысы жаман қамысты,Су ішінен өрт шалар,пейілі жаман кісіні ат үстінде ит қабар», «Адамның ұяты бетінде, Адамгершілігі ниетінде», «Жақсы ниет – жарым ырыс»,  «Іші таза болмаса, ісі таза болмайды.Құнты пейлі түзелмей, кісі таза болмайды»деген халық мәтелдері асыл шариғатымыздың мақсат-мұратын өн бойына сыйдырған. 


Шүкір етудің үш жолы:

 

Шүкірлік үш түрлі жолмен жүзеге асады. Біріншісі, жүрек арқылы. Екіншісі, тіл арқылы. Үшіншісі, дене мүшелері арқылы. 

Жүрекпен жасалатын шүкіршілік жайында Хафиз ибн Ражаб (р.х.) төмендегідей анықтама берген: «Жүрекпен болған шүкірлікбарлық игіліктің Алладан екендігін мойындап, Оның өзіне берген кеңшілігі екенін ұғыну. Жүрекпен жасалатын шүкірліктің бірі – нығметтерді берген Аллаға деген махаббаттың орын алуы».

Тілмен шүкір ету – берілген нығметтер үшін Аллаға мадақ-мақтау айтып, әрдайым тілімен шүкір етіп жүру.

Құранда Кәрімде:

وَأَمَّا بِنِعْمَةِ رَبِّكَ فَحَدِّثْ

«Әрі Раббыңның игілігі жайлы айт», - деп бұйырады.("Дұха" сүресі, 11 аят).

Тәпсірші ғалымдар осы аяттың түсіндірмесінде: «Аса Ұлы Алланың игілігі мен мейірімі жайлы хабарла. Бұл адамдардың шүкіршілік етуіне әрі жүректерінде Раббысына деген жақсы көру сезімдерін оятады»,-деді.

Алла Елшісі (ﷺ)  хадисінде:

الْحَمْدُ رَاْسَ الشًّكْرِ مَنْ لَمْ يَحْمَدَ اللَّهَ لَمْ يَشْكُرْهُ

«Аллаға мадақ айту – шүкірдің басы. Аллаға мадақ айтпаған Оған шүкіршілік жасамағаны»,-деп айтты.

Дене мүшелерімен жасалатын шүкіршілік– дене мүшелерімізді Хақ Тағалаға құлшылық ету жолында пайдаланып, күнәлі істерді жасаудан алыс ұстау.

Пайғамбарымыздың (ﷺ) дене мүшесі арқылы еткен шүкіршілігіне тоқталар болсақ, ол кісі (ﷺ) түні бойы аяқтары ісіп кеткенше намаз оқитын. Сонда Хазіреті Айша (р.а.) анамыз:

– Уа, Алланың елшісі! Алла Сіздің өткен және келер күнәларыңыздың барлығын жарылқаған ғой. Ғибадат үшін мұншама қиналғаныңыз қалай?,-деп сұрағанда Алла елшісі (ﷺ):

اَفَلَا اَكُونَ عَبْدًا شُكُورًا

– Мен шүкір етуші құлдардан болмаймын ба?,-деп жауап қатқан.

Әл-Мунәуй (р.х.) Шүкір екі түрлі болады дейді.«Біріншісі тілмен жүзеге асады. Ол дегеніміз – игіліктерді Берушіге (Аллаға) мадақ айту. Келесісі, бүтіндей дене мүшелері арқылы. Яғни, лайықты түрде нығметтің қарымтасын өтеу. Шүкір етуші – сеніммен  және мойындай отырып, шама-шарқына қарай жүрегімен де, тілімен де, дене мүшелерімен де шүкіршілік білдірген адам», - деп сипаттаған екен. Мәшһүр Жүсіп бабамыз бір сөзінде «тілмен болған шүкіршіліктен іспен көрсетілген шүкіршілік абзалырақ» депті. 

Бірде Әбу Хазим (р.х.) есімді ғалымнан бір кісі:

Уа, Әбу Хазим! Екі көздің шүкірі қалай өтеледі?– деп сұрағанда, ол кісі:

Көзіңмен жақсылықты көргенде оны таратып, ал жамандықты көргенде жасыруың, - деп жауап берді. 

– Екі құлақтың шүкірі қалай болмақ?

– Екі құлағыңмен жақсылықты естігенде оны санаңа құйып, жамандықты естігенде іште сақтауың.

–  Екі қолдың шүкірі ше?

–  Оларға тиісті болмаған нәрселерді алмауың және Алла Тағала үшін тиісті болған ақыдан оларды тыймауың.

–  Іштің шүкірі қалай болады?

– Оның түбінде тамақ болып, үстінде ілім болуы,- деп жауап бергеннен кейін былай деді:

فَأَمَّا مَنْ شَكَرَ بِلِسَانِهِ وَلَمْ يَشْكُرْ بِجَمِيعِ أَعْضَائِهِ فَمَثَلُهُ كَمَثَلِ رَجُلٍ لَهُ كِسَاءٌ ، فَأَخَذَ بِطَرْفِهِ وَلَمْ يَلْبَسْهُ ، فَلَمْ يَنْفَعْهُ ذَلِكَ مِنَ الْحَرِّ ، وَالْبَرَدِ ، وَالثَّلْجِ ، وَالْمَطَرِ

«Кім тілімен шүкір айтып, алайда күллі дене мүшелерімен шүкірлік білдірмесе, ол кісі киерге киімі бар болсада оны киместен бір шетінен ұстап тұрған адам тәрізді. Оның бұл киімі ыстық пен суықтан және қар мен жаңбырдан қорғамай иесіне пайда келтірмейді».

 

Шүкіршілік – игілікті ұстап қалудың шарты:

 

Омар ибн Абдул Аъзиз (р.х.) айтты:

قَيِّدُوا نِعَمَ اللَّهِ بِالشُّكْرِ لِلَّهِ

«Аллаға шүкір ету арқылы – Алланың нығметтерін (өздеріңе)байлаңдар».

Шүкіршілік – нығметті молайтатындығы жөніндеқасиетті Құран Кәрімде Алла Тағала: 

لَئِن شَكَرْتُمْ لأَزِيدَنَّكُمْ وَلَئِن كَفَرْتُمْ إِنَّ عَذَابِي لَشَدِيدٌ

 «Егер шүкір етсеңдер (берген игіліктеріме алғыс білдірсеңдер),сендерге оны міндетті түрде арттыра беремін. Ал, егер күпірлік етсеңдер (игіліктерімді мойындамасаңдар), шын мәнінде азабым өте қатты»,-деп ескертті. ("Ибраһим "сүресі, 7 аят).

Хасан әл-Басри (р.х.):

أَكْثِرُوا ذِكْرَ هَذِهِ النِّعَمَ, فَإِنَّ ذِكْرَهَا شُكْرُهَا

«Бұл нығметтерді еске алуды көбейтіңіздер. Әлбетте оны еске алудың жолы – сол үшін шүкірлік білдіру»,-деді.

Кімде-кім өзіне берілген игіліктерді бағаламай, лайықты түрде шүкірлік ете алмаса, ол нығметтерден қалай айрылып қалғанын өзі байқамай қалады.

Әли ибн Әбу Талиб (р.ғ.):

إِذَا وَصَلَتْ إِلَيْكُمْ أَطْرَافُ النِّعَمِ فَلا تُنَفِّرُوا أَقْصَاهَا بِقِلَّةِ الشُّكْرِ

«Нығметтің басы жеткен сәтте – аз шүкіршіліктің кесірінен оның келесі бөлігін өзіңнен қаштырып алма!»,-деп ескерткен.

 

Шүкір деуден жалықпа!

 

Юнус ибн Ғубайдқа (р.х.) бір кісі өмірдің таршылығы мен жағдайының қиын екенін айтып шағымданады. Сонда Юнус (р.х.) әлгі кісіден:

–      Көз жанарыңды мың пұлға сатуды қалайсың ба?

–      Жоқ, әрине!

–      Ал, құлағыңды ше?

–      Жоқ!

–      Онда тіліңді сататын боларсың?

–      Жоқ!

–      Ойлайтын ақылыңды да сатпайсың ба?

–      Жоқ,- деп жауап берді шағымданушы.

Оған Алланың берген нығметтерін тізбектеп болғаннан соң, Юнус (р.х.) былай деді:

أَرَى لَكَ مِئِينَ أُلُوفًا وَأَنْتَ تَشْكُو الْحَاجَةَ

«Сенде жүз мыңдаған игілік бар екендігін көрмей тұрсың ба? Сөйте тұра жағдайым қиын дейсің», - деп Тәңірдің тарту еткен нығметтеріне шүкір етуді үйреткен екен. 

Шүкір етуші – Раббысын таныған пенде:

 

Бір күні Дәуіт пайғамбар (ғ.с.): «Уа, Раббым, қайтсем Өзіңе шүкірлігімді білдіре аламын. Өзің маған игіліктерді бересің, және сол нығметке шүкір етуді нәсіп етесің. Содан кейін бір нығметтен соң келесі нығметті арттырып үсті-үстіне бересің. Олай болса нығметте және шүкірлікте Өзіңнен болғаны. Ендеше Саған қалай шүкірлік етуге шамам келеді?»,-деп сұраған екен. Сонда Хақ Тағала:

اَلْآنَ عَرَفْتَنِي يَا دَاوُدُ حَقَّ مَعْرِفَتِي

«Уа, Дауіт! Міне, енді Мені шынайы таныдың»,-деді.

 

Түйін сөз:

 

Алла Тағала "Бақара" сүресінің 152-аятында:

فَاذْكُرُونِي أَذْكُرْكُمْ وَاشْكُرُوا لِي وَلَا تَكْفُرُونِي

«Meні еске алыңдар, Мен де сендерді еске аламын және Маған шүкіршілік етіңдер де қарсы болмаңдар»,-деп жағдайына шүкір еткен пендесіне берер жақсылығы мен молшылығынан хабар береді.

Ардақты ағайын! Аллаға шүкір, біз – бақытты заманның куәгерлеріміз. Ашық аспан астында көк байрағымыз желбіреп, әнұранымыз шарықтап, дініміз бен ділімізге оралған елміз.

Қазіргі әлемді жайлаған дағдарыс тұсында елімізде де бірқатар өзгерістер болып жатыр. Расында, мұсылман дүние тіршілігінде күш-қуатын сабырмен көрсете алады. Демек мұсылман сабырымен қиындықты жеңіп, аяғына тұрар болса, дүниедегі пайдасы алға қойған мақсаттарына қол жеткізе түседі.

 Өздеріңіз білетіндей, Біз тәуелсіз мемлекеттің мұсылман азаматтары ретінде елдегі мәселелерге түсіністікпен қарауымыз қажет. Осы ретте басшыға бағыну – кәміл мұсылманның бір парызы, ал басшылық қашанда халықтың игілігіне жарайтын шешімдер қабылдайды. Сондықтан да біз жамағатты ел ішінде тыныштықты, ауызбірлікті сақтауға, ұйымшылдыққа ұйытқы болуға шақырамыз.

Әрбір адамның жаны, өмірі – өзіне аманат болса, бүгінгі адамзат қоғамын тұтас қалыпта, дұрыс бағытта ұстап тұру да – баршаға аманат екендігін ұмытпайық. Қазақ елінің ішкі тұтастығы мен қауіпсіздігін, тыныштығын сақтауда құлдай еңбек етіп, көзіміздің қарашығындай қорғауымыз – азаматтық парызымыз һәм мұсылмандық міндетіміз.

 

Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ,

ҚМДБ наиб мүфтиі, ҚМДБ-ның Астана қаласы бойынша өкіл имамы,

"Нұр Астана" мешітінің бас имамы


Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру


Соңғылар

Мұрағат