Таң

Күн

Бесін

Екінті

Шам

Құптан

Наурызбай қажы Тағанұлы: Зиялы имам иманды қоғам қалыптастырады

10.05.2016 1626 0 пікір

Асыл дініміз ислам адамзат игілігі үшін жаралған. Сол себепті дінімізді дəстүрімізбен бірге, ел руханиятымен тұтас қарастырамыз. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы əр жыл сайын руханиятымыздың дамуына басымдық беріп келеді. Осының айғағы ретінде ұлттық дүниетаным мен ислам қағидаттарының үйлесімділігін паш ету үшін екі жыл қатарынан «Дін мен дəстүр жылы» деп аталды. Игі дəстүрді биыл да жалғас тырып, 2016 жылды «Дін жəне тарих тағылымы» жылы деп жарияладық.

Əр жылға тарих, руханият тұрғысынан мəн беріп, меже қою діни басқарманың соған сай мақсатты жұмыстарды атқаруына дем беріп, ұттық танымымызды, салт-санамызды жаңғыртуға жол ашады. Қазақстан Республикасы Ата заңының 1-бабына сəйкес, еліміз демократиялық, зайырлы, құқықтық жəне əлеуметтік мемлекет ретінде орныққан. Мемлекетіміздің ең басты баға жетпес қазынасы – осы елдің азаматтары мен олардың өмiрi, құқықтары мен бостандықтары екені белгілі.

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан – 2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында: «Бүгінгі ұрпақ əлемдегі ең ізгі дін – Ислам дінін қадірлей отырып, ата дəстүрін ардақ тағаны абзал. Біз мұсылман үмбетінің бір бөлігі екенімізді мақтан тұтамыз. Ол – біздің дəстүріміз. Бірақ бізде зайырлы қоғамның дəстүрлері де бар екенін, Қазақстан зайырлы мемлекет екенін ұмытпауымыз керек. Біз елдің дəстүрлері мен мəдени нормаларына сəйкес келетін діни сана қалыптастыруымыз керек» деп, зайырлы мемлекеттің мақсат-мүдделерін түсіндіріп өткен еді. Осы ретте «қоғам мен діннің, зайырлылық пен исламның ара-қатынасы қандай болуы керек? Дін насихаттауға міндеттелген имамның қоғамдағы орны мен мақсат- міндеті қайсы?» деген сауал туындайды.

Алдымен, зайырлылық дегеніміз қоғамдағы бір дін-нің үстемдік құруы немесе мансұқталып, жаншылуы емес екенін естен шығармауымыз қажет. Зайырлық принциптері ең əуелі жариялылыққа, білім-ғылымға жетелейді, қандай да бір наным-сенімге саналы түрде көз жеткізу десек те болады. Ел Конституциясы мен Дін туралы заңнамаларымызда көр сетілгендей, адамның ар-ождан бостандығы мен сенім еркіндігіне кепілдік берілуі біздің қоғамда діннің атынан жалған, шектен шыққан насихаттың таралуына жол бермеуі керек. Бұл орайда Елбасымыз «Қазақстан-2050» Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында:

«Бүгінде, интернет пен жоғары технологиялар ғасырында, ақпараттар тасқындаған заманда, «сүзгі» адамның ішінде болу керек» деп, мұндай келеңсіздіктің, адасушылықтың алдын алуда ішкі иммунитетті қалыптастырудың маңызын дөп басып айтты. Ал осы «ішкі сүзгіні», яки имани иммунитетті қалыптастыруда имамның орны орасан, міндеті үлкен. Əр саланы жауапты адамы, тиісті маманы игеретіні сияқты, дін саласы да өте салмақты, күрделі де нəзік сала. Оны саясатпен не саудамен шатастыруға əсте болмайды. Дін күнкөрістің не болмаса өзге де мақсаттың құралы емес. Ақиық ақын Мұқағали Мақатаев айтқандай, «Дін – ғылымның атасы, Ғылым – діннің баласы». Ислам осы дүниелік ғылымды игеруді, биік мəдениетті, асқан парасаттылықты талап етеді. Ал бүгінгі қоғамда кездесетін оғаш құбылыстарды түп-тамырымен жойып, дін қайнарын нағыз көзінен алып, насихаттау үшін ислам құндылықтарын дəріптейтін білікті имамдар корпусын қалыптастыру қажеттілігі бүгінгі қоғамның заңды талабы. Əлбетте, ислам діні білім алуды ең əуелгі міндеттер қатарына қояды. Бұл сөзімізге шариғаттан мысал жетерлік. Құранда: «Білімділер мен білімсіздер тең бе?» («Зүмəр» сүресі, 9-аят) делінеді.

Ислам тарихындағы ұлық төрт халифтің бірі хазіреті Əли «Білім пайғамбарлардан қалған мирас», – деген. Көріп отырғанымыздай, пайғамбарлардан бастау алып, əділетті төрт халифаларға жалғасып, кешегі Абай, Шəкəрім, Мəшһүр Жүсіп бабаларымызға жеткен руханият көзі, баға жетпес байлығымыз осы. Қазақ халқының осындай ұлы мұраларын, құндылықтарын насихаттауда негізгі күш имамдарға жүктеледі. Себебі, дін – насихат. Бір нақылда «Насихаттамасаң – насихатталасың» деген екен. Ата дін, төл руханиятымызды өзіміз насихаттауымыз керек. Ал Алланың əрі халықтың алдында дін аманатын арқалаған имам-молдалар қандай болуы керек? Бас мүфтиіміз Ержан қажы Малғажыұлының бір сөзінде «Бізге ұлттық санасы қалыптасқан, діни білімі терең, интеллектуалды жоғары заманауи имамдар керек» деп айт қаны бар. Мұны барша дін қызметкерлері үшін маңызды міндет, қоғамның талабы десек те болады.

Бас мүфтиіміз имамдардың уағыз-насихатында Құран аяттары мен пайғамбар хадистерін төл тарихымызбен, ұлттық құндылықтарымызбен сабақтастырып, би-шешендердің өнегелі сөздерімен, өлең-жырларымен ұштастыра білуіне баса назар аударған болатын. Расында, терең білімді, сөзге шешен, ойға жүйрік болып, зайырлы қоғам қағидаттарын меңгере білмеген жағдайда, нəтиженің көңіл көншітпесі анық дүние. Өзі білімі таяз жан өзгеге дұрыс насихат айтып, тура жолға түсіре алмасы белгілі. Ал қарапайым халық орта жолда өзге «дін жанашырларының», теріс пиғылды дəріптеушілердің құрығына оңай түседі. Бұл қарым-қабілеті жетпеген маманның жеке бас жеңілісі емес, бүтін бір халыққа немесе ислам дініне жағылған күйе, мұсылман қауымына тағылған айып болмақ. Осы себепті де, бүгінгі қоғамның имамы исламның айнасы, діннің бетпердесі, барша мұсылманның үлгі тұтар тұлғасы болуы керек-ақ.

Биыл Астанада Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы өз тарихында тұңғыш рет білікті теолог-мамандарға, дін ғалымдарына арналған «Ислам жəне зайырлы қоғам» республикалық конференциясын өткізді. Дін саласындағы салмағы үстем ғалым-ғұламалардың, қоғам қайраткерлерінің басын қосқан мəжілісте зайырлы қоғамдағы дін мəселелері талқыланып, имамдардың мақсат-міндеттері мен тұлғалық келбеті айқындалды. Қатысушылар осыған дейін діни басқарма тарапынан қабылданған «Имамның тұлғалық келбеті», «Қазақстан мұсылмандарының тұғырнамасы» сынды құжаттардың маңыздылығына ерекше мəн беріп, дін кадрларының əлеуетінің жоғары болуын қалайтынын һəм құптайтынын бірауыздан жеткізді. Діни басқарма бұл саладағы мамандардың білім-біліктілігіне медреседен бастап, барлық діни білім сатыларында жіті ден қойып келеді.

Алматыдағы имамдардың білімін жетілдіру Ислам институты, «Нұр-Мүбарак» ислам мəдениеті университеті дін маманын даярлаудағы отандық білім ошағына айналып отыр. Бұдан бөлек, Түркия, Мысыр секілді ислами білім саласында беделді елдермен əріптестік қарым- қатынас орнатты. Сонымен қатар, діни басқарма имам-молдалардың сөйлеу шеберлігін арттырып, уағыз-насихатты көркем тілмен жеткізе білуіне де баса назар аударады. Қазіргі кезде мешіт имамдарының қазақы салт-дəстүр мен ұлт тарихын ұштастыра отырып, уағыз-насихатты кешегі ақын- жыраулардың тілімен санаға сіңіруіне көңіл бөлінуде.

Осы атап өткеннің барлығы қоғам тарапынан бүгінгі күннің имамына қойылар талап-тілек, ізгі міндеттер болып табылады. Көркем насихат жұмыстарымен қатар, еліміздегі ұлттық, діни һəм мемлекеттік мерекелерде мешіттерде қалың бұқараға арналған ұлттық спорттық ойындар, мəдени іс-шаралар ұйымдастыру да имамдарға жүктелер іс. Бұл күндері Рамазан, Құрбан айт мерекелері ұлттық нақышта өткізіліп жүр. Қазақы киіз тігіліп, ұлттың өнері сахналады. Бұл дүниелер мешіттің тек мінəжат орны ғана емес, үлкен мəдениет ошағы екенін байқатады. Осындай игі істердің басы-қасынан табылатын имамдар дін насихатымен қатар, ұлттық құндылықтарды, білім мен ғылымды көтеріп, халыққа һəм Хаққа қызмет ететін рухани қозғаушы күшке айналып келеді. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы дін мамандарының, имамдар мен молдалардың, исламтанушы ғалымдардың бедел-мəртебесін көтеріп, олардың діни һəм зайырлы білімді игеру қажеттілігін көрсетті. «Қазіргі заманның үздік 500 зиялы имамы» жобасы осы талаптарға байланысты туған сəтті бастама. Дін жаршысы саналатын имамның тұлғалық келбеті, болмыс-бітімі, сөз саптауы, тіптен, жүріс-тұрысының өзі «имам» деген абыройлы атқа сай болуы керек. Себебі, қай заманда да имам – иманның айнасы.

Өткен жылдың 15-сəуірінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Астанадағы өкілдігі «Нұр Астана» орталық мешіті «Нұрлы мінбер» имамдар байқауын ұйымдастырды. Имамдар байқауына елордамыздың «Нұр Астана», «Əзірет Сұлтан», «С.Ғылмани», «Əлжан Ана», «Əл-Ғани», «Кунта қажы», «Төлебай», «Əс-Сəлам» мешіттерінің имамдары қатысты. Бұл сайыста дін қызметкерлері жан-жақты əзірліктерін байқатып, біраз шынығып-ширақтағандарын көрсетті. Сонымен қатар, имамдық ескіліктің көрінісі емес екенін, əрбір заманға сай бола алатындығын өздерінің білім-біліктілігімен таныта алды. Қазақстан мұсылмандарының қара шаңырағы діни басқарма төрағасы Ержан қажы Малғажыұлының алға қойған мақсаты – зайырлы қоғамдағы бəсекеге қабілетті, білімді де қарымды, қабілетті имам бейнесін қалыптастыру, есімі ел есінде жатталып, тарихында қатталар дін қайраткерлерінің шығуына жол ашу.

Қазіргі жаһандану заманында да имамдар имиджінің, имам интеллектуалының биік дəрежеде, лайықты сипатта болуы дін дамуы үшін маңызы зор болмақ. Осы сынды салмақты үдеден шығуды діттеген байқау – асыл дініміз бен дəстүрімізді, мəдениетімізді, ұлттық құндылықтарымызды əспеттей отырып, бұқара алдындағы дін қызметкерінің беделін көтеру мақсатында қолға алынды. Сондай-ақ, кешегі жылдың еншісіндегі дін саласындағы айтулы шара – Республикалық имамдар форумының өткізілуі, онда құнды құжаттардың қабылдануы да дін қызметкерлеріне жүктелер міндет пен жауапкершіліктің жеңіл еместігін көрсетеді.

Бүгінгі күннің имамы діни де дүнияуи білімді қатар меңгерсе заманның талабына жауап берер білікті кадрға айналады. Осылайша шариғат талаптары мен мемлекет заңнамаларын үйлестіріп, зайырлы қоғамда туындайтын мəселелердің тиімді шешімдері мен оңтайлы жолдарын көрсете біледі. Дін мен қоғамның арасына көпе-көрнеу жік салуға жол бермей, діннің қоғаммен біртұтас дамуына интелектуалы жоғары, жан-жақты, арғы-бергі тарихтан, жаңа заман жаңалығынан білімі мен хабары мол имамдар ықпал етеді. Діни басқарма осы мақсатта өзінің бағытын айқындап, бағдарламасын бекітті. Дін ешуақытта қоғамнан бөлінбейді. Əсіресе, зайырлы мемлекетте руханият қоғамның бөлінбес бөлшегі болуы тиіс. Елбасымыздың сөзімен түйіндер болсақ, «Саясат күнде өзгергенімен, дін мəңгілік».

Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ,

 Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының

наиб мүфтиі

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру


Соңғылар

Мұрағат