Таң

Күн

Бесін

Екінті

Шам

Құптан

Отбасы бақытына апаратын отыз жол: 11 - Шыншыл әрі ашық болу

18.04.2016 1623 0 пікір

Пайғамбарымыз () былай дейді: «Әлбетте, шыншылдық игілікке бастайды, ал игілік жәннатқа апарады. Адам шыншыл болған сайын, Алланың алдында шыншыл деп жазылады. Ал енді, өтірік, әлбетте, азғындыққа бастайды, ал азғындық отқа апарады. Адам өтірікші болған сайын, Алланың алдында өтірікші деп жазылады»[1].

Адам шыншыл болса, айналасындағы адамдардың махаббатына ие болады және өзіне деген сенімін арттырады, ал өтірікші адам, керісінше, адамдардың жек көрінішін тудырып, олардың өзіне деген күдігін арттырады, сол сияқты адам сөзі мен ісінде ашық болса, достық пен бауырмашылық тұрақтығына ие болады, ал сөзі мен ісі бұлыңғыр, түсініксіз адаммен өзгелердің байланыс орнатуы қиынға соғады.

Адамның шыншыл және ашық болуы тек сөзінде ғана емес, сонымен қатар куәлігі мен ісінде де, ниеттері мен сезімдерінде де талап етіледі. Құран Кәрімде Алла Тағала былай дейді: «Әй, иман келтіргендер, Алланың әділдікті орнатушы куәгерлері болыңдар, куәлік, тіпті өздеріңе, немесе ата-аналарыңа және туыстарыңа қарсы айтылса да, мейлі бай, мейлі кедей болсын, Алла екеуін де біледі. Әділдікті аттап, қалауларыңа ермеңдер, егер қулық жасасаңдар немесе бет бұрсаңдар, әлбетте, Алла не істеп жатқандарың жайлы хабардар» («Ниса» сүресі, 135-аят).

Ниеттің растығы жайлы пайғамбарымыз () былай деген: «Кім жақсылық істеуге ниеттеніп, істей алмай қалса, Алла Тағала оны Өз қасында бір жақсылықты толық істеді деп жазады, ал ниет етіп, істеген болса, онда Алла Тағала оған он жақсылық істеді деп, тіпті жетпіс есе, тіпті одан да көп есе арттырып жазады..»[2].

Кәпірлердің иман келтірмегені Алланың елшісінің () жанына батып, олар үшін қатты қиналатын, сонда Алла Тағала оған Құран Кәрімде былай дейді: «Олардың қылықтарына қарап, бұл Құранға иман келтірмегендігі үшін, уайымға беріліп өзіңді өлтіре жаздайсың» («Кәһф» сүресі, 6-аят). Осылайша пайғамбарымыздың () тіпті кәпірлерге деген сезімі де шынайы еді.

Амр ибн ал-Ас (р.а.) келінінен баласының хал-жайын сұрайды, сонда ол: «Еркек болған қандай жақсы! Біз келін болып түскеннен бері төсегімізге аяқ баспайды, қасымызға іздеп келмейді», - деп жауап береді[3]. Бұл сөздерімен келін күйеуінің өзіне көңіл бөлмейтіндігі жайлы ашық айтып атасына шағымданады.

Кейбір жағдайларда пайдасы болғандықтан шындықты жасыруға болады

 

Мысалы, күйеуі жұмыстан кешігіп келді делік, себебі жұмыстан кейін Алла Тағаланың разылығын іздеп, жағдайы нашар адамдарға азық-түлік апарған екен. Ниетіне рия жұқтырмас үшін, әйелінен шындықты жасырып, бүгін көп жұмыс болды деп жауап беруі өтірікке жатпайды, өйткені жұмыстан кейін істегені де жұмысқа жатады.

Ерлі-зайыптылардың қызғанышы күшті болған жағдайларда, осындай тәсілдерге сүйенбесе болмайды, алайда оны көп қолдануға да болмайды, өйткені ол өтірік болмағанымен, адамды өтірік айтуға жақындатуы мүмкін.

Үмму Күлсім (р.анһа.) пайғамбарымыздың () үш жағдайда ғана өтірік айтуға рұқсат бергенін естідім, дейді ол (р.анһа.): «Екі адамның арасын жарастыру үшін өтірік айтқан адам, соғыста өтірік айтқан адам, ер адамның әйеліне айтуы және әйелдің күйеуіне айтуы»[4].

Әрине, адамдардың арасын жарастыру үшін, немесе қауіпті кетіру үшін, немесе ерлі-зайыптылар бір-бірінің көңілін көтеріп, жүректеріне қуаныш ұялатуы үшін жақсылықты асырып, жамандықты жасырып өтірік айтудың пайдасы - өте мол, хадистегі рұқсаттың да көздейтіні - осы. Мысалы, күйеуі әйеліне: «Тамағың қандай дәмді, мұндай тамақты ешқашан жеген емеспін», - деуі әйеліне ұнап жатса, неге оны айтпасқа? Сондай-ақ бұл тәсілді аса қажет болмаса, әрдайым қолдана беруге болмайды. Ал енді өтіріктің пайдасынан гөрі зияны басым болса, онда оны үзілді-кесілді тоқтату қажет.

Дайындаған: Берік Үйсінбаев
muftyat.kz


[1] Әл-Бұхари мен Мүслім жеткізді
[2] Әл-Бұхари мен Мүслім жеткізді
[3] Әл-Бұхари мен Мүслім жеткізді
[4] Мүслім жеткізді

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру


Соңғылар

Мұрағат