Таң

Күн

Бесін

Екінті

Шам

Құптан

ӘЗІМБАЙ ҒАЛИ, САЯСАТТАНУШЫ: ИСЛАМ – ҚАЗАҚТЫҢ МҰРАСЫ

27.02.2016 1411 0 пікір

Әзімбай ҒАЛИ, саясаттанушы: Ислам – қазақтың мұрасы

- Аға, таяуда сіздің «Араб елдеріндегі дағдарыс себептері» деген кітабыңыз Германияда жарық көріпті. Бұл социологияқ-саяси талдау жұмысыңыз ба?

- Ол кітап, расында, Германияда басылып шықты. Орыс тілінде жарық көрді. Аса көлемді дүние емес, шағын ғана брошюра деуге болады.

Мен өзім көптен бері араб, ағылшын тілдеріндегі газет-журналдар мен сайттарды қадағалап отырамын. Сондағы мақалалар мен жазбалар, іс жүзінде орын алып жатқан жағдай – бәрін саралап, талдап, қорытындылай келе түйгендерімді жинақтап жазып шығуды ұйғарған едім.

- Өзіңіздің мұсылманшылығыңыз қаншалық? Ислам дінін ұстанудағы өз түсінігіңіз қандай, білуге бола ма?

- Мен қазір көптеген Құран сүрелерін жаттап жүрмін. Мұндағы мақсатым - білімімді толықтырғым келеді, намаз оқудан бұрын алдымен ислам діні мен Құран туралы көбірек білгім келеді. Танымдық тұрғыда әлі іздене түссем деймін. Екінші жағынан өз дінімді қорғай алатындай дәрежеге жеткім келеді. Рас, мен де құдайға сенемін, Пайғамбарды мойындаймын. Бірақ мен зайырлы адаммын. Әр қадамды білім мен ақыл деңгейінде, саналы түрде жасағанды дұрыс деп есептеймін. Жалпы ислам діні қазақ үшін мұраға қалған дін ғой, қазақтың ата діні. Біз осыны ұмытпауымыз керек сияқты.

- Жаңа араб елдеріндегі дағдарыс себептеріне зер салғаныңызды айттыңыз. Расында, сол дағдарыстың басты себебі не?

- Оның бірнеше себебі бар. Рас, қазір салыстырмалы түрде Сауд Арабиясында, Египетте және Кувейтте жағдай жақсы. Бірақ көпшілігінің алған бағыты дұрыстау болмай отыр. Араб елдеріндегі авторитаризм, диктатура, араб социализмі, жемқорлық, сауатсыздық, панарабизм, милитаризм – міне, осылар араб елдерінің көпшілігін қазір дағдарысқа ұшыратып отыр. Олармен салыстырғанда қазір біздің еліміздің жағдайы әлдеқайда артық. Олардың көпшілігі егемендік алғаннан кейін жақсы реформа жүргізудің орнына бір-бірін жаулап алуға, көп нәрсе иемденуге күш салып кетті. Айналамен араз болды, бір-бірімен қару қағыстырды, берекесіздікке ұрынды.

- Осы араб елдеріндегі дағдарыс ислам дінінің кең қанат жаюына, дамуына кесірін тигізіп отыр ма?

- Әрине. Өкінішке қарай, бұл жағдай исламға да, Құранның тілі араб тіліне де көлеңкесін түсіріп отыр. Араб әлемінің абыройын түсіріп отыр. Бүгін, мысалы, арабтың байлары ағылшын тілінде сөйлейді және соны мақтан көреді. Біздің кей жағдайда өз ана тілімізден жерігеніміз сияқты, оларда да араб тілінен жеріп отырғандар бар. Бұл – өте жаман қасиет.

Ал осы жағдайлардың себеп-салдарын анықтаймын деп, ағылшын тіліндегі материалдарды жинап, аударып, араб достарыма жіберіп отырғанымда олардың маған ренжігендері болды. Сын көтере алмады. Ал шын мәнінде, араб тіліне, араб елдеріне деген көзқарастың өзгеруіне себеп болып жатқан жағдайларды анықтап, айту жанашырлықтан туған нәрсе.

Сосын есіме түсіп отыр, араб тілінде диалект көп, анау-мынау деп тілді қиындатып, жағымсыз етіп түсіндіргісі келетіндер бар. Шын мәнінде, бұл түкке тұрмайтын нәрсе, диалект деп айтуға келмейді. Жалпы, пайғамбарымыздың тілін, Құран түскен тілді үйренуге құлшынуымыз керек.

- Яғни, араб тіліне деген көзқарасқа да бүгінгі араб елдеріндегі дағдарыстар кері ықпалын тигізіп отыр дейсіз ғой?

- Солай. Тілге ғана емес, жаңа айтқанымыздай, дінге де кесірін тигізіп отыр. Мысалы, Каирде 17 миллион халық тұрады. Олардың 8 миллионы копттардың зираттарын мекендейді. Олар сол жерде тамағын ішеді, сол жерде әжетханаға барады, не тісін жумайды, не шомылмайды, қысқасы, өте нашар жағдайда тұрады.  Мұның басқа жағын айтпағанда, сондағы адамдарға обал емес пе?

- Осында бір сұрақ туып тұр. Ислам діні араб халықтарының мәдениетін неге көтере алмай отыр? Шын мәнінде, дінге бет бұрып, таза жолға түскен адамның ішкі мәдениеті өсуі керек қой?

- Өкінішке қарай, қазір арап елдеріндегі жағдайға қарасақ, ислам діні екі бағытқа бастап отыр. Жаңағы коррупция, диктатура жағдайында ол не революцияға алып келеді, не фундаментализмге, соқыр фундаментализмге алып келеді. Бір қызығы, революция кезінде ел тазалануы керек, бірақ мұнда жемқорлық күшейіп отыр. Ал демократияны пайдаланып, билікке фундаменталистер келсе, олар туризмді жойғысы келеді. Шын дамитын ел туризмді дамытуды ойлауы керек қой, еліне келіп, ақша тастап кетіп жатқан туристерге тиіспеуі керек қой. Осы жағдайлардың бәрін екшей келе, қазір бізге араб әлемін әспеттеудің жөні жоқ деп ойлаймын.

- Исламды ұстанған мемлекеттер арасында қай елге қарап бой түзеуге болады? Халқының басым бөлігі ислам дінін ұстанған мемлекеттер қай ел көшбасшылық дәрежеде?   

- Пәлендей республика болмаса да, араб социализмінен ада Кувейт кішкене дұрыстау. Сосын Египет, одан кейін Сауд Арабиясы деп тізбектеуге болатын шығар. Бірақ Қазақстанның қазіргі бағыты өзіне сай деп ойлаймын. Бізде өзіміз ұстанып отырған дәстүрлі ислам, жерсіндірілген ислам бар.

 - Демек, қазақ елі үшін ислам діні ұлттық идеологияның бір діңгегі бола ала ма?

- Әлбетте, бола алады. Сонымен бірге, жаңа да айтып өттім, ислам діні – қазақ үшін мұра, ол біздің ата дініміз.

Әрине, әр адам Алланың алдында өзі жауап береді. Сонымен қатар, Аллаға қарай өз жолын да әркім өзі табады. Ал мемлекет ретінде, біздің Конституциямыздағы қағида дұрыс, мемлекет зайырлы болуы керек. Дін мен мектептердің арасы бөлек болуы шарт.

Десек те, бізде молдаларды қадағалаусыз қалдырмауға да тырысу қажет деп есептеймін. Бұл тұрғыда, қазіргі тәжірибе дұрыс. Фундаментализм мен экстремизм жеңіп кетпеуі үшін көпке уағыз айтып, жұртты соңына ілестіретін молдалар, олардың әңгімелері мәдени түрде қадағалауда болуы керек.

 Әңгімелескен Нәзира САЙЛАУҚЫЗЫ

«E-islam» порталы 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру


Соңғылар

Мұрағат