Таң

Күн

Бесін

Екінті

Шам

Құптан

Камалжан ТУРДЫБАЕВ: ҰЛ МЕН ҚЫЗ ТӘРБИЕСІНДЕ НЕНІ ҰМЫТТЫҚ?

29.01.2016 2237 0 пікір

Соңғы уақыттары бұқаралық ақпарат құралдарынан түрлі сипаттағы жағымсыз хабарларды жиі еститін болдық. Жаға ұстатар жаңалықтардың ішінде бұрындары құлақ естіп, көз көрмеген небір сорақылықтардың орын алғанын көргенде іштей қынжыласың. Ел ішінде өзекті әңгімеге айналған сол көргенсіздіктерді екшеп айтар болсақ, сәбиін далаға тастау, жәй ғана тастап кету емес, қоқыс тәрізді лақтырып кету, өлімге қию – қабырғамызға аяздай батқаны шындық. Ал, жақсылыққа шақырып жамандықтан қайтару – әрбір мұсылман үшін бұйырылған амал. Замандасың, сен өмір сүріп отырған қоғамның бір мүшесі, бір бөлшегі жаның түршігер жаманшылыққа себепкер болып жатқанда, мүлгіп отырудың жөні жоқ.

Асылында, заманды сөгуге болмайды. Алла елшісінен жеткен бір құдуси хадисте «Кімде-кім заманды сөгер болса – Алланы ренжітеді» делінген. Ендеше, дәстүрімізге жат, шариғатымызға шет, азғындықтың ақырғы шегі саналар осынау осынау жүгенсіздіктерді бүгінгі қоғамнан, дұрысырағы жасөспірімдерге беріліп жатқан тәрбиеден іздегеніміз жөн тәрізді. Абай хакім өзінің 37-ші қарасөзінде: «Адам баласын заман өсіреді, кімде-кім жаман болса, оның замандасының бәрі виноват» дейді. Демек, дана ақынның айтпағы - біз өмір сүріп жатқан осынау жүйедегі әрбір  оспадарлық әрекеттер үшін әрқайсымыз өзімізді кінәлі сезінуге тиіспіз. Жаманшылыққа барған адам үшін заман емес, замандастары кінәлі. Егер ден қойып, үңіліп іздесек – бұл мәселеге тереңдей береміз.

Әке-ана атанар шаққа әлі жетпеген жасөспірімдеріміздің бұлай безбүйректік танытуларына не себеп деген толғақты сауалға ой жүгіртіп көрдіңіз бе? Шындап іздесеңіз күрмеулі көп мәселеге жолығарыңыз анық. Мәселен бірінші себеп, қазіргі таңдағы жасөспірімдер үшін жыныстық сипаттағы ақпараттардың қолжетімділігі оң солын әлі танып үлгермеген албырт жастар үшін шалыс басудың алғашқы жолы. Теледидар мен ғаламтор желісіндегі бейәдеп бейнематериалдар осыған дәлел. Тіпті, қазіргі күнгі батыстық мультфильмдердің өзі бүлдіршіндерді өздерін қыз бен жігіт тәрізді сезінуге баулуда. Жуырда ел Шығысында тұратын бір танысым мына бір жайтты күле отырып, бірақ, іштей қынжыла айтып берген еді. Үйіне бір туыстары қонақ болып келсе керек. Жақынының балалары оның ұялы телефонын сұрап алып, оңаша қалып, ғаламторға кіріп, әрқандай бейнежазбаларды тамашалап, уақытша ермек қылыпты. Кейінірек, меймандары қайтып кеткен соң жеткіншектер ұстаған әлгі байланыс құрылғысындағы жаһан желіге қосылу реттілігін тексеріп отырып, жайсыз көрініске куә болғанын айтады. Тетелес қыз бен ұл Гугл іздегіш жүйесінен жыныстық мағынадағы сөздерді жазып, ұятты суреттер мен бейнефильмдер іздепті. Ең сорақысы сол, қыз бала жетінші сыныпта оқыса, туыс інісі бесінші сыныпта тәлім алады екен. Әрі екеуі де ауылда өсіп жатқан жеткіншектер. Осыны айтқан танысым, бүгінгі ұрпақтың ертеңіне алаңдаулы екенін жеткізді. Тақырыптың тұздығы ретінде айтып отырған бұл жайт, мыңнан бір мысал ғана. Балаларды теледидар, интернетпен оңаша қалдырудың соңы да олардың есейе келе сойқанды іс-әрекеттерге баруларына әкеп тіреуі бек мүмкін.

Иә, жаһандану деп аталатын жалмауыз құбылыс тіпті қазақтың киелі бесігі саналар ауылдағы жас өскіндердің дүниетанымына да ауыз салып жатыр. Осының өзі бүгінгі қоғамымыздың дәстүрлі ұлттық танымы мен рухани-мәдени болмысының өзгешелене бастағанын аңдатса керек. Ертегі айта білмейтін бүгінгі заманауи әжелердің қасына отырып, кеш батқанға дейін шетелдік шұбатылған телесериалдарды көретін ұрпақтың тәрбиесіне жауапкершілікті кім мойнына алады? Оның үстіне WhatsApp байланыс мессенджері де жаңа қалыптаса бастаған сананы улауда, жастарды желіктіруде тіптен таптырмайтын құралға айналды. Оның бақыланбайтынын, ондағы бейне, аудио және мәтіндік материалдарды арнайы цензуралық сүзгіден өткізу мүмкін еместігін ескерсеңіз, идеологиялық қауіп еселене түседі. Ал қазіргі күні электронды  байланыстың осы түрі арқылы жас сананы жауыздыққа, жыныстық жабайылыққа баулитын небір анайы  материалдар қолдан қолға өтіп жүр. Осы ретте, бабалар нақылын «Қызым үйде, қылығы әлеуметтік желіде!» деп жаңа дәуірге лайықтап айтуға да болады. Ал балалық шақ, жасөспірім кезең - адам өміріндегі мінез, ахлақ сынды басты негіздер қалыптасатын мезгіл. Тіпті, болашағы да осы кезеңдегі берілген тәрбиеге орай өрбуі ғажап емес.

Соңғы апталары теледидардан көріп, электронды БАҚ арқылы куә болып жүрген сұмдық жағдайлардың бір ұшы міне, жас өскін тәрбиесінің осындай осал тұстарына барып тірелсе керек. Албырт қыздарымыздың кәмелеттік жасқа толмай ана атанып жатуы, қалаберді нәрестелерін тағдырдың тәлкегіне тастап, тіпті, өлімге қиып кете баратындары бүгінгі орта қалыптастырған суық мінез, жатбауыр, ұлттық танымға жат тәрбиенің кеселі.

Бір мәлім жайт - ұрпақ тәрбиесімен айналысуда мектепті жалғыз қалдыруға болмайды.  Алайда, орта білім беретін мекемелерде де ұстаздардың тұйыққа тірелетін жағдайлары көп. Қазіргі күні отандық білім беру саласында жеткіншектерге жыныстық тәрбие беру қажет пе, жоқ па деген сауал екі ұдай пікір қалыптастырып отыр.

Десекте, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, күрмеулі көп мәселенің шешімі имандылыққа келіп тірелетіні анық. Дана халқымыз «Гүлсіз жер тозады – дінсіз ел азады» деп бекерге мәтелдемеген. Алла иман дарытса, адам баласы азғындықтан алыс болар ма еді!?.  Кешегі дана бабамыз Бұхар жырау өзінің әйгілі «Он тілек» атты өлеңінің алғашқы жолын «Бірінші тілек тілеңіз, бір Аллаға жазбасқа» деп ұрпағын күнәлі істерден аулақ болуға шақырды емес пе? Ендеше, бала тәрбиесінің басты критерийі – Алла харам еткен істен алыс жүруге дағдыландыру дер едік.

Хазіреті Мұхаммед (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Расында әкенің балаға мұраға қалдырған ең үлкен сыйлығы – дұрыс берілген тәрбие» деген болатын. Осы орайда бір ой қылаң береді. Исламда бірінші кезекте қыз балаға арналар өнегеге баса назар аударылады. Сахих Бұхарида келетін бір риуаятта Алла елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Үш қыз өсіріп, жақсы тәрбие беріп жеткізген ата-ана жәннаттық» дейді. Тағы бір хадистерде екі қыз өсіріп, игілікті тәрбиемен  құтты жеріне қондырған әке-шеше үшін де жұмақ төрі бұйыратыны шүйіншіленген. Бүгінде мақалға айналып кеткен осы хадистің түпкілікті тағылымына бойлап жүрміз бе? «Тіл үйренген - нәпсінің қу мінезін» деп хакім Абай айтқандай, дабыра сөз күйінде ғана қалып жүрген жоқ па? Екі-үштен қыз өсіру мұрат емес, оған имани тәрбие беру мұрат. Алла елшісінің айтпағы да сол!.. Сондай-ақ, егер ақылға салып қарастырсақ, жауынгерлікке де, жұмыс күші ретінде де ерлерге сұраныс жоғары һәм берілер өнеге де берік болуы тиіс қой. Алайда хазіреті Мұхаммед (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын)  қыз баланы басты орынға қойып отыр. Осы орайда «әйел заты ұлтты тәрбиелейді» деген кейінгі заман ойшылдарының пікірі де қисынды.

Задында бала дүниеге келгенде пәк, ислами болмыспен туылады. Содан кейін ата-анаға аманат ретінде беріледі. Одан соңғысы ұстаздары мен ортасына байланысты. Ендеше осы үш мүмкіндікті де тең ұстап, ұрпағымыздың ата дәстүрден аттамай, имани тәрбиемен сусындауын басты міндет етіп алған абзал. Біздің осынау ұлан-ғайыр Отанымыздың ертеңгі тұрғындары, өміріміздің жалғасы – келешек ұрпақ екенін ұмытпайық!

 Камалжан ТУРДЫБАЕВ
ҚМДБ Діни Істер бөлімінің меңгерушісі

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру


Соңғылар

Мұрағат