Таң

Күн

Бесін

Екінті

Шам

Құптан

Шамшәдин КЕРІМ: «Қазақстанда діни білім берудің ТМД елдерінде жоқ үлгісі қалыптасқан» (СҰХБАТ)

21.12.2015 1493 0 пікір

Қазір көзі ашық, көкірегі ояу жанға еліміздің рухани діни әлемінді жаңа серпіліс жүріп жатқанын аңғару қиын емес. Оның бас-қасында жүрген Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының жақында қабылдаған  2020 жылға дейінгі білім беруді дамыту тұжырымдамасына артылар үміт те мол. Себебі тәуелсіздіктің алғашқы Ата заңының өзінде дін мен мемлекет бөлек деп нақты көрсетілу арқылы  елімізде әрбір азаматтың сенім-нанымына қол сұғылмай, құрметпен қарайтыны айқын аңғартылған еді. Ал әрбір азаматтың  жеке мүддесі болып саналатын рухани меншігінің қоғамның ортақ өркениеттік құндылығына айналуы  үшін сатылы білім мен ғылыми жүйенің қажеттігі айқын. Бұл міндет еліміздегі тұрғындардың 70 пайыз мұсылмандарын бірлік пен елдікке ұйытып отырған ҚМДБ-ның еншісіне бұйырғандай. Сондықтан мың жылдан аса иманға ұйып, ислам ғылымы мен әлемдік өркениетке үлес қосқан қазақ даласының алдағы төрт жылға арналған білім беруді дамыту тұжырымдамасы мен ҚМДБ-ның өзге де маңызды іс-шараларына қатысты  Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінің  проректоры, профессор Шамшәдин Тұрсынұлы Керімнің пікірін білген едік.

Еліміздегі ислам дінінің ғана емес, тарихи  құндылықтарды заманға сай  қайта жаңғыртар  «Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының 2020 жылға дейінгі білім беруді дамыту тұжырымдамасын» қабылдау Нұр-Мүбарак университетінде өткен  «Діни білім тұтастығы – діни тұрақтылық кепілі» атты республикалық тәжірибелік конференцияда жүзеге асты. Еліміздегі ислам ілімінің ең жоғарғы білім шаңырағын басқарып отырған ғалым  ретінде осы тарихи сәтке қатысты пікіріңізді білсек..?

- «Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының 2020 жылға дейінгі білім беруді дамыту тұжырымдамасы» еліміздің білім кеңістігі мен ислами білімнің дамуы жолындағы аса маңызды құжат болмақ. Өйткені бұл құжатта ҚМДБ-на қарасты оқу орындары, діни білімнің әр түрлі сатылары көрсетіліп, соның ішінде Нұр-Мүбарак университетіне маңызды орын берілген.

Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының бастамасымен санаулы мерзімде медресе жұмыстарына заман талабына сай елеулі өзгерістер енгізіліп, орта кәсіби оқу орындарына сәйкестірілуде. Жаңа қабылданған Жарғыға сәйкес енді медреселер колледждік деңгейге көтерілмек. Бұл медресе-колледж түлектерінің дипломдарын басқа зайырлы оқу орындары мен мекемелердің мойындауына жол ашпақ. Әрі мемлекеттің тапсырыс гранттарын медреселерге де тартуға заңды тұрғыда мүмкіндік тумақ. Бұрын медресе қоғамнан бір бөлек жатқандай болса, енді оның түлектері кез-келген мемлекеттік мекемелерде діни және зайырлы мамандықтар бойынша қызмет атқара алады деген сөз. Бұл болашақ дін қызметкерлері үшін ғана емес, қоғам үшін аса тиімді. Себебі рухани бай, ата дінін білетін, дәстүрін сыйлайтын, Отанын құрметтейтін иманды жас мамандардың мемлекетіміздің дамуына қосар үлесі зор.     

Ал біздің ҚМДБ-ның ұзақ жылдардан бері атқарып жатқан  жұмысын тарихи құжат бетінде көрсетіп, оның сатыларын жүйелеп қана қоймай мемлекет тарапынан мақұлдануымен аса құнды. Себебі тұжырымдамада  сауат ашудан докторантураға дейін ҚМДБ-ға қарасты әр алуан оқу жүйелері саралана көрсетілген. Бұл құжатты ҚМДБ жұмыстарының бір көрсеткіші деп айтуға болады. Өйткені, қандай сала болмасын білімді мамандарсыз күрделі мәселелер шешілмейді, ілгері даму болмайды. Сондықтан ҚМДБ атқарып жатқан шаруалардың аса маңыздысы  кадр дайындау еді. Ал ҚМДБ  маман дайындауға ерекше көңіл бөліп қана қоймай, оның қоғам өмірінде жүйелі жүзеге асуына ұйытқы болуда. Сол себепті елімізде мұсылман жастарға өз жерімізде сапалы жоғары деңгейде діни білім алуға толық мүмкіндік жасалды деп сеніммен айта аламыз. Осылардың барлығы тұжырымдамада анық көрсетілген.

Білім беруді дамыту тұжырымдамасында Нұр-Мүбарак университетіне маңызды мән берілгенін айттыңыз. Ал осы жауапты міндетті тиісті деңгейде атқаруға Мысыр мен қазақ елінің алтын көпіріне айналған жоғары оқу орнының Қазақстан тарапынан басшылық өкілі ретінде қаншалықты кепілдік бере аласыз?

- Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университеті Қазақстанда ислами, діни білім беретін бірден бір жоғары оқу орыны. Бұл Нұр-Мүбарак арқылы отандық ислами  жоғары білімнің өзіндік моделі, үлгісі қалыптасты деп толық айта аламыз. Бұл үлгі өзге ТМД елдеріндегі әріптес оқу орындармен салыстырғанда өзгеше, бұрын-соңды болмаған, баламасы жоқ десек те болады. Оларды жіктеп айтып берсек:

1. Нұр-Мүбарак университетінің басты сипаты бұл екі мемлекет, яғни  Египет Араб Республикасы  мен Қазақстан арасындағы оқу орын. Сондықтан бұл білім шаңырағында мысырлық және қазақстандық ұстаз, ғалымдардың тәжірибесі бірлік тауып отыр. Бұл тәжірибе өзінің өміршеңдігін танытты. 2016 жылы университетімізге 15 жыл толады. Осы уақыт аралығында екі жақты тәжірибе ұштастыру нәтижесінде оқу  жоспарлары жүзеге асып келеді.

2. Нұр-Мүбарак – дін мен зайырлылықтың ортасындағы алтын көпір іспеттес. Себебі, қандай да бір діни оқу орындарында тек діннен  ғана дәріс беріліп, қоғамнан  бөлектеніп келсе, ал  Нұр-Мүбарак университетінде зайырлы мамандықтар да қамтылған. Сондықтан бізді бітірген түлектер тек діни мекемелерде ғана емес, басқа оқу орындарында да жұмыс істеуге мүмкіндік алады. Оның бір себебі Нұр-Мүбаракта тек діни ғана емес мемлекетіміздің білім саласында белгілеген стандарттары, зайырлы міндеттелген компонеттердің барлығы жүзеге асырылады. Нәтижесінде мемлекеттік тұрғыдан мойындалған, мемлекеттік үлгіде диплом беріледі.

3. Мемлекет пен дін арасындағы көпір деуге  болады. Себебі, осыған дейін діни оқу орындар тек ҚМДБ-на бағынышты болып, мемлекет тұрғысынан мойындалмай келсе, Нұр-Мүбарак  университеті  ҚР Білім және ғылым министрлігінің  лицензияларын толық алған, сонымен қатар Ұлттық және мамандандырылған аттестациялардан өткен. Сол себепті бізде мемлекет пен дін арасында ешқандай шектеу, шекара жоқ. Яғни мемлекет тарапынан тапсырыспен білім гранттары беріліп, қаржы бөлінеді. Осының өзі Нұр-Мүбарак университетінің мемлекет пен діннің арасын байланыстырып отырғанының айқын дәлелі. Ал енді көршілес елдерді алсақ, Өзбекстанда мемлекеттік ислам университеті басқа және Имам Бұхари атындағы ислам институты бөлек, Өзбекстан мұсылмандары Діни басқармасына қарайды. Имам Бұхари институтын тәмамдаған түлектің дипломы тек Діни басқарма саласында ғана жарамды. Яғни, мемлекет бір бөлек, дін бір бөлек. Ресейде ислами ЖОО-ы мемлекет тарапынан мойындалмаған. Ал бізде Нұр-Мүбарак дін мен мемлекет арасындағы байланысты  жақындата түскен дәнекер десек болады.

4. Нұр-Мүбарак университеті медреселер мен ЖОО арасындағы байланысты күшейтіп отыр. Яғни, еліміздегі медресе түлектеріне Нұр-Мүбаракқа келіп, қысқартылған  бағдарламамен білімін жалғастыруға мүмкіндігі бар.

5. Нұр-Мүбарак университетінің тағы бір ерекшелігі құрылтайшы мен оқу орын арасындағы  байланыс. Мұның өзі қоғам үшін  пайдасы байқалуда. Яғни  біздің түлектер ҚМДБ-на  қарасты мешіттерде қызмет жасай алады. Біздің  үкіметіміз осыған дейін жоғары білім орындарында грантпен  кадр дайындауда  жіберген кемшіліктерін мойындап, осыларды жөндеуге кіріспек. Соның бірі – елімізге қажетті мамандар дайындау мен мемлекеттік тапсырыс  арасындағы байланыстың болмауы. Осыған дейін қаншама жастар мемлекет есебінен оқып, бітіргеннен кейін жұмыс таппай әуре-сарсаңда жүретін. Оларды бақылап жатқан, іздеп жатқан ешкім болмады. Жоғары оқу орындары  мемлекеттік грант алып,  тапсырыс орындағанмен, шәкірттері  қоғамның  қажеттігілігіне жарап жатыр ма деп бас ауыртпайтын. Сонымен дипломы бар жұмыссыздардың саны көбейетін. Ал мемлекеттің қаражаты осылай ысырап болып, оның мақсатпен жұмсалуы бақылаусыз қалды. Осы кемшілікті жою үшін  билік орындары 2015 жылғы түлектерден бастап мемлекеттік тапсырыспен оқыған студенттерге  міндетті түрде 3 жыл қызмет жасау керек деген талап қойып отыр. Ал бұл жүйені біздің университет  4 жылдан бері жүзеге асырып келеді. Исламтану мамандығына  түскен сәтте Нұр-Мүбарак пен болашақ түлек арасында келісім-шарт жасалып, мемлекеттік грантта оқыған студент оқуды бітірген соң жолдамамен  ҚМДБ  қарамағында үш жыл қызмет жасауы талап етіледі. Әрі бұл шараны тізіммен қадағалап отырамыз. Бұл да біздің университет пен құрылтайшылар арасындағы байланыстың  оң нәтижесі деп айта аламын.

Бұдан өзге Нұр-Мүбарак  4 сатылы оқу жүйесін жүзеге асырып отыр: дайындық курсы, бакалавриат, магистратура, докторантура.  Осы төрт сатылы оқу жүйесі өз нәтижесін беріп, бүгінде  төл ғалымдарымызды дайындауға кірістік. Жас исламтанушы ғалымдар – елімізге аса қажетті буын. Қазір Нұр-Мүбарак тек діни білім ғана емес, ғылым орталығына да айналып келеді. Себебі оқу орнымызда ғылымменен айналысатын жастар шоғыры қалыптасуда.Жастар арасында ислами ғылымның бәйгесі басталды.Университет жанында диссертациялық кеңес жұмыс жасайды. Міне осы кеңесте алғашқы докторанттарымыз диссертация қорғалды. Яғни, дін мен ғылымның арасын жақындата түсетін буын деп айтуға болады. Сондықтан Нұр-Мүбарак  университеті ҚМДБ қарасты оқу орындарының ең жоғарғы сатысы екендігін уақыттың өзі дәлелдеуде.

Осы Нұр-Мүбарак университетіне қатысты кейбір ағымның өкілдері  «таза діни оқу орны емес» деп те мін тақса, керісінше зайырлы орталарда «тек дінді ғана оқытады» деп қырын қарап жатады. Осыған  қандай  уәж айтар едіңіз?

- Қазіргі кезде кей топтар арасында тек ислам дінімен ғана жүру, зайырлы білім, ғылымның керегі жоқ деушілер де бар. Бұл қоғамымыздағы  «ислам діні – артқа тартушы, халықтың алға жылжуын тежеп тұрған кедергі, білім, ғылымға қарсы» деген де стереотиптердің  күшейуіне  итермелеуде. Содан ислам діні, білімі туралы айтылған кезде бізде  қоғамнан бөлек тұрғандай ұғым бары рас. Ал ислам дінінің негізгі ұстанымдары  ешқандай білімге, ғылымға қайшы емес, керісінше үндейтінін көреміз. Осы ұстанымдар  қазақ халқы үшін аса маңызды. Тарихқа жүгінсек, ислам діні өркениетке жетелеген алғышарттарды қалыптастырды. Қазіргі заманда да ислам дінін өркениет дамуының тетігіне айналдырған елдер бар. Сондай-ақ біз заман дамуынан қалмай,  символикалық тұрғыда айтқанда бір қолымызда Құран, екінші қолымызда заманға сай комьпютер болу керек. Ислам дінін ұстанатын кей мемлекеттердің, халықтардың артта қалушылығы  осындай құндылықтарды басшылыққа алмаудан болуда. Бізде Қазақстанның  білім және ғылым саласындағы білім стандарттары түгел басшылыққа алынған. Оның барлығы халықаралық талаптармен сәйкес жасалған. Сондықтан қазір әлемдегі кез-келген іргелі, озық діни оқу орындарының өзі осы халықаралық талаптарға бағынады. Сондықтан  Нұр-Мүбарак университеті еліміздегі діни оқудың да басқа оқулармен терезесі тең  деңгейлес болатындығын дәлелдеуде.  Әрі мемлекеттік ортақ үлгіде дипломы бар түлектеріміз біздің қоғамның бөлінбес  бөлшегіне айналғанымызды айғақтайды.  Енді бір мәселе, бізде діни білім алуға шет ел асып жатқан жастар аз емес еді. Осыған ҚМДБ-сы осы Нұр-Мүбарак университеті арқылы нақты тосқауыл қойып жатыр деп толық айта аламыз. Себебі, бізде ата жұртымыздан алысқа кетпей білімді  араб елдерінің алдыңғы қатарлы  ғылыми дәрежесі жоғары доктор-профессорлардан білім алуға мүмкіндік жасалған. Әрі біз өз халқымыздың ұстанымына сай ҚМДБ-ның жыл басында тұңғыш имамдар форумында қабылдаған «Қазақстан мұсылмандарының тұғырнамасын» оқу бағдарламаларында тереңірек қамтылуына көңіл бөлудеміз. Сондықтан Нұр-Мүбарак университеті Қазақстанда діни білім берудің халықаралық талаптарға сай ТМД елдерінде жоқ үлгісі қалыптасқанының нақты көрсеткіші деуге болады.

Қазақстан мұсылмандарының тұғырнамасына да тоқталып өтсек... Биылғы еліміздегі ислам діні саласындағы жаңалықтар Нұр-Мүбарак университетіне де біршама  ықпалы басым секілді?  

 - ҚМДБ қазір бүкіл Қазақстандағы мұсылмандарды біріктіріп отырған орталық. Ал осы ұйымның ұстанымы халқымыздың өткені мен келешегін жалғастыратын алтын көпір. Бұл мәселе биылғы ҚМ тұғырнамасында  толық көрсетілген.  Ислам діні білім мұхиты десек,  оның әр саласына байланысты мыңдаған кітап бар. Фиқһ, ақида болсын, олардың өзінде әр бағытының  бір мәселесіне арнаған жүздеген, мыңдаған кітап бар, олар  араб т.б тілдерде. Ал оны оқып жатуға әркімнің мүмкіндігі, уақыты бола бермейді. Уақыты болса тіл білмейді, кәсіби білігі жетпейді. Сондықтан оның барлығын нақты, қысқартылған, аз сөзбен көп мағына қамтыған тұжырымдаманы оқыған мұсылман баласы біраз  мәселеге көзі жетеді. Ата-бабаларымыздың ақидалық сенім тіректері қандай, ол нені қамтиды, фиқһта ұстанымымыз, осының барлығы қолға ұстатқандай көрсеткен. Тіпті кейбір  жастар арасында «ислам дінін жақсы білеміз, ұстанамыз, исламда ұлт та, Отан да жоқ» деген жаңсақ пікір бар. Соған сәйкес  зиялы қауым арасында да ислам дінінің күшейуімен ұлттық келбет, ерекшелігіміз жойылып кетеді деген үрей басым. Осындай мәселелерге  Ислам дінінің Отан, ұлтқа дәстүрге деген  ұстанымдары тұғырнамада толық айтылған. Яғни ислам дінінің Отанды сүюге үндеуі, әр халықтың өз қалпын сақтап қалуға жол көрсететіні айтылған. Сондықтан бұл тұғырнама  қазақ халқы ислам дінін ұстана отырып, өзінің дәстүрлерін, ұлттық келбетін сақтап қалуға толық мүмкіндігі бар деген ұстаным, діннен қорықпай, ислам діні қайта қазақ халқының ұлт болып сақталып қалуына көмектесетін фактор ретінде қарауға негіз береді. Әрине қазақта түрлі салт- дәстүрлер бар, олар исламға дейін де, кейін де шығып, ғасырлар бойы  үлкен жүйеге түскен. Осы дәстүрді дін аясында қалай сақтап қаламыз? Яғни, ата дінімізбен дәстүрлерді сақтай отырып, ұлт болып сақталып қалуға айқын жол деп есептейміз. Қазір  жаһандану салдарынан көптеген ұлттар жойылып, азаюда. Осындайда ата дініміздің өзі дәстүрлерімізді ұстанып, қайта сақтауға мүмкіндік береді. Ислам тек ғибадат емес, дәстүрімізбен бірігіп кетті. Бұл ғасырлар бойы  қанымызға, рухымызға сіңіп кеткендіктен дінімізді дәстүрден  ажыратуға болмайды. Кейбір ғұрыптарымыздың өзі исламнан келіп,  оның дін бе, дәстүр ме екендігін  ажырата алмай жатамыз. Сондықтан  Бас Мүфти Ержан қажы Малғажыұлының бастамасымен қабылданған бұл тарихи құжат ислам дінінің құндылығымен қатар елдігімізді сақтауға септігі тиетін құнды дүние дер едім.

Яғни Қазақстан мұсылмандарының тұғырнамасын дамытуда  Діни білімді дамыту тұжырымдамасының  ықпалды сабақтастығы бар деуге болады ма?.

- ҚМДБ тұғырнамасында ислам дінінің ғылыми, шариғи негіздері, қоғам, білім-ғылым, медицина, отбасы, тәрбие т.б қоғамдағы маңызды мәселелерге көзқарастары анық көрсетілген. Ал діни білімді дамыту тұжырымдамасында бұл нақтылы қадамдармен қамтамасыз етілген. Оған жоғарыда айтқан медреселердің колледждік деңгейге көтеріліп, оның түлектерінің кез-келген мемлекеттік мекемелерде қызмет етуге жол ашылуының өзі дәлел. Сондықтан биылғы ҚМДБ-ның атқарған іс-шаралары зайырлы елімізді нағыз өркениетке бастайтын нақты қадамдар жасады деп сеніммен айтар едім.

- Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге  Алла разы болсын. Рахмет. 

Сұхбаттасқан Айша КЕҢЕСБАЙ
журналист

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру


Соңғылар

Мұрағат