Таң

Күн

Бесін

Екінті

Шам

Құптан

ДIНИ БIЛIМ БЕРУДI ДАМЫТУ ТҰЖЫРЫМДАМАСЫ НЕ ҮШIН ҚАЖЕТ? (САУАЛНАМА)

27.11.2015 1867 0 пікір

Осы аптада Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының 2020 жылға дейінгі діни білім беруді дамыту тұжырымдамасы жарияланды. Қазіргі діни ахуалды саралай келе қабылданған аталмыш құжатта сауат ашу, діни білім беретін жоғары оқу орындары, имамдардың біліктілігін арттыру секілді өзекті мəселелер кеңінен қамтылған. Жалпы, тұжырымдаманың қоғамда алар орны қандай? Осы жəне басқа да сауалдар туралы отандық теологтардың ойын білейік.

Мұхитдин ИСАҰЛЫ,
теология ғылымының докторы:

МЕДРЕСЕЛЕР МЕМЛЕКЕТ ҚАМҚОРЛЫҒЫНДА

– Ертеңін ойлаған елдің белі қашан да бекем келеді. Діни басқарма елдегі мұсылман халықтың діни насихатшысы, ақырет пен бұл дүние таразысының тең ұстаушысы, имам тұрғысынан да мұсылман жұртшылықтың рухани көш бастар жетелеушісі болғандықтан, ең алдымен алғашқы сөзін Алланың атынан, онан соң, ілімнен, білімнен, сол білімге деген жүйелігімен, ілгерілігімен бастауы керек. Кешегі Кеңес заманында біздің ел нендей жаман зұлымдық күйге ұшырамады, не көрмеді? Мың жылдық тарих, мың жылдық мұсылмандық құндылық аяққа тапталып, күллі хат танитын сауатты, көзі қарақты молдалар мен имамдар, ғұламалар мен мұғалімдер мұсылман болғаны үшін, əлемнің Жаратушысын танығаны үшін итжеккенге айдалып, сол жақта сүйегі көмусіз қалған жоқ па еді?! Біздің ата тарихымыз, құндылығымыз, мұра, жəдігерлеріміз тұтастай жоғалып, күйреген жоқ па еді?!

Міне, сол жоғымызды қайта түгендеп, барымызды көбейтуге атсалысқанымызға да көп болған жоқ. Ал, елдегі дін қалай түзелмек, Сириядағы дін атын жамылған қара ниеттілердің кебін киюге елімізде кейбір жастар неге құмар? Оны терең барлап қарағанға дін деген жалаң уағыз, жалаң сөз емес. Дін деген ілім, ғылым, ар-ұят, əдептілік, мəдениет. Əрине, сол жастар осыны түсіне алмады. Неге дегенге келсе, олар дінді жете тани алмады, көлденең көк аттылар оларды қағып, қапсырып кете алуға мүмкіндіктері болды. Міне, соның жолын діндегі ілім ғана тоса алады. Дін дегеніміз құдайлық заңдылықтар жинағы дейтін болсақ, сол заңдылық ілімнен тұрмақ. Ендеше, бүгінгі жастарға жүйелі ілім беру үшін медреселер, институттар, ғылыми орталықтар, университеттер қажет.

Ең əуелгісі, əрине, медреселер. Медресе дегенде көп адам ойлайды, тек діни ілімдерді ғана алады деп. Жоқ, олай емес, соңғы ғасырларға дейін мұсылман елдеріндегі медреселерде діни іліммен қатар, жаратылыс білімдері де оқытылып келді. Задында, діни ілім Алланың кəлəм-сөз сипатынан келген болса, жаратылыс білімдері сол Хақ тағаланың құдірет сипатынан келген білімдер еді. Əсілінде, осы екі кітап қосылып оқылғанда ғана мұсылман баласы Құдай тағаланың кітабын да, Өзін де терең тани алмақ. Міне, бұл тұрғыдан біздің еліміздегі медреселердің мемлекет жағынан қолдау көрсетіліп, ресми бекітіліп, колледж тəрізді оқу орындарына айналуға бет алғандығы мені қатты қуантады. Мұны осы тұжырымдамада да кеңінен айтылып өткен.

Екінші бір айтарым, қазір исламға күйе жағылып, дін атын жамылған террорлық іс əрекеттің өршіп тұрған кезі. Ал, мұның алдын қалай алу қажет, қайтсе мұны тоқтатуға болады, міне, осы тұрғыдан да бекітілген тұжырымдаманың рөлі өте зор. Дін атын жамылған экстермизмнің түбіне балта шабудың бірден бір жолы – тағы да ілім. Елің сауатты болса, жастардың көзі қарақты болса, ақ пен қараны, жалған мен ақиқатты өз санасымен саралап, өлшей алатын болса, ондай елді жау алмайды. Зұлқарнайынның қола мен мыстан қорған құйып, Яжуж бен Мəжужді тоқтатқанындай, жас ұрпақтың санасын ілім мен діннің ақиқатымен толтырса, кім, қай содыр біздің ілім қақпасын бұза алмақ. Иə, осындай естігеннің көңілін толтыратын тұжырымдалар жаралы жанға қашан да дəрудей дарымақ.

 

Сұлтанмұрат АБЖАЛОВ,
Əл-Фараби атындағы ҚазҰУ Дінтану кафедрасының меңгерушісі:

ДІНИ БІЛІМ БЕРУДІ САПАЛЫҚ ДЕҢГЕЙГЕ КӨТЕРЕДІ

– Діни білім беру саласының өзектілігі ешбір заманда кеміген емес. Мемлекетіміз діни білім беру саласындағы мəселелердің оңтайлы шешілуіне, дін саласындағы тұрақтылыққа мүдделі. ҚМДБ тарапынан қабылданған осы тұжырымдама діни білім беру саласындағы жүйелілікті, бірізділікті қалыптастырады деп бағалаймыз. Тұжырымдаманы орындау екі кезеңге бөлініп отыр. Бірінші кезең 2016-2018 жылдарды қамтыса, екінші кезең 2019-2020 жылдарға арналған. ҚМДБ 2020 жылға дейінгі діни білім беру тұжырымдамасында ислами білім беру саласын 7 сатыға бөлген: 1.Діни сауат ашу мен Құран сүрелерін жаттау курстары; 2. Діни оқу орындарына талапкерлер əзірлейтін дайындық курстары; 3.Діни оқу-тəрбие процесін жүргізетін Қайырымдылық мекемелері; 4. Құран кəрім сүрелерін кəсіби тұрғыда жатқа оқуды үйрететін қарилар дайындау орталықтары; 5.Техникалық жəне кəсіптік білім беретін медреселер; 6.Жоғары оқу орны жəне жоғары оқу орнынан кейінгі діни білім беретін оқу орындары.7. Имамдардың білімі мен біліктілігін жетілдіру институты.

Тұжырымдамада əрбір сатының ерекшеліктері мен міндеттері ашылып көрсетілген. Бір сатыдан екіншісіне жоғарылаған сайын діни білім беру бағдарламасы да күрделеніп отырады. Ислами білім берудің мақсаты – азаматтардың діни сауаттылығын көтеру, өз дінінің практикалық міндеттерін орындауға баулу. Тұжырымдамадағы діни білім беруге қатысты мақсат-міндеттер дін дүниетанымын арттырғысы келген азаматтарға жəне болашағын діни саламен байланыстырған жандарға да жəрдемдеседі. Сонымен қатар, тұжырымдамада білім беруші мен білім алушыға қойылар талаптарды да нақтылы сипаттаған.

ҚМДБ осы тұжырымдаманы қабылдай отырып, болашақтан күтілетін бірқатар нəтижелерді белгілеп отыр. Біз солардың ішіндегі маңыздыларына тоқталып өтсек: Біріншіден, діни білім беру саласы барлық азаматтарға қолжетімді болуы қажет. Жасыратыны жоқ, бұл күнде қарапайым азаматтарға қажетті діни сауат ашу курстары өз деңгейінде жүріп жатқан жоқ. Кей имамдар өз қызметін мектеп жасындағы балалармен ғана шектеп, ересектер назардан тыс қалады. Діни білім берудің үгіт-насихаты жоғары деңгейде ұйымдастырылып, барлық жастағы азаматтарды қамтығаны жөн; Екіншіден, ислами білім беру ошақтары бəсекеге қабілетті болуы тиіс. Өзіміздегі ислами оқу орындарын аздық етіп, кейбір азаматтарымыз шетел асып кетіп жатады. Тұжырымдамада азаматтардың шетелде діни білім алуын біртіндеп шектеп, болашақта діни білімді өз елімізде ғана жүргізу міндет етіп қойылған. Бұл жайтты еліміздегі бірқатар дінтанушы мамандар кезінде ескерткен болатын. Мұны құптарлық бастама деп бағалаймыз. Осы нəтижеге жету үшін өз еліміздің ислами білім беру орындарының сапасы жоғары болуы тиіс деген ойдамыз. Əйтпеген жағдайда шетелге қарай ағылған отандастарымыздың екпінін тоқтата алмаймыз; Үшіншіден, біз дінтанушы маман ретінде діни білімнің зайырлы біліммен өзара үйлескенін қалаймыз. Яғни, ислами білім ошақтарында қазіргі ғылым жетістіктері де ескерілгені жөн. Медреселерді колледж деңгейіне көтеру бастамасын өте орынды деп есептейміз; Төртіншіден, тұжырымдама аясында имамдардың білімі мен беделін көтеру де мəселе етіп қойылған. Қазіргі идеологиялық күрес алаңында жеңіліс таппас үшін дəстүрлі дін қызметкерлерінің біліктілігі жоғары деңгейде болуы тиіс. Имамдар тек дін саласы- мен ғана шектелмей жан-жақты тұлға болғаны жөн; Бесіншіден, ел аумағындағы мешіттерді білімді, білікті, дипломы бар мамандармен қамтамасыз ету. Біздің ойымызша, бұл өте өзекті мəселе. Кей жерлерде діни білімі жоқ жандар имамдық қызметті атқарып отыр. Өз кезегінде бұл жағдай халыққа дінді дұрыс жеткізе алмауға апарып соқтыруда. ҚМДБ шалғай аймақтарды білімді діни мамандармен қамтамасыз етуді қаперден шығармағаны жөн; Алтыншыдан, діни білім беру жүйесі қазақы ұлттық-мұсылмандық дүниетанымға негізделгенін, ислам дінінің ғылыми тұрғыдан талдап түсіндірілгенін қолдаймыз. Елдегі мұсылмандық жүйе, ұлттық дүниетаным мен мұсылмандықтың үйлескен тұсы ханафи мазһабы шеңберінде қызмет етуі тиіс; Жетіншіден, діни сала замана көшінен қалып қоймауы керек.

 

Қалмахан ЕРЖАН,
теология ғылымының докторы:

ДІНИ САУАТ АШУ КУРСТАРЫ САТЫЛАНДЫ

– Тұжырымдамада ұсынылған ше шім дер Қазақстан Республи касындағы діни білімді ел халқының дəстүрлері мен мəдени нормаларына сəйкес қалыптастыруға, оқушылардың рухани мəдениетін, соның ішінде ислам мəдениетін, ұлттық құн дылықтар жүйесін жəне діни білім негіздерін жүйелі түрде меңгеруіне мүмкіндік береді.

Діни сауат ашу жолдарын сатылап көрсеткен тұжырымдама мешіт жанындағы діни сауат ашу курстарынан бастап, жоғары оқу орнында (PhD) докторантура бағдарламасын тəмамдауға дейінгі кезең қамтылған. Осы салада қызмет ететін азаматтардың бəсекеге қабілетті білім алуына біліктілігін көтеруге, азаматтардың, əсіресе, осы салаға сұранысы артқан жастардың жан-жақты əрі діни салада сауатты болуын қамтамасыз етуге, осы сала мамандарының білімі мен беделін көтеруге, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының жұмыстарын жақсартуға білімді кадрлармен қамтамасыз етуге, мешіт қызметкерінен өкіл имамына дейінгі дəрежелерін жүйелеуге т.б., арналған.

Қазақстан аумағындағы барлық мешіт жандарында діни сауат ашу, Құран жаттау курстары жұмыс істейді. Қазір халық үйрене бастады. Жазғы демалыста балалары, яки өздері осы діни сауат ашу курстарына қатысады. Осы арқылы діни білім жүйесінің базалық буыны қалыптасады. Бұл курстар мұсылмандық тұлғаның қалыптасуына толық үлес қосады. Сондай-ақ, бұл – көпшілік арасындағы ислами ағартушылық жұмыстарын жүйелі əрі кең көлемде жетілдіруге мүмкіндік беретін басты тетік. Ел тұрғындарының ислам діні жайлы танымын кеңейту арқылы, олардың өзге идеологияның соңынан кетіп қалмауына өз септігін тигізеді. Сондықтан да мешітті тек ғибадат-құлшылық орны ғана деп түсінбеу керек.

Сонымен қатар, тұжырымдамада Қазақстанда исламтану ғылымын академиялық деңгейде зерттейтін отандық ғалымдардың ортасын ұйымдастыруды қалыптастыру, шетелдік діни университет- терге отандық діни ағартушы ұстаздарды білімін жетілдіру курстарына жіберу мəселелері қамтылған. Нəтижесінде, тиімді жұмыс істейтін білім берудің қазақстандық моделі құрылып, Қазақстанның бүгінгі ислам əлемінде лайықты орын алуына мүмкіндік беретін діни білім беру мен кадр даярлаудың сапалы жоғары деңгейіне қол жеткізу қарастырылмақ. Ол үшін аталмыш тұжырымдамада жоспарланғандай, кезең-кезеңмен іске асуы еліміздің діни, рухани өмірінде шешуін тосып жатқан көп мұқтаждықтарды өтеуге бірден бір қажет құрал болып табылады деген ойдамын. 

 

Құдайберді БАҒАШАРОВ,
Əл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аға оқытушысы, PhD докторы:

БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТІЛІККЕ ЖОЛ АШАДЫ

– Аталған тұжырымдама елімізде ислам дініне қатысты мəселелердің өткір тұрғандығы əрі дінге қарқынды бет бұрып отырған буын жастар екендігімен, осы себепті жастардың діни сауатына мəн беру, олардың діни тəрбие мен діни білім алу қажеттілігін реттеу мəселесі стратегиялық тұрғыдан аса маңызды сала екендігімен байланыстырылған. Себебі, мемлекеттің қауіпсіздігіне қатер төндіретін діни негіздегі құқық бұзушылықтар мен дін атын жамылған түрлі теріс пиғылды ағымдар іс-əрекетінің белең алуы, əсіресе, жастарды өз идеологиясына белсенді түрде тартуы, жастар арасында рухани келеңсіздіктердің көбеюі діни сауаттылықтың ауадай қажет екенін айғақтайды.

Тұжырымадама міндеттеріне ел халқының ислам негіздерін игеруіне жағдай тудыру, діни білім алудың қолжетімдігін жəне оның сапасын арттыру, діни білім беру ұйымдары қызметінде демократиялық ұстанымды ұстану, Қазақстандағы діни білім жүйесі мен зайырлы білімді ықпалдастыру арқылы зайырлы білім жүйесі секілді діни білімнің қоғамда тұрақтылықты қалыптастыратын іргетасқа айналуын қамтамасыз ету, діни білім берудің ұлттық тұтас жүйесін құру жəне тағы басқа мəселелер кіреді. Осы аталған міндеттердің уақытымен жүзеге асатындығына бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының бастамасымен қазірдің өзінде Малайзия, Ресей, Мысыр, Түркия секілді елдердегі бірқатар белді, беделді университет, діни орталықтармен келісімдер жүргені де дəлел. Ал шетелге діни білім алуға оң-солын ажырата білетін жастарды жоғарғы білім алуға жіберу де құптарлық.

Жалпы алғанда, болашақта даму жолымызды айқындап алуға қайткенде де белгілі бір жоспар, стратегия керек-ақ. Елімізде ислами білім беруді жаңа деңгейге көтеру мəселесінің жан-жақты қарастырылып жатқаны көңілге қуаныш ұялатады. Өйткені, қазіргі күрделі діни жағдайлардың бір шешімі сапалы діни мамандарды көптеп даярлау- да жатыр. Тұжырымдамада айтылған ойлар мен ұсынылған шешімдер еліміздегі діни білімнің бірізділеніп, жүйелене түсуіне, деңгейін көтеруге, халықтың дəстүр, мəдениетімен үйлесім тауып, білім жолындағы талапкерлердің рухани мəдениетін қалыптастыруға, ұлттық мүддені көздеуге, сапаны айқындай түсуге, озық елдердің тəжірибесін кəдеге жаратуға, бəсекеге қабілеттілік пен жастардың діни білім салаларын еркін əрі жүйелі меңгеруіне мүмкіндік береді деген ойдамыз.

e-islam.kz

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру


Соңғылар

Мұрағат