Таң

Күн

Бесін

Екінті

Шам

Құптан

«Бақара» сүресінің тәпсірі

09.11.2015 4173 0 пікір

Қасиетті Құранның аятында:

الم(1)ذَلِكَ الْكِتَابُ لَا رَيْبَ فِيهِ هُدًى لِلْمُتَّقِينَ(2)الَّذِينَ يُؤْمِنُونَ بِالْغَيْبِ وَيُقِيمُونَ الصَّلَاةَ وَمِمَّا رَزَقْنَاهُمْ يُنفِقُونَ(3)وَالَّذِينَ يُؤْمِنُونَ بِمَا أُنْزِلَ إِلَيْكَ وَمَا أُنْزِلَ مِنْ قَبْلِكَ وَبِالْآخِرَةِ هُمْ يُوقِنُونَ(4)أُوْلَئِكَ عَلَى هُدًى مِنْ رَبِّهِمْ وَأُوْلَئِكَ هُمْ الْمُفْلِحُونَ(5)

«Әлиф, ләм, мим (мұның мағынасы жалғыз Аллаға аян). Бұл кітап (яғни қасиетті Құран) – ешқандай шәк-шүбәсіз тақуалылардың жетекшісі. Олар ғайыпқа сенеді, намаз оқиды, өздеріне берілген ризықтан (Алланың жолына арнап) жұмсап тұрады. Олар саған түскен кітапқа және сенен бұрынғыларға түскен кітаптарға сенеді. Ақыретке күмәнсіз нанады. Әне, солар ғана Раббыларының тура жолындағылар. Солар ғана мұратына жететіндер»[1], – делінген.

Иә, осы «Бақара» сүресі қасиетті Құранның екінші әрі ең үлкен сүресі болып табылады. Бұл сүре пайғамбарымыз хазіреті Мұхаммедке (ﷺ) Меккеден Мәдина қаласына қарай қоныс аударып көшіп келгеннен кейінгі түскен бірінші сүре саналады. Байқағаныңыздай, бұл сүренің басы мүмин-мұсылмандардың сын-сипаты жөнінде сөз қозғап, кейін кәпірлер және екі жүзді мұнапықтар туралы әңгіме негізінде жалғасады. Алла Тағала бұл үш топтың әрқайсысына арнайы тоқтап, оларға түсінік беріп, қай топтың құрамында өмір сүру керек екенін адам баласының өз қалауына қалдырады.

Имам Тирмизи Әбу Һурайрадан (р.а.) риуаят еткен хадис шәріпте Пайғамбарымыз (ﷺ): «Үйлеріңді қабірге айналдырмаңдар! «Бақара» сүресі оқылған үйге шайтан кірмейді», – деген. Ал, Имам Даримий риуаят еткен хадис шәріпте Абдулла ибн Аббас (р.а.): «Кім «Бақара» сүресінің он аятын басынан төрт аятты, аятул-күрси және одан кейінгі екі аят пен сүренің ең соңғы үш аятын түнде оқып жатса, сол түні сол үйге шайтан кірмейді», – деген. «Бақара» сүресін оқығанның осындай мол қасиеті бар. Дегенмен, осы уағызымыз аталмыш сүренің алғашқы бес аяты, яғни, мүмин-мұсылмандардың сын-сипатының тәпсірі жөнінде болмақ.

Бірінші аяты: «Әлиф, ләм, мим». Яғни, бұлар – араб әліппесінің әріптері. Құран Кәрімде жүз он төрт сүре болса, соның жиырма тоғыз сүресінің алғашқы аяттары осылай әріптердің атымен басталады. Бұл әріптерді «Фауатихус-суари», «сүрені ашушы әріптер» немесе «хуруфул хижаа» немесе «хуруфул Мұқоттаат» «бөлшектелген әріптер» деп те атайды.

Пайғамбарымыздан (ﷺ) немесе оның сахабаларынан бұл әріптердің мағынасы туралы риуаят болмағандықтан, ғалымдардың ол туралы әртүрлі пікірлер қалдырған.

Кейбір ғалымдар «әлгі аяттағы әріптер аят болып келген, мағынасы жалғыз Аллаға аян» деп шектелсе, кейбір тәпсір ғалымдары оны былай түсіндіреді: «Құран түскен заманда арабтардың ішінде сөз сөйлеуге ұста, сөздің майын тамызып сөйлейтін тіл шеберлері, ақындар, жыраулар көп болатын, олар дін исламды мойындамай, Құранды қабылдамай: «Құран – Алланың емес, Мұхаммедтің құрастырған туындысы», – деп айтатын. Сондықтан мұндай ойда болғандарға қарата: «Құран сендер қолданып жүрген «әлиф», «ләм», «мим» сияқты әріптерден тұрады, қолдарыңнан келсе, сендер де сол әріптерден тұратын Құранға ұқсас нәрсені жасаңдаршы»  деген ұсыныс мағынасын білдіреді», – дейді.

Риуаят бойынша, әр пайғамбардың Алла Тағаланың елшісі екенін дәлелдейтұғын мұғжизалары болған. Мұғжизаны бұл күнде «керемет» деп айтатындар бар. Мұғжиза мен керемет әдеттен тыс іс-әрекеттер. Бірақ, әдеттен тыс іс пайғамбардан табылса, оны керемет емес «мұғжиза» деп, ал әдеттен тыс іс бес уақыт намазын қаза қылмайтын, Құраны мен сүннетіне берік жаннан көрінсе, оны «керемет» деуге келеді. Мұғжиза пайғамбарларға ғана қатысты сөз. Ал, керемет көрсету Алланың досы әулиелерге ғана тиісті. «Мұғжиза» деп пайғамбардың пайғамбарлығын дәлелдейтін әдеттен тыс іске айтамыз. Мәселен, Дәуіт (ғ.с.) пайғамбар заманында темір ұсталары көп болған. Алла Тағала темірші ұсталарға Дәуіт (ғ.с.) пайғамбардың Алла елшісі екенін мойындататындай етіп темір шебері қылады. Оның темірден жасаған туындылары оның пайғамбарлығын дәлелдейтұғын мұғжизалары болды. Мұса (ғ.с.) пайғамбардың дәуірінде сиқыршылар көп болды. Сиқыршылар перғауынның зұлымдығына бас көтерген халықтың зәре-құтын қашырып, қорқытып, үркітіп отыратын еді. Перғауынды Алла деп атауға мәжбүрлейтін. Сонда Алла Тағала Мұса пайғамбардың Алла елшісі екенін мойындату үшін пайғамбарлығымен қоса сол замандағы сиқыршылардан да асып түсетін мұғжиза берді. Мұса (ғ.с.) пайғамбардың аса таяғы болатын. Сол аса таяқ Мұсаның қалаған нәрсесіне айнала алатын. Бірде сиқыршылар Мұса пайғамбарды өлтіру үшін улы жылан жібереді. Сонда әлгі  аса таяқ айдаһарға айналып сиқыршылардың жыланын жұтып, Мұсаны қорғайды. Иса (ғ.с.) пайғамбар заманында медицина ғылымы дамыған-ды. Адамдардың сырқат, ауруын емдейтін емшілер көп болды. Дегенмен, кейбір ауруларды ешкім емдей алмайтын. Алла Тағала Иса (ғ.с.) пайғамбарды Алла елшісі екенін мойындату үшін оған емшілік қасиет арқылы мұғжизасын берді. Ең күшті емшілер емдеп, жаза алмай жүрген аурулар пайғамбар қолынан шипа тапты. Емдегенде тек қолымен сипап өтуінің өзі жеткілікті еді. Әлгі сырқат ауруынан айығып кететін. Тіпті, Иса пайғамбар өлген адамды тірілтті де. Сондықтан оның пайғамбарлығын бірінші боп емшілер мойындауға мәжбүр болды.

Ал, Мұхаммед (ﷺ) пайғамбардың заманында ақын, жыраулар көп болды. Өйткені, арабтар сөзге шебер, араб тілі мен әдебиетін жетік меңгерген халық еді. Сонда Алла Тағала Мұхаммедтің (ﷺ) Алла елшісі екенін мойындату үшін оған сөздердің ұлысы – қасиетті Құранды берді. Құран Кәрім аяттары өте сырлы, құпиялы. Олай дейтін себебіміз, оның әдеби жанрлары, сөз ұйқастығы, тіл мәнері мен қағидалары толық орындалған.

Мұхаммед (ﷺ) пайғамбардың ақындығы да, жыраулығы да жоқ еді. Қырық жасқа дейін сөзге шеберлігі байқалмаған-ды. Өмірінде бір сағат та ешкімнен сабақ алып көрмеген жан. Оқу-жазу білмейтін. Алладан түскен алғашқы аяттарды оқып бергенде, небір арабтың сол заманғы ең танымал сөз шеберлері аң-таң қалысты. Пайғамбарымыз оларға өмір бойы сөз таластырып жүрген тіл маманы секілді көрінді. Сол заманда ең күшті деп танылған өлең шумақтарын қазіргі Қағбаның қабырғасына іліп қою әдеті бар еді.

Бірде сөз шеберлігі бойынша жарыс өтеді. Сонда «Кәусәр» сүресін сайысқа қосады. Әлгі сүре сол сайыста бірінші орынды иеленеді. Нәтижесінде бұл сүре көп уақыт бойы Қағбаның қабырғасында ілулі тұрды.

Қазіргі заманда тіл ғалымдары Құранның грамматикалық құрылымына таң қалып, оны негізге алады. Құқықшылар құқық негіздерін Құраннан тауып оны пайдалануда. Тарихшылар Құрандағы тарихи деректердің нақты айтылғанына қарап өзара таңдануда. Себебі, химия, физика, астраномия ғалымдарын Құран өзіне баурап отыр. Тіпті, медицина ғалымдарының да кәдесіне жарап келеді. Ал, мұның бәрі Құран Алланың кітабы екенін мойындауға жетелейді.

Құранның әріптері топырақтың мысалына ұқсайды. Біреулер топырақты лай қылып, одан қыш құяды немесе одан ыдыс жасайды. Ал, Алла Тағала топырақтан адамзатты жаратты емес пе?! Сол сияқты араб әліппесінен араб ақындары шумақ-шумақ өлең тоқиды, сөз шеберлігімен халықты таң қалдырады. Ал, Алла Тағала солардың қолданып жүрген әріптерінен қиямет-қайым болғанша адам баласын хақ жолға салатын қасиетті Құран кітабын түсірді.

Енді жоғарыдағы сүренің екінші аятының тәпсіріне көшелік. Онда:

 ذَلِكَ الْكِتَابُ لَا رَيْبَ فِيهِ هُدًى لِلْمُتَّقِينَ(2)

«Бұл кітап (яғни қасиетті Құран) – ешқандай шәк-шүбәсіз тақуалылардың (тақуасы барлардың) жетекшісі», – делінеді.

Иә, қасиетті Құранның хақ кітап екендігіне күмән жоқ. Онда барлығы да ап-анық жазылған. Бұл жерде мына нәрсеге аса көңіл бөлу керек. Құран – тақуалы адамдардың жетекшісі. Әр есікті ашу үшін кілт керек болғанындай, Құранның да кілті иман мен тақуалық болып табылады. Құран кез келген адамға жетекші болып, оған жол сілтеп кете бермейді. Тек иманды, тақуалы жанның жетекшісі болатындығын ұққан жөн. Бiр риуаятта Пайғамбарымыздан (ﷺ): «Ей, Алланың Елшiсi! Тақуалық қай жерде?» – деп сұрайды. Сонда ол кісі оң қолын көкiрегiне қойып: «Ол мұнда», – деп көкірегін көрсеттi», – дегені айтылады. Демек, көкірегі ояу, көзі ашық, ниеті таза, иманды адамды тақуа деп түсінеміз. Сондай-ақ, адамгершiлiкке жатпайтын жат қылықтарды және күнә iстерге жетелейтiн амалдардан жиренуді де, жиіркенуді де тақуалық деуге болады. Сөздің түйіні, Құранға бойұсынған адамды нағыз тақуа жан деген дұрыс-ақ.

Қасиетті Құран кітабы жетекшім болсын десеңіз, тақуа болу қажет. Онсыз, тақуасы жоқ жүректі Құран хақ жолға бастамайды. Бұл – менің емес, «هُدًى لِلْمُتَّقِينَ» «(тақуасы барлардың) жетекшісі» деген Алла Тағаланың ұлық сөзі.

Ал, тақуалы адам қандай болу керек? Біз тәпсірлеп отырған «Бақара» сүресінің алғашқы аяттары бойынша, тақуалы адам бірнеше сипатқа ие болу қажет.

Бірінші сипаты: «Олар ғайыпқа сенеді» деп атап көрсетілді. Яғни, тақуа адам «Алла Тағаланы көзімен көрмесе де сенеді» деген сөз. Сонда қалай сенеді? Демек, кейбір нәрселер көзімізге көрінбесе де сенуге тұра келеді. Мысалы, электр қуаты болған токтың бар екені көзге көрінбейді. Бірақ, адам баласы оған сенеді. Телефон толқындары, ол да көзге көрінбейді, бірақ оған сенеміз.

Енді, Құдайдың бар екенін қалай білуге әрі дәлелдеуге болады? Негізі, Жаратушы құдірет иесі Алланың бар екенін ғылым пәндері үйретеді. Ғылымның кез келген түрі жаратқан Алланың бар екенін дәлелдейді. Мәселен, химия, физика, астраномия, география, жаратылыстану пәндері Алланың барлығы мен бірлігін оқытады. Қараңыз, жер бетіндегі өмірдің өзі белгілі тәртіппен жалғасуы, ай мен күннің, жердің және басқа да планеталардың бір-бірімен соғысып қалмай жүйелі әрекет етуі, мезгілдерге байланысты ауа-райының бірде суық, бірде жылы болып өзгеріп отыруы, жерге егілген ұрық дәннің өніп шығып, өсімдікке немесе ағашқа айналуы, олардан түрлі жеміс-жидектердің пісіп жетілуі, адамзаттың тән түзілісі өте таңқаларлық жаратылуы, әкеден ана құрсағына өткен бір тамшы судың адамға айналуы – жаратқан Алланың бар екенін білдіреді әрі дәлелдейді.

Ғайыпқа сену дегеннен Алладан басқа, Алланың періштелеріне, кітаптарына, пайғамбарларына, қиямет күніне, жаннатқа, тозаққа, өлімнен кейінгі өмірге, өліп қайта тірілуге сенуді де түсінеміз.

Имам әл-Хаким Амр ибн Шуайб риуаятында бір күні пайғамбарымыз (ﷺ) сахабаларына: «Сендердің ойларыңша, кімнің иманы күшті?» – деп сұрапты. Сахабалар: «періштелердің иманы», – деп жауап береді. Пайғамбарымыз: «Періштелер Алланың қасында жүре тұра иманы қалай әлсіз болсын?» – депті. Сахабалар: «Онда пайғамбардың иманы», – дейді. Алла елшісі: «Пайғамбарға Алладан уахи түсіп тұрса да, иманы күшсіз болғаны қалай?» – деді. Сахабалар: «Біздің иманымыз», – деп айтты сонда. Ол: «Мен араларыңда тұрғанда иман келтірмеу қалай?» – деді. Сөйтіп соңында пайғамбарымыз сұрағына өзі жауап бере бастады: «Мен үшін халықтың ішінде иманы күшті адамдар – сендерден кейін келетін ұрпақтың иманы, өйткені, (олар Алланы да көрмейді, пайғамбарды да көрмей, пайғамбарды көргендерді де көрмей-ақ,) кітапқа қарап иманға келетін қауымдар».

Тақырыпқа қайта оралсақ, Бақара сүресінде айтылған тақуалы адамның келесі сипаты аятта, ол «намаз оқиды» делінді. Намаз жағдайында көп дұғалардың қатарында жасаған басқа да ғибадат құлшылықтардың қабыл болуы сұралады. Намаздың себебімен адам баласы жеңілдеп, көңілі жұмсап, басқа да ғибадаттарды жасауға, жақсы сауапты істерді атқаруға құштар болады, жамандық атауынан аулақ жүреді. Қасиетті Құранда:

إِنَّ الصَّلَاةَ تَنْهَى عَنْ الْفَحْشَاءِ وَالْمُنْكَرِ  

«Күдіксіз намаз арсыздықтан, жамандықтан тыяды»[2], – делінген.

Демек, намаз оқитын адамның арсыз, жаман қылықтары болмайды. Намаз оқитын адам күнә істен біржола қол үзуі керек. Егер күнә істен қайтпаса, ол - оның оқыған намазы Алла Тағаланың құзырында қабыл болмай жатқанының белгісі. 

Имам ибн Жарир әт-Табарий әл-Хасаннан риуаят еткен хадисте: «Кім намаз оқыса, оны оқыған намазы арсыз, жаман істерден қайтармаса, ол Алладан қашық тұрған адам боп табылады», – дейді.

Тақуалы адамның үшінші сипаты жоғарыдағы аятта:

وَمِمَّا رَزَقْنَاهُمْ يُنفِقُونَ

«өздеріне берілген ризықтан (Алланың жолына арнап) жұмсап тұрады». Мұсылман адамның түсінігі бойынша, бейнетпен, адал жолмен тапқан дәулеті, байлығы Алланың оған берген ризық несібесі. Сондықтан тақуалы мұсылман мұқтаж бауырларына садақа жасап тұрады. Садақа сөзінде «білдіру» мағынасы бар. Садақа жасаған адам жүрегінде иманның бар екенін амалымен дәлелдеп, көрсеткен боп саналады. Хазреті Мұхаммед (ﷺ) пайғамбарымыз «Садақа Алланың ғазабын сөндіреді және қайғылы қазадан сақтайды», – деген. Ислам діні бай адамдардың жүрегінде бейшараларға деген жанашырлықты енгізу үшін, қоғамдағы азаматтардың арасында қарым-қатынастың күшейуі үшін, олардың бір-біріне бауыр басулары үшін садақа жасауды амалға асырған. Ислам тұжырымы бойынша, мұсылман садақа беріп мұсылман бауырының қажетін шығарса, Алла Тағала оның бұл амалына көп сауап жазумен қатар осы дүниеде мезгілсіз қазадан сақтайды. Сондай-ақ, мұсылманның берген садақасы оның ғұмырын ұзартады, яғни ұзақ өмір сүруіне себеп те болады және жасаған садақалары оны барлық жаман аурулардан қорғайды. Пайғамбарымыз Мұхаммед Мустафа (ﷺ) бұл туралы өз хадисінде:«Мұсылманның садақасы оның ғұмырын ұзартады. Оны мезгілсіз өлімнен сақтайды. Тәкаппарлық пен менмендік және мақтаншақтықты бойынан аластатады», – деген.

Садақа деген сөзді нәпақа деп те айтуға болады. Нәпақа негізі жалпылама сөз. Бұл сөзден садақаны да, зекетті де, сауап үшін қайырымдылық жасауды да түсінуге болады. Аяттағы «юнфиқун» сөзі нәпақа дегенді білдіреді. Демек, аяттан тек садақаны ғана емес, жалпы нәпақа жасауды түсіну керек. Демек, тақуа кісі садақа да жасап тұрады, шамасы келсе, міндеті түрде мезгілімен зекет те береді, қайырымдылық шараларынан да тыс қалмайды және орнымен нәпақа да береді. Нәпақа десе, қазақ халқы бала-шаға мен ата-анасының нәпақасын қамтамасыз етуді түсінеді. Әрине, ата-анаға нәпақа беріп, оларды бағу – әрбір перзенттің парызы. Қасиетті Құранның бірнеше аятында Алла Тағала: «Ата-анаңа жақсылық жаса!» – деп бұйырады. Ата-анаға жақсылық жасап, оларды киім-кешекке, ас-ауқатқа мұқтаж етпеген дұрыс. Сол үшін үнемі олардан хабар алып, хал-жағдайларын біліп тұру қажет.

Әйел бала-шағаның нәпақасы да – еркек кісінің міндеті. Қасиетті Құранның «Бақара» сүресінің 233-аятында: «...аналардың жеу-ішу, киім-кешегін баланың әкесі міндетіне алуға тиіс...», – деп жүктелген. Демек, бұл аяттардан ата-ананы қараусыз қалдыру, әйел бала-шағаны тиісті қорегімен қамтамасыз етпеу, әйел ақысын өтемеу, перзентті тастап кетудің дұрыс еместігін түсінуге болады. Ал, парызды өтемеу – үлкен күнә.

Меккеге барып қажылық жасау – бес парыздың бірі. Сол сапардың өз шарты бар. Соның бір шарты қайтып оралғанға дейін әйел, бала-шағасы мен ата-анасын нәпақамен қамтамасыз етіп кету. Яғни, киетін киімнен, жейтін тамағынан, азық-ауқатынан тарылып қалмаулары керек. Сонда ғана қажылыққа баруға болады. Міне, осының өзі ата-ана мен әйел, бала-шаға нәпақасының парыздығын, оның мойынға қарыздығын көрсетпей ме?!

Жоғарыдағы «Бақара» сүресінің алғашқы аяттарының келесі тәпсіріне көшсек, аятта тақуалы адамның келесі сипаты туралы былай делінеді:

وَالَّذِينَ يُؤْمِنُونَ بِمَا أُنْزِلَ إِلَيْكَ وَمَا أُنْزِلَ مِنْ قَبْلِكَ

«Олар саған түскен кітапқа және сенен бұрынғыларға түскен кітаптарға сенеді». Демек, тақуалы адам Құран кәрім Алланың кітабы екеніне қалай сенсе, Құраннан  бұрын түскен Забурға, Тауратқа, Інжілге де солай сенеді. Тақуалы мұсылман бұл кітаптардың Алладан түскеніне бірдей сенеді. Бұл сенім тек мұсылман үмбетінде ғана бар, басқа ешкімде жоқ. Біз кітаптарға да пайғамбарларға да сенеміз. Бұған сенбеу иман шартқа қайшы.

«Ислам» аты айтып  тұрғандай,  ықылас, бейбітшілік, ынтымақ діні. Барлық  діндерге  құрметпен  қарайтын дін. Әсіресе,  тораға табынған яһуди, інжілді ұстанған христиан  дініндегілерге  аса ілтипат  көрсетіп  оларды «Аһл  әл-Китап» – «Кітап иелері» деп  атайды. Осы диалог  көп  уақыттардан  бері  Исламның  дінаралық  келісімнің  жағында  екенін білдіріп, достық, ынтымақ,  бірлік  жолында  қызмет  атқарып  келеді.

Қасиетті Құран Кәрімде: «Адам баласы бір-ақ үмбет», – деген үндеу бар. Бұл жер бетіндегі бүкіл адамзат әсілі бір үмбет екенін ескертеді. Бүгінгі отанымыз Қазақстан – Алланың жазуымен көп ұлтты мемлекет. Елімізде  мешіттермен қатар, христиан  дінінің бір-бірімен бір қазанда сорпасы қайнамаса да, неше түрлі секталарының сыйынатын үйлерімен, шіркеулері, еврейлердің де синагогалары еркін жұмыс жасауда. Бұлардан басқа да дін  ұйымдары өз миссияларын емін-еркін жүргізіп жатқандығына баршамыз куәміз. Осы орайда Елбасының Астанада күллі дін өкілдерінің басын қосып, ымыраға шақыруы - еліміздің болашағы үшін жасап жатқан игі ісі екенін айта кету керек.

Тақуалы жанның бесінші сипатына тоқталсақ, аятта:

وَبِالْآخِرَةِ هُمْ يُوقِنُونَ

«Ақыретке күмәнсіз нанады», – делінеді. Ақыретке сену адамзатты тар дүниеден кең дүниеге шығарады. Оның өмірі бес күндік дүниемен бітпейтінін, мәңгі өмірдің бар екенін білдіреді. Ғайыпқа сену, намаз оқу, өздеріне берілген ризықтан (Алланың жолына арнап) жұмсап тұру. Құран кітапқа және бұрынғыларға түскен забур, таурат, інжіл кітаптары Алладан түскеніне сену. Ақыретке күмәнсіз нану. Міне, осы бес сипат тақуалы жанның сипаты саналады. Осы бес сипат табылған адамды «тақуа» деуге болады. Бұл сипаттар адам баласы үшін өте қажетті. Кімнің бойынан осы сипаттар табылса, сол адамға қасиетті Құран жетекші бола алады. Кімге қасиетті Құран жетекші болса, екі дүниеде де бақытқа қол жеткізеді. Келесі аятта мұның нәтижесі айтылады:

أُوْلَئِكَ عَلَى هُدًى مِنْ رَبِّهِمْ وَأُوْلَئِكَ هُمْ الْمُفْلِحُونَ

«Әне, солар ғана Раббыларының тура жолындағылар. Солар ғана мұратына жететіндер». Демек, кім мұратына жеткісі келсе, тақуалылық сипаттарға кенелсін. Пайғамбарымыздан (ﷺ) сахабалары: «Ей, Алла елшісі! Біз Құранды оқып, кей нәрселерді армандап қаламыз», – деді. Пайғамбарымыз: «Сендерге, жәннатқа кіретін адамдар туралы айтайын ба?» – деді. Сахабалар: «Иә», – деді. Сосын Пайғамбарымыз (ﷺ) «Әлиф, ләм, мимнен муфлихун» деген жерге дейін осы жоғарыдағы аяттарды оқыды да: «Бұлар жәннатқа баратындар», – деді».

Олай болса, бәріміздің жанымыз жәннаттан орын тапсын. Жасаған құлшылықтарымыз қабыл етіп, мұрат-мақсаттарымыз асыл етсін!

Бақтыбай Бейсенбаев



[1] «Бақара» сүресі, 1-5-аяттар.
[2] «Анкабут» сүресі, 45-аят.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру


Соңғылар

Мұрағат