Таң

Күн

Бесін

Екінті

Шам

Құптан

Ермек МҰҚАТАЙ: «ДАИШ» – террорлық ұйым!

05.11.2015 2036 0 пікір

ХХ ғасырдың соңы мен ХХІ ғасырдың басында дін атын жамылған трансұлттық сипттағы террорлық ұйымдар адамзаттың бейбіт өмір сүруіне қатер төндіре бастады. Соның бірі өткен ширек ғасырда ислам дінінің атын жамылған «Әл-Кайда» террорлық ұйымы болса, келесісі 2014 жылы Сирия мен Ирак жерінде пайда болған ДАИШ ұйымы екені әмбеге аян.

ДАИШ қандай ерекшелігімен  қауіпті дегенге келетін болсақ, бұл ұйымның  ұстанымында ислам шариғатына теріс «тағут» және «тәкфир» түсініктері бар. Олардың пайымдауынша «тәкпір» деп  үлкен күнә жасаған адамды айтамыз.

Ислам шариғатын басшылыққа алмаған кез-келген саяси жүйеге «кәпір» үкімін тағады. Яғни, мемлекеттік конституциялық құрылысы Құран мен сүннеттен тұрмаған әрбір жоғары саяси институт «кәпір» болып табылады. Сондай-ақ, ДАИШ-тің бұл пікірін құптамаған өзге мұсылмандар да «кәпір» саналады. Әлбетте, бұл асыра сілтеп, шектен шыққандық еді.

ДАИШ террорларының түсінігінше бұл ұйымға кірмеген және олардың шейхтарына мойынсұнбаған әрбір мұсылман «тағут» саналады. Ал, ДАИШ-ке мүше болып, кейін олардан шыққан адам «муртад» (дінін тәрік етуші) болып есептеліп, өз пәтуаларында  мұндай қадамға барған адамды өлтіруге рұқсат береді.

Әсілі, «тағут» туралы түсінік уахабилік-салафиттік ілімнің теориясын жазған Мұхаммед ибн Абдул Уаххабтың «Үш негіз» атты еңбегінде кездеседі. Мұхаммед ибн Абдул Уаххаб өзінің бұл пікіріне Ибн Таймия және Ибн әл-Қайимның шетін көзқарастарын арқау еткен. Ол «тағуттың» бірнеше санаттарын келтіре отырып, оның ішіне зайырлы жүйені де жатқызады. Яғни, Мұхаммед ибн Абдул Уаххабтың «Үш негізі» бойынша Алланың заңымен құрылмаған әрбір саяси жүйе және оның қызметкерлері «тағут» саналады. Олар: «тағут» адамдардың қаны мен мал-мүлкі адал деген үкім шығарған. Осыған байланысты ДАИШ-тің жетегіндегі жанкештілер өздеріне қосылмаған немесе өздерін құптамаған мұсылмандардың бәрін өлтіруді күнә деп есептемейді.

ДАИШ туралы сараптамаларға зер салсақ, бұл ұйымның алдын ала әзірленген жоба екенін аңғарамыз. Өйткені, алдын-ала ұйымдастырылмастан тоқсан елдің террористері бір уақытта Сирия мен Иракта бас қосып, үлкен көлемдегі әскери іс-қимылдарды жүзеге асыруы мүмкін емес. Мұсылман мемлекеттерімен қоса ислам діні аз таралған елдерден әп-сәтте  содырлардың пайда болып, Таяу Шығыста бір мезгілде бас түйістіруі осыны әйгілесе керек.

Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Нұрлан Ермекбаевтың мәлімдеуіне қарағанда ДАИШ қатарында 400 қазақстандық азамат бар. Ал, бейресми деректерге қарағанда ДАИШ құрамында 1000-нан астам отандастарымыз бар көрінеді. Өкініштісі, осы күнге дейін құзырлы орындар содырлыққа соқтырар шетін көзқарастарды жегенелеуге бар күш-жігерін жұмсағанымен, бұл қан-шеңгел үдерісті ірку мүмкін болмай келді.

Қазан айының 15 күні Астана қаласының Есіл ауданының соты осы ДАИШ-ті террорлық ұйым деп таныған шешім шығарды. Бұдан кейін ДАИШ-ті құптау немесе оған еру ҚР қылмыстық кодексінің терроризм бабы бойынша сотталатын болады. Әрине, тек жазалаумен ДАИШ-ті ауыздықтай алмаймыз. ДАИШ идеологиясын түбегейлі жеңу үшін исламның содырлыққа емес, ізгілікке негізделген дін екенін толық сезінуіміз қажет. Ол үшін ҚМДБ имамдары мен өзгеде теолог азаматтардың Хақ дінді жан-жақты насихаттауына қолдау білдіруіміз шарт.

Ермек МҰҚАТАЙ,
Астана қаласы «Әлжан ана» мешітінің Бас имамы

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру


Соңғылар

Мұрағат