Таң

Күн

Бесін

Екінті

Шам

Құптан

Бағдат Абдукаримов: Құран – кемел құқық

23.10.2015 1516 0 пікір

Құран – мұғжизаға толы кітап. Араб тілін білмейтін кез келген мамандар мойындайтын ғажайып көп-ақ. Өйткені, ол мұғжизалар Құран Кәрімнің мазмұнына қатысты. Бұл – реформалық немесе шариғи мұғжиза. Басқа тілмен айтқанда, заңға қатысты. Шариғи мұғжиза Құран ілімінің басым бөлігін қамтиды. Атап айтқанда, жеке тұлғаны қалыптастыруда, отбасын бақытқа жетелеуде, қоғамға бағыт-бағдар беруде және мемлекет іргесін құруда маңызды роль атқаратын заңнамалар. Тіпті, мемлекеттер аралық қарым-қатынаста да ең берік негіз болып саналады.

Құран Кәрім – Ислам шариғатының ең бірінші заң шығару қайнар көзі. Құранның мәтіні Алла Елшісінен (с.ғ.с.) жеткен бір әрпі де өзгермеген қаз-қалпындағы кітап екендігінде ешбір дау жоқ. Пайғамбар (с.ғ.с.) заманынан күні бүгінге дейін сол күйінде біздің заманымызға дейін жеткен. Қияметке дейін де сақталады. Он бес ғасырдан бері қолжазба кітаптағы Құран мәтіні мен ауызба-ауыз жатталған қарилардың оқыған аяттарының арасында қылдай да қарама-қайшылық жоқ.

Құран Кәрімде Исламның басты құндылықтары мен ерекшеліктері жалпылама баяндалған. Ислам – жан мен тән құқығын біріктіруші, дүние мен ақырет мүдде-мақсаттарын бір арнаға тоғыстырушы ең орта жолды дін. Құранда бұл жайлы:

وَكَذَلِكَ جَعَلْنَاكُمْ أُمَّةً وَسَطًا لِتَكُونُوا شُهَدَاءَ عَلَى النَّاسِ وَيَكُونَ الرَّسُولُ عَلَيْكُمْ شَهِيدًا

«Адамдарға (бұрынғы үмбеттерге) куә болуларың үшін, пайғамбарды сендерге куә болу үшін, Біз сендерді орта үмбет еттік...[1]», –деп айтылады.

Исламның көздеген мұраты – дүние мен ақырет бақыты. Адам жанын дұрыс иманмен тазарту. Алланы таныту. Ізгі амал, көркем мінез және қайырымды істермен адамды тәрбиелеу. Дегенмен, Исламның адам баласына міндеттейтін парыздары пенденің мүмкіндігі аясында. Адамның шама-шарқы жетпейтін іс жүктелмейді. Ислам – жеңіл дін. Онда мүмкін емес бұйрықтар мүлде жоқ. Құран Кәрімде:

لاَ يُكَلِّفُ اللَّهُ نَفْسًا إِلاَّ وُسْعَهَا

«Алла ешкімді шамасы жетпейтін іске зорламайды...[2]» және де

مَا يُرِيدُ اللَّهُ لِيَجْعَلَ عَلَيْكُمْ مِنْ حَرَجٍ

«...Алла сендерге машақат келтіруді қаламайды...[3]», – деп ашық айтылған.

Тіпті, парыз амалын орындауға міндетті жастағы мұсылман аталған парызды өтеуге денсаулығы себепті және де басқа үзірлі жағдаймен орындай алмаса, оның мойнынан парыз уақытша түсіріледі. Науқас адам ораза тұта алмағандықтан, денсаулығы түзелгенше ораза міндеттелмейді.

Ислам шариғатты шектен тыс қиындатуға қатаң тыйым салады. Адамның өз-өзін азаптауына жол бермейді.  Құран Кәрімде:

قُلْ إِنَّمَا حَرَّمَ رَبِّيَ الْفَوَاحِشَ مَا ظَهَرَ مِنْهَا وَمَا بَطَنَ وَالإِثْمَ وَالْبَغْيَ بِغَيْرِ الْحَقِّ وَأَنْ تُشْرِكُوا بِاللَّهِ مَا لَمْ يُنَزِّلْ بِهِ سُلْطَانًا وَأَنْ تَقُولُوا عَلَى اللَّهِ مَا لاَ تَعْلَمُونَ

«Раббым көрнеу және көмескі арсыздықтарды, күнәні, біреуге орынсыз тиісуді, ол (Алла) ешқандай бір дәлел түсірмеген нәрселерді Аллаға серік етуді, өздерің білмеген нәрселеріңді Алла атынан беталды сөйлеуді тыйым етті[4]», – деп бұйырылған. Сонымен бірге,

يَا أَهْلَ الْكِتَابِ لاَ تَغْلُوا فِي دِينِكُمْ

«Ей, кітап иелері! Діндеріңде орынсыз шектен асып кетпеңдер...[5]», – дейді.

Құран адамзаттың ақылы мен түсінігіне жіті мән береді. Адам мақсатының биіктігі мен төмендегіне қарай мәміле жасайды. Құранның кесімді аяттары жалпыға ортақ. Ал, кесімді емес аяттары адамның сана-түйсігіне қарай орындалады. Әрбір адам өзінің ақыл дәрежесінше үлесін алады.

Сонымен қатар, адамдар арасында қарым-қатынас негізі сырт іс-әрекетіне қарай болады. Ал, адамның ішкі ойы мен ниеті Аллаға тапсырылады. Ешбір сот немесе билік шариғатта адамның ішкі ниетіне сүйеніп үкім шығармайды және жазаламайды. Бұл – адам құқығын сақтаудың ең кемел көрінісі.

Бағдат Абдукаримов


[1] «Бақара сүресі», 143-аят.
[2] «Бақара сүресі», 286-аят.
[3] «Маида» сүресі, 6-аят
[4] «Ағраф» сүресі, 33-аят
[5] «Маида» сүресі, 77-аят

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру


Соңғылар

Мұрағат