Таң

Күн

Бесін

Екінті

Шам

Құптан

Бата бере аласыз ба, ата?

18.03.2015 2899 0 пікір

Тарихқа көз жүгіртіп қарасақ жасы үлкен, елге сыйлы, аузы дуалы ақсақалдарымыз «Жауынмен жер көгерер, батамен ер көгерер» деп батаға ерекше мән беріп, рухани байлық ретінде жоғары бағалаған. Сүйінбай, Қарасай, Кенен ата, Б.Момышұлы, Жамбыл ата т.б. аталарымыздың баталарын оқығанда, сусыны қанбаған баладай, шөліркей тамсанып қаласың. Мәселен:

Не тілесең тілегің, Қабыл болып орнасын.
Періштелер «Әумин» деп, Жалғыз Алла қолдасын.
Әумин!

Ал қазіргі жағдай тым басқа секілді. Кімді кінәларыңды білмейсің, заман ба, не адамдардың ниеті ме? Өз басым бүгінгі, бүкіл қарияларды кінәлаудан аулақпын, дегенмен екі сөздің басын қоса алмай, бата емес тілек айтып тұрып, ақыр аяғы «ал сол үшін ап қояйық» дегенді қыстыра кететін қариялар қайдан шықты? Ес білген кезден балаға бата үйретсе, өсе келе санасына құйып алған бала қартайғанша оны өзіне азық етері сөзсіз. Кейде тіпті ойлайсың, «орысша айтқанда современный» аталарымыз көбейіп кетті ме өзі?!», - деп. Көзбен көріп, көңілмен сезген соң, мұндайда айтпай қоюды жөн санамайсың, жасы 40-тан асқан ағаларымыз, одан қала берді қарияларымыз бата беруден жұрдай. Айтса айтты деп өзіңе кінә тағады. Бірақ, шындықтың кілті осы ғой. 2-3 отырыста қарияларға қарнымның ашқаны бар. Ақ дастарханда отырмыз, ішіп-жеген тамағымызға ризашылығымызды білдіріп, рахмет айтпай біз қазақ тұрмайды ғой, әлгі үйдегілердің ішіндегі жасы үлкен деп сыйлап 40-тан асқан ағаға бата беруін өтіндік. Өзі қазақ, аты қазақ ағам жұбайына көзінің қиығымен қарап алды да, «сен берші», - деп ишара білдірді. Жұбайы да мықты екен, дымын білдірмей батаны берді-ау. Ерлер отырғанда әйелдің  бата беруі жараспайтын қылық «Қазақстан» телеарнасында болатын «Аламан айтыс» көпшілігіміздің есімізде шығар. Сонда басына бөрік, үстінде шапаны бар қаншама ақсақалдарымыз шығатын.  Ал ата батаңызды  беріңізші, дегенде, қағазына қарағыштап, терлеп-тепшіп бірінші сынып оқушысы секілді әрең оқып  «уһ» деп отыра кетуші еді. Амал жоқ, онысына рахметтерін жаудырып  айтысты бастайтын. Мұндай жайттарды айта берсек таусыла қоймас.

Қысқасы, ақ тілеудің белгісі - бата. Ал ол бата - бет алды айтыла бермейтін үлкен рухани ұғым. Ең жақсысын қазақ «ақ бата» деп қадірлеп, қастерлейді. Ал «ақ бата» -  ұлтымыз, еліміз үшін теңдесі жоқ асыл сөз. Ақ бата - шын жүректен шыққан сөз, ізгі тілек, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан рухани азық. Ал құдіретті сөзді қастерлеп, сүттей ұйып, ісінің оңға басуын тілеп, оған шексіз иланған. Солардың ең абзалы  Аллаһ тағаланың атымен бастағалғаны. Қазақтың батасы өзімізге белгілі, көбінесе өлең түрінде өрілген ғой: «Уа, Құдайым оңдасын, желеп-жебеп қолдасын», «Уа, Жаратқан Ием құдірет, тілегімді қабыл ет», «Уа, Құдайым берсін, айтқаным келсін» т.б. деген сөздермен басталады.

Сондықтан да  батаның тәрбиелік мәні зор. Бата адамды ізгілікке, парасаттылыққа, мейірімділікке баулиды. Ол қысылғанға қуат, қиналғанға медет берсе, қиын жағдайға тап болғанда демеу  іспетті.

«Батасыз тілектің мәні жоқ, тілексіз өмірдің сәні жоқ» демекші, ақ ниетпен, шын жүректен айтқан баталарымызды Алла Тағала қабыл етсін! 

Даниля Қыпшақбаева

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру


Соңғылар

Мұрағат