Таң

Күн

Бесін

Екінті

Шам

Құптан

Еш күмәнсіз иман келтірді

17.03.2015 1550 0 пікір

Әбу Бәкір сауда сапарымен Йеменде жүргенде, Мекке халқы Мұхаммедке (с.а.с.) пайғамбарлықтың келгендігі туралы хабарды естіп, толқу үстінде болатын. Әбу Бәкірдің Йемен сапарынан жаңа келген беті болатын.

Әбу Жәһил бастап, Уқба ибн Әби Муайт қостап құрайыштың құзырлы қариялары оған сәлем бермекке келеді. Амандық-саулықтан соң Хазіреті Әбу Бәкір:

“Мен жоқта нендей оқиғалар болды? Ел аман, жұрт тыныш па? Айта отырыңдар”, – деді.

Ақсақалдар: “Ей, Әбу Бәкір! Ел ішінде бүлік шықты, мұндай сұмдықты кім естіген бұрын–соңды” деп орағытып әкеп “Әлгі Әбу Тәліп ақсақалдың қолында өскен жетімек Мұхаммед деген бар емес пе еді, сол өзін пайғамбармын деп жариялаған көрінеді. Біз бұны естіп жағамызды ұстап, не де болса сенің келуіңді тосайық дедік. Досыңа өзің барып, мән-жайды анықтап, ақылға шақырмасаң болмас”, – деп жамыраса шуласты.

Хазіреті Әбу Бәкір айтылғандарды мұқият тыңдап алған соң бірден Хазіреті Мұхаммедтің (с.а.с.) үйін бетке алды.

“Уа достым! Пайғамбармын дегенің, қауымыңнан бөлініп, ата-бабаңның дініне қарсы шыққаның рас па? ” – деп сұрады келген бойда.

Ардақты Пайғамбарымыз құлын тайдай тебісіп, кішкентайынан бірге өскен досы Әбу Бәкірдің айтқандарын күлімсірей отырып тыңдады да: “Ей, Әбу Бәкір! Жаңсақ емес, естігендеріңнің бәрі дәп солай. Мен саған және жалпы адамзатқа жіберілген Алланың елшісімін. Халқымды бір Аллаға сенуге шақырамын. Сен де куәлік айт, иманға кел!”, – деді.

Хазіреті Әбу Бәкірдің көңілі алабұртып, санасын сан сұраулар шырмап, аласапыран күйге енді. Бұл сөздерді бала күнінен асыр салып бірге өскен, жанындай сүйетін, өмір-жалғанда ойнап та болса шындыққа қайшы сөз айтпаған Мұхаммед Әминнің өз аузынан естіген ол, сол мезетте күмән келтірместен:“Әшһәду әл-ләә иләәһә иллаллаh уә әшһәду әннә Мұхаммедәррасулаллаһ” деп кәлимаға тілін келтіріп, мұсылман болды.

Хазіреті Әбу Бәкірді Ислам ақиқаттарына шақырғанда титтей де наразылық көрсетпеуін Расулаллаһ ылғи да былайша еске алған: “Әбу Бәкірден басқалардың бәрі иманға кел дегенімде сәл де болса, күмән келтіріп кібіртіктеп қалған еді. Ал, ол болса еш ойланбастан менің сөзімді қабыл етті!”

«Саңлақ сахабалар» кітабынан

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру


Соңғылар

Мұрағат