Таң

Күн

Бесін

Екінті

Шам

Құптан

Кедейлерді кемсітпеген дастархан

27.02.2015 1780 0 пікір

Бірде хазіреті Хұсейн (р.а.) жол шетінде отырған пақыр, жоқ-жітіктердің қасынан өтеді. Олар болса жерге бір төсенішті жайып жіберіп, нанның қалған-құтқанын жеп өзара қауқылдасып, жүрек жалғап жатқан-ды. 

Хазіреті Хұсейінді көрген әлгі жоқ-жітік жандар:

-Әй, Абдулланың әкесі! Келіңіз, біздің де асымызға қатысыңыз, - деді ілтипаттарын білдіріп.

Хазіреті Хұсейн (р.а.) астындағы көлігінен түсіп, өз-өзіне: «Расында Алла өзін жоғары санағандарды жақсы көрмейді» («Нахыл» сүресі, 23-аят) деген аятты оқып, олармен қатар отырып шын пейілмен қойған асынан ауыз тиді. Сосын оларға:

-Мен сіздердің шақыруларыңызды қабыл алып, астарыңыздан жедім. Олай болса, менің де шақыруымды қабыл алып, үйімнің қонағы болуға шақырамын, - деді. Кедей жандар да бұл сөзге ләм-мим деместен келісімдерін беріп, хазіреті Хұсейнмен бірге үйіне ере барды.

Хазіреті Хұсейн (р.а.) қызметшісіне:

-Үйдегі жейтін нәрсенің барлығын әкеліп, ортаға қой, - деді.

Қызметші де тіске басардың бәрін әкеліп, гүлдей жайната дастархан жайып, қонақтарға ас ұсынды. Кедейлер шынайы пейілмен һәм кең көңілмен жайылған ақ дастарханнан дәм татып, қысылып-қымсынбастан еркін ас ішті. Тіпті, олар артылған тамақтарды өздерімен ала кетіп, бірнеше күнге азық қылды.

Әзірлеген Қайырбек ОТЫЗБАЕВ,
«Иманғали» орталық мешітінің наиб имамы

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру


Соңғылар

Мұрағат