Таң

Күн

Бесін

Екінті

Шам

Құптан

ХАДИС ШӘРИФТЕР ЖЕЛІСІМЕН: Алапес, таз және соқыр туралы хикая

26.09.2014 2196 0 пікір

 Алапес, таз және соқыр туралы хикая

Ертеде таз, алапес және соқыр болыпты. Бұл үшеуі өздерінің бастарындағы жағдайға қатты күйінеді екен. Ертелі-кеш Алладан осы жағдайларын түзетіп, кемшіліктерінен арылтуын тілеумен болыпты.

– Ия, Алла! Түрімді өзгерте гөр! – дейді екен таз.

– Ия, Алла! Дертіме шипа бер! – дейтін көрінеді алапес.

– Ия, Алла! Жанарымды қайтара гөр! – деп тілейді соқыр.

Алла Тағала бұлардың мұңын естіп, тілектерін қабыл етеді. Оларға адам бейнесіндегі бір періштені жібереді. Ол алапес кісіге кездесіп: «Сенің тілегің қандай, бауырым?» – деп сұрайды. Алапес:

– Мен Алладан мына дертіме шипа беруін сұраймын. Терімдегі дақтарды кетіріп, бай адамға айналдырса екен, – дейді. Періште:

– Алла Тағала сенің дұғаңды қабыл етті. Мен саған осы қуанышты хабарды жеткізу үшін түсірілген Оның хабаршысымын. Мына түйені ал. Етінен жеп, сүтін іш. Алла сені байытады. Бірақ Алланың мұқтаж құлдарына көметкесуді ұмытпағайсың.

– Ия, Алла! Барлық мадақ Саған лайық. Дертімнен құлан-таза жазылдым. Уа, хабаршы, саған да мол алғысымды білдіремін. Рахмет, – деп қуанады алапес.

Содан соң адам кейпіндегі періште таз кісіге барып, тілегін сұрайды.

– Менің бар арманым – шашым өссе екен. Сосын Алла Тағала адамдарға тәуелді болмайтындай байлық берсе екен деп тілеймін, – дейді.

– Ендеше Алла Тағала сенің тілегіңді қабыл етті. Мен Оның осы қуанышты хабарды жеткізуші хабаршысымын. Мына сиырды ал. Оның сүтінен ішіп, етінен же, – дейді періште.

– Шашым қалпына келді! Барлық мақтау Саған, Раббым! Рахмет саған, хабаршы! – деп таз да қуанышқа бөленеді.

Сонан соң періште үшінші соқыр кісіге барады. Оның тілегін сұрайды. Ол:

– Жанарым орнына келіп, Алла Тағала бай қылса екен, – деген тілегін айтады.

– Алла Тағала сенің тілегіңді қабыл алды. Мен сені қуантуға жіберілген хабаршымын. Мына қойды ал. Етінен же де, сүтінен іш, – дейді оған да періште.

– Ия, Алла! Мадақ Өзіңе ғана лайық. Маған көзімді қайтарғаның үшін Саған мың сан мадақ айтамын, – деп жанары жарқ еткен соқыр Аллаға мадақ айта бастайды.

Осыдан кейін бұл үшеуінің мал-мүліктері көбейіп, бай адамдарға айналады. Әрқайсысы мыңғыраған малға ие болады. Содан соң Алла Тағала: «Нығмет-ризыққа шүкірлік етер ме екен? Кедей-кепшікке, міскіндерге садақа берер ме екен?» – деп оларды сынамақшы болады. Сөйтіп, оларға адам кейпіндегі періштені жібереді. Періште алапестен айығып, болып, шіріген байға айналған кісіге бір алапес пақырдың түрінде келеді.

– Айыпқа бұйыра көрмеңіз, мырзам! Мен жолдан адасқан бір пақыр едім. Барар жеріме жетуім үшін мына мыңғырған түйеңіздің біреуін бермес пе екенсіз? – дейді періште. Алапес болса:

– Не деп тұрсың, әй, алапес?! Менің түйелеріме түскен екен көзің, ә?! Көзіме көрінбей, жоғал бұл жерден! – деп ақырады.

– Сізді бір жерден көрген сияқтымын. Сен әлгі мен сияқты алапес пақыр болған кісі емессің бе? Сол кезде адамдар сенен қашатын еді ғой? Содан соң Алла саған шипа да, байлық та берді. Солай емес пе еді? – дейді періште. Ал, ол:

– Не деп тантып тұрсың?! Бұл байлық – әкемнен мұраға қалған. Әкем де бай болған, өзім де баймын. Ешқашан да алапес болған емеспін, – деп ашуға басады. Сонда періште:

– Егер сен өтірік айтқан болсаң, дереу бұрынғы қалпыңа түс, – дейді.

Сол кезде Алланың нығмет-ризығын теріске шығарған әлгі кісі бұрынғы кедей әрі алапес қалпына түседі.

Содан соң періште бұрын таз болған кісіге барады. Ол мыңдаған сиыры бар, асқан бай адамға айналған еді. Пақыр таз түрінде келген періште бұған да алапеске қойған сұрақтарын қояды. Ал, ол:

– Бұл дүние маған әкемнен мирас болып қалған. Мен ешқашан да таз болған емеспін. Сен өтірік айтып тұрсың, – деп бет бақтырмайды. Сонда періште:

– Егер сен өтірік айтқан болсаң, дереу бұрынғы қалпыңа түс, – дегенде Алланың ашуына ұшыраған бұл бай бұрынғы кедей әрі таз қалпына түседі. Алланың берген байлығын теріске шығарып, жалған сөйлегені үшін жазаға ұшырайды.

Періште енді үшінші адамға келеді. Бұл кезіндегі соқыр кісі еді. Періште оған:

– Уа, жомарт жан! Маған азын-аулық тамақ берсеңіз? Мен бір пақыр жолаушымын. Көзім көр болып қалған. Жолдан адасып сізге жолықтым. Жанарыңызды қайтарған Алланың атымен сұраймын, маған жолыма азық болар бір қой берсеңіз қайтеді? – дейді. Сонда ол:

– Қош келдің, бауырым! Мен де сен сияқты соқыр болатынмын. Алла Тағала Өзінің рахымымен жанарымды қайтарды. Оған мың сан шүкірлік етемін. Сондықтан сенің жағдайыңды түсінемін. Қазір алдыңда бір отар қой тұр. Ішіне кір де таңдағаныңды ал. Шындығында, дүние-малдың иесі – бір Алла ғой, – деп ықылас білдіреді. Сонда періште тұрып:

– Малыңды өзіңе қалдыр, ей, ізгі пенде! Шындығында, мен Алланың жіберген хабаршысы едім. Біз сені сынадық. Сыннан аман-сау өттің. Алла Тағала саған разы болды. Бірақ бұрынғы екі жолдасың Құдайдың қаһарына ұшырады, – дейді.

 

Дайындаған Сәбит Ибадуллаев

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру


Соңғылар

Мұрағат