Таң

Күн

Бесін

Екінті

Шам

Құптан

Наиб мүфти: Радикалдық насихатпен қоғам болып күресуіміз керек

21.07.2015 1527 0 пікір

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы (ҚМДБ) төрағасының бірінші орынбасары, Астанадағы «Әзірет сұлтан» мешітінің бас имамы Серікбай қажы Оразбен арнайы сұхбатты ұсынамыз.  

- Серікбай қажы, өткен жылы Сирияда соғысып жүрген 300-ге жуық қазақстандық бар деген ақпарат айтылды. Қазақстандықтар ол жаққа қандай жолдармен кетеді? ҚМДБ-сы осыған тосқауыл қою үшін қандай іс-әрекет жасады?

- Күллі тіршіліктің я болмаса өркениеттің ордасы болған кешегі Вавилон – бүгінгі Сирия мен Ирактың жерінде орын алған жағдай бүкіл әлемді алаңдатып отыр. Соның ішінде, біз, мұсылман қауымы, исламның атын жамылып, бір адамды екінші адамға зұлымдық жасауға айдап салып, күшпен ғана бағындарамын деген мақсатқа үндеп, аят пен хадисті өздеріне бұрмалап алып жүргендердің ісін ашық айыптадық. Біз жер бетіндегі барша мұсылмандарға бұл жолдың бұрыс екенін, ислам діні ешқашан зұлымдық пен қиянатқа, соғысуға шақырмайтынын, ол әлемдегі адамдардың бәріне өзі секілді махаббатпен қарайтынын жеткіздік. Бұл туралы ҚМДБ-ның пәтуасын шығардық. Бұл жерде адам факторы бар. Және тек бізге ғана қатысы бар мәселе емес. Өркениеттің өріндегі Еуропа елдерінің қаншама азаматтары «ИГИЛ» сияқты теріс бағыттағы ұйымның белсенді мүшесі болып жүргенін жақсы білеміз. Әрине, Қазақстаннан да жүздеген бауырларымыздың сондай теріс үндеуге еріп, тіпті өз отбасымен сол жаққа барып-жүргенін жасыра алмаймыз. Айтарлығы, сол Сирияға барып-келгеннен кейін, соғысты шариғат тұрғысынан да, Жаратушының заңдылығы тұрғысынан да айыптап, өзінің қателігіне қатты өкініп, тәубесіне келіп жатқан азаматтарымыз да бар. Меніңше, мұның бәрі уақытша құбылыс. Бұған тосқауыл қоямыз десек, радикалдық насихатпен тек діндарлар қауымы ғана емес, тұтас қоғам, ел болып күресуіміз керек.


- Жасыратыны жоқ, радикалдық насихаттың дені ғаламтордағы сайттар арқылы жүргізіледі. Бүгінге дейін осындай қанша сайт жабылды? Бұл бағытта жұмыс жүргізіле ме?


- Иә, жұмыс жүргізілмейді деуге болмайды. Үлкен дау-дамайға себепкер болған көптеген сайттар жабылды. Сондай сайттардың тізімі де бар. Бірақ үлкен сайттар жабылғанымен, радикалдық насихаттың жаңаша түріне көшу үрдісі байқалуда. Мысалы, әлеуметтік желілер. Оның жауып тастауға, реттеуге көне бермейтіні белгілі.


- Соңғы кездері «қой терісін жамылған қасқырлар» лаңкестікке жұртты үгіттеуге қаршадай балаларды пайдалануда. Бұған мысал, өткен жылы электрондық БАҚ-тар жарыса көрсеткен 6 жасар бала туралы бейнеролик. Жалпы, балаларды зұлымдыққа тартуды тоқтату үшін не істеу керек деп ойлайсыз?


- Осыдан 1,5 мың жыл бұрын Алла-Тағала «Құранда»: «Адамзат баласына қиянат жасамаңдар! Жас балалар мен жеткіншектерді олардың ақыл-санасы жетілгенге дейін зұлымдыққа және т.б. нәрселерге итермелемеңдер!» деп ұран тастады. Бірақ.. адамдар соған бағынса деймін. Мысалға, «Кімде-кім саған бір дұшпандық не зұлымдық жасайтын болса, біріншіден оған түсіністікпен қара. Егер оған көнбесе, жауап қайыр» деген аят бар. Осыны бұрмалап: «Саған біреу қол көтеруге оқталса, сен екі рет жауабын бер» деп арандатып, адамдардың ой-санасын шырмап алып жатқан топтар бар. Бұл – мұсылмандықты құбыжық ретінде көрсетіп, адамдарды ислам десе атынан қашып, затынан безетін мақсатқа қарай үндеу. Алайда бүкіл әлемдегі мұсылман ғұламалары бұған қарсы шешім қабылдады. Әлгіндей қараниеттілерді «Алла-Тағаланың лағынет-қарғысына ұшырағандардың, күнәһарлықтың жолына түскендер» деп айыптады. Әлбетте, теріс ағымның насихатына басы шырмалған әке-шешесі өз баласын да осындай жолға түсуіне себепкер болуда. Бұл - психологиялық жағынан рухани жан-дүниесі әлсіреген адамдарды адастыруда түрлі айла-тәсілді тиімді қолданатын топтың әрекетінің нәтижесі.


- Бүгінгі таңда біздің қоғамда педофилдік ауру сияқты айуандық іс-қимылдар көбейіп барады. Осы тажалға тосқауыл қою үшін, діннің көмегін пайдалануға бола ма?


- Ғаламтордың бір пайдасы – тез мағлұмат алатын болдық. Екіншіден, мұның теріс жағы бар. Мысалы, күніге осы ғаламтордан, БАҚ-тардан адамдық қасиеттің бәрінен жұрдай болған адамның да істеген ісін көріп жүрміз. Бәлкім, мұндай нәрсе бұрын да болған шығар. Бірақ соны бүгін бажырайтып көрсете берсек, кейбір адамға үлгі болуы да мүмкін. Бұл жерде мен БАҚ-тарды кінәлап отырған жоқпын. Менің ойымша, мұндайды көрсеткенше, оған қарсы насихатты көбірек айтуымыз керек. Барлық БАҚ-тар зиялы қауым, ағартушы қауым және т.б. бірлесе отырып, тұтас қоғам болып, осынау аурумен күресуіміз керек. ҚМДБ педофилизмге қарсы арнайы үндеу жариялады. Ұлық пайғамбарымыз Мұхаммед саллалаһу-ғалейһи-уәссаллам: «Біреуге жаман сөз айтсаң, ол өзіңе жамандық жасағаның» дегенді бекер айтпаған. «Біреудің қызына зұлымдық жасасаң, өзіңнің қызыңа жасап жатырмын деп ойла» деген.

Сұхбаттасқан Төлен ТІЛЕУБАЙ

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру


Соңғылар

Мұрағат