Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

БАС МҮФТИ МЕДРЕСЕ ДИРЕКТОРЛАРЫНА ЖИНАЛЫС ӨТКІЗДІ (ФОТО)

24.05.2019 659 0 пікір

Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Серікбай қажы Ораз медресе-колледж директорларымен кездесіп, орта діни оқу орындарының, қарилар орталықтарының жұмысын жандандыру бойынша әңгімелесті.

Кездесуге ҚМДБ төрағасының Бірінші орынбасары Наурызбай қажы Тағанұлы, ҚМДБ аппарат басшысы Ғылымбек Мәжиев, ҚМДБ Діни білім және кадр даярлау бөлімінің меңгерушісі Бейбіт Мырзагелдиев, медреселер мен қарилар орталықтарының директорлары қатысты.

Басқосуда болашақ дін қызметкерлерінің лауазымдық міндеттерін бекіту, медресе ұстаздарын аттестациядан өткізу, қарилар орталығының әлеуетін көтеру, медреселердің оқу бағдарламасын жандандыру, т.б. мәселелер талқыланды.

«Мүфтияттың негізгі жұмыс бағыттарының бірі – білімді кадр даярлап, мешіт пен медресені дін қызметкерімен қамтамасыз ету. Аллаға шүкір, орта және жоғары діни оқу орындарымыздың әлеуеті жылдан жылға артып келеді. Алайда бұл көрсеткішпен тоқтап қалмау керек. Шәкірттерге діни іліммен қоса зайырлы, техникалық мамандықтарды да үйрету керек», – деп атап өтті Бас мүфти Серікбай қажы Сатыбалдыұлы.

Айта кетсек, ҚМДБ-ға қарасты 9 медресе-колледж бар. Осы уақытқа дейін жалпы саны 1515 студент білім алып шықты, оның 907-сі қызметте, 328-і оқуларын жалғастыруда, 277 студент басқа сала бойынша жұмыс істеуде.

Қазіргі таңда 9 медресе-колледжде 1682 студент білім алуда. Оның 1175-і ер бала, 507-сі қыз бала. Биылғы оқу жылында 299 түлек бітіреді.

 

 

 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру


Соңғылар

Мұсылман діни күнтізбесі