Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Батырлар жырын жатқа айтқан бала 1 млн теңге ұтып алды

https://www.inform.kz/ 20.11.2019 2744 0 пікір
Батырлар жырын жатқа айтқан бала 1 млн теңге ұтып алды

Түркістан облысында «Жақсылар, дастан айтайын» атты жас жыршылардың байқауы өтті. Жыр сайысына аудан-қалалардан іріктелген 47 оқушы қатысты.

Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» мақалаларында жүктелген міндеттерді жүзеге асыру мақсатында ұйымдастырылған шараға облыс әкімдігі ұйытқы болды.

Жиынның ашылу салтанатында сөз алған облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов ұлттық мұрамызды ұлықтап, ұлттық рухты асқақтатар шараның маңыздылығына тоқталды.

Ал облыстық ақсақалдар алқасының төрағасы Жарылқасын Әзіретбергенов ақ бата беріп, қатысушыларға сәттілік тіледі. Екі жыл бұрын басталған жоба барысында қатысушылар «Қамбар батыр» мен «Алпамыс батыр» дастанын айтып жырласа, биыл балалар «Қобыланды батыр» жырын жатқа айтуға тырысты.

Балалар 9 ай бойына 264 беттен тұратын жырды жаттап, өз өнерін ортаға салды. Екінші кезеңде жыр ішіндегі жекелеген оқиғалар мен жер-су атауларына қатысты сұрақтарға жауап беріп, үшінші кезеңде жырдағы көнерген, тарихи сөздердің мағынасын ашып түсіндірді.

Байқау қорытындысында Созақ ауданындағы Қ.Рүстемов атындағы жалпы орта мектебінің оқушысы Өсер Тұран үздік өнер көрсетіп, 1 млн теңгеге ие болды.

Жеңімпазды сайысқа дайындаған ұстазы Асылзат Әметова 2 млн теңгенің сыйақысына ие болды. Сондай-ақ, екінші орын да созақтық оқушыға бұйырды. Ә.Науаи атындағы жалпы орта мектебінің 8-сынып оқушысы Рәбия Шалтай екінші орынның тұғырына көтеріліп, 600 мың теңгеге ие болса, ұстазы Жазира Сәнкібаева 1 млн 600 мың теңге сыйақы алды.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру