Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Абайдың 175 жылдығына арналған білім сайысы өтті

https://ummet.kz/ 18.11.2019 4262 0 пікір
Абайдың 175 жылдығына арналған білім сайысы өтті

«Нұр Астана» мешітінде Хакім Абайдың 175 жылдық мерейтойның қарсаңында шәкірттер арасында «Мақсұтым – тіл ұстартып, өнер шашпақ» атты білім сайысы өтті.

Сайысқа ҚМДБ Төрағасының бірінші орынбасары, наиб мүфти, Нұр-Сұлтан қаласының Бас имамы Наурызбай қажы Тағанұлы арнайы қатысып, құттықтау сөз сөйледі. Наиб мүфти Абай атамыздың рухани мұраларының халқымыздың діни дүниетанымындағы рөлі мен маңызы, жат ағымның алдын алудағы айрықша мәні туралы тұщымды ой бөлісіп, шәкірттерге сәттілік тіледі.

«Нұр Астана» мешітінің бас имамы Нұрлан Рамазанов іс-шараның мақсаты мен жастар арасында дұрыс діни таным қалыптастырудағы маңызын тілге тиек етті. Білім сайысының әділ өтуіне «Нұр Астана» мешітінің бас имамы Нұрлан Рамазанов, Л.Н.Гумилев атындағы Евразия ұлттық университетінің Шығыстану факультетінің профессері Бибіхадиша Абжаппарова, ummet.kz сайтының журналисті Оразбек Сапархан атсалысып, шәкірттер танымына әділқазылық жасады.

Қатысушылар «Өзін-өзі таныстыру», «Абай оқулары», «Абай танымы» атты үш айналым бойынша сайысқа түсті. Қатысушылар алғашқы айналымда өздерін таныстырып, тұлғалық артықшылығымен бөлісті. «Абай оқулары» бойынша ақынның өлеңдерін жатқа мәнерлеп оқудан бақ сынады.

«Абай танымы» атты соңғы айналымда шәкірттер хакімнің дүниетанымын айшықтап, белгілі мәтінді жан-жақты талдау, арнаулы дайындалған танымдық сұрақтарға жауап беріп, ұлттық һәм діни дүниетанымдарын, Абай танымының жұмбағын шешу деңгейлерін, жан-жақты пайымдау қабілеттерін көрсетті. Сонымен бірге, әділқазылардың сұрақтарына да жауап берді.

Сайыс нәтижесінде таным тұрғысынан оқ бойы озып алға шыққан шәкірттер жүлделі орындарға ие болды. Білім сайысында хакімнің жұмбағын шешуде өзіндік ой-алымын көрсетіп, танымдық деңгейін дәлелдеген Әлима Жәлел І орынды иеленді. Ләйлім Игілікқызы ІІ орын, Айдидар Мукамади ІІІ орынды еншіледі. Жүлдегерлер арнайы дипломдармен және қаржылай сыйлықтармен (І орын – 100 000 теңге, ІІ орын – 60 000 теңге, ІІІ орын – 40 000 теңге) марапатталды. Қатысушылар мен іс-шара демеушілері арнайы алғысхаттарға ие болды.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру