Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Көкшетау: Ұлтты сүю – адамгершілік бастауы

nasihat.kz 17.11.2019 519 0 пікір
Көкшетау: Ұлтты сүю – адамгершілік бастауы

Көкшетау қаласында өңірдің дін қызметкерлері, зиялы қауым өкілдерінің қатысуымен «Рухани құндылықтар – қоғам бірлігінің негізі» атты ІІІ аймақтық имамдар форумы өтті. Бұл шараға ҚМДБ-ның бөлім басшысы, Ғұламалар кеңесінің мүшесі Смайыл Сейітбеков қатысып,  Бас мүфтидің құттықтауын оқып берді.

Құран оқумен бастау алған алқалы жиынды Ақмола облысының бас имамы Қуаныш Сәбит кіріспе сөзбен ашып, артынша форум қатысушыларына арналып ҚМДБ-ның рухани құндылықтарға ден қойған жаңа бастамасы жайлы бейнефильм көрсетілді.

Жақында елордада өткен республикалық имамдар форумында қабылданған «Жеті рухани қазық» тұғырнамасы ақмолалық зиялы қауым мен дін қызметкерлерінің кең талқысына түсті. Бұл жөнінде діни басқарма өкілі Смайыл Сейітбеков баяндама жасады

– «Жеті рухани қазық» құжаты дін мен дәстүрді сабақтастыра дамытуға негіз қалайды. Бұл маңызды бастама жаңа заманның жақсы сипаттары бойына жиналған тұлға қалыптастыру арқылы өміршең бола түседі, – деді С.Сейтбеков.

Одан әрі аталған тұғырнамада айтылған жеті негізгі қазық – жақсы сипаттар жайлы тереңірек әңгіме қозғады. Ұлтты сүю адамгершіліктің бастауы екенін, кәміл адамға айналу үшін ортақ мүддеге қызмет ету аса маңызды болатынын атап көрсетті.

Қоғам қайраткері, Сенаторлар кеңесінің мүшесі Жабал Ерғалиев өз сөзінде тәуелсіз елдің еңсесі биік болуы үшін имани құндылықтарды жаңғырту  арқылы жан-жақты жұмыс істеу қажет екенін айтты.

Ал Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Сәбит Жәмбек руханият имандылықтан басталса, оның мәні артып, маңызы еселене түсетінін тілге тиек ете отыра, отаншылдық идеясының астарына ғылыми тұрғыда үңілді.

Көкшетау қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Шияп Әлиев діни рәсімдерді жүйелеудің тәжірибеге енген мысалдарын айтып, оған қоғам назарын аударудың жай-жапсарын баяндады.

Сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі Ақмола облыстық департаменті басшысының бірінші орынбасары Арман Бердалин сөз алып, қоғамды толғандырған жазылмас дерттің күрестің мән жайын түсіндірді. Бұл іске дін қызметкерлерінің үлес қосқаны абзал деп атап өтті.

«Науан хазірет» мешітінің наиб имамы Мырзабек Азатхан және Көкшетау қаласындағы «Ғалым» мешітінің имамы Нұрлан Әбенұлы республикалық форумда талқыланып, қабылданған діни рәсімдер мен құжаттар жөнінде пікірін ортаға салды.

Жиын соңында форум қатысушыларының үндеуі қабылданды. ҚМДБ бөлім басшысы Смайыл Сейітбеков бата беріп, елдің амандығына дұға тіледі.