Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Атырау: Діннің ең басты талабы – білім алу

Орталық «Иманғали» мешітінің баспасөз қызметі 14.11.2019 2941 0 пікір
Атырау: Діннің ең басты талабы – білім алу

Атырау облысының бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы Исатай ауданына жұмыс сапары аясында облыстық ғылыми конференцияға қатысты.

Сапар аясында Алтынбек Ұтысханұлы «Туған ер Исатай  да ел бағына» атты облыстық  ғылыми-тәжірибелік конференцияға мәртебелі мейман ретінде қатысты.

Алдымен жиналған жұртшылықты Исатай Тайманұлының ескерткішінің  ашылуымен құттықтаған бас имам халық батырының жүріп өткен жолы патриоттық тәрбиенің қайнар көзі болуы керектігін атап өтті. Сондай-ақ жұртшылықты еліміздің бірлігі, қоғамның тұрақтылығын нығайту жолында ІІІ республикалық имамдар форумында қабылданған «Жеті рухани қазық» тұғырнамасымен таныстырды.

«Тұғырнама мұсылманның тұла бойында табылуы тиіс негізгі жеті көркем сипатты қамтиды. Олар – имандылық, отаншыл болу, білім алу, бірлікке болысу, еңбекқорлық, мәдениетті болу және әділдік принципін ұстану. Бұл – адам баласының кісілік келбетін, көркем мінезін қалыптастыруға негіз болатын жеті рухани қазық.

Рухани тұғырнамада айтылғандай, исламдағы басты парызға білім алу жатады. Себебі, Құран Кәрімнің алғашқы түскен аяты «Оқы!» деген сөзден басталады. Білім алу, сауат ашу – Ислам дінінің ең басты талабы. Құран Кәрімнің көптеген аяттарында білім жайлы айтылған. Қасиетті Құранда: «Алла Тағала араларыңдағы иман келтіргендер мен білім иелерінің дәрежелерін көтереді» («Мүжәдәлә» сүресі, 11-аят) деп білімді болудың артықшылығын білдірген. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Білім алу – әрбір мұсылманға (ер мен әйелге) парыз», – деген. Мемлекетті құраушы күш – оның азаматтары десек, әр адам бәсекеге қабілетті болу үшін үздіксіз дамып, өзін-өзі жетілдіріп отыруы тиіс. Озық ақпараттық технологиялар билік құрған заманда бәсекеге қабілетті жекелеген мемлекеттер ғана алпауыттарға жұтылмайды» деп атап өтті Алтынбек Ұтысханұлы.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру