Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

ЕР АДАМНЫҢ ОТБАСЫ АЛДЫНДАҒЫ ЖАУАПКЕРШІЛІГІ МЕН МІНДЕТІ

ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімі muftyat.kz 23.09.2022 6890 0 пікір
ЕР АДАМНЫҢ ОТБАСЫ АЛДЫНДАҒЫ ЖАУАПКЕРШІЛІГІ МЕН МІНДЕТІ

 الحمد لله رب العالمين والصلاة والسلام على سيدنا محمد وعلى آله وصحبه أجمعين، أما بعد

 

Қадірменді жамағат, құрметті бауырлар, баршаңызға күндердің төресі қасиетті жұма мүбәрак болсын!

Отбасы босағасының берік, шаңырағының биік болуы, ондағы жанұя мүшелерінің тату-тәтті өмір сүруі – бір-бірлерінің алдындағы отбасылық міндеттерді жауапкершілікпен орындауларына тікелей байланысты. Бабаларымыз: «Екi жақсы қосылса, өлгенiнше дос болады. Екi жаман қосылса, өлгенiнше өш болады», – деп тектен тек айтпаса керек.

Асыл дініміз Исламда әйел адамның ері алдында орындауы керек міндеттері болғанындай, ер адамның да әйелі алдында атқаратын міндеттері бар. Алла Тағала қасиетті Құранның «Бақара» сүресінің 228-аятында:

وَلَهُنَّ مِثْلُ الَّذِي عَلَيْهِنَّ بِالْمَعْرُوفِ

«Әйелдердің күйеулерінің алдында міндеттері болғанындай, ер азаматтардың да әйелдерінің алдында (атқарылуы тиіс) міндеттері бар», – деп айтқан.

Ендеше, Алла Тағаланы танып, Жаратушы алдындағы міндеттерін орындап, құлшылық-ғибадатқа жауапкершілікпен қарайтын мұсылман, өзінің отбасылық міндеттеріне де аса жауапкершілік танытуы қажет. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде:

وَالرَّجُلُ رَاعٍ فِي أَهْلِهِ وَهُوَ مَسْؤُولٌ عَنْ رَعِيَّتِهِ

«Ер кiсi отбасының бақташысы. Сондықтан да ол – баққанына жауапты», – деген (имам Бұхари, Мүслим).  

Алла елшісінің өзі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жұбайларымен ең көркем мәміле жасаған болатын. Ардақты Пайғамбарымызды (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) үлгі еткен мүминдер де өзінің жұбайымен жақсы қарым-қатынаста болып, оның алдындағы міндеттерін дұрыс орындай білуі керек.

Ер адамның әйелі алдындағы атқаруы керек болған негізгі міндеттер мынадай:

 

Бірінші: Отбасын нәпақамен қамтамасыз ету

Шариғат бойынша ер азамат жұбайы мен балаларын тиісті нәпақамен қамтамасыз етуге міндетті. Тіпті жұбайымен ажырасып кетсе де, белгілі бір жасқа жеткенше әкесі баланың нәпақасын береді. Алла Тағала қасиетті Құранның «Талақ» сүресі, 6-7-аяттарында:

أَسْكِنُوهُنَّ مِنْ حَيْثُ سَكَنتُم مِّن وُجْدِكُمْ وَلا تُضَارُّوهُنَّ لِتُضَيِّقُوا عَلَيْهِنَّ وَإِن كُنَّ أُولاتِ حَمْلٍ فَأَنفِقُوا عَلَيْهِنَّ حَتَّى يَضَعْنَ حَمْلَهُنَّ فَإِنْ أَرْضَعْنَ لَكُمْ فَآتُوهُنَّ أُجُورَهُنَّ وَأْتَمِرُوا بَيْنَكُم بِمَعْرُوفٍ وَإِن تَعَاسَرْتُمْ فَسَتُرْضِعُ لَهُ أُخْرَى.

 لِيُنفِقْ ذُو سَعَةٍ مِّن سَعَتِهِ وَمَن قُدِرَ عَلَيْهِ رِزْقُهُ فَلْيُنفِقْ مِمَّا آتَاهُ اللَّهُ لا يُكَلِّفُ اللَّهُ نَفْسًا إِلاَّ مَا آتَاهَا سَيَجْعَلُ اللَّهُ بَعْدَ عُسْرٍ يُسْرًا

«Ажырасқан әйелдеріңді мүмкіндіктеріңе қарай өздерің тұратын жайға тұрғызыңдар және оларға қысым көрсетіп, зиян келтірмеңдер. Ал егер жүкті әйелдер болса, оларға босанғанша нәпақа беріңдер. Егер босанғаннан кейін балаларыңды сендер үшін емізетін болса, сүт ақыларын төлеңдер. Ақы мәселесін өзара дін және өздерің өмір сүретін қоғамның шарттарына сай жақсылап келісіп алыңдар. Ал егер біріңе-бірің қиындық туғызып, өзара келісе алмасаңдар, ондай жағдайда баланы әкесінің есебінен емізетін басқа әйел қарастыруға болады.

Байлық иесі (ауқатты адам) өзінің байлығынан нәпақа жұмсасын. Ал кімнің несібесі шектеулі болса, Алланың өзіне бергенінен жұмсасын. Алла ешбір жанға Өзі бергенінен артық нәрсені жүктемейді. Әрі Алла қиындықтан соң, бір жеңілдік нәсіп етеді», – деп айтқан.  

Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қоштасу қажылығында: «Әйелдер жайында Алладан қорқыңдар! Олардың ас-суын, киім-кешегін дұрыстап беріңдер», – деген.

Бір күні Һинд бинт Утба ардақты Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) келіп: «Уа, Алла елшісі! Әбу Суфян өте сараң адам. Маған да, бала-шағасына да жететіндей етіп нәпақа бермейді. Оның дүниесінен айтпай алсақ күнә бола ма?» – деп сұрайды. Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Оның дүниесінен өзіңе және бала-шағаңа жететіндей етіп алуыңа болады», – деп жауап береді (имам Бұхари, имам Мүслим).

Бұл аят пен хадистер ер кісінің отбасына нәпақа беруі уәжіп екендігін көрсетеді. Ер адамның өзінің мұсылман, мұсылман емес, кедей немесе бай жұбайына нәпақа беруі – уәжіп. Міндетті нәпақаға мына істер жатады:  

  1. Ас-су, азық-түлікпен қамтамасыз ету;
  2. Киім-кешекпен қамтамасыз ету;
  3. Үй-жайдың қандай болуы күйеуінің қаржы жағдайына байланысты.

Мұғауия (Алла оған разы болсын) былай дейді: «Бірде мен: «Уа, Алланың елшісі! Біздің әр қайсысымызда, әйелдеріміздің қандай хақысы бар?» – деп сұрадым. Ол кісі: «Сен өзің тамақ ішсең, оны тамақтандыруың керек, өзің киінсең, оны киіндіруің керек және де сен оны жүзінен ұруыңа, жаман сөздер айтуыңа, үйден тыс жерде одан теріс айналып кетуіңе болмайды», – деп жауап қатты», – дейді (имам Әбу Дәуід).

Ер адам жұмысқа жарамды болса, жұмыс істеп баласын асырауы міндетті, яғни әкесі оларды нәпақамен қамтамасыз етуі тиіс. Баланың әкесі болмаса немесе әкесі жұмысқа жарамсыз болса, онда баланы асырау әкесінің орнын басатын туыстардың біріне жүктеледі.

Дінімізде ер адамның отбасы үшін жұмсаған қаражатының барлығы садақа деп танылады. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

دِينَارٌ أَنْفَقْته فِي سَبِيلِ اللَّهِ ، وَدِينَارٌ أَنْفَقْته فِي رَقَبَةٍ ، وَدِينَارٌ تَصَدَّقْت بِهِ عَلَى مِسْكِينٍ ، وَدِينَارٌ أَنْفَقْته عَلَى أَهْلِك ، أَعْظَمُهَا أَجْرًا الَّذِي أَنْفَقْته عَلَى أَهْلِك

«Алла жолына динар жұмсасаң, құл (азат) етуге динар жұмсасаң, кедейге садақа ретінде динар жұмсасаң және жанұяңның керегіне динар жұмсасаң, осылардың ішіндегі сауабы ең үлкені жанұяң үшін жұмсаған динарың», – деген (имам Мүслим).

 

Екінші: Жарымен көркем мәміледе болу

«Достың сәні – қимастық, отбасының сәні – сыйластық», – демекші, кез келген қоғамда адами жақсы қасиеттердің кеңінен тарауы үшін әр отбасының береке мен бірлікте өмір сүруінің маңызы зор. Алла Тағала қасиетті Құранның «Бақара» сүресінің 187-аятында ерлі-зайыптыларды киімге теңеп:

هُنَّ لِبَاسٌ لَكُمْ وَأَنْتُمْ لِبَاسٌ لَهُنَّ

«Олар сендер үшін киім (іспетті), сендер де олар үшін дәл сондай киім (секілдісіңдер)», – деп айтқан. Алла Тағала ерлі-зайыпты адамдарды киімге теңеуі тегін емес. Себебі, киім адамды ыстық пен суықтан қорғайды, денесіндегі кемшілігін жабады, бойына көрік береді. Сол сияқты ерлі-зайыпты адамдар да, біріне қамқор, жақсылығын асырып, кемшілігін жасырып, бір-бірінің мерейін асыратын көрік бола білуі тиіс.

Кемшіліксіз адам болмайтыны белгілі. Отбасылық өмірде де әйел адам ерінің, ал ер адам әйелінің кемшілігіне барынша кешіріммен қарау аса маңызды іс. Алла Тағала қасиетті Құранның «Ниса» сүресі, 19-аятында:

وَعَاشِرُوهُنَّ بِالْمَعْرُوفِ فَإِنْ كَرِهْتُمُوهُنَّ فَعَسَى أَنْ تَكْرَهُوا شَيْئًا وَيَجْعَلَ اللَّهُ فِيهِ خَيْرًا كَثِيرًا

«Сондай-ақ олармен (жұбайларыңмен) жақсы қарым-қатынаста болыңдар. Егер оларды ұнатпай қалсаңдар, (қайдан білесіңдер бәлкім) сендердің жақтырмаған нәрселеріңде Алла көптеген жақсылық жасап қойған болуы мүмкін», – деп айтқан.

Ер адам отбасына қамқор болып, жұбайымен көркем мәміле жасап, дөрекі болмай, жарының кемшіліктеріне сабыр етіп, оны даналықпен тәрбиелеуі тиіс. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

اسْتَوْصُوا بِالنِّسَاءِ خَيْرًا ، فَإِنَّ الْمَرْأَةَ خُلِقَتْ مِنْ ضِلَعٍ وَإِنَّ أَعْوَجَ مَا فِي الضِّلَعِ أَعْلاهُ ، فَإِنْ ذَهَبْتَ تُقِيمُهُ كَسَرْتَهُ وَإِنْ تَرَكْتَهُ لَمْ يَزَلْ أَعْوَجَ ، فَاسْتَوْصُوا بِالنِّسَاءِ

«Әйелдермен жақсы қарым-қатынаста болыңдар, өйткені, әйел (Адам атаның) қабырғасынан жаралған, ал оның ең қисық жері жоғарғы жағында, егер сен қабырғаны түзеткің келсе, онда оны сындырып аласың, ал егер оны өз жөніне қойсаң, онда ол сол қисайған күйінде қала береді, сондықтан әйелдермен жақсы қарым-қатынаста болыңдар», – деген (имам Бұхари, Мүслим).

Ер адамның отбасымен көркем мәміледе болуының көрінісі олармен жақсы қарым-қатынас құруымен ғана шектелмейді. Себебі, ол өзінің отбасын асырауы үшін жұмыс істеу, дүние тіршілігінен бөлек отбасы мүшелеріне де арнайы уақыт бөлуі қажет. Ол уақытта отбасы мүшелерін серуендету, ойнату, қыдырту сияқты істермен айналысу да ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сүннет амалдары болып табылады. Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

كُلُّ مَا يَلْهُو بِهِ الرَّجُلُ المُسْلِمُ بَاطِلٌ, إِلا رَمْيَهُ بِقَوْسِهِ, وَتَأْدِيبَهُ فَرَسَهُ, وَمُلاعَبَتَهُ أَهْلَهُ, فَإِنَّهُنَّ مِنْ الْحَقِّ

«Мұсылман адам үшін үш нәрседен басқамен көңіл көтерудің барлығы жалған. Ол садағын атуы, атын үйретуі және әйелімен ойнауы. Расында олардың да ақысы бар», – деген (имам Насаи).

 

Қисса

Әкесі дүниеден өтер уақытында ұлын шақырып алып: «Ұлым, мен дүниеден қайтқан соң жұма сайын қыз алып, қала сайын үй сал. Ас жесең, бал же», – деп өсиет айтыпты. Әкесі дүниеден өтіп, ұлы оның өсиетін қалай орындаймын деп қанша ой жүгіртсе де жұмбақ сөздің шешімін таба алмайды. Шешімін таппаған өсиетті қалай орындаймын деп терең ойға шомылған әлгі жігіт, күн артынан күт өтіп, нәр татпай, қалың уайымға салынады. Бір күні жігіт далаға шығып біраз жүріп, бір үйілген тастың тасасына отырып, бөркін қолына алып, басын ұстап отырған уақытта, бір ақсақал келіп жігітке сәлем береді. Ақсақал жігіттің жанына отырып, одан уайымға салынуының себебін сұрайды. Жігіт: «Менің әкем жақында дүниеден өтіп еді.  Қайтыс болар алдын маған: «Мен дүниеден өткен соң жұма сайын қыз ал, қала сайын үй сал, ас ішсең, бал же», – деп өсиет қалдырды. Бірақ, шақша басым шарадай болып қанша ойлансам да, бұл сөздердің анық-қанығына бара алмадым», – дейді.  Сонда ақсақал әлгі жігітке: «Әкеңнің қалдырған өсиеті өте мағыналы екен. «Жұма сайын қыз ал», – дегені: «Әйеліңмен сыйлас бол, қадіріңді кетірме. Сонда ғұмыр бойы тату-тәтті өмір сүресің», – дегені. «Қала сайын үй сал», – дегені: «Қала сайын барғанда түсетін достарың болсын» дегені еді. «Ас ішсең, бал же», – дегені: «Еңбек істеп, ас ішсең, балдан тәтті болады»,  – дегені ғой», – дейді. Жігіт әкесінің терең мағыналы өсиетін сонда ғана түсініпті.

 

Үшінші: Үй шаруасына жәрдемдесу

Ханафи мәзһабы бойынша әйелдің діни тұрғыдан күйеуіне қызмет етуі – уәжіп. Яғни үйді сыпыру, кір жуу, тамақ пісіру т.б. үйдің шаруасына қатысты жұмыстарды істеуі тиіс. Бұл ғасырлар бойы әдет-ғұрып бойынша қалыптасып келе жатқан әйелдің ері алдындағы міндеті. Оған ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Әли мен Фатима анамыздың арасына төрелік етіп, түздегі істерді Әлиге тапсырып, үй ішіндегі қызметтерді Фатиманың атқарар шаруасы деп белгілегені дәлел болады.

Сондай-ақ, Алла елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) және сахабалардың әйелдері де үйдің қызметін атқарған. Айша анамыз (Алла оған разы болсын): «Пайғамбарымыздың мисуагын, дәрет суын әзірлеп қоятынмын», – деген (имам Мүслим).

Әбу Бәкірдің қызы Әсмә: «Үй шаруасының бәрі менің мойнымда еді. Күйеуім Зубәйрдың атына жем беріп, өзім суғаратынмын», – дейді (имам Бұхари).

Алайда, ер кісі де әйеліне шамасы келмейтін істерді жүктемеу керек. Керісінше шамасы келгенше бос уақыттарында оған көмектескені дұрыс.   Өйткені үй шаруасы түкке тұрмайтын іс көрінгенімен, кейде осының өзі отбасылық дауға, орасан жанжалға, тіпті ажырасуға да әкеліп жатады. Бұл мәселеге келгенде ер адамның бүкіл жұмысты әйелінің мойнына іліп қойып, өзінің негізгі міндеті тек нәпақа табу деп түсінуі қателік. Үй шаруасына болысу – ер адамның отбасына қамқорлығы мен қатар ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) атқарған сүннет амалы.  Айша анамыздан (Ала оған разы болсын) Алла елшісінің үйде не істейтіндігі жайында сұралғанда:

كَانَ يَكُونُ فِي مِهْنَةِ أَهْلِهِ - يَعْنِي خِدْمَةَ أَهْلِهِ - فَإِذَا حَضَرَتِ الصَّلاةُ خَرَجَ إلَى الصَّلاةِ

«Әдетте өз жанұясының қызметінде болатын, ал намаздың уақыты кірген кезде, намазға шығатын», – деп жауап берген.

Сол  үшін үй шаруасына келгенде тек әйел адам ғана емес, ер азаматтың да ондай істерге икемі болғаны жөн.

 

Төртінші: Жұбайының туыстарын сыйлау

Ер азаматтың өз шаңырағының түтінін түтетіп, балаларын дүниеге алып келген жұбайына деген құрметінің бір көрінісі – оның туған-туыстарын сыйлау. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің жұбайларының туыстары мен жақындарына деген құрметі ерекше болатын. Хадис шәріпте: «Хадиша анамыз туыстарымен бірге үйге келгенде сый, құрмет білдірген. Құрбан шалған сайын Хадиша анамыздың достарына да етінен бөліп тарататын», – деп айтылған (имам Тирмизи).

Кейде Алла елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) үйіне бір қарт әйел келетін. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) оны ерекше құрметпен күтіп алып, кейуананы Хадиша анамыздың (Алла оған разы болсын) құрбысы деп таныстыратын. Сосын Айша анамызға: «Бұл әйел Хадишаның көзі тірісінде үйге келіп жүретін. Досқа опалы болу – иманның белгісі», – деп, қой сойған сайын Хадишаның жақындарына сыбағаларын беріп жіберетін.

Хазіреті Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Айша анамыздың әкесі, Әбу Бәкірге (Алла оған разы болсын) деген құрметі мүлде ерекше болатын. Бұның барлығы біздер үшін көркем үлгі-өнеге. Мұсылман адам қайын жұртымен араласып, сыйласып, қуаныштарына ортақтасып, қиын сәттерде жәрдемдесіп, керек жағдайларда әйелін төркіндетіп тұруы да ескерілуі қажет.

Сонымен қатар ер азамат өзінің жұбайына оның туыстары жөнінде жаман ой, теріс сөз айтпағаны дұрыс. Бұл әйелінің көңіліне тиіп, олардың отбасылық қарым-қатынастарының бұзылуына дейін әкелуі мүмкін.

Қазақ халқының дәстүрі бойынша ер жігіттің үш жұрты болады. Олар: өз жұрты, нағашы жұрты және қайын жұрты. Бұл үшеуі де ер азамат үшін жанашыр, сүйеніш, қорғаныш болып саналады. Осылардың әрқайсысына қатысты дәстүрлер, әдеп-инабат жол-жосындары бар. Қайын жұртқа байланысты алғанда күйеудің қалындығынан жасы үлкендерінің бәріне,  әсіресе ата-ене, ауыл қарттарына, ағалары мен әпкелеріне өте құрметпен, биязы әдептілікпен қарауы, ал кішілеріне ақ жарқын аға, қамқор дос бола білуі – ел салтының ежелгі талабы.

 

Қадірменді жамағат!

Әр отбасында береке мен бірлік орын алуы үшін ерлі-зайыптылар арасындағы ақыларды орындау ер мен әйелден бірдей талап етіледі. Ер азазамат отбасының негізгі жауаптысы әрі тәрбиешісі болғандықтан,  әсіресе отағасы жағынан осындай көркем сипаттар көптеп көрініс табуы қажет. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

خِيَارُكُمْ خِيَارُكُمْ لِنِسائِهِمْ

«Сендердің ең жақсыларың әйелдеріңмен жақсы қарым-қатынаста болғандарың», – деген (имам Тирмизи).

Халқымызда да «Әйелін сыйлаған, үйін сыйлаған, елін де сыйлай біледі» деп айтылған. 

Ендеше, әрқайсымыз отбасымызды аманат деп біліп, оның сүйіспеншілік пен берекеде өмір сүруі үшін өзімізге жүктелген міндеттерімізді аса жауапкершілікпен орындауымыз қажет.

Алла Тағала шаңырақтарымызға береке, отбасы бала-шағаларымызға амандық беріп,  қасиетті жұма күнгі жасаған дұға-тілектерімізді қабыл еткей! 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру