Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА ЖАҢА МЕШІТ АШЫЛДЫ

Алматы аймағы өкілдігінің баспасөз қызметі islamkaz.kz 04.07.2022 3227 0 пікір
АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА ЖАҢА МЕШІТ АШЫЛДЫ

Қасиетті зұлхижжа айының алғашқы жұма күні Алматы облысы Талғар ауданына қарасты Қызылту ауылында жаңадан мешіт ашылып, ел игілігіне берілді.

Игі рәсімге ҚМДБ Төрағасының орынбасары, наиб мүфти  Кенжеәлі Қоңыратбайұлы, Алматы облысының бас имамы Қуаныш Бақытбекұлы және ауыл тұрғындары, дін жанашырлары қатысты. Жамағатқа  Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының қасиетті зұлхижжа айының  құттықтауы мен сәлемін жеткізген наиб мүфти:

«Мешіт – мұсылманның Жаратушысына құлшылық жасап, тәубеге келер, жанына жара салған, хакім Абай айтқандай «қияметшіл дүниенің» кірінен тазарып, бар арман, үмітінің ақталуын тілеп, дұға жасайтын қадірлі үйі. Ал, мешіттің қабырғасынан  діни уағыз тыңдап, білімін жетілдіріп, сауатымды арттырамын, ұстаздан тәлім аламын деген мұсылмандар үшін – тәрбие ордасы» деді.

Ауыл халқын ауызбіршілік пен ынтымаққа шақырып,  істеріне сәттілік пен береке тіледі. Сондай-ақ Кенжеәлі Қоңыратбайұлы Алла үйіне Құран Кәрім және арнайы сыйлықты жаңа имамға тарту етіп,  мешіт салған кәсіпкер азаматтарға алғыс айтып, құрмет көрсетіп, көпшілікке ақ  батасын берді. Бұдан кейін жамағат жаңа мешітте «Зұлхижжа айының алғашқы он күнінің артықшылығы» тақырыбында уағыз тыңдап, алғашқы жұма намазын өткізді.

Айта кетейік, Қызылту ауылының «Молдахмет» мешіті 2009-2012 жылы тұрғындардың көмегімен салынып, қолданысқа берілсе, 2020 жылы апатты жағдайға байланысты сүріліп,  кәсіпкер Талғат Орынбасарұлының демеушілігімен қайта бой көтерді. «Ibrahim Khalil Alla»  атауы берілген мешіттің жалпы сыйымдылығы – 1000 орын. Дәрісхана мен дәретхана, көлік тұрағы және балаларға арналған спорт алаңқайымен қамтылған.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру