Tań

Kún

Besіn

Ekіntі

Aqsham

Quptan

Qazіr

20 April 2024

11 Sháýýál 1445 Хижра

  DINI MEREKELER

ҚАЛЫҢ ШҰЛЫҚҚА МӘСІХ ТАРТУҒА БОЛА МА?

Хасан Аманқұл muftyat.kz 08.02.2021 15895 0 пікір
ҚАЛЫҢ ШҰЛЫҚҚА МӘСІХ ТАРТУҒА БОЛА МА?

Шариғат бойынша мәсі киген адам екі аяғын жумай, мәсіге мәсіх тарта салса да болады. Яғни екі қолының саусақтарын сулап, ортадағы үш саусағын мәсінің үстіне жатқызып, тобыққа қарай тартады.

Мәсіге мәсіх тарту арқылы мұсылмандарға жеңілдік жасалды. Құранда: «Алла сендерге жеңілдікті қалайды, қиындықты қаламайды», – делінген («Бақара» сүресі, 185-аят). Сонымен қатар, оның суды үнемдеу, уақытты бос өткізбеу, суықтан және ластықтан сақтану секілді пайдалары да бар.

Сондай-ақ теріден жасалған етік, пима (киіз етік), қалың жүн байпақ секілді тобықты жауып тұратын әрқандай аяқ киімге мәсіх тартуға болады. Бірақ тобықты жаппайтын етіктерге және тез су өтетін жұқа шұлықтарға мәсіх тарту дұрыс емес.

Муғира ибн Шуғбадан (Алла оған разы болсын) жеткен хабарда: «Расында Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) дәрет алып, жәурабқа және теріден жасалған аяқ киімге масих тартты», – дейді (Ахмад).

Жүн немесе мақтадан дайындалған аяқ киім араб тілінде «жәураб» деп айтылады. «Қамусул мухит», «Лисанул араб» атты сөздіктерде, жәураб – аяқты орап тұратын нәрсе, деп келтірілген. Ибн Араби, Айни және басқа ғалымдар, жәураб жүннен тоқылған, оны суық өлкеде тұратын адамдар киеді, деген.

Мұндай аяқ киімдерге, төмендегі шарттар табылған жағдайда, мәсіх тартуға рұқсат беріледі:

1) қалың әрі берік, 4-5 шақырым жолға жарамды болу;

2) аяқта баусыз тұра алу;

3) өзіне су тартпайтын және су өткізбейтін болу;

4) жақындатып қарағанда артқы жағы көрінбейтін болу («Имдадул Фәтауа», 2/207).

Абдулхай Ләкнауидің «Шархул уиқаяға» жазған түсіндірмесінде былай келген: «Жәураб – тығыз тоқылған, яғни байланбаса да өздігінен тұратын және асты немесе асты-үсті теріден қапталған болу керек. Егер мұндай сипатқа ие болмаса, онда Әбу Ханифаның көзқарасы бойынша мәсіх тартуға болмайды. Ал Әбу Юсуф пен Мұхаммедтің пікірі бойынша, жәураб қалың тоқылған болса, оған мәсіх тарту рұқсат деген. Әбу Ханифа өмірінің соңғы уақыттарында екі шәкіртінің пікіріне қосылған. Әрі пәтуа да осыған сай беріледі» («Шархул уиқая», 96-бет). 

Дайындаған Хасан АМАНҚҰЛ

Pіkіrler (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру